Батыста әулие бар Дәдем деген...

  • Галерея изображений

Айболат Құрымбаев,

өлкетанушы, тарих магистрі

Соңғы 4-5 жылда Батыс Қазақстан аумағында жақсы бір дәстүр өркендеп келеді. Ол – қасиетті, қадірлі саналатын жерлерде тарихи танымдық шаралар өткізу мәселесі. Осындай игі шара көпке белгілі Жұмағазы қазірет басында өтті.

Өңірдің белді тарихшылары мен жыршылары һәм әдебиетшілері сол қасиетті мекенде бас қосып, қазақтың арғы-бергі тарихын қаузады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жерді қадірлеу, елге тағзым жасау сынды келелі мәселелер ортаға тасталып, түйдек-түйдек ойлар айтылды. Бұл жиынға себеп болған осы қасиетті Жұмағазы қазіреттің тікелей ұрпағы Ғарифолла Жамбозов еді. Шырақшы азамат атасын ұлықтап, алты алашқа сауын айтып, ас берді. Осы тойды себеп қылып, Жайықтың жайсаңдары мен зиялылары осы қасиетті жерде жиналды.

Қазақ жері әулие-әмбиеге кенде емес. Әр аймақтың Алладан кейін ұлықтап, пір тұтар адамдары бар. Батыс жұрты үшін Жұмағазы қазіреттің орны бөлек. Жұмағазы қазірет жерленген жерді ел-жұрт қасиетті санап, басына Құран бағыштап, ақтық байлап кететіні бар. Осы қасиетті мекен соңғы кездері рухани байлық іздегендердің ортасына айналып келеді. Осы жолы бабаға деп берілген ас барысында да соған куә болдық. «Дәдем ата» қорының ұйымдастыруымен өткен шара барысында қазақтың жыр-термелері орындалып, күйі күмбірлеп, палуандар белдесіп, барлық игі дәстүріміз бір көрініс беріп қалды.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев: «Бұл мекен «Қазақстанның киелі жерлері» атты жоба аясында арнайы қорғауға алынып, тізімге еніп отыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілгендей, туған жерге тағзым осындай киелі орындарды сақтап, құрметтеуден басталады», - деп атап өтті.

Ал белгілі алаштанушы Дәметкен Сүлейменова: «Елдің, жердің қасиетін ұғынып, оны ұрпаққа түсіндіру, насихаттау ісінде көне қорымдар мен бабалар жатқан киелі мекендердің орны бөлек. Мұндай жерлер қазақтың рухын көтеретін рухани ортасына айналу керек», - деп, осы шараның маңыздылығына тоқталып кетті.

Баба құрметіне берілген ас барысында «Дәдем ата» қоры «Мектепке жол» акциясына үлес қосып, 12 балаға қаржылай сыйлық табыс етті. Осылайша көп балалы отбасыдан шыққан 12 баланың мектепке керек-жарағы үшін деп қаржы бөлген қор жетекшісі Ғарифолла Жамбозов: «Біз қазақтың ешқандай дәстүрін жоққа шығармаймыз, ата-бабаға арнап ас беру – ежелден келе жатқан игі дәстүр, біз соны жалғастырушымыз», - деп қорытындылады өз сөзін.

Ал «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» қысы-жазы басынан адам арылмайтын әулие зияраты – Дәдем ата кешенінің кітапханасына деп 200 кітап табыс етті. «Бұл жер рухани орталыққа айналып келеді» деп сөзіміздің басында айтып өткен едік. Соның тағы бір дәлелі кітапханасының жинақталуы болды. Кітапхана қоры осындай белсенді азаматтардың қолдауымен толығып келеді.

Шара барысында қазақтың ұлттық ойыны – аударыспақ ойнатылып, палуандар күш сынасты. Аударыспақ ойыны бойынша бірінші орынды Орал қаласы иеленсе, күрестен қазталовтық палуандар алдына жан салмады.

Айта кетейік, осы қасиетті мекенде қазір зиярат етушілер саны артып келеді. Қазақстанның киелі мекендері тізіміне арнайы енген орынды көрушілер саны артып отырғаны осы жерді туристік аймаққа айналдыруға да мүмкіндік барын меңзейтіндей. Сонау Ресейдің қалаларынан бастап Ақтау, Ақтөбе, Астана мен Алматыдан ат арылтып келіп түнейтіндер баршылық. Қазір бұл жерде Алаш аллеясы атты ағаштар шоғыры отырғызылып, арнайы бапталып-күтілуде. Алдағы уақытта мәуелі баққа айналады деген үміт бар.

P.S. Орал-Ақтөбе күре жолынан Жұмағазы қазірет зияратына дейін баратын жолдың асфальтсыз 3 шақырымы күз бен көктемде жолаушыларға қиындық туғызатын. Жақында әулие басына арнайы соғып, қасиетті Құранның хатим сағир дұғасын өзі жасаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов жол мәселесі 2019 жылы шешілетінін мәлімдеді.

DQ

Қаралым саны 1520

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463