Оқуға қабылданғаны туралы бұйрықты естіген сәттегі әкесінің ризалық тұнған көзқарасы әлі көз алдында. Он жетіге толмаса да Саратов станок жасау зауытына жұмысқа орналасты. Сағат сегізден беске дейін цехтағы жұмыс, алтыдан түнгі онға дейін дәрісхана. Кешкі бөлімде дәріс оқитын профессорлар талапшыл да еді. Себебі бұл бөлімде оқитындар бес-он жылдан бері заң саласында еңбек етіп жүрген тісқаққан мамандар болатын. Сенбі-жексенбі күндері кітапханадан шықпайтын.
Ол 1985 жылы Д.И.Курский атындағы Саратов заң институтының дипломымен елге оралып, заңгерлік қызметін бастады. Қазір Валентина Мамбетованы танымайтын ақтөбелік жоқ шығар. Әріптестері мен қызмет бабында жақсы білетін кісілер бір ауыздан оның салмақты мінезін, терең білімін және әділдігін баса айтады. Парламент қызметі туралы пікір айтқан профессор «Депутаттардың кемінде 70-80 проценті тәжірибелі заңгерлер болуы керек» деп еді. Қай салада да кәсіби маман болғанға не жетсін. Оқырмандар жиі қоятын бірнеше сұрақты тәжірибелі заңгерге бағыттадық.
- Валентина Темірболатқызы, қырық жылға жуық Ақтөбе қалалық Әділет Басқармасы мен АХАТ (бұрынғы АХАЖ) бөлімінде қызмет жасап келесіз. Мыңдаған ақтөбеліктің құжатында сіздің аты-жөніңіз, қолтаңбаңыз бар. Әділет саласының құрметті қызметкеріне дәстүрлі сұрақ, бұл мамандыққа қалай келдіңіз?
- Мен Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Батамша ауылында дүниеге келдім. Өз еңбек жолымды 1985 жылы сот орындаушы қызметінен бастағанмын. Әкем – Қайсаров Темірболат біраз жыл аудандық сот төрағасы қызметін атқарды. Өзі соғыс ардагері, тәртіп пен адалдықты сүйетін кісі болатын. Мен де әкемнің жолын қуып, судья болуды армандадым. 1989 жылы облыстық әділет басқармасының бастығы Н.И. Мамонтов маған облыстық АХАЖ бөлімін басқаруға ұсыныс жасады. Әкемнің кеңесін сұрағанда айтқаны әлі есімде: «Шешімді өзің қабылда. Өте жаксы судья болсаң, өте жақсы ана бола алмайсың. Ал өте жақсы ана болсаң, өте жақсы судья бола алмайсың. Себебі бұл қызметке бар уақытыңды арнайсың, отбасың басты назарда болмайды». Ойлап-ойлап облыстық АХАЖ бөлімінің бастығы ретінде еңбек жолымды бастадым. Кейін облыстық АХАЖ бөліміне нотариат, адвокатура және халыққа құқықтық көмек көрсету секілді бірнеше бағыттар қосылды. Бұл маған қосымша ізденуге, білім деңгейімді арттыруға түрткі болды. 2003-2009 жылдарыАқтөбе қалалық АХАЖ бөлімінің, 2009-2015 жылдары Ақтөбе қалалық Әділет басқармасының бастығы лауазымында болдым. Ал, 2015 жылдан бастап «Ақтөбе қаласының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» ММ басшысы ретінде еңбек етіп келемін.
- Ақтөбе қаласының тұрғындары қазірдің өзінде жарты миллионға жетіп қалды. Сіз басқаратын ұжымдағы он шақты қызметкердің жұмысы да еселеп артты. АХАТ десе көп адамның көз алдына күйеу жігіт пен үлбіреген қалыңдық қана елестейді. АХАТ ұжымы атқаратын қызметтер бағытын талдай кетсек.
- Иә, көп адам бізді тек неке қиюмен айналысатын мекеме деп ойлайды. Алайда АХАТ адам баласының дүниеге келгенінен өмірінің соңына дейін барлық хал актілерін тіркеуден тұрады. «Ақтөбе қаласы АХАТ бөлімі» ММ он түрлі мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді. Олар: бала тууды тіркеу; әкелікті анықтауды тіркеу; неке қиюды тіркеу; неке бұзуды тіркеу; бала (қыз) асырап алуды тіркеу; Т.А.Ә. өзгертуді тіркеу; қайтыс болуды тіркеу; азаматтық хал актілерінің тіркеуі туралы қайталама куәліктер мен анықтамалар беру; азаматтық хал актілерінің жазбаларын қалпына келтіру; азаматтық хал актілері жазбаларын жою.
- Статистикалық мәлімет бойынша былтыр Ақтөбеде 11,7 мың сәби дүниеге келіпті. Баласына туу туралы куәлік алуды «ұмытып кетіп», ауылдық кеңеске келесі жылы баратын баяғы заман емес. Таң алдында туған сәбидің құжатын түсте перзентханада сән-салтанатпен тапсырып жатқаныңызды көрдік. «Цифрлы Қазақстан» сәбилерді құжаттандыруды оңайлатты ма? Бұл салада тағы қандай жаңалықтар бар?
- ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі №983 қаулысымен бекітілген Мемлекет көрсететін қызметтер тізіміне сәйкес бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Аталған мемлекеттік қызметті көрсету үшін өтініш «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, АХАТ бөлімі және «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы альтернативті түрде қабылданады. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап жаңа туған сәбидің тууын тіркеу бойынша проактивті қызмет іске қосылды. Бұл қызмет – үйден шықпай ақ, смс-хабарламаларға жауап беру арқылы баланың туу туралы куәлігін алуға, сәбиді балабақшаға кезекке қоюға, жәрдемақы рәсімдеуге мүмкіндік береді. Қызмет іске қосылғаннан бастап халыққа қатты ұнады. Бұл өте ыңғайлы, жас босанған ана перзентханада отырып, телефон арқылы үш түрлі қызметке өтініш бере алады. Пилоттық жоба енгізілген уақыттан бері аталған қызмет арқылы 70 мыңнан астам туу туралы акт жазбасы тіркелген. Техникалық прогресс және «Цифрлық Қазақстан» сияқты мемлекеттік бағдарламалар арқасында мемлекеттік қызметті белсенді түрде жүзеге асыру мүмкін болды. 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстанда босануды белсенді тіркеу қызметі ұсынылды. Қызмет көрсету механизмінің мәні - сәби дүниеге келгенде медицина ұйымдары онлайн режимде азаматтық тіркеуге ақпарат жібереді. Егер сәбидің ата-анасы «электрондық үкімет» мобилді қосымшасында тіркелген болса, олардың телефонына баланың туғанын тіркеу туралы ұсыныс хабарлама келіп түседі. Азамат өзі (жұмыс орны, білімі) туралы ақпарат беруге, сондай-ақ баласына таңдаған есімді хабарлауға міндетті. «Электрондық үкімет» порталы осы жауаптардың негізінде тиісті өтініш жасайды және оны АХАТ-қа жібереді, ол өз кезегінде тіркеуді жүргізеді және куәлік дайындайды. Ата-ана осы куәлікті «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) жақын жердегі филиалынан алып кетуге немесе құжатты үйге жеткізуге тапсырыс беруіне болады.
Бұдан басқа, 2017 жылы АХАТ бірыңғай электронды мұрағат құру жобасын аяқтады. Мәселен, республикалық мемлекеттік қызмет архивтерінің деректері 1937 жылдан бастап цифрланған, ол 50 миллионнан астам жазбаларды құрады. Қазір олар жаңартылып, түзетілді. Электрондық архивті пайдалану - халыққа қызмет көрсету сапасын арттырады және әртүрлі анықтаманы жылдам жасап беруге мүмкіндік береді. «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қорында еліміздің азаматтары туралы толығырақ ақпараттар алу мүмкін болады. Сондай-ақ, бала перзентханада туған жағдайда медициналық туу туралы куәлік 2009 жылдан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Тіркелген тұрғындар тізілімі» ақпараттық жүйесінен ҚР Әділет министрлігінің «АХАЖ тіркеу пункті» ақпараттық жүйесіне автоматты түрде түсіп отыратынын атап өткен жөн. Қорыта айтқанда, «Цифрлы Қазақстан» сәбилерді тез және сапалы құжаттандыруға мүмкіндік берді деуге болады.
- Некеге тұру куәлігін алу үшін кемінде бір ай бұрын арыз берілетін. Екі куәгер болуы шарт еді, қазір міндет емес екен. Неке кодексінде тағы қандай өзгерістер бар?
- ҚР 2011 жылғы 26 желтоқсандағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 13 – бабына сәйкес неке қию (ерлі-зайыпты болу) некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірушілер тіркеуші органға өтініш берген күннен бастап бір ай мерзім өткен соң жүргізіледі.
Қазір некені үш күнде тіркеу мәселесі қозғалып жатыр, бірақ әлі заңды күшіне енген жоқ. Әзірше басқа ешқандай өзгерістер қабылданған жоқ.
- Суррогат ана (құрсақ ана) деген ұғым бар. Еріккеннің ісі емес, әртүрлі себептермен бала көтере алмаған әйелдер ұрпақ сүюі үшін берілетін мүмкіндік. Германия, Франция, Норвегия сияқты кейбір елдер заңмен тиым салған. 1998 жылғы «Неке және отбасы туралы» заң бойынша Қазақстанда оған рұхсат. Глобализацияға байланысты тағы қандай өзгерістер бар?
- Суррогат ана ұғымы әрине отбасын сақтау, демографияны жақсарту, баланың отбасында өсуі мақсатын да көздейді. Сондай ақ, Кодексте баланың құқықтарын сақтау, оның толық отбасында өсіп, тәрбие алуы үшін қосымша бала қонақтайтын отбасы, баланы қабылдайтын отбасы деген ұғымдар енгізілді. Замана талаптары Кодексті әзірлеу мен қабылдау кезінде барынша ескерілді, онда «ерлі-зайыптылық» жаңа тұжырымдамасы енгізілді, яғни еркек пен әйелдің бірлестігі, олардың тең құқықтары мен міндеттері. Сондай-ақ, суррогат аналар бойынша жаңа тарау қосылды, онда тұтынушылар мен суррогат аналардың құқықтары мен міндеттері қарастырылған. Азаматтардың құпияларын сақтауға, олардың жеке деректерін қорғауға бағытталған бірқатар түзетулер енгізілді. Қорғаншы және қамқоршылық институты, патронат тәрбиешілерін таңдау бойынша тарау айтарлықтай өзгертілді және балаларды асырап алу тәртібін реттейтін нормативтерге ерекше назар аударылды. Азаматтарды бала асырап алуға ынталандыру үшін Кодексте осы мәселеде жеңілдіктер беретін бірқатар ережелер қарастырылған. Ең алдымен, бұл - басымдылық, яғни, баланы асырап алуға бірінші кезекте баланың туыстары, содан соң еліміздің басқа азаматтары құқылы. Ал Қазақстанда баланы ешкім алмаған жағдайда, оны шетелдіктер асырап алуға құқылы. Бізде суррогат ана ұғымы кең таралмаған. Әзірше ондай екі дерек тіркелді.
- Шариғат бойынша «Аллаға серік қосу, күнәсіз адамның қанын төгуден кейінгі ең жек көрінішті нәрсе» деп айтылатын жұбайлардың ажырасу мәселесі қоғамды алаңдатып отырғаны рас. Отбасы берекесі мен шаңырақ шаттығын насихаттау, ажырасудың алдын алу бойынша қандай жұмыстар бар? Алтын тойдан асқандар мен гауһар тойға үмітті ата-әжелер көп пе?
- Ажырасулардың алдын алу бойынша жас отбасыларға, отбасы жоқ жалғызбасты адамдарға психолог, медицина қызметкерлерін, мұғалімдерді, ақсақалдар кеңесі өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін тарта отырып, психологиялық және консультативтік көмек көрсету жұмысын жүргіземіз. Құқықтық және психологиялық аспектілер бойынша ақпарат алғысы келетін адамдарға көмектесу үшін отбасын жоспарлау орталықтары, медициналық-гигиеналық мекемелер, жергілікті атқарушы органдар арасында өзара ынтымақтастық туралы байланыс орнатылды. Отбасы құндылықтарын насихаттау, неке, отбасы институтын сақтау, ажырасудың алдын-алу үшін Ақтөбе қалалық АХАТ бөлімі қолдан келетін шаруалардың бәрінен бас тартпайды. Мерекелер қарсаңында некелесуге келген жас жұбайларды құттықтап, естелік сыйлықтар табыстауды дәстүрге айналдырдық. Жаңа туған сәбилердің ата-аналарына сәбидің алғашқы құжатын табыстап, сыйлықтар береміз. 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Ал Қазақстанда қыркүйек айының әр екінші жексенбісі «Отбасы күні» деп белгіленген. Біз жыл сайын осы күндер қарсаңында алтын, інжу, лағыл, күміс тойларына жеткен жұптарды шақырамыз. Алғыс хаттар, естелік сыйлықтар табыстап, берекелі отбасы иелері болған ата-әжелердің жақсылығын БАҚ арқылы кең насихаттауға күш саламыз. Жас-жұбайларға жұғысты болсын, оларға берік отбасылық ғұмыр берсін деген ниетпен, жас жұптарға ақ бата беру шарасын ұйымдастырамыз. Алтын той атап өтетіндер, шүкір, баршылық. Осындай ұзақ жылдар бойы отасып, тамырын кең жайған, ұрпақтарына үлгі-өнеге көрсетіп, сапалы тәлім-тәрбие беріп отырған берекелі жұптар көп болсын деп тілейміз. Оларды жас буынға үлгі ретінде көрсетіп, құрметтеуді дұрыс деп есептейміз. Айтпақшы, бір күнде некесі қиылған жетпіс жеті жұптың қуанышын қалалық мерекеге айналдырып, қала халқы түгел тойлаған айтулы шараны ең бірінші біздің ұжым ұйымдастырған еді. Қазір бұл дәстүр республикаға тарап кетті.
- Қазір Ақтөбе облысында балалар үйі жабылды. Тумаса да туғандай қылып бауырына басу үшін бала асырап алғысы келетіндер кездеседі. Бала асырап алу, қамқоршылықты заңдастыру мәселесінің заңды жолдары қандай? АХАТ мекемесінің мұндай шаруаларға қаншалықты қатысы бар?
- Бала асырап алғысы келетін кісілерді ең алдымен білім бөліміндегі қамқоршылық органға сотқа дейінгі құжаттарды жинау үшін жолдаймыз. Тек содан кейін ғана АХАТ бөліміне ата-аналар заңды күшіне енген сот шешімімен келіп, бір күннің ішінде баланы асырап алу туралы және тегі мен аты, жылы, туған жері өзгертілген жаңа туу туралы куәлікті ата-анасының қолдарына береміз. Баланың ата-анасы ретінде өз аты-жөндері жазылған туу туралы куәлігін алған сәттегі қуанышы ерекше.
- Адамның құжаттағы аты-жөнін өзгерту үшін АХАТ мекемесіне барамыз. Жақында «модно и оригинально звучит» деп ата-енесін де, күйеуін де тыңдамаған жас келіншек қызына Эвелина деген есім беріпті. Осындай одағай есімдер көп қойыла ма? Біраз жылдан кейін жеке құжаттың бәрін қайта алмастырып жүрмеу үшін нені біле жүрген дұрыс?
- Ерекше есімдер қою кездесіп тұрады. Кейбір ата-аналар әртүрлі телесериал кейіпкерлерінің атын сәбилерге қоюға құмар. Мысалы, Анзор, Осман, Айымторы, Зәмзәм, Ақмөр, Агата, Амага деген есімдер болды. «Баламыз өскен соң өз есімі ұнай ма, айналасы оған қалай қарайды, ұлттық діл мен салт-дәстүрге томпақ емес пе?» деп мүлде бастарын қатырмайды. Біраз жылдан кейін, бала есейген кезде АХАТ бөліміне есімін өзгерту үшін арызданып келетіндер де көп. Мұндай жағдайда қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес өтініштер қарастырылып, өзгертулер енгізіліп жатады. Кеңес заманында қоя салған есімдер көп. Тракторбек, Тыңжыртар, Коммунар деген кісі аттары қазір құлаққа оғаш естіледі. Бірнеше жыл бұрын Морфлот есімді адам атын өзгертті. Ата-ананың бір парызы - ұрпағына көркем есім беру екенін ылғи ескертіп отырамыз. Сәбиге ат қою алдында жақсылап ойланған дұрыс. Баланың есімі оның тағдырына тікелей қатысты, ат қояр кезде дұрыс таңдау жасаңыздар. Мен тұңғыш әйел космонавт Валентина Терешкова ғарышқа ұшқан жылы туғанмын. Өзіммен аттас құрдастарым да өте көп кездеседі. Есімім өзіме ұнайды. Ата-анама ешқандай өкпем жоқ.
- Сіздің ұжымның қыз-жігіттерін қалалық мәдени-көпшілік шаралардан жиі көреміз. Ағаш отырғызу, спорттық марафондар, ардагерлерге құрмет көрсету, көп балалы отбасыларға сыйлық тарату сияқты позитив жиындарда белсенді. Қызмет бабында емес, еріктілер ретінде жүргенін байқаймыз. Бұл ұжымның жазылмаған заңы ма, әлде талап сондай ма?
- Ұжымымыз өте ұйымшыл. Басым бөлігі жастар болған соң өз идеяларын ашық айтып, әрдайым белсенділік танытып отырады. Әрине, жұмыс жауапты болған соң талап та болады. Қажетті, маңызды шараларға ұжым бір адамдай жұмылып, жұмысты еңсеріп тастайды. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген емес пе. Білімді, отаншыл, ой-өрісі кең жастар көп. Цифрландыру заманында көп жаңалықты жастар тез меңгереді. Олардың жұмысқа деген ынтасы, өзара татулығы, сыйластығы, әрбір адамға көмектесу ниеттерінен мен де жігерленіп, көтеріңкі көңіл-күйде жүремін. Білмегенімді жастардан сұрауға арланбаймын. Ақыл-кеңес сұраса ерінбей жауап беруге тырысамын. Ұжым ардагерлерімен болатын әрбір кездесудің де берері мол. Білім мен тәжірибе, адал ниет, ертеңгі күнге сенім қосылса - алынбайтын асу жоқ. Ұжымым өзіме ұнайды, біздің әрбір маман мен қызметкерді мақтан тұтамын.
- Мазмұнды әңгімеңіз үшін көп рахмет. Ынтымағы жарасқан ұжым қызметіне сәттілік тілейміз. Халықтың бата-тілегі дарысын!
Сұхбаттасқан Айшуақ Дәрменұлы