1983 жылдың желтоқсан айының 10-ы болар деймін. Қарт ұстаз сырқаттанып үйінде жатқан-ды. Профессор Құбыш Мұхитовтың домбыра класында оқитын жерлесім, досым Мақсат Тілепберген екеуміз көңілін сұрауға келдік. Әңгімелесіп біраз отырған соң есіме домбырасын көруге деген қызығушылығым түсіп кетті. «Домбыраңызды көрсек...» – дедім. Әнші қарт есік жаққа мойнын бұрып, ас үйде шаруасын істеп жүрген қызына дауыстады: «Шәкун, а Шәкун...» «О, не папа?» «Домбыраны...» «Қазір папа». Шаһризада апай қара қорапты әкеліп, диванға сүйеп қойды да қайта шығып кетті... Лып етіп орнымнан тұрып, құндағынан шығардым. Мақсат екеуміз төңкеріп, айналдырып, қызықтаудамыз. Тұрқы өте шағын. Ауық-ауық салмақтап көреміз. Мысқалдай салмағы жоқ. Шанағының жиегіне түрлі-түрлі тастар ойып салынып, он төрт перне байланған. Қоңыр қызыл түспен боялыпты.
– Бұл домбыраны жасаған қазақ... – қарт әнші сәл кідіріп ойланды.
– Ту-һ-һ, атын ұмытып қалғанымды қарашы! Әлгі мұртының екі жағын ширатып қойған шебер бар емес пе? – деді сосын қызына.
– Аты – Қамар, папа! – деді Шаһризада апай.
– Дұрыс, Қамар! Оның шеберханасы тап біздің үйдің астында болатын. Қазір часовой ма, бірдеңе... Мықты шебер еді. Соның жасағаны ғой. 35-інші жылы. Тек бетін екі рет алмастырып салғыздым.
...Қамар Қасымов 1893 жылы Баянауыл өңірінде туып, 1966 жылы бақи болған, мүрдесі Алматыда. Ол – 1920-30 жылдары қазақтың көнеден келе жатқан ұлттық аспаптарын өңдеп, классикалық аспап дәрежесіне дейін жетілдіруде зор еңбек сіңірген хас шебер. Қамар атамыздың өз қолымен жасаған дүниелері көптеген халықаралық көрмелерге қойылыпты өткен ғасырда.
Шоң шебер жайлы зерттеулер жүргізген Зәбира Сыпатайқызы әділ тұжырымын бүй деп түзіп еді, 1993 жылы Алматыда жарық көрген «Мұрагер альманағы» атты журналда: «Қамар Қасымовты тек шебер деп бір қырынан қарасақ, онда біз оның тарихи-ғылыми еңбегіне қиянат жасаған болар едік. Ол қолөнер шебері ғана емес, өз уақытында органология саласын зерттеуге, мәселен халық аспаптарының құрлысын, оның жасалу әдіс-тәсілін, затын, дыбыс қатарын, аспаптың дыбыстық тембрі мен тербелісін зерттеу, әр бөлшегіне дәлдік өлшем жүргізу, т.б. міндеттер жатады десек, сол кездің өзінде бұл ғылымның бар-жоғынан хабарсыз Қамекең өзінің шеберлік, қолөнерлік іс-тәжірибесі арқылы жоғарыда айтқан ғылыми міндеттердің барлығын да меңгергенін байқаймыз. Бірақ Қамекең өзінің осы іспен айналысқанын білмеді. Білмеген себебі, бұл ғылым шетелдердегі аспаптанушылар арасында ертерек белгілі болғанымен бізде, бұрынғы Одақ көлемі бойынша тек 1960-65 жылдарда ғана белгілі болып, мән-мағынасы анықтала бастаған-ды. Ал Қазақстанда бұл іс ол уақытта да, қазірде де қолға алынбай, айқындалмай отыр». Зерттеуші өте маңызды мәселені көтерген...
Қамардың шығармашылығынан туған туындылар қазір Санкт-Петербург, Мәскеу, Алматы, Семей қалаларындағы мұражайларда сақтаулы дейді дереккөздер. Ұлт өнері үшін төккен маңдай тері еленіп, «Еңбек Қызыл Ту» ордені, басқа да медальдар тағылыпты кеудесіне. «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері» деген атағы да бар екен. Моңғол халқының музыкалық-мәдени жұмыстарына да аянбай көмегін беріп, атсалысқаны үшін осы елдің ең жоғары «Алтын гадс» орденімен марапатталыпты, Баян-Өлгей аймағының құрметті азаматы атаныпты...
Шәй ішіп отырып та домбыраны қызықтаумен болдық. Үні таза, шыққыр екен. Құндағы да ықшам. Ішін қызғылт мақпалмен көмкерген. Шет елдерге шыққанда да осы домбырасына қосылып шырқаған...
Кейін Республикалық эстрада-цирк өнері студиясын бітіруімізге байланысты 1985 жылы 25 мамырда өткен Мемлекеттік емтиханда, ұстаздың рұқсатымен, әндерімді осы тарихы терең аспаптың сүйемелінде орындап, сынақтан өтіп едім. Бұл оқиға да күні кешегідей. Көңілде қаз-қалпында қатталып қалған. Ұмыту мүмкін емес.
...Алған білімімізді сарапқа салатын сынаққа дайындық үстіндеміз. Сырқаты қатты мазалап жүргендіктен Ғарифолла атамыз бірнеше айдан бері үйінде. Бірақ жиі соғып, әндерімді тексертіп тұратынмын. Сондайда: «Кейде түн баласы ұйқы жоқ, – дейді қарт әнші бір сәт өз жайына көшіп. – Мына сол жақ қол мен аяғым сырқырайды. – Алақанын ашып жұмады. – Басқарма болдым. 20-сыншы жылдардың аяғы мен 30-ыншы жылдардың бас кезінде. Жаспыз. Күндіз-түні ат үсті... Сол кезде хром етік кию сән. Құны – бір сиыр. – Қарт езуін тарта сөзін жалғастыра береді. – Әлгіні сықырлатып киіп жүргенді дәреже көреміз... Қыста аяқты үзеңгі қарып, суық өтіп кеткен ғой әбден, жұқа немеден. Жастықта алдырмадық. Енді білініп отыр. Сырқырап ауыратыны содан бұның». – Қарт оң қолымен сол жақ аяғының балтырын сипап, қағып-қағып қояды. Көңілін неше сұрасаң да ылғи осылай қайталап баяндайтын, сырқатының түп себебін түсіндіріп.
Емтиханның уақыты да тақалып қалды. Бірақ студия басшыларының Ғарифолла Құрманғалиевты комиссия құрамында болуға шақырар түрлері жоқ. Әрекетке көштім. Бір күн бұрын Ғарифолла атамызға кіріп шығып, сонда өтініш қылдым: «Емтиханды өзіңіз қабылдасаңыз», – деп. «Жақсы, барамын!» – деді қарт ұстаз бірден келісіп. Тағы бір өтінішімді айтпақ болдым. Жеме жемге келгенде оңай емес екен. Жүрек дауаламай біраз отырдым. Қабылдай ма, қабылдамай ма?! Келісімін бермесе меселім қайтып қалады. Алдында бір келгенімде келіні Рая апайға да кібіртіктеп әрең жеткізгенмін. «Пападан сұра, өзі қарсы болмаса мен қарсы емеспін», – деген-ді. Кетер сәтте қарт ұстазға: «Сізден бір өтініш...» – дедім иығынан құшақтап. Күмілжіп айта алмай отырғанымды сезген әнші ата: «Иә...» – деді. Мені демегендей. Батылданып кеттім. «Емтихан әндерін сіздің домбыраңызбен орындап шықсам...». «Әһ!» Қарт дыбыстап езуін тарта күліп жіберді де кілт тия қойды. Абыржып қалдым. Сонсоң: «Әәәә...», – деді даусын созып. Диванға шалқая отырды. Санаулы секундтан соң: «Домбырамды берсем ақысын төлейсің бе?» – деді маған тесірие қуақылана қарап. Бірден түсіндім, әзілге көшкені – келіскені. «Иә!» – дедім тақ етіп. Жауабыма сәл жымиған ұстаз жылы жүзбен: «Жақсы, айналайын! Ал, абайла, ұқыпты ұста!» – деді. Ой, қуанғанымды-ай!
Сонымен, мамырдың 25-і күні, белгілі әнші Зейнеп апа Қойшыбаеваның шәкірті, өскемендік досым Қанат Ниязбеков екеуіміз Ғарифолла ата Құрманғалиевты алып кетуге ертелетіп Виноградов пен Мир көшелерінің тап қилысында орналасқан 62-үй, 13-пәтерге келдік. Қарт ұстазды келіні мұздай киіндіріп қойған екен. Екі қолтығынан қаумалай демеп, таксиге отырғызып, оқу ордасына жеттік. Аяқ астынан келген Ғарифолла атаны көрген студия басшылары абдырап қалды. Бірақ тез ес жиысып: «Сіз сырқаттанып жатқан соң мазалағымыз келмеді», – десіп, жалт берісіп, жол тауып шығып кетті.
Сонымен Мемлекеттік емтиханды қабылдау комиссиясының төрағасы – ҚССР Халық артисі, әнші Мүсілім Абдуллин, мүшелері – ҚССР Халық артисі, профессор Бекен Жылысбаев, ҚССР Халық артисі, актер һәм әнші Кәукен Кенжетаев, Қазақстан Ленин комсомол сыйлығының лауреаты, әнші Жәнібек Кәрменов, әнші-педагог Қалыбек Ақтаев, Сәния Толсунова, эстрада-цирк өнері студиясының директоры Болат Кенжебаев, оқу ісі жөніндегі орынбасары, әнші-педагог Рақым Бөлегенов, ҚССР Мәдениет министрінің орынбасары Ғаппаров (атын ұмыттым) және ҚССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚССР Халық артисі Ғарифолла ата Құрманғалиев орындарына жайғасты.
Жергілікті уақыт 10.00-де сынақ басталды. Қыз-жігіттер комиссия құрамы отырған кең залға кезекпен кіріп, шығармаларын орындап беріп жатыр... Бір кезде маған да кезек келді. Әуелі «Нұржамалды» орындауға көштім. Әуені Ғарифолла Құрманғалиевтікі. Бала кезімде домбыраға салып, алғаш үйренген әнім. Оқуға түспей тұрып, 1982 жылдың көкек айында ақыл-кеңес сұрай келгенімде де Ғарифолла атама тыңдатқан ем. Сөзі Айтжан Байғожаевтікі. Ес білгелі таныс. Жиын-тойда шырқалатын-ды. Радиодан да жиі беріліп тұратын... Домбыраны қаға бастадым. Үні керемет! Күмбірлеп тұр. Сабы жуан не тым жіңішке емес. Саусаққа ыңғайлы, жеңіл қозғалтуға. Ұстаздың әнді бастар кездегі әуелгі желдіртпе қағысын айнытпай қайталауға барымды салдым. Қобалжып отырып, әнімді бастап кеттім. Шығарманың екінші шумағына көшкенде бойымды жинап, Ғарифолла атама қарап едім, екі көзін жұмып тыңдауда екен. Жүзі риза кейіпте. Әнімді аяқтадым. Қарт ұстаз көзін ашты. Басын изеп: «Так, келесі әнің...» – деді. Алдындағы қағазға шұқшиып, қолындағы қаламсаппен әлденені түртіп жатты. Енді «Махамбеттің термесі» еді. Әуенінде батырдың ашу-ызасы бар. Аңдалып тұрады. «Оааааа...» Жоғары нотадағы ащы дыбыста басталып, тақпақ сазбен екпіндете желдіртіп кетеді. Бұл шығарманы да мүмкіндігімше орындап шықтым. Ұстаз бұны да жылы қабылдады. Келесі әніме көштім. Мұхит бабамның «Үлкен айдайы».
«Дүние – қызыл түлкі бұлаңдаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Мегзеген асқар тауға есіл көңіл,
Дүниеде еш нәрсеге тына алмаған»
Мұхит өмірдің өткіншілігін, тірліктегі арманның шексіздігін һәм тұрақсыздығын, бақ тайса дәулеттің де шайқалатын баянсыздығын қызыл түлкіге, оның алдамшы қимылына, айлалы қозғалысына балайды. Орындау машығы күрделі. Кең тынысқа құрылған туынды. Өрлік бар. «Ә» дегеннен-ақ ащы үнмен шырқай көтерілген дыбыс біраз әуелей қалықтайды. Осы биіктіктен қарап ұғыныңдар, мына өмірдің жалған-дүние өрісін дегендей... Мені Ғарифолла атамның қасиетті қара домбырасының қоңыр күмбірі демеп, жетелеп отыр. Жанымды салдым. Терлеп те кеттім... Әнді тәмамдадым. Ұстаз өңі нұрлана тесіле қарап: «Жақсы, айналайын, осы қалпыңды ұста!» – деді. Білдім, орындауымның Ғарифолла атамның көңілінен шыққанын...
Хас шебер Қамар ақсақал жасаған, шоң ұстаз Ғарифолла атам елу жылға жуық серік еткен тарихи домбыраға үнімізді өстіп қосып, бір марқайып едік!
Соңғы қорытынды бас қосуда Мүсілім аға Абдуллин баршамызға ізгі тілегін білдіре келіп, былай дейді:
– Халқымыздың болашақ өнер жұлдыздары! Сіздердің бүгінгі қуанышты сәттеріңізде ардақты ақсақалдарымыздың бірі, әнші аталарыңыз, Ғарекең, Ғарифолла Құрманғалиев ақ батасын бергелі отыр. Сөз Ғарекеңе!
Заңғар басын қар шалған Алатаудай боп өнердің асқараласы орнынан ақырын көтеріле бергенде кең зал ішін шапалақ үні көміп кетті. Тамағын бір кенеп, саз сұңқары саңқылдай жөнелді.
– Қарақтарым, міне, бүгін өнердің аулына жолдама алып тұрсыздар. Өнер жолы өте қиын. Оған талмас талап, мұқалмас жігер, терең ізденіс өте қажет. Осыны ұмытпаңыздар. Халық қазынасын аялап, құрметтей біліңіздер. Өнердің биігіне шығу, шықпауларыңыз өздеріңізге байланысты. Басқа не дейін. Бақытты, өмірлі болыңыздар! Жолдарыңыз болсын, айналайындар!
Қарт әнші тілегін аяқтағанда қыз-жігіттер тағы да ұзақ қол шапалақтап тұрып алды.
Өнер жолына түскелі тұрған бізге қадірлі ұстаздың бата бергенде айтқан ақтық сөзі осындай болатын...
Досым Қанат Ниязбеков екеуміз емтихан аяқталған соң Ғарифолла атаны бір жұмыстарымен студияға келе қалған шәкірті Жақсылық Сәрсенғалиевтың жеңіл машинасына отырғызып, домбырасымен үйіне жеткіздік...
Бұл – Ғарифолла ата Құрманғалиевтың он тоғыз жылдай ұстаздық қылған, талай шәкірттер тәрбиелеп, ән көгіне қанаттандырған Республикалық эстрада-цирк өнері студиясына ақырғы келуі еді. Бұдан кейін сырқаты меңдеп, біржолата төсекке таңылды...
Әңгімемізге арқау болған домбыра қазір немересі Меруерт Құрманғалиеваның қолында.
Бұндағы айтпағымыз, хас шеберлердің өнердегі байланысы, Ғарифолла атамыздың шырқай көтерілетін өр дауысымен жарыса ызың қаққан аспаптың біз білетін сыры, нақты ақиқаты еді!
P.S. Суретте: курстасым Күмісай Байтілеуова екеуміздің Ғарифолла ата Құрманғалиевтан ән үйреніп жатқан сәтіміз. Қолымда ұстаздың домбырасы. 1985 жылдың мамыр айы. Ал екінші фотода атақты шебер – Қамар ата Қасымов. Ғарифолланың домбырасын жасаған осы кісі.
Бөрібай КӘРТЕН,
Ақтөбе қаласы