Жас басшымен өткізген жарты сағат

  • Галерея изображений

   Білім беру саласындағы іс-қызметті ақпараттық қолдауды мақсат тұтқан сұхбатымызды ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, «Қособа мектеп-бөбекжай-балабақша» кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Жансұлтан Нұрмұхановқа арнағанды жөн көрдік. Таңдауымыз түскен жаңа буыннан шыққан жас басшының жетістік-табыстарынан хабар берейік, Жансұлтан Кайыржанұлы – ҚР Білім және Ғылым министрлігі ұйымдастырған ең үздік ғылыми жұмысқа арналған республикалық байқау дипломы, «Білім беру жүйесіне қосқан үлесі үшін», «За вклад в развитие образования» және «Мәншүк Мәметова» медальдарының иегері. Дүниежүзілік Эсперантистер Ассоциациясының мүшесі ретінде халықаралық энциклопедияға енген. Қазақстан мен Ұлыбританияда жарияланған 15 ғылыми жұмыстың авторы. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры шәкіртақысының иегері. Осындай «Тіл-көзіміз тасқа» дегізетіндей азаматпен сұхбатты амандық-саулықтан соң туған жері, ата-анасы, ұстаздары туралы сұрақтан бастадық.

 

Жансұлтан Кайыржанұлы, ең әуелі туған жер, ата-ана, мектеп, алғаш мұғаліміңіз, үлгі тұтар ұстаздарыңыз туралы айтып берсеңіз.

 – Мен 1992 жылдың 17 мамырында Орал қаласында мұғалімдер отбасында дүниеге келдім. Әкем Қайыржан Нұрмұханов – М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде оқытушы, ал анам Карима Албергенова – облыстық дарынды балаларға арналған №11 С. Сейфуллин атындағы мектеп-интернат кешенінде тәрбиеші. Өзім аталмыш мектепті бітіріп шықтым. Алғашқы ұстазым – екінші анамдай болып кеткен Гүлшат Суханова.

 

Мамандық таңдауыңызға не, қандай жағдайлар себепші болды?

– Мамандық таңдауыма өзім оқыған мектептің тарих пәнінің мұғалімі Опиев Дархан мырза ықпал етсе, екінші жағынан, мұғалімдер отбасында тәрбие көргенім де әсер етті. Сонымен қатар өзім балалармен жұмыс істегенді жақсы көремін. Себебі оқушыларды оқыта отырып, олардан да жаңа идея алып отырамын.

 

– «Болашақ» халықаралық стипендиясына қалай ие болдыңыз? Қай

елде, қандай жоғары оқу орнында, қандай мамандық бойынша оқыдыңыз? «Болашақ» бағдарламасы жайлы ой-пікіріңіз, ол өзін ақтап жатыр ма, шетелде жоғары білім алудың қандай артықшылықтары бар?

– ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына барлық кезеңінен өтіп, ие болдым. Әуелі Нұр-Сұлтан қаласында «British Council» ұйымының ұйымдастыруымен тілдік курстан, Ұлыбританиядағы Манчестер университетінде мамандандырылған тілдік курстан өтіп, IELTS емтиханын тапсырып, Уорик университетіне «Білім беру жүйесіндегі көшбасшылық және менеджмент» мамандығына магистратура бағдарламасына оқуға түскен болатынмын. Жалпы, бағдарламаның мақсаты – ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау. Бағдарлама академиялық оқуды (магистратура, докторантура) және әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінде ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді қамтиды. Менің пікірімше, «Болашақ» бағдарламасы өзін ақтап жатыр. Себебі, біріншіден, аталмыш бағдарлама әлемде аналогы жоқ Елбасының сәтті стартаптарының бірі. Екіншіден, бұл қазақстандықтардың маңдайына біткен үлкен мүмкіндік, яғни барлық қаржылық шығын (медициналық сақтандыру, виза, жолақы, оқу ақысы, күнделікті шығындар, тіпті кітап сатып алу шығыны) Үкімет тарапынан төленеді. Үшіншіден, барлық «болашакерлер» (яғни «Болашақ» түлектері) елге оралып, экономикаға өз үлестерін қосуда. Шет елде оқудың көптеген артықшылығы бар: 1. Оқу мен оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін үйренесің; 2. Жаңа жер, жаңа ел көріп, жаңа достар мен жаңа идеялар пайда болады; 3. Өмірге деген көзқарасың өзгереді, өз-өзіңді дамытуға көбірек көңіл бөлесің.

 

Қазіргі білім беру жүйесі қандай сын-қиыншылықтармен бетпе-бет

келіп жатыр және оның шешімдері қандай деп ойлайсыз?

– Қазір білім беру жүйесі пандемия жағдайына байланысты көптеген сын-қиыншылықпен бетпе-бет келіп жатыр. Әрине, бұл ретте мәселе үкімет тарапынан өз ретімен шешіліп келе жатыр. Мысалы, интернет жүйесі, оқулықтардың сапасы, практикалық сабақтардың көбейтілуі т.б.

 

БЖБ, ТЖБ жүйесі не үшін енгізілді, өзін ақтап жатыр ма, оның

құндылығы неде? Алдын ала келісіміміз бойынша осы мәселе бойынша бір мұғалім және оқушының қысқа ой-пікірін келтірсеңіз.

– Бөлімді жиынтық бағалау мен тоқсанды жиынтық бағалаудың басты мақсаты – жаңартылған бағдарлама бойынша баланың ойлау қабілетін дамыту. Жаңартылған бағдарлама өзін ақтап жатыр, себебі бұл ретте біз балаларды материалдан ой қорытуға үйретеміз. Физика пәнінің мұғалімі, педагог-сарапшы, білікті мамандарымыздың бірі – Гүлмайра Құнанованың пікірінше: «БЖБ, ТЖБ жүйесі арқылы оқығанымызды талдап, жаңа ақпараттармен, қосымша білгенімізбен салыстыра отырып, байланыс жасаймыз, өзіндік бағамызды береміз, қоғамдық іс-әрекетпен байланыстырамыз. Сыни ойлауымыз қалыптасты, ашық пікір айта аламыз. Алайда диктанттың жоқтығы, грамматикалық талдаулардың аздығы біздің сауаттылығымызға әсер етуі мүмкін. Сондықтан грамматикалық талдаулар мен сауаттылыққа тексеретін жазба жұмыстары енгізілсе, артық болмас еді деп ойлаймын» деген пікір білдірілсе, 11-сынып оқушысы Төлеу Жауқазын: «Білім беру жүйесіндегі аталмыш жаңалықтар алғашқы кезде мұғалімдерді түсініспеушіліктен әбігерге түсіргені рас. Басында көп мұғалім түрлі қиындықтармен кездесті. Дегенмен қай жаңалықтың да тосырқауы болатыны ақиқат. «Көш жүре түзеледі» дегендей, бірте-бірте оқушылар да, мұғалімдер де үйрене бастадық. Жалпы, БЖБ, ТЖБ жүйесі маған ұнайды. Себебі оқушы оқыған материал қысқа да нұсқа тексеріледі. Дескриптор, бағалау критерийі болғандықтан, оқушыны бағалау оңай, тез, нақты және анық» деген ойымен бөлісті.

 

Жаңа оқу басылымдары бойынша айтарыңыз, оларды әлі де

жетілдіре түсуге қатысты ой-пікіріңіз бар ма? Қандай жаңа басылымдарды сәтті шыққан деп есептейсіз және не себептен?

– Жаңа оқу басылымдарын әлі де жетілдіру керек деп ойлаймын. Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі мектептерде пайдаланылатын тарих оқулықтарында бұрмаланған мәтіндер көп екенін айтып, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» бойынша бірыңғай мектеп оқулығын әзірлеуді және енгізуді тапсырған болатын. Сол сияқты басқа да оқулықтардың тексерілуі керек.

 

«Жүз жаңа оқулық» бағдарламасы жайлы пікіріңіз?

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамыту бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы іске асқан болатын. Менің пікірімше, бұл өте сәтті жобалардың бірі. Себебі аталмыш жоба арқылы тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, инновация ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдай жасалды.

 

Білім беру үрдісінде дуальды оқыту жүйесі несімен тиімді деп

ойлайсыз? Бізде қазір бұл жүйе қаншалықты табысты, қандай деңгейде жүзеге асып жатыр?

– Дуальды оқыту жүйесінің мақсаты – кәсіпорындарға қажетті мамандарды даярлау, ал кәсіпке даярлау өз кезегінде мектептен басталады. Сондықтан қазіргі кезде мектептер мен жоғары оқу орындары арасында мамандық даярлауға байланысты жол картасы жасалған болатын, яғни бұл бағдарлама Қазақстанда бір жүйеге келтірілген.

 

Педагогтің мәртебесін арттыру бойынша атқарылып жатқан іс-

тірліктерді қалай бағалайсыз? Бұл бағытта мынандай шаралар да жүзеге асса деген өз айтарыңыз бар ма? Сіз басқаратын мектепте педагогтің мәртебесін арттыру бағытында қандай шаралар жүзеге асып жатыр?

– «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының мақсаты – педагогтердің мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жосықсыз тексерулерден және өздеріне тән емес функциялардан қорғау, ынталандыру бойынша өзге де мәселелерді заңнамалық деңгейде шешу. Бұдан басқа заңда педагогтердің құқықтары мен міндеттері қарастырылған, сондай-ақ педагогикалық қызметке рұқсат беру талаптары белгіленген. Мектепте педагогтердің білімін, біліктілігін арттыру мақсатында мұғалімдердің қажеттіліктеріне қарай мектепішілік курстар ұйымдастырылуда. Атап кетсек, IT құзыреттілік, ағылшын тілі, Lesson Study, «Жас мамандар мектебі». «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деп Әл-Фараби бабамыз айтып кеткендей, қазіргі таңда «Құндылықтарға негізделген білім» жобасы аясында сабақтар өтуде, яғни әр пән мұғалімі теориялық біліммен қатар тәрбиелік мәнін де айтып кетуі керек.

 

Қособа мектебі жайлы мағлұмат (қай жылы құрылды, бастауында

кімдер тұрды, қандай мықты ұстаздар еңбек етті, қандай елге танымал түлектер бітіріп шықты, қазір қанша бала оқиды, қанша ұстаз сабақ береді т.с.с), Қособа мектебінің қазіргі кезеңдегі жетістіктері, мақтаныштары жайлы айтсаңыз…

– Қособа орта мектебінің негізі 1936-1937 жылы Арал орта мектебі болып құрылған. Содан 1946-1947 оқу жылы Амангелді 7 жылдық, 1960 жылы Амангелді 8 жылдық мектебі болған. 1970-1971 оқу жылында Қособа орта мектебі болып, 1983 жылы қаңтардан бастап типтік жобамен салынған мектеп үйіне жаңа орталыққа көшірілді. Осы жылы мектептің салынуына сол кездегі мектеп директоры, география және биология пәндерінің мұғалімі Жүсіпов Асан мырза көп септігін тигізген болатын. Содан бері осы мектепте оқу-тәрбие жұмыстары жүргізілуде. Қазір Қособа мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде 99 оқушы білім алуда, 23 мұғалім оқушыларға білім беруде. 2005 жылы ақпан айында балабақша ашылып, 2006 жылдың 29 маусымында мектептің атауы «Жалпы білім беретін Қособа орта мектеп-балабақша мемлекеттік мекемесі» болып өзгертілді. 2015 жылдың 4 мамырында мектеп атауы «Жалпы білім беретін Қособа орта мектеп-балабақша кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап «Батыс Қазақстан облысы әкімдігі білім басқармасының Сырым ауданы білім беру бөлімінің «Қособа «мектеп-бөбекжай-балабақша» кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді.

 

Білім ордасының басшысы, ұстаз ретінде алға қойған ой-мақсат,

жоспарларыңыз?

– Аталмыш білім ордасына ең басты келу себебім – ауыл мектебінің білім сапасын көтеру, оны қала мектептерінің деңгейіне жеткізу. Сонымен қатар «Өмір бойы білім алу» қағидасын ұстанатын ұстаз жасақтау, себебі қазіргі кезде білім беру жүйесі күн сайын өзгеруде, содан қалып қалмауымыз керек.

 

Жансұлтан Кайыржанұлы, сұхбатыңыз үшін көп рақмет! Өзіңізге, мектебіңіз бен ұжымыңызға сәттілік тілеймін. Білім атты аса маңызды саладағы қызметтеріңіз жемісті болсын!

– Көп рақмет! Білім беру ісіне қолдау көрсетіп, насихаттап жатқан DANAqaz журналына мен де өз ризашылығымды білдіремін! Биіктен көріне беріңіздер!

Қаралым саны 965

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463