Шыңғырлау – киелі де тарихи өзен

  • Галерея изображений

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында елді, жерді тану, өткен тарихты білу мақсатында жастардың «Туған жерге тағзым» штабы құрылған екен. Жақында осы штаб мүшелері арнайы шақырып, көршілес Шыңғырлау ауданы жеріне саяхат жасап қайттық. Мақсатымыз екі ауданға егіз, ортақ Шыңғырлау өзенінің бастауын көру еді.

Құрамында жеті адам бар экспедиция мүшелері – ардагер-ұстаз Тілеуғали Мұсағалиев, еңбек ардагері Амангелді Қазиев, жастар ресурстық орталығының әдіскері Руслан Азаматов, Ақсай қаласындағы №6 орта мектептің мұғалімі Айнагүл Каримова, №8 орта мектептің мұғалімі Мейрамбек Сыдықов, «Ақсай жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсел Сарбөпеева және осы жолдардың авторы Ақсай қаласынан шығып, Шыңғырлау – Утва өзені бойымен сапар шектік.

Қазақтың пейілі кең, дарқан болса, жері де ұлан-байтақ, мыңдаған шақырымға созылып жайқалып жатқан, әртүрлі шөбі өскен, тауы, өзен-көлі адам таңқаларлық жазық дала ғой. Шыңғырлау ауданында туып-өскен, осында ұстаздық еткен еңбек ардагері Тілеуғали Сағиданұлының жол сілтеуі бойынша Отрадный ауылынан бастау алатын Шыңғырлау өзенінің бойымен машинамыз жүйткіп келеді. Жазғы қара жол, екі жағында жайқалған шабындық, мал еркін жүрген жайылым жерлерге машинаның алдыңғы әйнегінен қарап қоямыз. Ойыма Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде жарияланған А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Жамал Мәнкееваның мақаласындағы жер атаулары түсіп, ойланып келемін.

Жамал Манкеева осы Шыңғырлау ауданының тумасы екен. Ол атаған Шілікті, Шилі, Қайыңды, Шыбынды, Бөрілі, Жыланды, Шыңғырлау деген жерлермен жүріп келеміз. Осы дарқан далада туған жерін тастап, ұлы абыз Асан қайғы ауа көшкен, қалмақпен, ішкі-сыртқы қазақ жауларымен күрескен ер Едіге, қайсар Қобыланды, Есет, Бөкенбай, Жоламан батырлар да жортқан. «Қырымның қырық батыры» жырының оқиғалары өткен жерлер:

Асан қайғы көшкен жер

Шыңғырлау, Торыатбасы еді.

Қыземшекті, Сары шоқы,

Осы жердің қасы еді.

Асан қайғы туғанның

Бөлінген жері осы еді, - деп жырланады.

Біз Отрадный деген жерге түс ауа жеттік. Ескі ауылдың шикі кірпіш – саманнан салған бұрынғы үйлері әлі құламаған. Шеткі қойма, мектеп, интернат, кеңсе үйлерінің сұлбасы ап-анық көрініп тұр.

- Мынау – бұрын «Красный партизан» деп аталған колхоздың орталығы, мұнда сегізжылдық мектеп, балалар жатып оқитын интернат болды, - деп әңгімесін бастады Тілеуғали Сағиданұлы. - Мен осы мектепте 1966 жылдан 1972 жылға дейін балаларға математика пәнінен сабақ бердім. Интернатта 150 бала жатып оқыды. Ал Шыңғырлау өзені осы жердегі бұлақтан басталады. Халық оны Шыңғырлау өзені деп атайды, оның қалай «Утва» деп аталып кеткені түсініксіз. Барлығы қазақ жерін отарлау, орыстанудан басталған болар деп ойлаймын.

Өзен бұрынғы Отрадный ауылынан басталып, Константиновканың жанымен бұрынғы Лубен совхозының орталығы арқылы Қайыңды, Марксизм, Белогор ауылдарының жанынан ағып өтіп, Бөрлі ауданының Ақсу совхозының жеріне кіреді.

- Мен де, – деп әңгімеге қосылды ардагер ақсақал Амангелді Қазиев, - Шыңғырлау ауданында оқыдым, орта білім алдым, қазір Ақсай қаласында тұрамын. Шыңғырлау өзенін халық өз атымен атайтын. Оның «Утва» болып қалай өзгеріп кеткеніне таң қаламын. Бұрын отарлау дейміз бе, әлде орыстану кезеңі дейміз бе, кеткен қателікті анықтау, дәлелдеу – біз сияқты аға ұрпаққа парыз.

Отрадный ауылындағы Шыңғырлау өзенінің бастауын көзімізбен көрдік. Өзен суы бұлақтан ағып шығып жатқаны көрініп тұр. Айналасы ағаш, талдар өскен, ауасы бөлек, жайқалған ағаштар, қамыс, қалың шөп өскен, көп адам бармаған соң өзенді айналып жүру, көру де қиынға түсті. Бізбен бірге барған жастар суретке түсіріп, тамашалады.

Лубен ауылын, кейін суды жағалай отырып, Қайыңды тұсынан салынған көпірмен Белогор ауылын барып көрдік. Жастар Торыатбасы тауының басына шығып, осындай киелі де қасиетті тарихи жерлерді суретке түсірді. «Мың рет айтқаннан бір рет көрген артық» деген қазақта қанатты сөз бар. Сөйтіп, өзіміз шаршасақ та, бабалар ізімен қазақтың ежелгі дарқан жерін, өлкемізді аралағанға риза болдық. Бұл кейінгі жастарға пайдалы, әрі туған жердің тарихын білу, көру, үйрену керек қой деп түйін түйдік.

Кешегі орыс патшасының да, онан кейін жетпіс жыл өмір сүрген КСРО-ның негізгі мақсаты қазақ жерін отарлау, қазақ ұлтын мәңгүртке айналдыру болғаны тарихтан белгілі. Соның салдары – күні бүгінге дейін Пугачев, Александровка, Тихоновка, Киров, Димитров аталып келе жатқан ауыл атаулары. Тіпті жергілікті халық «Шыңғырлау» деп атап келген өзеніміздің ресми картада «Утва» аталуы біздің Шыңғырлау, Бөрлі аудандары тұрғындарының жанына батады. Тәуелсіздікке 27 жыл болды, осылай жүре береміз бе? «Рухани жаңғыру» – сананы сілкінту, жаңа ғасырда жаңаша ойлау, болашаққа кең бағдарлама жасау қажет деп ойлаймыз.

Мен Қаратөбе ауданында жұмыс жасап жүргенде әйелім ауырып, Шыңғырлаудың аудандық ауруханасына жолдама беріп, емдеуге екі рет әкелдім. Ол кезде Қаратөбе ауданынан Сегізсай ауылы арқылы Шыңғырлауға автобус жүретін еді. Бұл 1991-1992 жылдарда Лубен ауылы арқылы жүргенде Шыңғырлау өзенінен көпірмен өтеміз. Сонан кейін 2006 жылы өттім, сол кезде «Шыңғырлау өзені» деген жазуды көрдім. Мұнан кейін де «Шыңғырлау» жазуы тұратын. 2017 жылы көпір бұзылып, «Шыңғырлау өзені» деген жазу түсіп қалыпты. Біз барғанда жөнделген, бірақ «Утва» деген жазуды көрдік. Шыңғырлау ауданы басшылары дау шешілгенше «Утва» өзені бола тұрсын деген болар. Мұның бәрі – Бөрлі ауданы аумағынан шыққан қателік, дегенмен өзен екі ауданға ортақ, яғни атқарушы органдардың басшылары шешуге тиіс мәселе.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Туған жердің әрбір сайы мен қыры, тау, өзен-көлі өткен тарихтан сыр шертеді. Осының бәрін кейінгі жас ұрпақ оқып-білуі керек» деп айтып келеді. Олай болса, неге өзгермейміз, бұрынғы жіберілген қателіктерді неге түземейміз?! Кейінгі ұрпақ алдында ұятқа қалмау үшін қазірден бастап бесігімізді түзеп, тәуелсіздігімізді ардақтап, басқаға жалтақтамай, жаңа дәуір заңына сәйкес шынайы өмір сүрейік, күресейік, ағайын!

Қуанышқали ҒҰСМАНОВ,

тыл және еңбек ардагері,

Қазақстанның құрметті журналисі

Қаралым саны 2871

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463