Бүгінгі мақаламыздың қос кейіпкері де дәрігер хирург, соның ішінде жүрек қан-тамырлары жүйесіне ота жасайтын білікті мамандар. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, жүрек-қан тамыры аурулары әлемнің көптеген елі үшін адамдарды мүгедектікке шалдықтыратыны және өлімге әкеліп соқтыратындықтан, зор түйткілге айналып отыр. Жалпы өлім-жітімнің 52 пайызы жүрек-қан тамыры аурулары салдарынан болады екен. Еуропада жыл сайын осы сырқат кесірінен шамамен 3 миллион адам, Ресейде 1 миллион адам, ал Қазақстанда 80 мың кісі көз жұмады деген дерек бар.
«Болашақ» бағдарламасы бойынша алыс-жақын шетелден білім алып келіп, осындай жаһандық түйткілдің тырнағынан отандастарын алып қалу үшін жанын салып еңбек етіп жүрген қос дәрігерге DANAqaz журналының редакциясы мынадай сауалдар жолдап еді:
- Мамандық таңдауыңызға себепші болған жағдайлар.
- «Болашақ» халықаралық стипендиясына қалай ие болдыңыз, қай
елде, қандай жоғары оқу орнында, қандай мамандық бойынша, қанша жыл оқыдыңыз?
- Шетелде білім алған кезде қандай қиындықтармен бетпе-бет
келдіңіз және оларды қалай еңсердіңіз?
- Шетелде жоғары білім алудың қандай артықшылықтары бар? Олардың білім жүйесіндегі қандай озық тұсын біздің елде енгізуге болар еді?
- «Болашақ» бағдарламасы жайлы ой-пікіріңіз, ол өзін ақтап жатыр ма, алған білім пайдаға жарап жатыр ма?
- Шетелде оқуға ниет еткен талапкерлерге қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
- Шетелде жоғары білім алуға қатысты екі түрлі пікір бар: бірі
жоғары білімді ел ішінде алып, сол білімді шетелде жетілдірген дұрыс дейді; екіншілері жоғары білімді бірден шетелден алғанды жөн көреді, осыған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?
- «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жүрген кезде шетелде қалып, сол жақта өмір сүру туралы ой келген жоқ па?
«Мамандық таңдауда жолым болған жанмын»
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында дүниеге келген Арман Байдеуов – біздің облысымыздағы ең үлкен медициналық мекеме — облыстық көпбейінді аурухананы басқарады. Бас дәрігер болудың зіл батпан салмағына қоса, ғылыми жұмыстармен де айналысып жүрген, сондай-ақ кардиохирург ретінде ота жасаудан қол үзбеген бұл адам осының бәріне қажыр-қайратты қайдан алады екен деп ойланып қаласың. Жоғарыда зіл батпан салмақ деген сөзді жай қолданып отырған жоқпын, 2020 жылы облыстық көпбейінді аурухана өзінің сан қырлы қызметіне қоса пандемияға қарсы күрес орталықтарының біріне айналды. Аурухана базасында №1 және №8 провизорлық корпус құрылды. Әмбебап корпус болған сегізінші корпус жайлы бір-екі ауыз әңгіме айта кетейік: бұл корпуста сырқаты дәл анықтала қоймаған, жағдайы ауыр пациенттер орналастырылды. Сондай-ақ мұнда ургенттік көмек те көрсетілді, яғни бұл корпуста операция да жасалып, КВИ-мен түскен аяғы ауыр әйелдер босандырылып, дүниеге келген нәрестелерге күтім де көрсетіліп, қарбалас та өмірлік маңызы бар іс-тірлік үздіксіз жүріп жатты. Жалпы, облыстық аурухана қарбалас тірліктен ешқашан танып көрген емес.
Өзімді мамандық таңдауда жолы болған жанмын деп санаймын. Өйткені, біріншіден, адамды құтқару – ең сауапты амал, екіншіден, мектеп қабырғасында жүрген кезімде-ақ медицина ғылымдарына назарым ауып жүрді. Бұл, бір жағынан, жақын-жуықтарымда саулық жөнінен түйткілдер болғанымен байланысты да болды. Осының бәрін көріп, медициналық көмек көрсетіп, адамды аяғына тұрғызу арқылы адамның өзін де, оның отбасы-туыстарын да бақытты етуге болатынын ойға түйіп жүрдім.
Сондықтан осындай арман-мақсатпен қанаттанған адам ретінде менде мамандық таңдау кезінде қиналу, өзге бір іс-кәсіптерге алаңдау деген болған жоқ. Дәрігер болып, адамдарға көмектескім келетінімді анық білдім. Сондай-ақ студенттік кезімде-ақ басқа емес, тап осы жүрек-қан тамырлары хирургиясымен айналысуға ықылас пайда болды. Сөйтіп, бірінші курстың өзінде патологиялық анатомия үйірмесіне, соның ішінде жүрек-қан тамырлары секциясына қатысып, препарация жасай бастадым. Осылайша, студенттік шағымнан ғылыми жұмыстарға атсалыстым. Бірінші рет ғылыми жұмысым бойынша көпшілік алдына 2-курста оқып жүргенде шықтым. Бұл менің дайындық жұмысым еді. Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті мен интернатураны тәмамдаған соң алдыма жаңа мақсат қойдым. Ол – жүрек-қан тамырлары бойынша арнайы оқып, жүрек хирургиясымен, жүрек мәселесімен айналысу. Жоғары оқу орнын бітірген соң менің алдымда Украина мен Ресей Федерациясы медицина мектебінің бірін таңдау мәселесі тұрды. Әрине, Еуропа елдеріне баруға да болатын еді, алайда біздегі қалыптасқан жағдайға жақыны Ресей Федерациясы деп шешіп, Мәскеу қаласындағы Александр Николаевич Бакулев атындағы жүрек-қан тамырлары хирургиясы бойынша ғылыми орталықты таңдадым. Өйткені мені осы жерде жүрекке, қан тамырларына жоғары технология бойынша ота жасалатыны қызықтырды. Сондықтан да таңдауым тап осы ғылыми орталыққа түсті. Оқығым келетін жоғары оқу орнын – жаңағы айтқан Ресей Федерациясының ғылыми орталығын өзім таңдап, құжатты өздігімнен тапсырғанымдықтан, мен «Болашақ» бағдарламасының стипендиясын өз бетімен иелеген адамға жатамын. Басқаша айтқанда, мен әуелі жоғары оқу орнына, сосын барып «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырып, осы өзім таңдаған ғылыми орталықта «Болашақ» степендиясының үміткері болдым. Оқырмандар үшін сәл-пәл анықтама бере кетейін. «Болашақ» арқылы оқуға түскің келгенде қандай оқу орнында оқығың келетінін көрсетесің. Сонда қандай жоғары оқу орнында оқу керегіңді «Болашақ» өзі бағыттап, шамалап көрсетеді. Басқаша айтқанда, оларда өзің оқи алатын белгілі бір оқу орындарының тізімі бар. «Болашақ» сол оқудың ақысын сен үшін төлей алады. Бұл – «Болашақ» арқылы оқуға түсу. Мен де «Болашақ» арқылы түстім, бірақ мен өз бетіммен түсіп, бүкіл құжаттар мен емтихандарды тапсыру, мемлекеттік тілді игеру, медициналық ілімдерді меңгеру сынағынан өту арқылы «Болашақ» стипендиясын ұтып алған студент сияқты болып саналамын. Мен «Болашақ» бағдарламасымен қарастырылған бүкіл комиссияны өтіп барып, «Болашақтың» стипендиясын иелендім. Жоғарыда аталған ғылыми орталықта екі жыл оқыдым. Сонда практикалық тұрғыдан да, теориялық тұрғыдан орасан зор тәжірибе алдым. Лео Антонович Бокерия жасаған оталарға бірнеше дүркін тікелей атсалыстым. Бакулев атындағы ғылыми орталықтың профессоры Иван Иванович Скопин жасаған оталарға да қатыстым. Ал екінші оқу жылынан бастап ғылыми кураторымыздың жетекшігімен өз бетімізбен ота жасай бастадық. Осы практикалық және теориялық ілім-білімнің арқасында біз кейін Қазақстан Республикасының аумағында оталарды еркін жасай алдық.
Шетелде оқу, «Болашақ» стипендиясының иегері атану – ең әуелі, зор жауапкершілік. Себебі бұл жақта жүрген әр студент – ең әуелі еліміздің, біздің Қазақстанымыздың бет-бейнесі. Сондықтан босаңсымауға, сыр бермеуге, еліңнің абырой-беделіне нұқсан келтірмеуге тырысып бағасың.
Оқып жүргенде, әрине, көптеген қиындықпен бетпе-бет келіп жатасың. Бұл – ең әуелі оқу режимі, қысқа мерзім — екі-ақ жылдың ішінде бүкіл дерлік жүрек-қан тамырлары хирургиясын, осы бағыттың негізгі мәселелерін меңгеріп шығу керек болды. Ең бастысы, өз-өзіңді, еліңді ұятқа қалдырмау. Осы орталыққа келген мақсатыңа жету – ілім-білім алып кету. Жұмыс режимі, оқу саласы, жалпы медицинаның өзі – күрделі бағыт, сондықтан оңай болған жоқ. Практикалық дағдыны көбірек алу үшін баратын түнгі кезекшіліктер, ілім-білім алу үшін ішінен шықпайтын ғылыми кітапхана, патологиялық анатомия бюросы, операция залдары. Бакулев орталығының өзі мен оның Ленин даңғылындағы Октябрь метросы маңында орналасқан филиалының арасы өте қашық. Біз осы екеуінің де ота залдарына кезек-кезек барып жүрдік. Осы қиындықтың бәрін еңсеру керек болды. Өйткені алға қойған мақсатқа қалай да жету керек!
«Өзге елдердің озық үлгілерін біздің медицинаға енгізгім келеді»
Алматы облысы Талғар ауданында дүниеге келген Бақтияр Ташкенбаевтың есімі батысқазақстандықтарға осыдан үш жарым жыл бұрын ғимараттың шатырынан құлап, аула қоршауының темір істіктеріне үш жерден қадалған құрылысшыға ота жасаған дәрігер ретінде таныс. Істік темір денесін үш жерінен тесіп шыққан адамды аман алып қалу үшін жанталасқан 20 медициналық қызметкердің еңбегінің нәтижесінде жағдайы аса ауыр пациент 20 күннен соң сауығып шықты. Осы команданың бел ортасында өмірлік маңызды іс-қимылдарды атқарған Бахтияр Шарықтайұлының аты-жөні өңіріміздің барша баспасөз бетінде қайта-қайта аталып жатты. Аталатындай да жөні бар – өмірде болмаса, оқулықтарда кездеспейтін және ем-домы егжей-тегжейлі баяндалмайтын аса күрделі отаны, салыстырмалы түрде алғанда, жас маман басқарған дәрігерлер тобы абыроймен атқарып шықты. Сондықтан кейін Медициналық қызметкерлер күнін атап өту барысында, осы топтың дәрігерлеріне тапсырылған «Адам өмірін құтқарған бірегей ота жасағаны үшін» аталымы өз иелерін тапқан лайықты марапат болды.
Баспасөз бетіне үңілсек, Бахтияр Шарықтайұлының есімі табысты менеджер, білікті дәрігер ретінде сан мәрте аталады. Мысалы, Орал қаласында ұйқы күретамырының өте сирек және аса қатерлі ісігі — хемодектомаға тұңғыш рет ота жасалған кезде оның басы-қасында осы біздің мақаламыздың бай кейіпкерінің бірі — Бахтияр Ташкенбаев жүргені белгілі. Ұйқы күретамыры миды қанмен қоректендіретін негізгі артерия болғандықтан, оған ота жасау барысында қан кету қаупі өте жоғары. Дегенмен ішінде Бахтияр бар білікті мамандардың арқасында 70 жастағы пациентке жасалған ота сәтті өтіп, өмірлік маңызы бар тамырлар мен жүйке талшықтарына залал келтірілместен, қатерлі ісік сылынып алып тасталды.
Облыстық көпбейінді және қалалық көпбейінді ауруханада табысты еңбек еткен Бахтияр Шарықтайұлы қазір «Талап» ашық акционерлік қоғамында дәрігер-хирург болып жұмыс істейді.
Дәрігер мамандығын таңдауыма мына жайт әсер етті: 10-сынып оқып жүргенімде атам қатты ауырып, Сызғанов атындағы хирургия орталығына түсіп, оған сол жерде ота жасалды. Отадан кейін атама күтім көрсетіп, бір түн қасында болдым. Сонда дәрігерлердің жұмысына көз салып, жақсы әсер алдым. Сол кезден бастап дәрігер боламын деп шештім. «Болашақ» бағдарламасы жайлы 2013 жылы осы Оралда жұмыс жасап жүрген кезде естідім. Содан құжаттардың бәрін жинап, Оңтүстік Кореяны таңдадым. Осы елге аман-есен барып келдік. Шетелдің озық медицинасын, оларда бар технологияларды, құрал-жабықтарды, зерттеу және емдеу әдістерін, реабилитацияның сан түрлі саласын өз көзімізбен көріп, олардан көп нәрсені үйреніп қайттық. Сол жерде үйренген білім мен тәжірибені 2013 жылдан бері өз Отанымыз — Қазақстанымызда, Батыс Қазақстан облысында пайдаланып жатырмыз. Оңтүстік Кореяда «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқығанымның берген пайдасы өте зор. Себебі біз сол кезде Қазақстанда болмаған лазерлік, ультрадыбыстық, сәулелік, эндоскопиялық технологиялармен танысып, үйреніп, меңгеріп келдік. Өз басым білім алу сатыларым дұрыс, сәтімен қаланып келеді деп ойлаймын: жоғары оқу орнын Қазақстанда бітірдім, сосын мамандығымды Қазақстанда жетілдірдім. Алматыда Асфандияров атындағы Ұлттық медицина университетінде, бұдан соң Дәрігерлердің білімін жетілдіру университетінде оқыдым және үш жылдық еңбек тәжірибем болды. Мен шетелге «Болашақ» бағдарламасымен білім алуға дер кезінде пісіп-жетілген: білімім бар, тәжірибем бар. Көп жыл жұмыс істеп қажып, шаршап, жалығып кетпеген, ынта-жігер азаймаған кезде барғаным дұрыс болды деп санаймын. Сол сапардан келгеннен бері елімнің болашағы үшін аянбай еңбек етіп жатырмын. Қазіргі уақытта осы Батыс Қазақстан облысы аумағында бұрын жасалмаған көп ота түрін жасап жүрміз. Мысалы, дәл қазір лазерлік технологияларды толық игеріп, қан тамырларына лазерлік, лапароскопиялық ота жасаудамыз. Кезінде Оңтүстік Кореяда көрген оталардың біраз бөлігін, 80-90%-ын толық игеріп, соны Батыс Қазақстан облысы аумағына ендірдік. Бұдан бөлек, қан тамырларына жасалатын өте күрделі реконструктивті қалпына келтіру оталарының бәрін толықтай игердік. Ми тамырларына, жүректен шығатын үлкен тамырға, одан бөлек аяқ-қолдың үлкен тамырларына оталарды еш қиындықсыз, еркін жасаудамыз. Осы уақыт аралығында бірнеше мың, 3000-ға жуық сан түрлі ота жасалды. Нәтижелер жақсы, бәрі ойдағыдай шығып жатыр. Және де мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақыттарда әлі де алға қарай дами береміз деген ойдамыз. Келешекте алға қойған мақсат – Шығыстың озық медицинасын барып көріп келдік, енді Батыстың озық үздік медицинасын көргіміз келеді. Бұл тұрғыда, Германия елінің медицинасының даму деңгейі жақсы. Сондықтан жақын арада Германияға барып білім жетілдірсем деген жоспарым бар. Ол жөнінде бәрі келісілген, Құдай қаласа, барып қайтармыз. «Болашақ» бағдарламасына мың да бір рақмет айтамын. Бұл бағдарлама қарапайым, ауылдан шыққан қазақ жастарының бүкіл әлемнің озық ғылым мен біліміне қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Егер бұл бағдарлама болмаса, шетелге барып, сондай керемет ілім-білім, тәжірибе алу мүмкін болмас еді. Сөйтіп, біздің білім- тәжірибеміз тап қазіргідей деңгейде болмайтын еді. Сондықтан сол жақтан оқып, үйреніп келген дәрігерлер жасап жатқан мыңдаған отаның халқымызға пайдасы тиіп жатыр деп ойлаймын.
Шетелде қалатындай ешқандай ой болған жоқ. Қазір де жоқ, болашақта да болмайды деп ойлаймын. Себебі біздің еліміз — ең тамаша ел. Мен өз елімді өте қатты жақсы көремін және өмір бойы Қазақстанда тұрып, жұмыс істегім келеді.
Себебі біздің ел сияқты кең дархан ел әлемде жоқ. Басқа жерден жақсы өмір іздегенше, өзіміздің елімізді жақсартуға болатынына мен сенемін. Және ахуалды бәріміз бірігіп жақсартамыз деп ойлаймын. Ол үшін аянбай еңбек ету керек. Жастарымыздың көбі осы «Болашақ» бағдарламасын пайдаланып, шетелде білім алып, тәжірибесін жетілдірсе, «нұр үстіне нұр» болар еді. Сол жастар оқып-тоқып келіп, еліміздің көркеюіне еңбек етсе, сонда біз, сөз жоқ, дамыған елге айналамыз деп ойлаймын.«Болашақ» бағдарламасы атына заты сай, еліміздің болашағы үшін жасалған, алысты ойлаған стратегиялық жоба деп ойлаймын.
Қарбалас тірлігіне қарамастан, сұхбатқа уақыт тапқан Арман Нұрқайырұлы мен Бахтияр Шарықтайұлына ризашылығымызды білдіреміз. Еліміздің жастары осы қос азамат сықылды армандаған білімі мен мамандығына қол жеткізіп, еліміздің болашағы үшін жемісті еңбек ете берсін деп тілейміз!