Орал қаласы қазақ елінің ежелгі қалаларының бірі болғаны тарихи архитектуралық артефактілер арқылы дәлелденіп отыр. Бұл жөнінде жергілікті тарихшылар, өлкетанушылар мен архелог ғалымдар ғылыми тұжырымды еңбектерін жария етті. Ендеше, осы көне шаһардың Шаған мен Жайық өзендерінің тоғысқан тұсындағы тарихи бөлігінде сән түзеген ХІХ ғасырдың сәулет өнері ескерткіштеріне қарап, ашық аспан астындағы музей іспеттес десе болғандай. Өлкеміздің өткен тарихының куәсі екендігін үнсіз ғана ұқтырып, асқақ тұрған бұл мәдени-тарихи сәулет ескерткіштері ортағасырлық атақты сәулетші Аджеми Нахичеванның «Өмір мәңгілік... біз кетеміз – бұлар қалады» деген сөзін еріксіз еске түсіреді.
Мәселен, Кеңес Одағының Батыры Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі орналасқан ғимарат – Александр Ванюшин үйі ХІХ ғасырдың сәулет өнерінің ескерткіші болып табылады. Бізге жеткен деректерге қарағанда, бұл үй 1984 жылы 12 қыркүйекте Орал облыстық Атқару комитетінің №473 шешімімен облыстық архитектуралық ескерткіштерді қорғау комитетінің есебіне алынады. Тарихи сәулет ескерткішінің мемлекет қамқорлығына алынғандығын айғақтайтын бұл құжатта «Үш қабатты шығыстық үлгідегі ғимарат ХІХ ғасырдың екінші жартысында салынған. Ғимараттың қасбеті көркем безендірілген. Үйдің төбесі шығыстық сипатта шатырмен жабылған» деп жазылған. Сонымен бірге бұл құжатта үйдің салыну тарихы туралы алғаш рет 1901 жылы Орал қаласының байырғы тұрғыны Гребнева Клаавдия Антонованың әңгімесі арқылы жазылып алынғандығы айтылған.
Енді өлкетанушы Геннадий Васильев Ванюшин үйінің 1876 жылы салына бастағаны туралы «Считается, что первоначальным заказчиком стройтельства здания было частное лицо из известнейшей в городе купеческой династии Ванюшиных, отдаленные потомки которых проживают в нашем городе и поныне. Вообще-то в Уральске имелось две ветви этой купеческой династии: саратовские и оренбурские купцы Ванюшины. В 1876 году «Северное страховое общество» находившееся в Петербурге поставило особняк на свой учет, о чем свидетельствовало сохранившаяся бронзовая табличка овальной формы, установленная на стене здания. Поэтому дату «1876» можно предположительно считать датой первоначального введения этого творения архитектуры в строй городских домов. Хотя отдельные элементы и пристройки здания продолжали достраиваться в позднее, даже в 80-х годах прошлого столетия. Строительство велось на совесть. Только так имела строить в старые времена» деп жазады. Демек, бұл үйдің алғашқы іргетасы 1876 жылы қаланған. Осы тұста айта кететін жайт – ғимараттың кіреберіс есігінің жоғары жағына мойын созып қарасаңыз, тасқа ойып жазылған «1876» санын көруге болады.
Шежіре сурет деректер Ванюшин үйінің алдында саудагерлер саудасын қыздырған базар болғанын дәлелдейді. Қазір бұл Некрасов шағын алаңы.
Сөйтіп, өлкедегі патша үкіметінің отарлау саясатын жүзеге асырушылардың бірі көпес А. Ванюшиннің бұл үйі кейін қаладағы көпестер бірлестігіне сатылып, Орал көпестері мен саудагерлерінің көңіл көтеріп, дем алатын коммерциялық клуб үйіне айналады.
Өлкетанушы Н. Чесноков «Көпес А. Ванюшиннің 2 ұл, 1 қызы болған. Оның қызы Анна Александровна Ванюшина бұл үйді шарап өндірісі орнына айналдырады. Қаладағы бай әйел А. А. Ванюшинаның сапасы жоғары нан өнімінен жасаған виносы ХІХ ғасырдың аяғында халықаралық көрмелерге қатысып, бірнеше рет медальдарға ие болады» десе, бұл деректі жоғарыда айтылған Геннадий Васильев «1980 жылдардың бас кезінде ғимаратқа жүргізілген күрделі жөндеу кезінде үйдің жертөлесінен шарап өнімі туралы жазылған, қағаз жапсырмалары бар шыны бөтелкелердің сынығы көп шықты» деп нақтылай түседі.
Азамат соғысы жылдарында, 1919 жылы қаңтар айынан бастап А. Ванюшин үйіне Орал қалалық РКП(б), кейінірек губерниялық комитет орналасып, жұмыс жасады.
Ал 1930 жылдары бұл тарихи ғимарат өлкеміздегі ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орны болғандығын облыстық архив қорында сақталған ауыл шаруашылық техникумының төлқұжаты (паспорты) дәлелдейді.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде Ванюшин үйіне Одесса қаласынан эвакуацияланып келген жаяу әскер училищесі орналасады. 6 айлық қысқа мерзімді курсты тәмамдаған жауынгерлер осы жерден Сталинград майданына жөнелтілген.
Ал қаланың байырғы тұрғыны С. Аверянова осы үйдегі жертөледе соғыс кезінде анасы солдаттардың кір жуатын бөлмесінде қызмет жасағанын, ал өзі анасының қасында «кішкентай көмекшісі» болғанын айтады.
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Ванюшин үйі қайтадан ауыл шаруашылығы техникумының оқу корпусы ретінде 1981 жылға дейін қызмет етеді. Одан соң тарихи ғимарат пионерлер үйіне айналады. Ал 1996 жылдан бері бұл тарихи сәулет ескерткіш үйі жалпы білім беретін орта мектеп шәкірттерінің алтын ұя бесігіне айналды.
Сол сияқты Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана орналасқан тарихи ғимарат – көпес Александр Каревтің үйі туралы дерек кім-кімді де қызықтыратыны анық. Бузулук көпесі (Ресей жері) А. Карев алғаш рет Орал қаласына атарбамен келеді. Ол балықшылардың жағаға лақтырып тастайтын ұсақ балықтарын жинап, Жайық жағасындағы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына дейін баруды кәсіп еткен.
Өздерін Жайық өзені балығының қожасы санайтын өлкедегі казактар судан қызыл балықты ғана аулап, ұсақ шабақтарды суға қайта лақтыратын еді. Александр Карев осы балық аулау маусымында жиналған балықтың мол қорын Ресей қалаларына апарып, саудасын қыздырған. Ол балық саудасынан түскен ақшасына сол кездегі оралдық тұрғындар үшін ең қажетті Ресейден иірілген жіп, арқан, тағы сол сияқты тауарлар тасып, жоғары бағамен өткізіп отырған.
Сөйтіп бірте-бірте қаржы қорын жинаған көпес А. Карев 1900 жылы Орал қаласында дүкенімен бірге екі қабатты үй тұрғызуды бастайды. Алайда тағдыр оған бұл үйдің құрылысын аяқтауды жазбайды. Ол қалың орманнан құрылысқа қажетті ағаш дайындау кезінде ағаш астында қалып, қайтыс болады. Оның әйелі Кариха үйдің құрылысын аяғына дейін жеткізіп, 3 қабатты үй тұрғызады. Сөйтіп, қала ортасында алыстан көз тартатын әдемі биік А. Карев үйі бой көтереді. Қазақтар биіктігімен сыртқы түсіне қарап, бұл үйді «Нар үй» немесе «Қызыл үй» деп атаған.
Енді бұл үйдің Кеңес үкіметі тұсындағы қызметі туралы айтсақ, 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін бұл ғимаратта бірнеше дүкен, мысалы, «Шмит және К°» сауда үйі, екінші қабаты ресторан және офицерлер клубы, үшінші қабаты қонақүй болған.
1919 жылдың жазында Орал қаласы Қызыл әскер бөлімшелерінің қолына көшкеннен кейін А. Каревтің үйі «Еңбекшілер сарайы» деп аталады да, енді бұл ғимаратқа жергілікті кәсіподақ орналасады.
1920 жылдардың бас кезінде үйдің 1-қабатына «Красный Урал» газетінің баспаханасы және конференция залы орналасады, үшінші қабаты сол қонақ үйі болып қала береді.
1923 жылы қараша айында Орал қаласына келген халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы, қазақ жазушысы Сәкен Сейфуллиннің осы қонақүйде тоқтағаны жөнінде мәліметтер бар.
А. Карев үйінің жанында кең аумақты қамтыған металшылар кәсіподағының қалалық бағы болған. Бұл бақта әдеби кештер өткізіліп, ақындар өлеңі оқылып отырған.
Кешегі сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдарында А. Карев үйінің екінші және үшінші қабатына қаламызға эвакуацияланып келген әскери госпитальдар орналастырылады.
Осы орайда «Айтылған тарих» жобасы бойынша сұхбат жүргізгенімізде соғыс жылдарындағы балалардың бірі, қазіргі кезде еңбек ардагері, ғалым Н. Пересьветов соғыс кезінде өзінің осы үйдегі госпитальде жатқан жаралы жауынгерлердің жанында отырып, кітап немесе олардың үйінен келген хаттарын оқуға жәрдемдескендерін айтқан еді.
1960 жылдардың ортасынан 1980 жылдарының ортасына дейін ғимараттың үшінші қабатына облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің редакциясы, ал екінші қабатында бұрынғы Н. Крупская (қазір Ж. Молдағалиев) атындағы облыстық кітапхана мен филармония орналасады.
Енді бүгінгі күнге дейін облыс тұрғындарына мәдени қызмет көрсетіп тұрған ХІХ ғасыр сәулет ескерткішінің филармония залы туралы айтсақ, музыкатанушылар бұл залдың акустикасы арқылы ерекшеленетінін айтады.
Қаламыздағы тағы бір тарихи сәулет ескерткіштерінің бірі – алғашқы коммерциялық банк үйі. Қазақстанда ХІХ ғасырдың ІІ жартысында капиталистік қатынастардыңың дамуына байланысты тұрғызылған банк ғимараты – қазіргі облыстық әкімшілік үйі.
Деректерге қарағанда, ғимарат 1896 жылы сәулетші Александр Бунькиннің жетекшілігімен тұрғызылған. Құрылыс жұмысына мәскеулік белгілі теміржол құрылысшысы Николай Раевский басшылық еткен.
Орыс сауда-өндірістік коммерциялық банк үйі үш қабатты. Төменгі жерасты қабаты, екінші қабаты жаяу адам жүретін жолмен деңгейлес болды. Бұл екінші қабатқа дүкен, ал үшінші қабатқа банк және биржа орналасады. Жоба бойынша құрылысқа 22000 сом қаржы бөлінеді. Орал қаласында тұңғыш рет бұл үйге алғашқы орталық жылу құбыры, желдеткіштер, электр желісі тартылады. Сонымен қатар ғимараттың төңірегіне алғашқы жаяу адам жүретін жолдар мен көпірлер салынып, аумағы 1000 шаршы көлемінде көгалдандыру жұмысы жүргізіліп, Орал қаласының бүгінгідей көрікті орталығына айналады. Ғимараттың қасбетінде бедерлі сәнді торлармен көмкерілген әдемі балкондарды қазір де көреміз. Ақ түспен қапталған сыртқы түсіне байланысты бұл үйді жергілікті тұрғындар «Ақ үй» деп атаған.
Коммерциялық банк үйінің қасбетіндегі әдемі өрнектердің авторы – салқын қақтаудың шебері (орыс тілінде «мастер холодной ковки» деп аталады) Павел Лаптишкин. Ал осы ғимаратқа кіретін есік алдындағы бағаналардың арасына орналастырылған екі арыстан мүсіндерінің авторы – Николай Гаврилович Калентьев.
Сөйтіп, ХІХ ғасыр соңында тұрғызылған бұл ғимаратты қаладағы алғашқы әмбебап үй болды деп те айтуға болады. Өйткені мұнда банк, биржа кеңсесінен басқа, нотариалдық кеңсе, мейрамхана, коммерциялық шәйхана және дүкендер орналасқан. Сондай-ақ бұл ғимаратта қаладағы ірі кәсіпкерлер Компанейцаның дәріханасы, көпес Р. Функаның дүкені, Грязновтың шаштаразы қала тұрғындарына қызмет көрсеткен. Ал үшінші қабаттағы кең дәлізде кеңсе қызметкерлерінің демалысы үшін концерт, спектакльдер ұйымдастырылып өткізілген.
1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін бұл үйдегі қызмет түрінің сипаты өзгеріп, енді бұл ғимарат жұмысшы солдат, шаруалар кеңесінің үйі, ал 1919 жылдан басында облыстық революциялық комитет, 1920 жылы губерниялық комитет, 1924 жылы Орал губерниялық соты, кейін бұл үйге облыстық атқару комитеті мен оның жеке бөлімшілері орналасады. Қазақстан тәуелсіздігі жарияланған 1991 жылдан бастап ғимарат Батыс Қазақстан облыстық әкімшілік үйіне айналды.
Қорыта айтқанда, қаламыздың сәнді көркін келтіріп тұрған тарихи-мәдени сәулет ескерткіштерінің тарихи маңызын түсініп, құрметпен қарап, қамқорлық көрсету әрбір азаматтың абыройлы борышы болып табылады.