КӨКІҰЛЫ ЕСЕТ БАТЫР МЕМОРИАЛДЫҚ КЕШЕНІ

Ақтөбе облысы Алға ауданы, Ақтөбе-Астрахань тас жолының бойында, Бестамақ елді мекенінің күншығыс жағында, Елек өзенінен өткен жерде биік қырдың басында батыр бабаның еңселі кесенесі тұр. Қыр етегінде қонақ үй, тілеухана, музей, шаруашылық бөлмелері бар. Есет Көкіұлы – батыр, қолбасшы, тархан, Жетіру тайпасының аға биі, батасы қабыл болған әулие.

Ол туралы тарихи деректер Орынбор облыстық мемлекеттік архивінде, Санкт-Петербург Орталық мемлекеттік тарих архивінде (ЦГИА), Москва орталық мемлекеттік әскери тарих архивінде (ЦГВИА), Алматыдағы ҚР ОМА және Ташкент орталық мемлекеттік архивінде сақталған. Патшалық Ресейдің елші-офицерлері Тевкелевтің күнделіктерінде, Неплюевтің жазбаларында есімі аталады. XVIII-XIX ғғ. Қазақ-орыс, қазақ-жоңғар және қазақ-қалмақ қатынастарын зерттеуге арналған жазбаларда Әбілқайыр хан, Табын Бөкенбай батыр, Шақшақ Жәнібек батыр, Тайлақ батырлармен қатар айтылады. Аталған кезеңге қатысты зерттеу еңбектерін жазған А.И. Левшин, В.Н. Витевский, И.И. Крафт, Н.Г. Аполова, Е.Б. Бекмаханов, Ж. Қасымбеков, И.В. Ерофеева өз шығармаларында Тама Есет батыр тұлғасына арнайы тоқталып өтеді. Қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесінде батырдың өте беделді тұлға болғандығы анық байқалады. Сонымен қатар ауыз әдебиеті мен аңыз әңгімелерде Есет батыр есімі жиі кездеседі.

            Батырдың туған және марқұм болған жылдары туралы бірнеше нұсқа бар, талас көп. Есет Көкіұлы 1667 (1669) жылы дүниеге келген. Шыққан тегі Кіші жүздің Жетіру тайпасына қарасты тама руынан. Шежіре бойынша Атамшал – Торым – Базарқұл – Көкі - Есет болып жалғасады. Есеттің әкесі Базарқұлұлы Көкі де заманында аты шыққан батыр болған. Жауға үнемі тайсалмай тура шабатындықтан «Таймас батыр» деген ат алған. Атақты Орбұлақ шайқасында Салқам Жәңгір хан жоңғардың Батур қоңтайшысына қарсы шайқасып жатқанда жиырма мың әскермен көмекке келетін Жалаңтөс баһадүрдің әскерінің ішінде осы Көкі батырдың да болғандығын, сонда оның шеп бұзып, үлкен ерлік көрсеткені туралы дерек кездеседі. Есет те ел қорғау жорығына ерте араласады. Жеке ерлігімен көзге түсіп, батыр атанады. Тәуке ханның тұсындағы жеңісті шайқастарда Есет батыр Кіші жүз қолын бастайды. Осындай шайқастардың бірінде найзагерлігімен көзге түсіп, ерен ерлік көрсеткен Есетке риза болған Тәуке хан соғыстан кейін шақырып алып: «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығың болсын» деп бата беріпті деген әңгіме де бар. Әрі батыр, әрі аузы дуалы Көкі өз ұлдарының болашағы жайлы: «Өзімнен өргеннің бір буыны тең болар, қалғаны қара болар» деген екен. Ал Есет батырдың нағашы жұрты алты ата әлімнен тарайтын ақ кетелер. Анасы Назым ақ кете руының биі Балпаштың қызы. Назымнан кейінгі екі ұлы, яғни Есет батырдың туған нағашылары - Әжібай би мен Арал батыр. Жалпы Есет батырдың айналасында атақты тарихи тұлғалар өте көп айтылады. Батырдың өзі Табын Бөкенбай батырдың туған қарындасына үйленген күйеу баласы. Есет батырдың Меңсұлу атты қызы Адайдың Жанәлі деген жігітіне тұрмысқа шығып, одан Мырзағұл атты ұл болады. Ал Мырзағұлдың ұлы бүкіл түркі жұртына есімі таныс – Пір Бекет ата. Есет батырдың туған інісі Есеннің Тәжі есімді қызы Шекті Киікбайға ұзатылған, одан Нұрмұхамед туған. Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыр – Сыр бойы қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісін басқарған тарихи тұлға.

            1710 жылдан бастап Есет батыр бүкілқазақтық, жалпыұлттық шаруаларға батыл араласа бастайды. Соның бірі – әйгілі Қарақұм құрылтайы. Бүкіл қазақ өкілдері бас қосқан ұлы жиында екі мәселе қаралады: біріншісі – жоңғарларға қарсы азаттық күрес, екіншісі – Кіші жүзге хан сайлау. Бірінші мәселе бойынша тартыс туындап, дау ұзаққа созылады. Сондағы Табын Бөкенбай батырдың құрылтайда айтқан жалынды сөзі қазақ әскеріне мықты жігер берген. «Уа, ағайын! Жауларымыздан кек аламыз, қасық қанымыз қалғанша шайқасып өлеміз! Ауылдарымыздың күл болып, қыздарымыздың күң болғанына қалайша төземіз?! Қоян секілді қашқанша, шайқаста өлген артық. Мініңдер атқа, еріңдер соңымнан!». Осы құрылтайда Кіші жүздің ханы болып Әбілқайыр сайланған. Сол уақыттан бастап 1748 жылға дейін Бөкенбай, Есет, Жәнібек батырлардың есімі хан Әбілқайырмен бірге аталады. 1729-1730 жж. Аңырақай шайқасында Есет батыр Кіші жүз әскерін басқарған ту ұстаушы болған.

            Патшалық Ресей 1742 жылдың 30 тамызында тархан атағын Шақшақ Жәнібек батырға берген. Ал екінші рет тархан шені 1743 жылы 3 шілдеде Есет Көкіұлына берілген. Батырға тархан атағын беру себептерін тарихшы Закратдин Байдосұлы: «Біріншіден, қазақтың қалың қауымы арасында екеуінің, Жәнібек пен Есеттің кіршіксіз абырой иесі екендігіне мән беріп, олардың елге ықпалының шексіз екендігін еске алып, осы бір екі алыптың қолдары арқылы отарлау саясатының шоғын көсегісі келді; екіншіден, осылайша қызғаныш тобына қақталатын қалған сұлтандардың, старшиналар мен билердің тархандық дәрежеге арманын қоздыру; сөйтіп оларды патша әкімшілігінің дегенін істеп, айдағанына көнетін құлақкесті құлына айналдыру; үшіншіден, Жәнібек пен Есет батырға шен бере қолпаштай отырып, олар арқылы бүкіл қазақ жамағатын Ресейге, патша тағына бас идіріп ұстау, төртіншіден, Жәнібек пен Есетті өз үйірлеріне тарту арқылы соңғы кезеңдерде патша өкіметінің саясатына қайшы келіп отырған Әбілқайыр ханды ең шынайы ортасынан айыру, сөйтіп халық арасындағы беделін сетінету...» – деп талдайды. Бірақ қазақ батырлары ел намысын атақ-дәрежеге айырбастаған жоқ. Халыққа қатер төнгенде ылғи ат үстінен табылды. Көптеген әдебиеттерде, әсіресе ғылыми энциклопедиялық еңбектерде Есет Көкіұлының қайтыс болған жылдары 1749 жылы деп жаңсақ көрсетіліп келді. Кейінгі тарихи зерттеулер негізінде батырдың жау қолынан 1757 жылы қаза тапқаны жазылып жүр. Ауыз әдебиеті деректерінде «Есет батыр тоқсан бес жастан асқан шағында қаза тапқан» деп көрсетіледі. Халық жазушысы Әбіш Кекілбай деректерінде батыр бабаның жасы жүзге жақындап барып қайтыс болғаны айтылады.

            Халық санасында Есет батыр әулие ретінде танылған. Ел арасында  «Мәдинада - Мұханбет, Түркістанда - Қожа Ахмет, Ақтөбеде – Ер Есет, Маңғыстауда - Пір Бекет», «Ердің соңы – Есет, Пірдің соңы - Бекет» деген сөздердің айтылуы бекер емес. Жыл мен аптаның кез келген уақытында адамдар мазарға арнайы келіп, батырдың рухына дұға бағыштап, қасиетті орын ретінде тағзым етіп жүр. Бүкіл саналы ғұмырын ел бірлігі мен тыныштығы жолына арнаған батыр баба есімі қандай құрметке де лайықты.

            Қазір Ақтөбе қаласында және бірнеше аудан орталығында Есет Көкіұлы есімімен аталған көшелер бар. Ақтөбеде «Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» ашылды. Көздерінде намыс оты жарқылдаған 250 оғлан Олимпиадалық спорттың сегіз түрі бойынша тер төгіп жүр. Талантты жастар түгел аудандық жарыстан бастап әлем чемпионатының жеңімпаздары. Қай заманда да «Елдің атын ері шығаратыны» анық.

 

Айшуақ Дәрменұлы,

тарихшы

Қаралым саны 3294

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463