Әлемде эпостық жырлар тудырған санаулы ұлттар бар. Солардың бірі - қазақ халқы. Қазақта 400-ге жуық эпостық жыр бар. Соның ішінде ең көп тарағаны, мазмұны мен көлемі жағынан шұрайлысы - «Қобыланды батыр» жыры. Жырдың 29 нұсқасы бар. Орынбордың Тұзтөбесінде «Қобыланды төбесі» деген төбе бар. Жырда кездесетін Қобда, Жиренкөл, Бесоба, Жиренқопа, Ешкіқырған секілді жер аттары Қобда ауданында әлі күнге сол қалпында сақталған. Профессор Абат Пангереев Жиренқопадан 25-30 шақырым жерде, қазіргі БҚО Аққұм елді мекенінде «Алшағыр» атты қаланың орны болғаны туралы дерек келтіреді. Алшағыр - XV ғасырда өмір сүрген ноғайлы билеушісі Мұсаның баласы. Қобыланды - тарихи процесстер нәтижесінде Қазақ хандығының құрылуына алып келген сол дәуірдегі ірі оқиғаларға араласқан, халық жадында жақсы сақталған батыр. Кемеңгер сыншы В.Г.Белинский «Тарихтағы ірі келелі оқиғалар әдебиетке сәулесін түсіріп, онда өз рухын қалдырады» деп жазған екен. Ал жазушы Қойшығара Салғарин «Батырлар жырының кейіпкерлерін тек әдеби кейіпкер деп қарау - қазақ халқының нағыз болмысына бойлай алмаған, салт-дәстүрін білмейтіндердің жаңсақ пікірі. Шын мәнінде, батырлар жыры - өз кезеңінде болған батырлардың есімдері арқылы сол кезеңнің бүкіл тарихы жазылған құжат» деген пікір айтады. Тарих ғылымының көзімен қарасақ, Ақтөбе облысының аумағында қазақ мемлекеттігінің үлкен бір арнасы жатыр. Мысалы, Алтын Орда мен Ноғайлы кезеңінің ірі оқиғалары, Қобыланды батыр, Асан қайғы, Абат Байтақ бастаған тарихи тұлғалардың өмірі осы өңірмен тығыз байланысты.
Бір замандарда батыр сүйегі жатқан жерде мазар болған. Ол туралы 1906 жылы орыс ғалымы В.В.Карлсон, кейін Жозеф-Антуан Кастанье жазып кеткен. Мазар ерте кезде бұзылып, ХХ ғасырдың бас кезінде үйінді болып қалған. ХХ ғасырдың елуінші жылдары ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан осы бейіт басында болған. Алпысыншы жылдардың аяқ кезінде антрополог Ноэль Шаяхметов қазба жұмысын жүргізіп, Герасимов әдісімен бас сүйегіне қарап кескінін жасауды жоспарлайды. Әртүрлі себептермен бұл жұмыс 2000 жылға дейін тоқтап қалған. Жиренқопаға 1995 жылы Әбіш Кекілбаев, 1996 жылы Иманғали Тасмағанбетов арнайы келіп, зиярат жасап кеткен. 2004 жылы облыс басшысы Е. Сағындықов батырдың бейітіне қатысты зерттеу жұмыстарын «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына кіргізіп, ғылыми жұмыстар жандана бастаған.
Мемориалдық кешен Қобыланды батырдың сүйегі қайта жерленген мавзолейден, Даңқ залынан және белгі тастардан тұрады. Төбесінен қарағанда кешен қалқанның үстіне қойылған батырдың дулығасы және жанында жатқан садаққа ұқсайды. Мавзолейдің негізгі қабырғасы күйдірілген қызыл кірпіштен биіктігі – 7 метрлік 15 үшкіл тіреулер тәрізді қаланып, сыртқы пішіні батырдың дулығасы тәріздес күмбезделген. Кешеннің екінші бөлігі мавзолейдің батыс бөлігіндегі жалпы аумағы – 447 м2 батырдың садағы бейнелі Даңқ залынан, холлдан және әкімшілік-шаруашылық бөлмелерінен тұрады. Кешенде Қобыланды батырдың қайрақ тасы, сүйегі қайта жерленгенде орнатылған тас белгілер орналасқан. Кешен Жиренқопа ауылының шығысындағы Ұлы Қобда өзенінің бойындағы жалпы аумағы – 2,06 га жерді алып жатыр. Кешен құрылысының авторы - ҚР еңбегі сіңген сәулетші Бек Ыбыраев.
«Қобыланды батыр» мемориалдық кешені 2007 жылы ашылған. Кешеннің ашылу салтанатында Т.Ахтанов атындағы театр ұжымы үлкен қойылым көрсетті. Құрметті қонақтар арасында мемлекет және қоғам, мәдениет, өнер қайраткерлері Ә.Кекілбай, М. Жолдасбеков, Ф.Оңғарсынова, Қ.Салғарин, Ә.Тарази, А.Сейдімбек, Ұ.Есдәулет, Ә.Бөпежанова, К.Серікбаев болды. «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысаны тізіміне Қобыланды батыр кесенесі «Тарихи тұлғаларға қатысты киелі орын» санатымен енгізілді. Қазіргі уақытта бұл жерге Қазақстан және шет елдерден келетін қонақтар легі үзілмейді.
Айшуақ Дәрменұлы,
Ақтөбе қаласы