Жуырда редакциямызға Кердері Әбубәкірдің атақты сері Сары Батақұлының ақындығын бағалап айтқаны және оның келешек тағдырын болжағаны туралы қызықты материал келіп түсті. Осыған дейін ешбір басылым бетінде жарияланбаған бұл әңгімені Кердері Әбубәкірмен бір заманда, бір өңірде өмір сүрген Пәтуәлі ишанның немересі, Ақтөбе облысы Шалқар қаласының тұрғыны болған Нұрбай Мұхамметжанұлының (1943-2018 жж.) баяндауынан жазып алып, хатқа түсірушілер Ақтөбе облыстық «Руханият» музейінің қор сақтаушысы Дания Абатова және «Руханият» танымдық клубының төрайымы Жібек Абдуллина екен. Аталмыш әңгімеге «Ақынның киесі» деген ат беріп, назарларыңызға ұсынып отырмыз. Әңгімедегі оқиғалар негізінен қазіргі Ақтөбе облысы аумағында өрбитінін айта кетейік.
Редакциядан
Шалқар өңірінде Мырзағұл Шыманұлы деген әйгілі би өткен. Мырзағұл Шыманұлы бірде жолы түсіп, Жарқамысқа барса, Кердері Әубәкір деген ғұлама ақын да сонда жүр екен. Әр ру өзінше ағаш үй тігіп, қонақ қылып, бірін-бірі шақырысып жатады. Жәрмеңке дегенің ол кезде үлкен той. Сол тойларда бір үйден бір үйге көшіп жүргенде Мырзағұлдар жағы Әубәкірді қонған үйіне қонаққа шақырады. Қонағасы береді. Сол шайдың үстінде Мырзағұл: «Әбеке, көктемге қарсы ретін келтіріп ішке қарай өтіп, біздің елді де көріңіз» деген екен. Кердері Әубәкір: «Алдағыны Алла біледі ғой, дәм тартса барармын» депті. Келер жылдың көктемінде қасында атқосшысы бар Әубәкір Мырзағұлдың ауылына келеді. Ауылға екі шақырымдай қалғанда жолай мал бағып жүрген малшыдан: «Мырзағұл қай үйінде?» деп сұрайды. Мырзағұл екі әйел алған адам екен. Аттан түсіп, малшы айтқан бәйбішесінің үйіне бас сұғады. Ішке кіріп келе жатқанда артына қарап, атқосшыға «атты қалмақша шідерле» дейді. Оны тек атқосшы түсінеді. Үйге «Ассалаумағалейкум» деп кіріп келеді. Қараса Мырзағұл аққа оранып, тақтаның үстінде жатыр екен. Берген сәлемді жадау алып, ернін жыбырлатады. Төрге шығып отырған Әубәкір: «Бәйбіше, бізге сусын бер. Сусындап алып жүргелі отырмыз» дейді. «Сусын бар ғой, аға» деген бәйбішенің сөзін естіген Мырзағұл атып тұрып: «Аға, от ала келген жоқсың ғой. Қойдың келгені жаңа» депті. Әубәкір сонда: Мен саған Алланың сәлемін беріп кіріп едім. Сен өзің Алладан үлкен бе едің?» деп Мырзағұлдың әлгі қылығын жақтырмаған сыңайын аңғартады. «Ойбай, аға, кешір, мен сізді сынайын деп едім» деген Мырзағұлға Әубәкір «бізді Құдай сынар, сен сынай алмассың» дегендей жауап қатып және бір қайырады. Сонымен сөзден тосылған Мырзағұл шын кішірейіп, Әубәкірді жақсылап қонақ етеді. Әубәкір қонағасы жеп, той тойлап, әр ауыл-үйді аралап жүргенде қайтатын уақыт болады. Бір тойда топты жұрттың алдында Мырзағұл: «Әубәкір аға, ауыл-елді біраз араладыңыз, жақсыны да, жаманды да көрдіңіз. Сізден сұрайтын екі-үш ауыз сауалым бар» депті. «Не сұрайсың, айналайын?» дегенде: «Менің екі ақыным бар. Соларды сынап берсеңіз екен» депті. Олардың бірі - Сарышолақ ақын, енді бірі – Батақтың Сарысы екен. Сарышолақты алдына әкелген кезде Сарышолақ Құдайға керек емес бір нәрсені жырлап қоя беріпті дейді. Сонда Әубәкір «тоқтат!» дейді. «Мынау адамның насырын қазатын күзен тектес бір нәрсе екен. Бұл ақын болып жарытпайды. Саған ескертерім, бұны «ақын» деп қасыңа алма» депті. Саршолақ ақынның білімі төмендеу болса керек. Содан екінші ақын Батақтың Сарысын алдырады. Ол кірісімен-ақ зарлап өлеңге басады. Сонда Әубәкір Батақтың Сарысына қарап тұрып айтыпты: «Айналайын, Мырзағұл-ау, мынаның ажалы сенен болайын деп тұр ғой. Обалына қалайын деп жүрсіңдер. Мынау таза ақын. Мұның обалы осы отырған адамдарды жібермейді. Себебі барлығың Мырзағұлдың сөзін сөйлеп отырсыңдар» депті. Айтқандай кейін Мырзағұл Батақтың Сарысына Боташ деген көлдің жағасында болған біреудің өліміне жазықтысың деп жала жауыпты. Содан Жаманқаланың түрмесіне айдап бара жатқанда, Шилісай деген жерге келгенде «қашып бара жатыр» деген желеумен солдаттар Батақтың Сарысын атып өлтіреді.
Күндердің бір күнінде Кердері Әубәкірдің жақын інісі орыстың бір шенеунігін өлтіріп, Әубәкірге барып айтады: «Мен бір шенеунікті өлтіріп алдым, ішке қарай барып, шектілерден ат алмастырып мінетіндей, азаматтар бар ма?» деп. Сонда Әубәкір айтады: «Бар. Шалқардың қасында Тотан деген бай бар. 3000 жылқы айдап отыр. Одан қалса Қабақ руында мың жылқы айдап отырған Қалыбек деген азамат бар. Бұл екеуінен ат табылмаса, онда Мырзағұлға бар» дейді. Сонымен жаңағы інісі әуелі Тотанның үйіне келіп түседі. Қонағасы жеп отырғанда Тотан: «Не шаруамен жүрсің айналайын?» демей ме, сонда қонағы: «Бір шенеунікті өлтіріп алып, қашып келе жатырмын. Ат алмастыруым керек. Мына ат шаршап келе жатыр» дейді. Сонда үш мың жылқы айдап отырған Тотан бай: «Ойбай-ау, менде сені алып кететіндей ат жоқ қой» деген екен. Ол атты бермейін деп отырған жоқ. Атты берсе ертең басы бәлеге қалатынын түсініп отыр. Сөйтіп ол үйден ат міне алмаған соң, мың жылқы айдаған Қалыбекке келеді. Қалыбек те осы әңгімені айтады. Ақыры Мырзағұлдың үйіне келіп қонады. Қонақасы жеп болған соң, Мырзағұл қонағының келген жөнін сұрайды. Қонағы сонда «Тотанда болдым. Қалыбекте болдым. Ат жоқ деп қайтарды» деп болған жайдың бәрін баяндап береді. «Бір реті болар. Демалып жат. Сәресіде оятармын» депті Мырзағұл қонағына. Оразаның уақыты болса керек. Содан жұрт ұйқыға кеткен уақытта Мырзағұл ұрыларын жинап алып, «Тотанның Теңбілкөгін әкеліңдер» деп нұсқау берген екен. Ұрылар таң алдында жылқы жусап кеткен кезде көп жылқының ішінен Теңбілкөкті алды дейді. Есіктің алдына байлап, айтқаныңызды орындадық депті. Содан Әубәкірдің інісін оятып, шайын беріп, Теңбілкөкке мінгізіп, шу қарағай жоқ қылып жібереді. Міне Тотан мен Мырзағұлдың айтысының аяғы адам өліміне барып, бірін-бірі соттатуға жететін түп нұсқасы осы Теңбілкөкте жатыр. Мырзағұлды Тотан екі рет түрмеге жаптырған ғой. Алғашқыда ат ұрланып кеткеннен кейін, Тотан келіп: «Әй, Мырзағұл! Малды иесіз дедің бе? Мені киесіз дедің бе? Теңбілкөкті неге ұрладың?» депті. Сонда Мырзағұл елді билеп отырғанына басып: «Малдың иесі менмін деп жүрсем, сен қалай иесі боласың?» дейді. Тотан бай ренжіп: «Сұрасаң да алатын едің ғой. Теңбілкөк малымның басы еді» деп бастырмалата түседі. Оған иіле қоятын Мырзағұл жоқ. «Аға, мен сізден ат сұрап мінетін жағдайда емеспін. Мен қолымнан келгенімді істеймін» деп күшіне мінеді. «Әкеңді көзіңе көрсетермін, бала» депті сонда Тотан бай ызаға булығып. Сонымен келесі күні мына Шашақты көлдің маңында дау шығып, соның шатағынан бір адам қайтыс болады. Сол қайтыс болған адамды «Мырзағұл өлтірді» деген желеумен Тотан бай Мырзағұлды ұстатады. Мырзағұл Орынбордың түрмесіне барып түседі. Тотан бай Мырзағұлды қаматып тастағанда Тілеу-Қабақтан Тотанға келіп: «Сен Мырзағұлды бекер қаматтың ғой. Бір келеңсіз ісін кешір» деп айтар азамат табылмапты. Арада айлар өткенде Тотанның кемпірі ертеңгісін шай құйып отырғанда Тотанға: «Әй шал, Еркемді апарып қаматып тастап ұшпаққа ұшырайын деп отырсың ба?» депті. Ерке дегені Мырзағұлды қайным деп атын тергейді екен. Сонда Тотан: «Ойпырмай, бүкіл Тілеу-Қабақ айтпаған әңгімені сен қайдан таптың, пұшық кемпір? Мұны кім айтты саған? десе, кемпірі: «Оған не оқудың қажеті бар еді? Бауырыңды қаматып қойып, жер басып жүргенің қалай?» депті. Содан оның байлығын қараңыз, бес мың қара қозы алтын ақша беріп, Мырзағұлды түрмеден шығарып алыпты. Ауылының жанына бір шақырымдай қалғанда әкесі Шыман келіп, түрмеден қайтқан баласын күтіп алады. «Тек жүрсең тоқ жүресің демекші мен саған Тотанға тиіспе деп айтпап па едім. Не болды мұның аяғы? Саған кетіп бара жатқаныңда «Әкеңді көзіңе көрсетем» деп айтты ма? Міне, енді айтқанын істеді. Ауылда жүрсең сен келіп менің қолымды алып сәлем бермес едің. Жетесіз болдың ғой, қарағым», - деген екен сонда Шыман баласына.
Сонымен Мырзағұлдың бір жолғы сотталуы осылай болады. Келесіде тағы да біреулер адам өлтіріп, Мырзағұл соның қырсығынан түрмеге түседі. Қапасқа қамалып Орынбордың түрмесінде жатқанда Пәтуәлі ишан бастаған бір топ елдің адамы қал сұрай барады. Құр бармай, шығарып алуды мақсат етіп, ат басындай алтын алып барады. Мырзағұлдың өзімен сөйлеседі. Жағдайын сұрағанда: «Ағайын, сендерге айтсам сенбейсіңдер. Көзі ашық, көкірегі ояу Пәтуәліге айтайын. Пәтуәлі өзі түсіндірер. Бір шыбын леп алдымнан өтіп кетті. Білмеймін не болғанын... Мен ауруға шалдықтым» дейді. Сонда сөздің төркінін аңғарған Пәтуәлі ишан Мырзағұлдан қалай уланғанын сұрайды. Дәретхана мырышпен(мышьяк) боялған екен. Сол мырыш дәретханаға барған сайын денеге сіңеді екен де, адамның бойын улай береді екен. Мырзағұл: «Менің ажалым осында болады. Басымды қарайтуға сүйегімді бермейтін шығар. Түрмедегі адамның басын қарайттырмайды ғой. Аманатым болсын. Саршолаққа сәлем айтыңдар. Екі қызға жоқтау шығарып беріп, мені жоқтар. Міне, Пәтекең түсініп тұр ғой. Елге сәлем айтыңдар. Босқа алтындарыңды шашып, бекер әуре болмаңдар» деген екен. Көп ұзамай елге Мырзағұлдың қайтыс болғаны туралы хабар жетеді. Сөйтіп Мырзағұлдың сүйегі Ордың бойында қалулы. Пәтуәлі ишан Мырзағұл Шыманұлымен көп жолдас болған. Жақсысын да жаманын да бетіне айтқан адамдар екен.
Бірде Бекбас бай үйінде отырған Мырзағұлға «Әй, Шыманның сарысы, сен осы Тотан ағаңмен неге айтысып жүрсің? Үш мың аласы бар Тотанды сен қалай алам деп жүрсің? Малымен, байлығымен сені сатып алады ғой. Ал сенің сойып берер тышқақ лағың да жоқ. Байдың жоғын жоқтап күн көріп отырсың» деген екен. Сол кезеңдерде оқымаған шалдар, оқыған билерден артық болып отыр. Мырзекең өзі айтулы, ауызды би болғанымен мінер ат, сауып ішер сауын биеден өзге мал ұстамаған. Сондықтан да болар Тотан байға тәуелді болған. Мырзағұл би болыс болып тұрған кезде Тотан бай болыстың орынбасары әрі хатшысы болған. Мырзағұл мен Тотанның ағайындығы алыс емес, шөбере-шөпшек болып келеді. Алайда, дүние боқ үшін өшіккен Тотан Мырзағұлдың үстінен арызды қарша боратып, ұстатып тынған. Іс ақыры Мырзағұл Шыманұлының абақтыда науқасқа шалдығып, азапты жағдайда өлуімен аяқталады...