Тоқта! Кім келе жатыр?!

  • Галерея изображений

Біздің журналымыздың тұрақты авторларының бірі, жас қаламгер Жанайдар Болатбекұлы Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген соң қарапайым ауыл мектебінде қызмет етті. Одан кейін әскерге өзі сұранып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған болатын. Жанайдардың бүгінгі мақаласы әскердегі қызықтар, қарауыл құпиясы жайында.

DQ

 

Бұл мақаланы көптен бері жазғым келіп жүрген. Бірақ сәті түспей-ақ қойды. Әскери қызметкер болғасын уақыт та тапшы. Жауынгерлік қызмет пен тәуліктің жасаққа түскен кезде осы материалды ойымда сұлбалап жүрдім. Осы мақалам арқылы сіздерге ішкі қарауылдың қыр-сырымен мән-жайын баяндап бермекпін.

2017 жылы қарашаның 30-ында өз еркіммен арыз жазып, қызметтен шығып кеттім. Қиын таңдаудың бірі болды. Бірақ бұлай жасағаныма еш өкінбеймін.

9 желтоқсан күні Батыс Қазақстан облыстық әскери комиссариатында толық тексерістен өттім. Денсаулығым оң нәтиже көрсетті. Анам мен әкеме «әскерге барсам» деген ойымды айттым. Әкем: «Балам, барғаның жақсы, әрине, бірақ соңғы шешімді өзің қабылдайсың», - деді. Ал анашым: «Құлыным, сен дүниеге келгенде біз Отанын қорғайтын азат елдің ұланы жарық дүние есігін ашты деп қуандық. Барып кел. Ақ батамды бердім», - деп көзінің жасын сығып алды. Анашымның бір ауыз сөзі жүрегімді ерекше тербеді.

17 желтоқсанда «военкоматтың» казармасына түнеп, ертесіне «Орал-Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызына жайғастық. Бағытымыз – тарихы терең Тараз шаһары. Елу жігіт пойызды ән мен жырға бөледік.

 

№5513 әскери бөлім

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының Тараз қаласындағы №5513 әскери бөліміне де келіп жеттік. Әскери бөлімде штаб, 5 казарма, 2 асхана, клуб, автопарк орналасқан. Шағын саптық алаңы бар. Жан-жағының бәрі камера. Тал-теректің көптігі жаныма жақты. Офицерлер мен сержанттарды алғаш көруім. Әскери шенді де дұрыс ажырата алмаймын. Бір сағаттың көлемінде үстімізге су жаңа форма, аяғымызға берцы берді. Елу бала әп-сәтте қаздың балапанындай бірдей боп шыға келдік. Кім қай жаққа барады, қай бөлімшеде қызмет атқарады – осының бәрін аз уақыт ішінде шешіп тастады.

Келесі күні оқу бекетіндегі күндерім басталды. Автомобильдер взводына топ ете түстім. Ол жерде тура 40 күн болдық. Төсек жинау, шұлғау орау, жаға тігу сынды сарбазға қатысты ұсақ-түйектің бәрін сол жерден үйрендік.

 

Әскери ант

Әскерге келген әр сарбаз әскери ант қабылдайды. Бұл тарихи сәт менің де басымнан өтті. 27 қаңтарда ант қабылдап, серт бердік. Бұл күнге апта бойы дайындалдық. Саптан шығу, қаруды дұрыс ұстау – осының бәрін аз уақытта меңгеріп алдық. Ауылдан әкем, Алматыдан інім келді.

«Мен, ҚР азаматы Болатбекұлы Жанайдар, Қарулы Күштердің қатарына кіре отырып ант қабылдаймын және Қазақстан халқына, оның заңды түрде сайланған Президентіне ақтық демім қалғанша адал болуға, өзімнің егеменді мемлекетімнің Конституциясы мен заңдарын қастерлеп сақтауға салтанатты түрде ант етемін!»…

Әскери ант қабылдау салтанатынан кейін жақындарымызбен сейілге шықтық. Әкем, інім үшеуміз такси ұстап, «Шәйханаға» тарттық. «Әскерге келгелі бір тойғаным» деп шықтым ол жерден. Азаматтық өмірді сағынып қалыппын…

 

2-батальон, 4-рота

Оқу бекетіндегі күндеріміз аяқталғасын сарбаздарды батальондарға бөлді. Бір бөлігі атқыштар батальонына, бір бөлігі №1 жедел мақсаттағы батальонға, енді бірі материалдық-техникамен қамтамасыз ету ротасына кетті. Әскери бөлім командирі мені №2 жедел мақсаттағы батальонның №4 жедел мақсаттағы ротасына жазды. Рота командирі, офицерлер мен сержанттарды көп өтпей танып, аты-жөнін толық жаттап алдық. Оқу бекетіндегідей емес, ротада бәрі басқаша. Талап күшті. Жауынгерлік қызмет, тәуліктік жасақ бар. Шыдам мен төзім керек. Алдағы он бір айды ойлағанда басыңды шайқайсың еріксіз.

 

Тәуліктік жасақтар

Мен қызмет өтеп жатқан әскери бөлімде тәуліктік жасақтың 5 түрі бар. Олар: тәуліктік жасақ, БӨП (Бақылау өткізу пункті – Ж.Б) бойынша кезекшінің көмекшісі, кезекші бөлімше, «Ұлан» және Ішкі қарауыл.

Енді осыларға қысқаша тоқталып өтейін. Тәуліктік жасаққа ротадан 3 сарбаз түседі. АК-74-тің сүңгі пышағын белдікке тағады. Таңертеңгі сағат 9:20-да тәрбие сағаты өтеді. Одан кейін нұсқаулық сабақтар жүргізіледі. Бәрінің жетекшісі болады. Ол біткесін таралымға сапқа тұрамыз. Бөлім бойынша кезекші офицер әр сарбаздан міндеттерін жатқа сұрайды. Сырт келбетін, киімінің тазалығын тексереді. Оркестр таралым әуенін ойнағаннан кейін қызмет атқару орындарына адым басамыз. Бұл – тәуліктік жасақтың барлық түріне қатысты өзгермейтін нәрсе.

БӨП бойынша кезекшінің көмекшісі болып 4 сарбаз тағайындалады. АК-74 сүңгі пышағы мен бронежилетті, онымен қоса кеврал-каска аламыз. 2 оқжатарға 60 жауынгерлік оқ-дәріні бекіткеннен кейін қызметімізге кірісеміз. Бөлім аумағына кіретін, кері шығатын адамдарды, техниканың түрлерін, материалдық бұйымды, бәрін тексереміз. Минаіздегіш те бар. Қандай жасаққа түссе де, сарбаз Жарғы бойынша 6 сағат демалуы керек. Кезекші бөлімшеге ротадан 10 сарбаз түседі. Сержанттардың біреуі командир болады. Толықтай қаруланамыз. 4 оқталған оқжатар береді. Оны арнайы сөмкешеге салып, белдікке тағып аламыз. Бұл жасаққа түскендер таралымға шықпайды. Арнайы сынып бар. Сол жерде отырамыз. Теледидар қарап, өзара шахмат, дойбыдан дода өткіземіз. Бөлім бойынша кезекші, әскери бөлім командирі немесе оның орынбасарлары белгіленген аумаққа дабыл көтереді. Сол кезде қаруларымызды алып, өзімізге бекітілген ДОТ-қа (ДОТ – Долговременная огневая точка – Ж.Б.) барып, жауынгерлік қалып қабылдаймыз. Жол бойы «Ұстап тұрмын. Жүгір», «Жүгіріп бара жатырмын» деп дауыстаймыз. Бәрі кинодағыдай болады. Рөлге кіресің кәдімгідей. Бір жағы қызық, бір жағы уақыт та зымырап өте шығады. Бұл жасақтың өзгелерінен ерекшелігі – 2 сағат артық ұйықтайтынында.

«Ұлан» жасақты 3 сарбаз атқарады. Бөлім бойынша кезекші мен оның көмекшісінің жанында отырамыз. «Ұлан» жасақ бөлім бойынша кезекшінің сарбаздардан тағайындалатын көмекшісі деуге әбден болады. Бөлім аумағындағы, казармалардың ішіндегі камераларды қарап, бақылау жасаймыз. 69 камераға қарап отыру да оңай емес. Роталарға телефон соғып, кемшіліктерін айтып, ескерту жасаймыз. Қарауыл бекеттеріне хабарласып, жалпы жағдайды білеміз, байланыс құралын тексереміз.

Ішкі қарауыл жайлы көп нәрсе жазуға болады. Қарауылдың өзі бір мақалаға жүк десем болады. Ішкі қарауылға ротадан 7 сарбаз, 1 сержант түседі. Жеті сарбаздың біреуі таратушы, қалғаны қарауыл әрі сақшы қызметін атқарады. Сержант қарауыл бастығы қызметін жауапкершілікпен атқаруы керек. Толықтай қаруланып, 4 радиобайланыс құралын аламыз. Таралымнан кейін ескі қарауыл құрамын ауыстырамыз. Біздің бөлімде 2 бекет бар. №2 бекет қару-жарақ пен азық-түлік қоймасын және бөлім аумағын толығымен күзетеді. №3 бекет жанар-жағармай қоймасы мен техникалық бокстарды, автопаркті күзетеді. Әр сарбаз бекетте 2 сағаттан қызмет атқарады. Бекетте тұрған сарбаз «сақшы», шыққан сарбаз «қарауыл» деп аталады. Қарауыл бастығы мен таратушы ауысымды кезек-кезек атқарады. Алты сақшының екеуі бекетте тұрса, екеуі сергектік ауысым, екеуі демалушы ауысым болады. Сергектік ауысым қарауылдары кез келген жағдайға дайын отыру керек. Демалушы ауысым сарбаздары тынығу бөлмесінде ұйықтайды. Жарғы бойынша қарауыл үй-жайында дойбы, шахмат, нарды ойнауға рұқсат етілген. Ішкі қарауыл үй-жайы толықтай күрделі жөндеуден өткен. Қызмет өткеретін сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Қарауылға қырағы, жаттау қабілеті мықты, ұйқыға шыдамды, өз іс-әрекетін батыл әрі сенімді жасай алатын сарбаздарды таңдап алады. «Сақшының қолсұғылмаушылығы», «Сақшының міндеттері», «Сақшыға болмайды», «Бекетте өрт шыққан кезде сақшының іс-әрекеті», «Тыйым салынған аумаққа жақын келгендерге қатысты іс-әрекеті», «Нашар көрінетін жағдайлардағы іс-әрекеті» деген бірнеше міндеті бар. Осылардың бәрін сақшы жатқа біліп, іс-әрекетпен де жасай білуі керек. Сарбаздардың көп уақыты жасақпен өтеді. Ал қарауылда уақыт зымырандай ұшады. Түскенің жаңа ғана сияқты, бір қарасаң, тапсырып жатасың.

 

Бекеттер жайлы бірер сөз...

Сәуір айынан бастап мен ішкі қарауылға түстім. Қарауылдың басқа жасақтардан ерекшелігі көп. Себебі, қарауылға жүктелетін жауапкершілік үлкен. Тіпті, сіз ойлағаннан да үлке-е-ен!

Біздің әскери бөлімде 3 бекет бар. №1 бекет – жауынгерлік туды қорғайды. Оған түсетін сарбаздар арнайы форма, ақ қолғап киеді. Екі сағат қозғалмай тіп-тіке тұрады. №2 бекет – қару-жарақ қоймасы мен азық-түлік қоймасын күзетеді. Әскери қалашықты да қорғайды. Қару-жарақ қоймасында қарудың небір түрі мен оқ-дәрінің неше атасы бар. Ол жағы қоймашыға ғана анық. №3 бекет – жанар-жағар май қоймасы мен техникалық бокстарды қадағалайды. Барлық техниканың рұқсатсыз қозғалмауына жауап береді. №1 бекеттен басқасы жоғарыда, биікте орналасқан. Ішкі қарауылға түсетін қарауыл бастығы (әрі қарай – ҚБ – авт.) мен сақшыларға барлық жағдай жасалған. Қарауыл үй-жайының іші адам кірсе шыққысыз. Кәдімгі қаладағы 4 бөлмелі пәтер деп айтуға болады. 24 сағат сол жерде боламыз. Тек ауысым кезінде ғана сыртқа шығамыз.

 

Сақшы және қарауыл

Сіздерге түсінікті болу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысынан үзінді келтіре кетейін. «Сақшы деп – өзіне тапсырылған күзету мен қорғау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындайтын қарауылды айтады. Қарауыл дегеніміз – өзіне тапсырылған объектілерді күзету мен қорғау жөніндегі жауынгерлік міндеттерді орындайтын қаруланған учаскесі. Сақшы – қол сұғылмайтын адам».

Сақшы тек қарауыл бастығына, оның көмекшісіне және өзінің таратушысына ғана бағынады. Басқа ешбір адамның сөзі оған өтпейді. Сақшы өз бекетін қырағылықпен күзетіп, табандылықпен қорғау керек. Қызметті сергек өткеріп, басқа ештеңеге алаңдамай, қолынан қаруын тастамай әрі оны өзі бағынатын адамдарды қоса алғанда, ешкімге бермеуі тиіс. Көрсетілген бағдар бойынша жүре отырып немесе қадағалау мұнарасында бола тұрып, бекетке кіреберістерді, қоршауды, бақылау-іздік жолақты, техникалық күзет құралдарын мұқият қарап және байланыс құралдары арқылы бекеттер табелінде белгіленген мерзімде қызмет өткеру барысы туралы баяндауға міндетті. Сақшы ауыстырылғанға немесе алынғанға дейін, тіпті оның өміріне қатер төнсе де бекетті қалдырып кетпеуі шарт. Бекеттер табелінде көрсетілген арақашықтықтан жақын бекетке және жергілікті жерлерде көрсеткіштермен белгіленген тыйым салынған шекараға қарауыл бастығынан, қарауыл бастығының көмекшісінен, өз таратушысынан және олар ілесіп жүретін адамдардан басқа ешкімді жақын жібермейді. Сақшыға: ұйықтауға, отыруға, жатуға, бір затқа сүйенуге, жазуға, оқуға, сөйлесуге, өлең айтуға, тамақ жеуге, темекі шегуге, біреулерден қандай да бір заттар алуға және біреулерге беруге, қажетінсіз патронды оқшантайға жіберуге болмайды. Сақшы тек қарауыл бастығының, оның көмекшісінің, өз таратушысының және тексеру үшін келген адамдардың сұрақтарына жауап беруге тиіс. Сақшы, өзіне немесе өзі күзететін объектіге нақты шабуыл жасалған жағдайда ескертусіз қару қолдануға міндетті. Нашар көрінетін жағдайларда, бекеттер табелінде көрсетілген арақашықтықтан постыға немесе тыйым салынатын шекараға жақын келгендерді қарау мүмкін болмағанда «ТОҚТА!», «КЕЛЕ ЖАТҚАН КІМ?» деп дауыстап тоқтатады. Егер жауап берілмесе, онда сақшы: «ТОҚТА!», «АТАМЫН!» деп ескертеді және бұзушыны ұстайды. Ұсталған бұзушы туралы сақшы белгіленген белгімен қарауылдық үй-жайға хабарлайды. Назарын әлсіретпей, оған тапсырылған объектіні күзетуді жалғастырады және бұзушының әрекетін қадағалайды. Егер бұзушы тоқтамаса және күзетілетін объектіге өтуге әрекет жасаса немесе қашуға әрекеттенсе, онда сақшы ескерту ретінде жоғарыға қарай оқ атады. Бұзушы осы талапты да орындамаған кезде сақшы оған қару қолданады. Бекетте тұрған сарбаз «сақшы», бекеттен түскен сарбаз «қарауыл» деп аталады. Әр бекеттің айтатын табелі болады. Оны бекетті тапсырушы сақшы айтады. Менің тұрақты түсетінім – №2 бекет. Екі сағат тұрғаннан кейін ҚБ немесе таратушы келеді. Тапсырарда өз бекетімнің табелін былайша айтамын.

«3 ауысымды тәулік бойы қозғалмайтын күзеті қорғалуда. 5513 әскери бөлімінің азық-түлік қоймасы №7-8 мөрлермен мөрленген. Қару-жарақ қоймасы №78 мөрімен мөрленген. Аса назар аударатын солтүстік жағында №11 мөлтек ауданы, «SMALL» сауда орталығы, әскери гаупфакты, әскери қалашық, автопарк. Байланыс құралы – 2, СТС – 1, өртке қарсы қалқан. Атыс қаруы АК-74, сүңгі-пышақ, 60 жауынгерлік оқ-дәрі».

Бекетті қабылдайтын сарбаз бекет ішінің тазалығын, байланыс құралдарының жұмыс күйінде болуын тексереді. Тексеруші офицер келсе, қарауыл үй-жайына дабыл жібереді. Рота командирі және оның орынбасарының, взвод командирлерінің дабылы №700-1. Батальон командирі және оның үш орынбасарының дабылы №700-2. Бөлім бойынша кезекші, басқарма офицерлері №700-3 деген дабыл жібереді. №700-4 дабылды тек «Оңтүстік» командасының офицерлері ғана жібере алады. Әскери бөлім командирі және оның әр сала бойынша бес орынбасарының дабылы №700-5. Қабылдаған адам ол дабылдарды көп уақыт өтпей «Лотос-1-ге» жібереді. «Лотос-1» - бұл радиобайланысты бақылап отыратын кезекші сарбаздар. Олар Астанаға жібереді. Бәрін тексеруші адам бар. Қарауылда талап күшті екендігін осыдан-ақ біле беруге болады.

 

Қарауыл үй-жайы

Қарауыл үй-жайы 4 бөлмеден тұрады. ҚБ мен таратушының бөлмесі, тынығу бөлмесі, ортаңғы бөлме және кептіру бөлмесі, одан бөлек кіре беріс, асхана, жуынатын бөлме бар. Қаруды оқтау және оқсыздандыру орны да бар. Ауысымға баратын немесе ауысымнан келген қарауылшылар сол жерден қаруын оқтап, оғын алады. Шығарда ҚБ бұйрық береді. Іште 2 камера, әр бекетте бір-бірден камера орналасқан. Түңгі режимде де анық түсіреді. АK-74 қаруын иыққа асынып жүреміз. Ол үнемі сақтандырғышта тұрады. Ортаңғы бөлмеде екі кресло, диван, қос үстел, төрт стенд, қабырғада плазмалық теледидар бар. Сергектік ауысымның қарауылшылары OTAU-TV қарап, нарды ойнайды. Көркем әдеби кітап оқуға да мүмкіндік бар. Қарауыл бастығы мен таратушының бөлмесінде қос телефон, радиобайланыс құралы, компьютер, үстел орналасқан. Мониторда әскери бөлімнің аумағындағы камералар түсіріп тұрған LIVE бейнелер көрсетіліп тұрады. Сөзіміз дәмсіз шықпауы үшін қарауыл бастығын әңгімеге тарттық. Сержант Досжан Еркінұлы мырза бүй дейді:

«Қарауыл жайында көп нәрсені айтуға болады. Бұл жерде ұйқы аз, есесіне жауапкершілік көп. Түн ұйқыңызды төрт бөлуге тура келеді. AK-74, РПК-74 сынды қарулар ойыншық емес. Қарауыл жеке құрамына 660 оқ-дәрі беріледі. Калибрі 5,45 мм болатын бұл оқтың барлығы – жауынгерлік оқ. Бір оққа сызат түспеуі керек. Абайсызда автомат атылып кетпеуі тиіс. Тиянақтылық пен ұқыптылықты қажет етеді. Қарауылға түсетін сарбаздарыма ризамын. Өз міндеттері мен іс-әрекеттерін өте жақсы біледі. Полк бойынша «үздік қарауыл» атағын жеңіп алуымыздың өзі осының айғағы».

 

Жауынгерлік есеп

Әр ауысым келген сайын жауынгерлік есеп өтеді. Оны қарауыл бастығы мен таратушының біреуі жүргізеді. Сұрақтар қояды. Оған сергектік ауысым мен демалушы ауысым қарауылшылары қатысады. Күзету орнына, сақшыға шабуыл жасалғанда сергектік ауысым сарбаздары ҚБ-мен бірге жасырын түрде келіп, шабылға тойтарыс береді. Ал, демалушы ауысым өз беттерімен өз бекеттерін күзетуге барады. Бекеттегі сақшылар дабылды басып, шабуылға тойтарыс береді. Қарауыл үй-жайына шабуыл жасалса, сергектік ауысым арнайы терезелер арқылы тойтарыс береді. Ортаңғы бөлмеден, демалатын бөлмеден, кіреберіс есіктен демалушы ауысым қарауылшылары тойтарыс береді. Бронжелет, кеврал-каскаларын киіп, әркім өзіне бекітілген қаруын алады. Бәрінің белгіленген арнайы уақыты бар. Қарауылшылар саны 15-ке дейін болса, қандай шабуыл болса да 25 секундта жауынгерлік қалыпты қабылдап үлгеру қажет. Бұл «өте жақсы» деген баға. Біз бұны бас-аяғы 18-20 секундта жасаймыз. Тексеруші адам таңырқап, қарауыл бастығы риза боп қалады. Кез келген адам қарауылды көтере алмайды. (Көтеру – бұл оқу-жаттығу ретіндегі берілетін дабыл) Бөлім командирі және оның бес орынбасары, одан бөлек бөлім бойынша кезекші, батальон командирі ғана көтере алады. Бір ескерер жайт - қарауылшы өз міндеттерін жатқа білуімен қатар жауынгерлік есепті білуі шарт әрі іс-әрекетін де орындай білу керек.

 

Түйін

Кинолардан көріп, кітаптардан оқып жүрген қарауылдан әскердегі қарауылдың орны да, жөні де бөлек. Өйткені, біз күзететін қару-жарақ қоймасында өте көп мөлшерде оқ-дәрі бар дейді білетіндер. Сол себепті де сақшылар қызметті қырағы әрі сергек атқару керек.

Міне, тағы да қарауыл үй-жайындамын. Жарты сағаттан соң қарауыл бастығынан бұйрық алып, бекетке аттанамын. Қаруымды иыққа асынып, әскери қалашықты, екі қойманы күзетуге барамын. Сол бір сәтте бойымды мақтаныш сезімі кернейді. Бәрі де Отан үшін... Бәрі де сәбилердің шат күлкісі үшін... Ата-анам мен бауырларымды, достарымды, жақын жандарымды қорғау үшін өз еркіммен әскерге аттандым. Сол үшін өмірімнің 365 күнін қиямын... Бұдан асқан қандай бақыт бар?!

Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ,

қатардағы жауынгер,

Тараз қаласы

Қаралым саны 2264

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463