Бөкенбай Қарабатырұлы (Бисембіұлы)

Табын Бөкенбай батыр (1667-1742) – атақты батыр әрі би, XVIII ғ. жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарсы азаттық күресті негізгі ұйымдастырушылардың бірі, қазақ әскерінің Бас қолбасшысы. Әскери билеушілер әулетінен тарады, әкесі Бисембі белгілі рубасы батыр, ел арасында Қарабатыр атағына ие болған.

Бөкенбай жеке бас ерлігімен, батырлығымен XVII ғ. соңында аты шықты. Батыс Қазақстан далаларында орныққан қалмақтармен шайқастарда көзге түсті, XVIIІ ғ. басында Әбілқайыр ханның Ресей шептеріне, Жайық казактарына жасаған жорықтарында қол бастады. 1710 ж. Сырдария бойындағы Қарақұмда өткен бүкілхалықтық құрылтайда қазақ әскерінің Бас қолбасшысы болып сайланды. Бөкенбайдың осы құрылтайда сөйлеген сөздері оның есімін байтақ елге одан сайын мәлім қылды. Қазақтың хан-сұлтандары, билері мен батырлары жоңғарларға қарсы тойтарыс беру мәселесінде ортақ шешімге келе алмай, қашу немесе жауға берілу ұсыныстары да айтылған тұста ол жиылған жұртшылықтың ортасына шығып, көздері оттай жанып, қайнаған намыстан өз киімін өзі жыртып, қылышын жоғары көтеріп «Жауларымыздан кек аламыз! Қасық қанымыз қалғанша шайқасып өлеміз..!», деп басталатын өзінің рухты сөздерін айтты. Оның бұл сөздері еңсесі түскен жұртшылықтың рух-жігерін көтерді, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып жетті. Осыдан соң жауға қарсы жұмылып соғысуға ант берді. Бөкенбайдың сөздері мен сол оқиғаларды кейіннен сол өңірде тұтқында болған орыс офицері Я. Гавердовский ел аузынан қағазға түсірді.

Бөкенбай Қарабатырұлы Әбілқайыр бастаған ірі қазақ-қарақалпақ әскерінің 1715, 1717, 1720 жж. Қазан губ. аумағына жорығына, 1718-1719 жж. Жайық қалашығын қоршауына, сол кезеңдерде және 1723-1726 жж. Еділ қалмақтарына қарсы ірі жорықтарына қатысты. Қалмақтармен соңғы соғыстар олардың шығыстағы жоңғарлармен әскери одағын бұзу үшін, жоңғар шабуылдарынан ығысқан қазақ қауымдарын Жайық бойларына орналастыру және шығыс майданда алаңсыз соғысу мақсаттарымен жасалды. Бұл тарихи деректермен де негізделеді. Бөкенбай батыр 1724-1725 жж. оңтүстік, оңтүстік-шығыс өңірлерде жоңғарларға қарсы жорықтарда да қол бастады, Түркістанды азат етуге қатысты. Жоңғарлармен шайқастарда оның төрт бірдей туған ағасы қаза тапты. Түркістан түбіндегі сәтсіздіктерден соң Әбілқайырмен бірге қайтадан қалмақтарға қарсы аттанды. 1725 ж. қыс айларында ірі әскери күштермен Жайық бойында орналасып, оның оң жағына бірнеше рет жорық жасады. 1725 ж. күзінде Бөкенбай батыр Әбілқайыр, Сәмеке хандар, Барақ сұлтан т.б. бірге 10 мың жасақпен Жайық пен Еділ арасындағы Лобжы Назаров иелігіндегі қалмақ ұлыстарына жорыққа қатысты. Осы жорықта қалмақтармен келісімге келуге мәжбүр болған қазақ тарапы 60 адамды аманатқа қалдырды, қалмақтардың талабымен олардың арасында Бөкенбайдың өзі де болды. Осы келісім нәтижесінде қазақтарға жоңғарлармен алаңсыз соғысуға мүмкіндік туды.

Бөкенбай батыр 1742 ж. 75 жасында қол бастап, түрікмендермен шайқаста қаза тапты. Оның толассыз жорықтардағы ерліктерінен бөлек жеке қасиеттері де деректерде аталады, ол орыс елшісі ұсынған үлкен сыйлықтардан бас тартты. 1738 ж. Орынбор губ-ры Татищев Бөкенбайды бүкіл Кіші жүздегі ең беделді тұлға деп суреттеді. Мұрағат деректерінде ол бүкіл қазақ ордасына атақты және айтулы батыр ретінде сипатталады. Бөкенбай Қарабатырұлы елінің мүддесі үшін бүкіл саналы ғұмырын сыртқы жаулармен соғыстарда өткізген, сол жолда қартайған шағында өмірін құрбан еткен тарихтағы қаһармандардың бірі. Оның есімі ұзақ кезеңдер бойы өзі аттас басқа батырлармен үлкен шатысуларға ұшырап келді. Бөкенбайдың көптеген ағайындары мен ұрпақтары да батыр атағына ие болды. Бір ұлы Тіленші Бөкенбайұлы мен немересі Жоламан Тіленшіұлы Ресей отарлауына қарсы үлкен көтерілістер ұйымдастырды.

 

Зерттеуші Н.Ы. Жетпісбай

материалдары негізінде 

Қаралым саны 1712

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463