Балдәурен шағым осы қалада ата-әжемнің қасында, ұлағатқа толы тәрбиемен өтті. Әкемнің қызмет бабына байланысты 2008 жылы Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданы, Переметное ауылына қоныс аудардық. Переметное ауылында сол жылы Қасым Аманжолов атындағы мектеп ашылып, сонда білім алдым. Қайда жүрсем де сол мектепте оқығанымды ерекше мақтан тұтып жүремін. Себебі, Қасым Аманжолов мектебінде оқушыларға білім алумен қатар әр алуан қоғамдық шараларға қатысуына мүмкіндік жасалған. Оқушылар әр оқу жылында облыстық, тіпті республикалық ауқымдағы жарыстарға қатысатын. Соның бірінде «Ақ бота» интеллектуалдық марафонында II орын иеленіп, сұлу Көкшеге Бурабайдағы Республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына жолдама алғанмын. Балдәуренде оқушылар еліміздің түпкір-түкпірінен келіп, бәріміз достасып кеткенбіз. Сол кезден бастап жоғары білім алу үшін Алматы қаласына оқуға түсу асыл арманыма айналды. Сол арманның жетегінде өзімді ұдайы шыңдап, жетілдіре түстім. Арманымның орындалуына Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының көп ықпалы тиді. Еңбек пен төзімділіктің арқасында 2014 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің көптілді білім беру институтының екі шет тілі мамандығының студенті атандым. Биылдан бастап осы оқу орнының магистрантымын.
- Лаура таңдау неліктен осы оқу орнына түсті?
- Абай атындағы ҚазҰПУ елімізде 1928 жылы ашылған тұңғыш қазақ жоғары оқу орны. Қазіргі таңда бұл ғылым ордасының халықаралық ынтымақтастық басқармасы әлемнің ең таңдаулы жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтармен: Қытай Халық Республикасы, Корей Республикасы, Түркия, Испания, АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Белгия, Литва, Украина, Германия, Канада, Жапония, Польша, Ресей Федерациясы, Беларуссия, Эстония, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да алыс-жақын шетелдермен бірлесе белсенді жұмыс жасайды. Халықаралық ынтымақтастық аясында жасалған 200-ден астам келісім жұмыс істейді.
- Қытайда оқу қалай мүмкін болды өзі? Сол бағдарламалардың әсері болды ма?
- Ия. Мен Қытай Халық Республикасымен келісімшарт аясында жасалған жоба бойынша бақ сынадым. Шетелде оқу бақытына берілер жолдамаға талап етілген емтихандарды үздік тапсыру арқылы ие болдым.
- Қытайға алғаш барғандағы әсеріңіз қандай болды?
- Әрине, басында толқу болды. Бірақ елден жырақта жүріп білім алудың, тіл меңгерудің артында тұрған ерекше жауапкершілікті сезіндім. Өзім үшін емес, елімнің игілігі үшін барғанымды, елге оралғасын игерген білімді пайдалы іске жарату сынды өзіндік «қамшылау» болды. Тілі, діні, салт-дәстүрі, ауа-райы, мәдениеті, тіпті тамағы басқа елде жүрген соң халқымыздың айнасы іспетті адал, достыққа берік, адамгершілігі мол тұлға болуға бекіндік. Біздің бала күннен көрген тәрбиеміз солай болған соң басқаша жүру мүмкін де емес еді.
Қытай Халық Республикасының Шынжан аймағында орналасқан Ili Normal University-де білім алдым. Мен оқыған топта қазақтармен қатар Америкадан келген азаматтар болды. Бұл оқу орнында біз тек қытай тілін жетік меңгеруге мүмкіндік алдық. Қытай елінде болсаңыз, ағылшын тілін жетік меңгеру жеткіліксіз. Себебі, тұрғындардың көпшілігі тек қытай тілінде ғана сөйлейді. Қытай мемлекетінің тарихына көз жүгіртсек, әр түрлі тайпалардың бірігуі әр жерде әр түрлі диалектінің пайда болуына әкеліп соқтырған. Қазіргі кезде Қытайда екі тұрғынның бір-бірімен түсінісе алмауы таң қалдырмайды. Мәселен, Үрімші қаласында болған кезде, 7 студенттен тұратын топ екі таксиге отырғанбыз. Құрбыларымызбен такси жүргізушілерін бір жерге алып баруын өтіну мақсатында, телефон тұтқасын такси жүргізушілеріне беріп, өзара келісуін сұрадық. Такси жүргізушілері бес минуттай сөйлескен болар, бірақ бір-бірін түсіне алмапты. Ақыр соңында бір-біріміздің көліктеріміздің соңынан еріп, жеткенбіз.
- Қазіргі әлем студенттерінің білімге қызығушылықтары қандай?
- Бүгінде әлем жастары көп тілді меңгеруге, өнеркәсіптік революцияның ағымынан қалмауға, циярлық технологияны терең зерделеуге құлшынып жатыр. Әсіресе ағылшын, қытай, жапон тілдерін үйреніп жүргендердің қарасы басым. Менің нақты айтарым біздің елдің білімі өзге елден еш кем емес. Қазақ жастарының да тіл меңгеру қабілеті өте жоғары. Шетелдік студенттер әлем бойынша білім қуып жүрген қазақстандық жастардың көптігін әрі еліміздің айрықша қарқынмен дамып келе жатқанын айтады. Біз де өз кезегінде қазақ баласының ғылым-білімге құштар, өз елінің патриоттары екендігін айтамыз әрі ісімізбен дәлелдейміз.
- Болашақта қай салада жұмыс жасағыңыз келеді, арман-мақсатыңыз қандай?
- Мен қазіргі уақытта Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес университеті екі шет тілі мамандығының магистратурасында білім алып жүрмін. Тіл үйрету орталығында қызмет етемін. Ендеше үйрете жүріп үйренудемін. Қытай және ағылшын тілдерін жетік меңгеріп, болашақта еліміздің білім беру саласын дамытуға өз үлесімді қосамын деген үміттемін.
- Әңгімеңізге рахмет. Мақсаттарыңызға жете беріңіз.
Әңгімелескен Нұржан Дүзбатыр