Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, «Жайық Пресс» медиахолдингі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған «Мирас» қоғамдық қоры мен тарихи-танымдық «DANAqaz» журналы ұжымы бірлескен меморандумға қол қою арқылы бұл істі әрі қарай жетілдіре түсті. Өңірде алдымен белгілі адамдарға қойылған құлпытастар кездесетін қауымдар зерттеліп, кейін жаппай барлық аудан аумағындағы көне құлпытастарды зерделеу басталды.
Зеленов ауданы аумағындағы көне құлпытастар мен қорымдарды есепке алу, зерделеу ісі барынша тиянақты ұйымдастырылды. Аудан аумағындағы көне ескерткіштер – XVIII-XX ғасырдағы араб жазулы құлпытастарды қорғау, кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүдделі топ құрамы жасақталып, жұмыс жауапкершілігі бізге жүктелді. Іле-шала құрамына округ әкімдері, мектеп директорлары, тарихшы мамандар мен ауыл ақсақалдары енген арнайы топ құрылып, елді мекен аумағындағы құлпытастарды іздестіру, нақтылау, әр ауылдық округ аумағындағы көне қорымдарды анықтап, ол жерде жерленген тұлғалар жөнінде ел ішінен деректер жинау мақсатында арнайы жоспар жасақталды.
Тың бастама нәтижесін көп күттірген жоқ. XVIII-XX ғасырда қойылған араб жазулы құлпытастар аудан аумағынан табыла бастады. Осы уақытқа дейін «біздің аудан аумағында араб жазулы құлпытас атымен жоқ, бұрын бұл жерді қазақтар мекендеген жоқ» деген «белсенділердің» қисынсыз пікірін күл-талқан еткен жаңалықты жұртшылық қуана қабылдады. Телефон шалып, көрген-білген дерегімен бөлісуге асыққан ағайынның зор қолдауына риза болдық. «Бір жоқ - бір жоқты табады» демекші, тұрғындар басына кісі түнеген аруақты адамдардың жерленген орындарын көрсетіп, ел аузында сақталған дерегімен бөлісті.
Аудан тарихын зерделеу бағытындағы бұл ісіміздің мән-маңызы халқымыз үшін тіптен ерекше. Солақай саясаттың шарпуынан ата-баба сүрлеуінен жаңыла жаздауымыздың бір көрінісі – ата қонысымызда кімдердің дәурен сүріп өткенін білмеуіміз еді. Оны білмегеннен кейін жер-суымыздың, бел-белесіміз бен адыр-арнамыздың көне атауларынан, олардың шығу тарихынан қол үзіп, әлі күнге ұлтқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, беріде таңыла салған атаулардан ажырай алмай келеміз. Міне, бұл өткенді білмей келешекке қадам жасай алмауымыздың тағы бір көрінісі. Шүкір, тәуелсіздіктің келуімен олқылықтың орны толып келеді. Десе де баяу. Неге? Себеп тағы сол өз тарихымызды жөндеп тани алмауымыздан. Әйтпесе ешкім бізге жер-су, ауыл, көше атауларын тәуелсіздік талабына сай қайта жаңғыртуға жата жармасып кедергі жасап отырған жоқ. Бәрі өзімізге, өзіміздің ауызбіршілігіміз бен белсенділігімізге, ұлтжандылығымыз бен рухани жігерімізге байланысты.
Даламыздың әр қиырында елеусіз ғана жатқан көне құлпытастарды зерделеу арқылы ауданымызды кімдердің мекендегенін нақ басып айтып, соған тұрғындарды шүбәсіз сендіре алсақ, ел есінде жоқ тарихымыз қайта тіл қатпақ. Ал бұл өз кезегінде жігерлі жастарымызға рухани күш беріп, белсенді бастамаларға жұмылдырары хақ.
Нұржан Дүзбатыр,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры