«Қадірлі жерлестер! Темір ауданынан сүйінші хабар жетті! «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында және Елбасымыздың тапсырмасына орай тарихи-мәдени жәдігерлерді зерттеуді қолға алған болатынбыз. Қазба жұмыстарына тиісті шаралар алынып, қаржылай қолдау көрсетілді. Бүгін, археологтардан ақжолтай хабар келді. Темір ауданы Тасқопа елді-мекенінің маңынан б.з.д. V ғасырда алтын киіммен жерленген сармат көсемінің қорғаны табылды. Кезекті «Алтын киімді көне ескерткіш» - Ақтөбе өңірінің ғана емес, бүтін қазақ елінің тарихында ерекше орын алатын тарихи құндылық. Кешегі Есік қаласынан, Шығыс пен Атыраудан табылған көне ескерткіштердің жалғасы бүгін Ақтөбе жерінен де көрініс берді. Бұл дегеніміз сол заманда қазақ жерін мекендеген бабаларымыз өркениеттің жоғары сатысында өмір сүргендігін көрсетеді. Бұл қойнауы құтты, тарихы тереңде жатқан Ақтөбе өңірінен табылған құндылықтардың бастамасы ғана деп білемін. Мұндай тарихи жәдігерлер әлі де көптеп табылып, дүние жүзінің алдында Қазақ елінің мәртебесін көтереді деп сенемін» деді облыс әкімі. Бұл 25 қазан күні еді. Содан бері мардымды мәлімет іздеген жұрт жауапты мекемелерге сұрау сала бастаған еді.
Облыс тізгінін ұстаған күннен бастап Оңдасын Сейілұлы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру аясында кешенді жоспар құрып, ғалымдар мен мамандарды іске тартқан екен. Жоспардың бір бағыты Ә.Марғұлан атындағы Археология институты Ақтөбе облысының ежелгі тарихын зерттеуге, өте бай тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған бес ғылыми-зерттеу жобаны міндетіне алыпты. Соларға қысқаша тоқталып өтейік.
- «Ақтөбе өңірінің ежелгі бақташылары және металл өңдеушілері». Ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында археологиялық барлау жасалып, Ақтөбе облысының гидрографиялық локальді аудандары бойынша палеометалл дәуіріне жататын жаңа ескерткіштер ізделген. Қола дәуіріне жататын 56 археологиялық ескерткіш (ежелгі қоныстар, обалар, петроглифтер) зерттелген. Қола дәуірінің 7 қонысы, петроглифтер шоғырланған 11 орын мен 27 қорым анықталған. Осы жұмыстардың нәтижесі бойынша Ақтөбе облысының территориясындағы ежелгі металл өңдеу ісінің қалыптасу жолын жан-жақты талдауға болады.
- «Ерте көшпенділердің элиталық ескерткіштерін археологиялық тұрғыда зерттеу».
Бұл бағытта Ақтөбе облысының Мұғалжар және Темір аудандарында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілген. Соның ішінде, Құмбұлақ, Тасқопа І, Бесоба және Тасқопа VІ тәрізді ірі жерлеу орындары зерттелген. Жерлеу нысандарынан савромат археологиялық мәдениеті (б.з.д. V ғ.) мен кейінгі сарматтық кезеңге жататын 11 қабір анықталған. Соның ішінде, Ақтөбе облысының Темір ауданынан қызықты материалдар табылған. Мысалы, Тасқопа І бейітіндегі 1-қорған қабірінің тереңдігі 5.7 м болған. Қабір ежелгі заманда ақ тоналып кетсе де, қалған бұйымдар арқылы бұл обаның көсемге немесе тайпа басшысына арналғаны байқалады. Бұл деректердің Ұлы Даладағы мәдениеттердің даму жолын зерттеуде үлкен маңызы бар.
- «Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы Ойсылқара және Моңғолсай тарихи-мәдени кешендері».
Ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде анықталған деректерге сүйенетін болсақ, тас дәуірінің неолит кезеңінде бұл өңірде адамдар өмір сүргені дәлелденді. Ерте темір дәуіріне жататын Ойсылқара 7 бейітінің қорғандары зерттеліп, олар прохоров мәдениетінің элиталық ескерткіштеріне жатқызылды. Моңғолсай жерінде ежелгі кен өңдіру орындарын іздеу жұмыстары жүзеге асырылып, георадарлы түсірілім жасалды. Ойсылқара мен Моңғолсай төңірегінде жүргізілген жұмыстардың нәтижелері бұл өңірдің бай тарихи мұрасын айғақтайды.
- «Доңызтаудағы Жезді орда-қалашығы – Оғыз мемлекетінің бірегей ескерткіші».
Жезді қалашығында жүргізілген археологиялық жұмыстар нәтижесінде ортағасырлық қаланың құрылысы мен жоспарын анықтауға болады. Бұл ескерткішті зерттеу нәтижесінде қаланың архитектурасы, жоспары, фортификациясы мен тұрғын үйлердің ерекшеліктері анықталады. Бір гектар аумақты алып жатқан Жезді қалашығының қабырғалары мен мұнаралары сақталған. Ғылыми-зерттеу жұмыстары тұрғын үйлердің құрылысын, бекініс қабырғалары мен жерлеу орындарын зерттеуге бағытталды. Осы хронологиялық кезеңге қатысты ескерткіштердің жалпы картасын жасау үшін жұмыстар жүргізілуде. Археологиялық қазба және лабораториялық-аналитикалық зерттеулер нәтижесінде Ақтөбе облысының аумағында өмір сүрген ерте ортағасырлық адамдардың тарихы мен мәдениетіне қатысты тың материалдар жиналды.
- «Ақтөбе облысының киелі жерлерінің географиясы» басылымын әзірлеу және баспадан шығару.
Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Ә. Марғұлан атындағы Археология институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ және т.б. ғылыми, білім беру орталықтарының мамандарынан құралған зерттеу тобы жасақталған. «Ақтөбе облысының киелі жерлерінің географиясы» атты басылымның құрылымы жасалған. Ақтөбе облысында орналасқан киелі нысандардың ортақ базасын жасау ісі жүріп жатыр. Киелі нысандардың әрқайсысына толық сипаттама жасалуда. Басылым Ақтөбе облысының археологиялық, этнографиялық, табиғи ескерткіштері мен киелі жерлерінің тізімін қамтитын болады.
Жоспар мен міндет айқындалған соң мамандар өз қызметіне кіріскен. Археологтар қызметі ауа-райына тәуелді. Көктем мен жаз айларының қолайлы кезін пайдаланып, барлау, анықтау, қорған мен обалардың жоғарғы қабатын қазу жұмыстары жүргізілген. «Іздеген жетер мұратқа» дегендей, тапқан олжалары да аз емес. 11 қараша күні Ақтөбеге Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Байтанаев, осы институттың Нұр-Сұлтан филиалының директоры Талғат Мамыров, институттың бас сарапшысы Арман Бисембаев бастаған бір топ археолог ғалымдар келді. Олар облыс әкімімен кездесіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүрісі мен алдын ала нәтижелері туралы есеп берді. 2020 жылға жоспарланған жұмыстар туралы ақылдасты. Оңдасын Оразалин тарихи жәдігерлерді жүйелі зерттеу және болашақ ұрпаққа бүлдірмей жеткізу туралы айтты.
12 қараша күні академик Бауыржан Байтанаев бастаған ғалымдар облыстық тарихи-өлкетану музейінде журналистермен кездесіп, сұрақтарға жауап берді.
- Кеңес дәуірінде Батыс Қазақстан өңірін қамтыған үлкен экспедиция болып еді. Содан кейін біраз үзіліс болды. Облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде біздің институтқа үлкен жұмыстар тапсырды. Ақтөбе облысының аумағы тарихи жәдігерлерге өте бай. Археологтар жүргізген қазба жұмыстары бұл өңірде адамзат баласы миллион жыл бұрын да өмір сүргенін анықтады. Облыста сақ-сармат, ғұн және түрік дәуіріне жататын, зерттеуін күтіп жатқан жүзден астам қорғандар мен обалар бар. Сармат дәуірінің обалары ежелгі заманда-ақ, өзара соғысып жүрген тайпалар тарапынан тоналған. Сондай жартылай тоналған қорғандардың бірінен жоба бойынша сармат көсемінің қабірі табылды. Темірден құйылған дулығасының сырты алтынмен қапталған. Алтыннан жасалған ат әбзелдері табылды. Қаңқаның өзін монолит күйінде тұтас қазып алдық. Археология ғылымының талабы бойынша жәдігерлер сол температура, сол ылғалдылығымен лабораторияға жеткізілуі керек. Мысалы, былғарыдан жасалған бұйымға күн түссе, кеуіп кетсе тырысып қалады. Ондағы жазу немесе ою-өрнекті ажырату қиындайды. Біздің ендігі мақсат - реставрация жұмыстарын жүргізу. Ол шаруаға бір-екі жыл уақыт кетеді. Археологтар қабірлерді тонайтын қарақшы емес, олар қолына ұстаған күрек арқылы тарихты қалпына келтіреді, тілсіз куәларға тіл бітіріп, тарихты топырақ пен шаң-тозаңнан тазалайды. Қазір реставрация жасайтын мамандарды таңдау үстіндеміз. Ондай мамандар өзімізде, Ресейде және шет елдерде бар. Ең басты шаруа жәдігерді дұрыс сақтау және дұрыс зерттеу. Қателесуге, бүлдіруге хақымыз жоқ. Қазып алынған жәдігерлерге отызға жуық әртүрлі зерттеу жасалады. Барлық жұмыстар аяқталған соң жәдігерді тазалап, қалпына келтіріп Ақтөбенің музейіне тапсырамыз. Ештеңе ешқайда кетпейді, табылған дүниелер түгел Ақтөбеде. Археология ғылымына асығыстық жат нәрсе. Қазба жұмыстары аяқталды, негізгі жұмыс енді басталады. Амандық болса, әлі талай жаңалықты айтармыз, - деді Бауыржан Әбішұлы.
Бірнеше топқа бөлінген археолог мамандар тобы Ақтөбе облысында зерттеу және қазба жұмыстарын әлі жалғастырады. Жер қойнауында ғасырлар бойы сақталған қайталанбас ескерткіштер зерттеу күтіп жатқаны айқын.
ОЙСЫЛҚАРА ӘУЛИЕ
«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының «Діни және ғибадат орындары» бөліміндегі тізімде Ойсылқара әулие бар. Бұл қорым Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы ең ірі мемориалды-діни кешен. Қорымда әулие, түйенің және түйе шаруашылығының пірі - Ойсылқара жерленген деп есептеледі. Бұл кешенде XVIII-XX ғасырлар арасына жататын жүз елуден астам бейіт бар. Әртүрлі ғасырда салынған ескерткіштерден құралған көне қорым. Ойсылқара әулиенің өмір сүрген уақыты шамамен VII-VIII ғасырлар. Ескіден жеткен аңыз бойынша Ойсылқара әулие Мұханбет пайғамдардың тапсырмасын орындаушы, кең даладағы жеті жұртты аралаған тақуа кісі екен. Пайғамбардың тірісінде жүздесу үшін екі рет барып кездесе алмапты. Пайғамбарға құрметінің белгісі ретінде мыңдаған түйе айдап апарған екен. Пайғамбар дүниеден өтерде сахабаларының біріне «Түйенің пірі Ойсылқараға тапсыр» деп шапанын аманатқа қалдырып кеткен екен. Ойсылқара өмірден өтер алдында сүйегіне жеті жұрт таласатынын біліп, жеті түйеге жеті сандық артып, төбе басына түнепті. «Кім бұрын келсе, соның жеріне жатамын» десе керек. Жеті жұрттың өкілдері өз түйесіне теңделген сандықты ашып, әулиенің жатқанын көріп, түйелерін жетелеп кете беріпті. Яғни, жеті сандықта да Ойсылқараның денесі болған екен. Сондықтан Қазақстанның бірнеше жерінде Ойсылқара әулиенің қабірі кездеседі. Төрт түлік малдың пірлері саналатын Шопан ата әулие – Маңғыстауда жерленген, ал Жамбыл облысында Зеңгі бабаның күмбезі бар. Хромтау ауданында Ойсылқара деген жер және Ойсылқара өзені бар. Жақын маңда Түйелі ауылы бар, бірақ соңғы бірнеше ғасыр бұл аймақта ешкім түйе малын ұстамаған. Ғылымда мұны анықтайтын нақты дәлел жоқ. Тек ескі аңыздар мен діни қиссаларда ғана Ойсылқара әулие туралы мәліметтер бар.
Айшуақ Дәрменұлы