Жарты ғасыр жазылмаған жұптары

  • Галерея изображений

Нұржан Дүзбатыр,

Зеленов ауданы, Батыс Қазақстан

Ел ішінде сүттей ұйыған татулығы, береке-бірлігімен, құндылық атаулыны қадір тұтуымен көпшілікке үлгі болар отбасылар баршылық. Біз сөз еткелі отырған Арыстановтар шаңырағы осындай отбасы қатарынан. Ауылдастарының ерекше құрметіне бөленген Әйіп пен Балқаш Арыстановтардың есімі жасыл өлке жұртына кеңінен таныс.

Шаңырақ құрғанына 54 жылдан асқан берекелі жанұядан 2 қыз, 4 ұл түлеп, олардан бүгінде 13 немере-жиен, 6 шөбере-жиен өрген екен. Мәуелі бәйтеректей ұрпағының қызығына батып отырған 78 жастағы Әйіп қария мен Балқаш ананың әңгімесін тыңдаудың өзі бір ғанибет. Жарты ғасырдан астам уақыт өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген ерлі-зайыптының пайым-парасаты кім-кімге болмасын ой салса, отбасы құндылығы мен ақ некенің қасиетін қадір тұтып, бірінші орынға қоюы – жастарға үлгі.

- Мен 1940 жылы Тасқала ауданының бұрынғы «Қырықжылдық» («40 лет») елді мекенінде өмірге келдім. Дүниеге келер жылы әкем өмірден өтіп кеткен. Алдыңда арқа сүйер әке болмаған соң, өмір мені тым ерте есейтті. Бар ауыртпалықты анаммен бөлісуге тура келді. Балалық шағым сұрапыл жылдармен тұспа-тұс келген соң, еңбекке ерте араластым. Ағам екеуміз қандай жұмыс болмасын, бел жазбай жасай беретінбіз, - деп күрсінді Әйіп қария бір сәт сонау қыр астында қалған балалық шағын еске алып.

7 жылдық мектепті тәмамдаған соң әртүрлі жұмыста еңбек ете жүріп есейді. Ол жылдары отбасы Зеленов ауданына қарасты Забродин кеңшарына қоныс аударып, ұзақ уақыт егістікте шопырлық қызмет атқарды. 1959 жылы әскери борышын өтеуге аттанды.

- Әскерден оралған соң баяғы қызметіме кірісіп, сол жерде сауыншы болып жасайтын бір әдемі қызбен таныстым, - деп бір күліп алды қария.

- Балқаш – енді ғана 18-ге толған уыздай қыз. «Үйлену оңай, үй болу қиын, балам» деген анамның ақылын жүре тыңдап, шаңырақ көтердік. Анамның ақылы ақыл-ақ екен. Қиын-қыстау кезде мұқтаждық көрдік. Бір жылдан кейін тұңғыш қызымыз көрінді. Әке атанғанымда ғана өмірдің тегіс емес екеніне, түрлі соқпағы барына көзім жетті. Бірақ бір-бірімізге деген шынайы махаббаттың әсері де шығар, ешқандай қиындыққа мойымадық. Аядай үйде 3 отбасы күн кештік. Ол кезде қазіргі жастардай келіспеушілік, ренжісу дегеннің бірі де болмайтын. Балқаш күнұзақ колхозда сауыншылық қызметте, мен 1967 жылы осы Переметныйда радиотехник болып қызметке орналастым. Усихино, Забродин, Озерный ауылдарын қамтитын радиостансаның халыққа жүйелі қызмет етуін қадағалап, күннің ыстығы мен суығына қарамай, салт атпен жортқан кезіміз көп болған. Қатты аяз күндері «Бүгін ауа температурасының 40 градустан жоғарылауына байланысты мектептерде сабақ болмайды» деп хабарласам, ауылдың жүгірмектері «Ағай, сізге көп рақмет!» деп шаттанатын.

Күні кеше сияқты еді, елу жыл өтіп кетіпті. Күні кеше бүр жарған жас шыбық қазір мәуелі бәйтерекке айналып отырмыз. Өмір-ай!.. - деп үнсіз қалды қария. Осы сәтте әңгімеге Балқаш апа араласты.

- Бұл шаңыраққа келін болып түскелі енем ешуақытта келін ретінде қараған жоқ, қызындай еркелетті. Жұбайым да бір ауыз артық сөз айтып, көңіліме қаяу түсірмеген. Мен де ата-енемнің алдынан кесе өтпей, ауыл-аймаққа, ағайын-туысқа ұдайы құрмет білдіруге тырыстым. Жұбайымның айтқанын екі етпей, көңілін қалдырған емеспін. Сондықтан болар, әлі күнге дейін тату-тәтті өмір сүріп, немере-шөберенің қызығын бірге көріп келе жатырмыз. Жастық шақта қиындықтың небірін көрдік. Соған қарамастан, перзенттерімізді ел қатарлы өсіріп, үлкен дәрежеге жеткіздік. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Келіндеріміз бен күйеу балаларымызды өз перзентіміздей көреміз. Немерелеріміздің алды балалы болып, ұрпағымыз өркендеп, өрісіміз кеңейіп жатыр. «Бала – балым, баламның баласы – жаным» деп, шөберелеріміз келсе, мәре-сәре болып қаламыз. Біздің жолымызды балаларға берсін деп тілеймін. Келіндеріме әрдайым «Еріңді сыйла, ағайын-туыстың көңіліне қаяу түсірме, отбасы құндылығын бағалалай біліңдер» деп отырамын, - дейді Балқаш апа.

Отбасылық өмірде кезіккен қандай да қиындықты табандылықпен ғана еңсерген жандар кейінгі ұрпағына да осыны дәріптеп келеді. Жақын-жуыққа қамқорлық білдіру, досқа адалдық таныту секілді құндылықтар бұл әулеттің берік қағидатына айналғалы қашан. Оның бір мысалы, сонау жылдары бас қосқан жастардың жанынан табылып, құда бала, құдаша болған, кейін өздері де бас қосқан достары Салық пен Нәзира (3-суретте) әлі күнге бұл отбасының бір үйіндей араласып келеді.

Салық пен Нәзира Өтеғалиевтер де немере-шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Анау жылы шаңырақтың 50 жылдық «Алтын тойында» да баяғы жастардай орындарынан табылып, жан достарына ақжарма тілек арнапты. Арада өткен жарты ғасырда екі отбасы балаларының кіндігін кесіп, отбасылық қуаныштарын ұдайы бөлісіп келеді екен.

Бүгінде балалардың барлығы жоғары оқу орнында білім алып, әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Ұлағатты ата-ананың тәлімді тәрбиесін алған ұл-қыздың жанұяларында да махаббат салтанат құрып, ырыс-береке ұйыған. Жарты ғасырдан астам уақыт жұптары жазылмай келе жатқан ерлі-зайыптылардың шаңырағы шаттыққа тола берсін. Жаратқан «Гауһар тойға» жетуге нәсіп етсін деген тілек білдіреміз біз де.

Қаралым саны 1170

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463