Таңдай қақтырған Хан Ордасы

  • Галерея изображений

Орал қаласындағы Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы педагогикалық коледждің тарихы тым тереңде. Аталмыш оқу орны орналасқан ғимаратта осыдан 105 жыл бұрын елдегі сауатсыздықты жоюға бағытталып, араб әліппесі негізінде мұғалімдер семинариясы ашылған. Бұл оқу орны 1920 жылы педагогикалық техникум дәрежесіне жетсе, 1937 жылы педагогикалық училище, ал 1994 жылы педагогикалық колледж атанған.

«Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деп Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай, колледжде студенттерді елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу жұмыстары, салт-дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы мәселелері әуелден жақсы жолға қойылған. Осы орайда осыдан бірнеше жыл бұрын коледж жанынан құрылған «Ұрпақтар сабақтастығы» клубының атқарған жұмысының өзі бір төбе. Соғыс, еңбек ардагерлері, аудан, облыс деңгейінде басшылық қызмет атқарып, іскерлігімен танылған, еліне еңбегі сіңген зейнеткерлерден құралған бұл клуб жастарға патриоттық тәрбие беріп, рухани құндылықтарды қалыптастыруға зор үлесін қосқан. Алаш қозғалысының белсенді қайраткері, Күнбатыс Алаш орда көсемі, белгілі қоғам, мемлекет қайраткері, қазіргі педколледж орналасқан ғимаратта бірнеше жыл білім алған Жаһанша Досмұхамедовтың есімін аталмыш оқу орнына беру жөніндегі ұсынысты да осы ардагерлер көтерген болатын. Бұл оқу орны 1998 жылдан бері Ж.Досмұхамедов есімімен аталып келеді.

Бүгінде аталмыш колледж ұжымы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген үлгі етерлік істерді тындырып келеді. Мәселен, биыл жазда осы оқу орнының директоры Светлана Бахишеваның ұйымдастыруымен рухани жаңғырудың «Туған жер» бағдарламасы аясында аталған ұжым Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылына тарихи-танымдық экспедицияға шықты.

- Жаздың таңғы салқынымен Хан Ордасындағы карағайлы орманды аралап, айырықша әсер алдық. Түнiмен жауған жаңбырдан кейiнгi таза ауа, қарағайлы мекеннің табиғаты жанымызға ерекше қуат дарытқандай болды. Алғашында орманды шет жағынан ғана тамашалап қайтамыз деп ойлаған едік. Алайда табиғат сұлулығына елітіп, орманның ішіне бойлаңқырап кеткенімізді аңғармай қалыппыз. Бала болып кеткендей, көрген затымызды ұстап қарап, құмға өскен қарағайлармен сырласып, кейде шуласып, кейде үнсiз қалып, керемет көңiл-күймен, жеңiлденiп, жақсарып шықтық орманнан. Мұның алдында осыдан екi ғасырдан астам уақыт бұрын Жәңгip ханның құмға қарағай егiп, өңiрде ең алғаш орман шаруашылығы кәсiпорнын құрғаны туралы Ордадағы музейден көп мағлұмат алған едiк. Атадан мал қалғанша тал қалсын деген осы екен. Бір ғана Хан Ордасы ауылында қазақтың қаншама тарихы тұнып тұр десеңізші. Мұндағы көне ғимараттардың қабырғасына алақаныңды тигізе қалсаң, ар жағынан анталап тарихи тұлғалар тұрғандай сезіледі... Сейітқали Меңдешев тұрған үй, Алма Оразбаева білім алған мектеп, Ғұмар Қараш сабақ берген педтехникум, Жәңгip ханның сыңғырлаған сарайы болып бұл тізім әрі қарай жалғаса береді. Экспедицияға барған ұжым қызметкерлерінің барлығы ғажайып әсер алды. Қай жәдiгердi алсаң да ар жағынан «алғашқы» деген сөз шығады: қазақтың алғашкы генералы Шәкip Жексенбаев, қазақтың алғашқы инженер қызы Мәдина Бегәлиева, «Ұран» газетi басылған алғашқы баспахана, ұлттық баспасөз музейi, Жәңгip хан ашқан алғашқы қазақ-орыс мектебi... Аспан асты музей-кешенi керемет ойластырылған. Бөкей ордасы тарихи мұражайы, Тәуелсiздiк кезеңi мұражайы, Хан сарайы кешенi, баспахана мұражайы және бiлiм беру ici мұражайына жиналған, ғылыми тұрғыдан түпнұсқаға сәйкестендiрiлген материалдар таңқаларлық орасан еңбектi, өлке тарихына деген жауапкершiлiктi, жоғары деңгейдегi елжандылык үлгiciн паш етіп тұрғандай. Ризашылығымыз шексіз болды. Жәңгip ханның, Дәулеткерейдiң, Мұхамедсалық Бабажановтың кесенелерiнде де болып, рухтарына бағыштап дұға оқып, Оралға жол тарттық. Осы жолы табиғат та бiзге тамаша ауа райын сыйлады, - дейді педколледж директоры Светлана Меңдіғалиқызы.

 

 

Орал-Бөкей орда сапарынан

Қайыржан ТАУБАЕВ,

дене тәрбиесі кафедрасының оқытушысы

Отаны небір дарынның!

Топырағын бастым Нарынның.

Жәңгірдің тиген табаны,

Қасиетіңе табындым.

 

Сапарға шықтық, жиналдық

Демеймін әсте қиналдық

Жол бойы тұнған шежіре

Бас ием асыл жеріңе

 

Тұңғыштардың мекені

Ғасырлар сырын шертеді.

Тұңғиық терең тарихың

Жаныма азық етемін.

 

Аңыздай асыл дастаның

Ең алғаш мектеп ашқаның

Құрманғазы, Дина мен

Дәулеткерей, Сейтектер

Даланың төрін басқаны

 

Зу етті мына келте күн,

Қимаймын сені, елтемін.

Өзіңнен алған әсер мол,

Ақ қағазға шертемін.

 

 

Қазына үйінің басты жәдігері

Бақытханым КӘРІМОВА,

колледж оқытушысы

Хан Ордасына барған сапарымыздан олжалы оралдық. Осыншама тарихи мұраны сақтап, бүгінгі жас ұрпақ пен тарихты танығысы келген туристерге дәріптеп отырған ханордалықтарға риза болдық.

Мұражайда Бөкей хандығы туралы хаттамалық деректер өте жақсы сақталған. Заттай жәдігерлерден бізді таңқалдырғаны – қазынаның сейфі болды. Бір қарағанда осы заманғы дүние деп ойлап қаласыз, ал шын мәнінде 1867 жылы қазына жүйесін бірқалыпты ету мақсатында арнайы салынған Қазақстан жерінде алғашқы банктердің бірі ретінде жұмыс істеген Казначействода қолданылған сейф. Салмағы – 1 тонна 800 кг. Оның өртке төзімді және қауіпсіздігі қамтамасыз етілген үш есігі бар. Кілттері 3 кісіде сақталған, бір-бірінсіз есік ашылмайтындай механизммен жасалған. Екінші есіктің ортасына өрт қауіпсіздігі үшін құм құйылған, аса маңызды құжаттар сақтайтын үшінші бөлігі де бар. Банк ҰОС жылдарына дейін жұмыс істеп тұрған. Кейін аудан тарап, орталығы Жәнібекке ауысқанда сол жерге көшірілген. Мұражай жасақталып жатқанда қайтадан өз орнына әкелінген.

 

 

Жәңгір хан қазық қаққан жер

Қырымжан ЖАҚЫПОВА,

филология кафедрасының меңгерушісі

Әр жылдар аралығында түрлі ақпарат көздерінен сан мәрте оқып, естіген құндылықты өз көзімен көріп, таразылап 1801 жылы Бөкей сұлтан іргетасын қалаған Бөкей хандығының беттерін парақтауға бет алдық.

Музей экспонаттарымен таныстырушы Әлихан Кәрімовтың тыңдаушыға өз көзімен көргендей етіп жеткізуі ұзақ жылдар ұрпақ санасында қалыптасқан хан, болыс, бай туралы түсінікке басқаша қарауға мүмкіндік берді. Ақын Ғ.Сейтақтың «Батырлары бар елдің хандары да ақылды» деген тоқтамының куәсі болдық. Байы да, ханы да, батыры да туған халқының кең дүниеде жарқын өмір сүргенін қалады. Әркім өзінше сол жолда қызмет атқарған-ды.

Шағын ауылдың кіреберісінде тарихтан сыр шерткен, Халықаралық музейлер қауымдастығына Қазақстан мемлекеті бойынша алғашқылардың бірі болып енген Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешені бүгінді өткенмен байланыстырып, ұрпаққа қалай болу керек, не істеу керек дегенді меңзеп, бойды түзетуге, ұлтқа қызмет етудің үлгісі мен өнегесін көрсетіп тұрғандай.

Хан тоғайына барғанда, ерекше күй кешіп, қарағайларға таңырқай қарап, бұйрат-бұйрат құмдарды бөгеген қарағайларға қарай жас балаша жүгіре жөнелдік.

Туған дала, келбетіңе қайранмын,

Көз алдымда – құшағын кең жайған құм.

Ортасынан ойып орман жасаған

Бабалардың қолдарынан айналдым, - деп киелі өлкенің перзенті Ғайсағали ақын жырлаған екен. Табиғат-ана алыстан арнайы ат терлетіп келген перзенттеріне бар ықыласын төгейін деп, шілденің аптап ыстығында жаңбыр жаудырды. Біз шын ниетпен жасалған мінәжат сапарға киелі жердің ілтипаты шығар деп ырымдадық.

 

Тұлғаларға бай тұңғыштар мекені

Мереке ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ,

қоғамдық пәндер кафедрасының оқытушысы

«Бөкей ордасы – тұңғыштар мекені» деп тегін аталмаған. Мұны Бөкей ордасы тарихы музейінен көруге болады. Мұнда 1801 жылы Бөкейдің Еділ-Жайық аралығына қоныстанған кезінен бастап, Жәңгірдің ел басқару кезеңіндегі Ішкі Қазақ ордасындағы бірінші реформалар, жәрмеңкенің ұйымдастырылуы, 1841 жылы ашылған Қазақстандағы тұңғыш мектеп, медицина саласының дамуы, алғашқы пошта-телеграф, орман шаруашылығы, қазынашылық мекемесінің қызметі көрініс тапқан. Сол секілді 1836-1838 жылдардағы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты құжаттар, оған қатысқан Арен Шотұлының қанжары, Шыналы Байтілеуұлының найзасы мен есімі белгісіз жауынгер жарағы, Бөкей ордасына келген орыс және шетел зерттеушілері, елі үшін қызмет еткен Шоқанмен тұстас ғалым-этнограф Мұхаммед-Салық Бабажанов, ақындар Шәңгерей Бөкеев пен Ғұмар Қараш, әкім Мақаш Бекмұхамедов, күйші-композиторлар Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Дина сынды бөкейліктен шыққан атақты адамдар туралы деректер мен жәдігерлерді молынан кездестіруге болады. Бөкей ордасы – 100-ден астам ғалым-зерттеушілердің (олардың жиырмадан астамы – академик), үш Совет Одағының батыры, бір Халық қаһарманы, 25 Социалистік Еңбек Ері, тұңғыш генералдар Ғұбайдолла Жәңгіров, Шәкір Жексенбаев, алты алашқа танымал өнер қайраткерлері мен ақын-жазушылардың, медицина және басқа сала майталмандарының отаны.

Қаралым саны 2461

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463