Құбылаға қарағанда оң жағында – інісі Дәрібай, ал сол жағында Есет Көтібарұлының кесенесі тұр, сондықтан ағайынды батырлар есімі бірге айтылады. Екі кесененің ортасында 16 метрлік шырақ мұнара бар. Кесененің жанына құлпытастар орнатылған. Кесененің ұзындығы мен ені 7х7 метр, биіктігі 8 метр. Мұнарадағы мрамор тақтаға сол кездегі тарихи тұлғалардың есімдері жазылған. Кесене Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Байқадам ауылынан 10 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан.
Қазақ шежіресі мен тарихында Шекті Есет Көтібарұлы отаршылардың зорлық-зомбылығына қарсы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушы тұлға ретінде аталады. Есет Көтібарұлы туралы зерттеушілер Е.Ковалевский, В.Залесский, В.А.Перовский, В.В.Григорьев, Н.Игнатьев, Шоқан Уәлиханов, Михаил Венюков жазып кеткен. Көркем әдебиетте халық батыры туралы Ғалым Ахмедовтың «Жем бойында», Тауман Төрехановтың «Дала Геркулесі» атты тарихи романында және Закратдин Байдосов пен Төлеубай Төлепбергеновтың «Есет батыр» атты кітаптарында аталған тұлға туралы нақты мәліметтер келтірілген.
ХІХ ғасырда батырлығымен аты шыққан Есет Көтібарұлы халық жадында әулие, әруақты адам ретінде сақталған. Батырдың кесенесі тұсынан өткенде тоқтап, дұға оқып, тағзым қылып өту дәстүрге айналған. Заманында Ресей, Қоқан, Хиуа отаршыларына қарсы қол бастаған батырдың өзі және замандастары туралы ел аузында көп деректер, аңызға айналған әңгімелер сақталған.
ХІХ ғасырда Ресей отаршылдығына қарсы күрескен Көтібар арнайы барып Тама Есет батырдың мазарына түнепті. Сол түні ол түс көреді. Түсінде ақ боз ат қырға құйғыта шығып, құйрығы ту секілді алаулап көтеріліп, кейін көзден ғайып болады. Ауылына келген соң ел-жұртты жиып, түсін жорытады. Сонда Көрпебай деген замандасы «Абыз өз атағың, ақбоз аттың туша алаулаған құйрығы күндердің күнінде дүниеге келіп, жарияға жар салар батырың болар» деп жориды. Көп ұзамай Көтібардың әйелі алтыншы ұлды дүниеге әкеліп, оның атын Есет деп қояды. Есет Көтібарұлы да әруақты батыр болды, өмір бойы ұлт мүддесін қорғап, отаршыларға қарсы күресіп өтті.
Адай Қалнияз ақын жолаушылап келе жатып Әлім Көтібар ауылына кездеседі.
– Адайларда барымта-сырымтамыз бар еді, жақсы келдің, олжалап алайык, – деп ауыл жігіттері Қалниязға қалжыңдаса керек. Сонда Қалнияз Көтібар алдында өзін былай таныстырып, әлімдердің сый-кұрметіне бөленеді:
Көтібар бөтен кісім бе?
Апамды алған күйеуім.
Айсары бөтен кісім бе?
Өзімнің алтын сүйегім.
Ер Есет бөтен кісім бе?
Апамнан туған жиенім.
Абайлаңыз, көп Әлім,
Қапияда аузыма
Кетерсің түсіп біреуің.
Танымасаң жөнімді,
Білдірейін сендерге:
Мен сегіз арыс Адайда
Қосса, бәйге бермеген
Қалнияз деген күреңің.
Көтібарұлы Есеттің шежіресі Шектіден Қабақ - Хангелді - Пұсырман - Қарабас - Жапақ - Бәсен - Көтібар деп жіктеледі. Ел аузындағы деректерде Пұсырман өзінің бес баласының қасиеттерін алдын ала болжағаны туралы айтылады. Ұйықтап жатқан балаларының бас жағына келіп, олардың түр сипатына, күнде өзі көріп жүрген мінез-құлықтарына қарап баға берген. «Қалыбекті дауға қой», «Қарабасты жауға қой», «Жарасты қырындатып қызға қой», «Өмірді қолына қауға беріп малға қой», «Сексенді шуылдатып асқа қой» – деген сөздері қалған. Сексеннің үлкен баласы Саңырық батасы даритын, әулиелік қонған адам болыпты. Саңырық туралы көптеген тарихи аңыздар бар, соның бірі «Айман-Шолпан» эпосының басты кейіпкері Көтібарға қатысты. Көтібар туған заманда бес Пұсырман қоныстас болып отырса керек. Олардың ішінде Бәсен ауылы, Саңырық ауылы қатар көшіп-қонып жүреді екен. Көтібар туарда екі үйі көрші отырған. Бәсеннің әйелі толғатқан күні Саңырықтың кемпірі босандырып, сәбиді етегіне орап алған екен. Баланың денесі ірі, жауырынының ортасында бармақтай түкті қалы бар, қасы қалың, көзі ашық, сол жақ уысында бір талшық қылдай қан уыстап туған екен. Нәрбике есін жинаған соң: «Атаның батасын алып кел, атын қойсын», - депті. Кемпірі Саңырық әулиеге: «Сүйінші, келін босанды» - дегенде: «Не бала туды келін?», - деп сұрапты. «Көті бар бала туды, батаңды бер» депті. Саңырық әулие: «Құдай ауызыңа салған екен, аты Көтібар болсын. Бұл ердің ері, жігіттің жігіті болады. Жауырында қалы болса дұшпаны қарсы келмес көкжал батыр болады екен, қабағы қалың, көзі ашық болса, дүниенің төрт бұрышын тегіс көремін, өзім билеймін деп туған екен. Ал уысында бір талшық қан болса заманында қантөгіс көп болатын шығар. Мен бата берсем қанішер, қатыгез, мейірімсіз болар, баламыз құтты болсын, аты Көтібар болсын», - деп тұжырым жасаған екен. Көтібар өсе келе Саңырықтың батасын алуды армандайды. Жазғытұры ауыл ақсақалдары бір-бірімен табысып, ауыл жағалап «қоныс жайлы болсын» айтып жатады. Саңырық әулие де ауыл аралап жүрсе керек. Көтібар бір үлкен дуадақты атып алып, бөркін көзіне баса киіп шауып келеді де, Саңырық атаның қанжығасына байлай салып: «Ата батаңды бер», – деп Саңырықтың батасын алады. Сосын «Мынау қай бала?» – деп сұрапты. «Бұл Бәсеннің Көтібары ғой», – депті қасындағылар. «Ой, батамды бермеспін деп жүр едім, қапыда алдың, алсаң ал, халқыңа қайрымды бол», – деп ризалығын білдіріпті. Көтібар бата алғанда сол алақанын төмен, оң алақанын жоғары жайыпты. «Неге екі алақаныңды бірден оңынан жаймадың?» дегенде: «Сол алақанына қан уыстап туды» деп батасын бермей жүр еді, әулиенің әруағына адал болғым келді. Саңырықтың бір алақанға берген батасы да бір адамның өміріне жетеді», – деген екен.
Айшуақ Дәрменұлы,
Ақтөбе облысы