Әкем бірде кешкісін сол домбыраны қайтарып бермекке алып бара жатып, көктемде жүлге болып ағып жатқан суға түсіріп алады. Содан «Домбыраны су күйінде қайтарғаным үйлеспес» деген оймен «Төке, әңгімелесіп бір шай ішкенше, домбыра да кебер» деп құрдасын жолдасы Бақытжамал апаймен қосып үйге ертіп келді. Анама үлкен жаққа шай әзірлетті. Үлкен жақта, үстел үстінде үйдегі қоңыр «проигрыватель» және қазақ күйлерінің антологиясы тұр. Әкемнің тәртібі бойынша дастарқан басына әдеттегідей біз де бірге отырдық.
- Төке, сен домбыра ұстаған, музыкаға жақын адамсың ғой. Бақытжамал, сен де өнерден қашық емессің, филологсың, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердің. Мен қазір бір күйді ойнатайын. Күйді тыңдағанда қандай әсер аласыңдар, әңгімелеп берсеңдер, балалар тыңдасын, - деді әкем шай басында.
...Сол жолы күй ойнатылғаннан кейін әкемнің «проигрывательдің» қасында түрегеп тұрып айтқан әңгімесі есімде қалды. «Айдынға қонғысы келген аққу бір жайсыздық әлде қауіп бар ма, қонуға жақындай түсіп, қайта көтеріледі. Осы көрініс бірнеше рет қайталанып, соңында аққудың қонуымен күй аяқталады» деген бағытта әңгімеледі әкем.
Ол кезде мен 8-9 жастағы бала едім. Әкемнің әңгімесі есімде сақталғанымен, күйдің әуенін ұмытып қалғанмын. Сірә, түсінбегеннен шығар. Арада 15 жылдан астам уақыт өткенде бір қызық оқиғаға тап болдым. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшілік қызметтемін. Қазақтан шыққан аса дарынды музыкант Мұхит Айтқалиев туралы көлемді мақала жазатын болып, ізденіс үстінде жүргенмін. Мұхит Айтқалиевтің шәкірті Рысты Жакопқызы журналист Жаулыбай Иманалиевтің аудионұсқадағы «Күйші Мұхит Айтқалиев» деген радиоәңгімесін берді. Радиохабарда Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің Мұхит Айтқалиев оркестрге лайықтап жазған Сүгірдің «Аққу» күйін орындайтын тұсы бар екен. Оркестр орындауындағы аталмыш күйді тыңдап отырғанымда әкемнің сол жолғы әңгімесі есіме түсіп, күй мазмұны туралы баяндаған бейнелеуі көз алдымнан өтіп жатқандай әсерде болдым. Өйткені оркестр орындауында әуелеп ұшып келе жатқан аққудың бірте-бірте төмендеп, айдынға қонуға айнала беріп, қайтадан шырқап көкке көтеріліп кетуі, осы көріністің әр түрлі жағдайда қайталануы шебер берілген. Күйдің соңы аққудың айдынға қонып, қонған сәтіндегі екпінімен бойын жинап, судың бетін ақырын сызып бара жатқандай әдемі көрінісін ойға оралтады.
Сол кезде әкемнің дастарқан басында тыңдатқан күйі нақ осы Сүгірдің «Аққуы» екеніне ешқандай күмәнім қалған жоқ. Кейін ауылға демалысқа келген сәтімде күй пластинкаларын әкемнің көзі тірісінде өзі қоятын орнынан алып қарадым. Ішінде «Аққу» күйінің екі түрлі нұсқадағы орындауы бар екен. Дәл сол Сүгірдің «Аққуы»...
Әкем музыка тыңдағанда бәзбіреулер секілді «Па, шіркін, ғаламат!» деп басын шайқап, құр тамсанумен шектелмейтін. Техниканың детальдарын жіктегендей етіп, әуеннің ұзын ырғасын тұтасымен, басынан-аяқ талдап беретін. Және онысы тыңдаушының санасына сондай сіңімді болатын.
Бірде теледидардан берілетін «Ауылдың алтыауызы» деген бағдарламаны тыңдап отырдық. Сыр бойының мақамымен терме айтылып жатыр. «Сыр өңірі көбіне түйе өсіреді ғой. Әр жердің әуені де өзінің табиғи ерекшелігі мен тұрмыс-салтына, шаруашылығына байланысты әр түрлі болып келеді. Мына кісінің домбыра қағысынан түйе желісінің ырғағы аңғарылады. Буралар келеге түсетін кезінде басын төмен салып желіп келе жатып, өңешін ауызының сыртына салбыратып жібереді де, көмейінен бір ерекше дыбыс шығарады. Сыр бойы әнші-жыршыларының көмеймен орындауы соны еске түсіреді» - деді папам. Ол сондай-ақ «Домбырамен орындалатын біздің батыстың, әсіресе, Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерін тыңдағанда қамшы салдырмайтын тайпалған жорғаның үстінде келе жатқандай боласың. Ауыздығымен арпалысып, сәл босатсаң, ата жөнелетіндей арынды, тіпті кейде лекітіп қағып-қағып келіп, шырқата көтергенде сонау бұлтпен жағаласып бара жатқандай күйге енесің» - дейтін.
Кейін есейген шағымда «Мың бір түн» ертегісінің Қалмақан Әбдіқадыров нұсқасындағы Бір жүз тоқсан тоғызыншы түнін оқып отырып, «Қамарылзаман қуанып, ат аяғының ырғағына қосып мынандай өлең айтты:...» деген тұсына жеткенде әкемнің жоғарыда айтылған әңгімелері еріксіз есіме түсті. Бір қызығы, әкемнің осындай бағыттағы талдауларын музыка туралы жазылған ешбір әдебиеттен кездестіре алмайсыз. Мысалы, Жаяу Мұсаның «Ақ сисасының» қайырмасында «игигай-гиккай, гиккай» деп өршелене қайталануын «Астындағы атынан зорлықпен айырылып, жаяу қалған адамның «күш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» дегендей ашу-ызасы. Қамшыны, ең қарапайымы – шыбықты шапшаң сермегенде «і-г-гек!» деп ауаны осып өткен дауысын естуге болады. Ән қайырмасындағы «гиккәй»-дің мағынасы осы. Атынан айырылып, қолына қамшысын ұстап қалған адамның «Шіркін-ай, зорлығы өткендерді қамшымен осылай сықпыртар ма еді!..» дегендей бойды кернеген намыстан туындаған ән» - деп түсіндіріп еді.
Кішкентай күнімізде халық күйі «Ақсақ құлан» орындалғанда «Қауіпті алыстан сезіп, бой сала қашпай, желе жортып бара жатқаны, желісін үдете түсті, әне, жалтарып өтті, қыспақ күшейіп келеді, енді жан-дәрмен барын салады» деген секілді сөздермен күйдің тілін біз үшін ашықтап отыратын. Күй тартылғанда көзін жұмып, әуеннің ырғағымен баяу тербеліп отыратын кездері де болады. Ондайда күй аяқталысымен, ұйқыдан оянып, түсін баяндаған адамдай, күйде не айтылып тұрғанын әңгімелейтін. Ең бастысы, әлдебір кітаптан оқығанын немесе шығарманың осыған дейін жазылып қалған тарихын емес, әуеннен өзінің тікелей алған әсерін байыптап жеткізетін. Әкем осылайша кез келген күй, қала берді әлемдік деңгейдегі классиктердің кез келген шығармасын емін-еркін талдап бере алатын қабілет иесі болды...
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ