Шара аталмыш мекенде жаңадан бой көтерген ғимаратта өтті. Батыс өңіріне белгілі археолог, Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменов Ақмешіт қорымы маңында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстардың нәтижелері туралы бейнеслайдттер көрсете отырып, баяндады. Облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Айгүл Орынғалиева биылғы Жастар жылына орай, «Отбасы құндылықтары» тақырыбы бойынша баяндама жасады. «Ақмешіт» қорымында ұзақ жылдар бойы шырақшы болған ақсақал Жолдығали Қажығалиев, «Дәдем ата-Жұмағазы хазірет» қоғамдық қорының төрағасы Ғарифолла Жампозов, «Егеменді Қазақстан» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі Қазыбек Қабжан, «Ұрпақтар» қоғамдық қорының төрайымы Балкүміс Батырханова, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов, «Ақжайық» ансамбілі құрылтайшыларының бірі Бауыржан Раянов сынды танымал тұлғалар және өзге де азаматтар ас барысында келелі ой-пікірлерімен бөлісіп, «Ақмешіт» қоры атқарып жатқан игі істерге сәттілік тіледі. Осы шарадағы әсері туралы тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Махамбетұлы өз фэйсбук парақшасында: «Бүгін Теректі ауданына қарасты Ақмешіт кешенінде берілген асқа қатысып қайттық. Бұл жер кердері руының игі жақсылары мен жайсаңдары жайлаған қасиетті мекен болып табылады. Ақмешіт бір кездері 300-дей түтіні, үлкен мешіті мен медресесі, өзге де инфрақұрылымы бар қала ретінде сән-салтанат құрған. Археолог Мұрат Қалменов ағамызбен тарихи кешенді аралау барысында ескі тұрғын үйлердің, мешіттің орнын анық байқадық. Тіпті ақмешіттік бабаларымыз қолдан қызыл кірпіш жасауды анық игерген. Бұл дегенің «қазақтар ен даланы кезуден басқа дым білмеген» деген қасаң қағиданы жоққа шығарады. Көнекөз қариялардың айтуынша Кеңес үкіметі орнаған тұста большевиктер зәулім мешітті бұзып, оның кірпіштерін мектеп құрылысына пайдаланған екен. Қазіргі таңда Жолдығали, Жақсыбай сияқты ағаларымыздың бастамасымен Ақмешіт кешенін рухани орталыққа айналдыру бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Таяу арада археологиялық экспедиция ұйымдастырылса деген тілегіміз де бар. Шалқар көлінен 12 шақырымдай қашықтықта орналасқан тарихи кешенді туристік нысанға айналдыруға әбден болады деп санаймыз!» деп жазды.
«Ақмешіт» қорының құрылтайшысы Жақсыбай Сейтқалиев бір сөзінде «қор жұмысының бір бөлігі осы Шалқар өңірімен байланысы бар тарихи тұлғаларды, соның ішінде Әбубәкір Кердері мен Хамза Есенжановтың шығармашылығын насихаттауға бағытталады», - деген болатын. Осы сөздің бір дәлелі - Республикалық жыршылар байқауларының жеңімпаз-жүлдегерлері ерлі-зайыпты Фархат Оразов пен Ақмарал Кемелханова, жас термеші Мирлан Жамбылов Әбубәкір Кердері және өзге де авторлардың насихат термелерін нақышына келтіре шырқап, отырыстың сәнін келтірді.
Арнайы сойылған жылқы етінен дәм тата отырып емін-еркін әңгіме-дүкен құрған, жақында қазылған құдықтың кәусар суынан мейірі қанғанша ішкен жиналған қауым Ақмешіт киелі мекені – ел-жұртты ынтымаққа шақырып, ғылым-білім мен өлке тарихын зерттеуге үлес қосатын рухани орталықтардың бірі болатынына сенім білдіріп, разы көңілмен тарқады.
Нұрлан СӘДІР,
Орал қаласы