Жәдігердің музей қорына қалай, кімнен түскендігі туралы мәлімет жоқ. Бірақ қордағы 130 мыңнан астам құнды заттардың ішіндегі ең көне жәдігердің бірі – осы қасаба.
Қасаба тұрпаты дөңгелек, желкесіне қарай ойыңқылау келген, дөңгелек тақияға ұқсас етiп пiшiлген, желкесiне қарай кішкене бiрте-бiрте ойыңқы түскен құламасы бар. Айдыны, қиылысқан жерi зерлi жiптермен кестеленiп, гүл тәрізді, өсімдік бейнелі зер өрнектер түскен. Құламасына шашақтар тағылған. Шашақтың көп тағылуын «ұрпағы көбейсiн» деген игi тiлекпен түсiндiруге болады. Қасабаның маңдай тұсына дөңгелек тиындар тiзiлген. Айта кететін жайт, зер жіптерімен оюлатып, төбесін тұтас, жандары түгел қолмен тігілген. Астары қызыл мақпал матамен көмкерілген. «Көне түркі (қыпшақ) бас киімнің негізгі элементтерін бойына сіңірген қасаба атауы «алтын зерлі» деген мағына береді», - дейді этнограф Ө. Жәнібеков.
Қасаба көбіне төре, сұлтан қыздары киетін бас киім саналған. Осын-дай қасабаны Жәңгір ханның сүйікті зайыбы Фатима ханымның суретінен де көруге болады.
Қасабаны үйлену тойына кейде қалыңдық сәукеленің орнына да киген. Тойдан кейін үкісіз, желексіз, ойынқысының сыртына жаулық салып не-месе басына орамалдың үстіне киген. Баскиімнің үлгісіне қарай қалындыққа арнайы алқа, білезік, сырға, жүзік, бұрымға тағатын шолпы, бұ-рымының қолаңына ілетін қоза сырға, қамзолың сыртынан буынатын белдік, аяққа киетін мәнерлі кебіс дайындалатын болған.
Құлпырған қыздың ажарын аша түсетін қасаба асқан ұқыптылығымен, зерлі тігіспен, басқа да әртүрлі моншақтармен, күміс теңге, маржан тас-тармен де әшекейлеген.
Гүлзада БАҚТЫБАЙҚЫЗЫ,
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану
музейі қор бөлімінің меңгерушісі