Жаңғырудың жасампаз жетістіктері

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы зиялы қауымның көңілінен шығып, халық қолдауына ие болғаны даусыз. Бұған дейін еліміздің мәдени-рухани бағытында жүзеге асқан «Мәдени мұра» секілді, ауқымды жұмыстардың жасалуына серпін берген, мемлекет пен ұлттың тарихы мен мәдениетінің жоғын түгендеп отыруға мүмкіндік берген жоба болды.

Осы бағытта жасалатын жұмыстардың бәрін жоспарлап, үйлестіріп, ақылдасып отыру үшін ашылған Ақтөбе облысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басқару орталығының басшысы Нұрлыхан Хасеновтің берген мәліметі бойынша облыста ауыз толтырып айтуға татитын істер баршылық екен.

Ақтөбе жұртшылығы арасында да үлкен қызығушылық туғызып, қолдауға ие болған мақала - бүгінде елдің өркендеуіне оң серпін берді. 2019 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбе облысында көптеген жұмыстар қолға алынып, жаңа тың жобалар жасалды. Бағдарлама арнайы бағыттар бойынша жүзеге асырылып жатыр.

«Туған жер» арнайы жобасы - бағдарламаның ең сүбелі бағытының бірі. Бұл бағытта «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша 2019 жылы жалпы құны 1 млрд. 135 млн. 622 мың теңгеге 580 жоба жүзеге асырылды. Ақтөбеде 18 ғасырда қазақ әскерінің бас қолбасшысы болған Табын Бөкенбай батырдың ескерткіші ашылды. Самарқанд қаласының қырық жылдан астам әміршісі болған, жоңғар, парсы, ауған, моғолдарға қарсы қол бастаған, «Тұранның соңғы жолбарысы» атанған Жалаңтөс Баһадүрге ескерткіш қойылды. «TransMostGroup» ЖШС басшысы Төлеген Таңатаров Некрасов және Шығанақ Берсиев көшелерінің қиылысына өз қаржысына(60 млн. теңге) жерасты өткелін салды. Қарғалы ауданының Қосестек ауылында Жағалбайлы Сәрке батырға ескерткіш орнатылды. Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған «Жер шары» нысаны (16 млн.теңге) ашылды.

2019 жылы бағдарлама шеңберінде облыстық мәдениет, өнер ұйымдары мен кәсіпорындарында 20 фестиваль, 1 форум, 7 республикалық және облыстық байқаулар, 25 көрме, 58 гастрольдік концерттер, т.б. шаралар ұйымдастырылды. «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында халықаралық «Бақытты бала» І-ші балалар байқау-фестивалі ұйымдастырылып, онда жеті мемлекеттің балалары мен жасөспірімдері (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Түркия, Греция, РФ) өнер көрсетті. 2019 жылы облыстық мәдениет ұйымдары төрт мемлекетке (Түркия, Люксембург, Бельгия, Ресей) гастрольдік іссапармен шығып, қазақ ұлтының өнері мен мәдениетін көрсетіп келді.

Облысымыздың «Өлкетану» оқулығы республика көлемінде ең үздік деп танылды. Мектептерге өткен оқу жылында 74,1 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, 38 924 оқулық алынды. Жаңа оқу жылына 5 425 оқулыққа 9,3 млн. теңге қаражат бөлінді. «Әдеби өлкетану» жобасын іске асыру мақсатында облыстық бюджеттен 8,5 млн. тг. бөлінді.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында 2019 жылы облыстық тарих-өлкетану музейінде 5 жаңа зал ашылып, экспонаттар саны 100 мыңнан асты. «Хан моласы» қорымын қоршау жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге 1,5 млн. тг. бөлінді. 32 ескерткіштің 3D моделін әзірлеу, 16 ескерткішке QR-код орнату және үш тілдегі веб-сайтты әзірлеу үшін 8 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ақтөбе облысының 15 000 оқушысы еліміздің киелі жерлеріне саяхат жасап, кең-байтақ Қазақстанның тарихы мен шежіресіне қанығып, дүниетанымын байытып келді.

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ бастамасымен «Жұбановтан-Абайға» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылды. «100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында Ақтөбе облысы аймағында жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындарына жаңадан жарыққа шығарылған 48 оқулықтың 19 696 данасы алынды. Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ 2018-2019 оқу жылынан бастап білім беру бағдарламаларының таңдау компонентіне 14 жаңа пән енгізілді. «Жұбанов кітапханасының 100 кітабы» жобасы аясында ғылыми-зерттеу еңбектерден 2018 жылы 10 кітап, 2019 жылы 11 кітап баспадан шығарылды. 2019 жылы 27 томдық 34 ақын-жазушының ең озық шығармалары енгізілген «Ақтөбе кітапханасы» кітаптар сериясы шығарылды. Жоба «Парыз» қоғамдық қоры есебінен меценаттық негізде 52 млн. теңгеге жүзеге асырылды.

Латын әріп таңбаларына көшуді халық арасында насихаттау мақсатында 2019 жылы 12 817 адам қамтылған 180 ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылды. «Жаңа әліпбиді бірге үйренейік» тележобасы, «Төрлет, төл әліпби» кешенді жобасы, «Ақылды әліпби» мобильді қосымшасын құрыстыру, тренерлер даярлау жұмыстары жүріп жатыр. Қазақ тілінің жаңа графикасы бойынша «Білімді балақай» балаларға арналған өлеңдер жинағы шығарылады.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында жарияланған «Архив-2025» арнайы жобасы бойынша архив қорындағы құжаттардың 5000 сандық бірлігі сандық нұсқаға көшірілді. Жоба аясында Орынбор облыстық мемлекеттік архивінен 1869-1917 жылдар аралығындағы Ақтөбе бекінісі мен қаласының тарихына қатысты деректер жинақталып, Батыс Қазақстан қазақтарының дәстүріне қатысты Санкт-Петербург архивіне ғылыми-зерттеу жұмысы ұйымдастырылады, жоба құны – 2,2 млн. тг. Биыл маусым айында «Ойыл. Архив құжаттарында сақталған тарих» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өткізілді.

Биыл сәуір айында «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы аясында Ер Едіге эпосының 600 жылдығына орай халықаралық конференция өткізілді. Тобық Жармағамбетов пен Сағи Жиенбаевтың 85 жылдығы құрметіне республикалық конференция, жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылады.

Жалпы Ақтөбе облысы бойынша Рухани жаңғыру бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар аталмыш бағдарлама аясында атқарылар ілкімді істер алдағы уақытта да жалғаса бермек.

 

Айшуақ Дәрменұлы,

Ақтөбе облысы

Қаралым саны 1171

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463