«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Елбасының 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығын қолдау бойынша және ҚР Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» іске асыру мақсатында желілік кесте мен жоспарларға сәйкес 60 000-нан астам облыс тұрғынын қамтыған 400-ге жуық іс-шара өткізілді. Оның ішінде:
Диктант – 8, қамтылғандар саны – 34 046 адам;
Кездесу – 68, қамтылғандар саны – 16136 адам;
Практикалық семинар – 123, қамтылғандар саны – 5875 адам;
Көшпелі семинар – 1, қамтылғандар саны – 5000 адам;
Тренинг – 56, қамтылғандар саны – 3795 адам;
Дәріс – 37, қамтылғандар саны – 2200 адам;
Акция – 7, қамтылғандар саны – 1965 адам;
Эссе жазу байқауы – 10, қамтылғандар саны – 1860 адам;
Дөңгелек үстел – 22, қамтылғандар саны – 1572 адам;
Кітап көрмесі – 18, қамтылғандар саны – 538 адам;
Жастар форумы – 1, қамтылғандар саны – 400 адам;
Республикалық семинар – 2, қамтылғандар саны – 320 адам;
Дебат – 3, қамтылғандар саны – 165 адам;
Флеш-моб – 1, қамтылғандар саны – 60 адам;
Әлеуметтік зерттеу – 1, қамтылғандар саны – 10 000 адам.
Әлеуметтік зерттеу сауалнамасына қамтылған 10 000 респонденттің 98%-ы қазақ тілі әліпбиінің кезең-кезеңмен латын графикасына көшетіндігі, оның негізгі аспектілері жөнінде жақсы таныс екендерін және бұл мәселеге қатысты оң пікірлерін білдіріп жүретіндерін көрсетті.
2018 жылдың 28 қараша – 28 желтоқсан аралығында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Латын» жылжымалы экспедициялық көрмесі ұйымдастырылды. Көрмені 2500-ға жуық адам көріп, тамашалады. «Латын» кітап көрмесінде 1929-1940 жылдар аралығында ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының сирек қорынан шығарылған қазақ тіліндегі 100-ден астам кітап ұсынылды. Көрме төрт бөлімнен құралып, оқулықтар, көркем, салалық, балалар әдебиеті мен мерзімді басылымдар жұртшылық назарына ұсынылды.
2018 жылдың қараша айында Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында бағдарламаны іске асыру шеңберінде және қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіруді түсіндіру, насихаттау, ілгерілету, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғалымдардың аталмыш тақырыптардағы көзқарастары мен ғылыми ізденістерін тыңдау мақсатында «Қазақтың ұлттық коды – төл жазу» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Жалпы 650 адам қамтылды. Аталмыш шараға Германия, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Қазақстан елінің ғалымдары және Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі, өңірлік тілдерді дамыту басқармаларының басшылары, қала, аудан әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары, жергілікті жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғалымдары, сала мамандары, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
Шарада негізгі спикерлер ретінде А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Әлімхан Жүнісбек, Әзірбайжан Республикасы, Баку мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Шамиль Садигов, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының хатшы-ғалымы, филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Хабиева, 29-Мамыр Стамбул университетінің профессоры Гоксель Озтюрк қатысты.
Конференцияның секциялық отырыстары келесі тақырыптар бойынша жалғасын тапты: «Жаңа әліпбиге көшу – Қазақстанның ұлттық стратегиялық мақсаты»; «ХХІ ғасырдағы ұлттық тіл және мәдениет сабақтастығы»; «Қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшу тәжірибесі, мәселелері және көшу жолдары» тақырыбындағы дөңгелек үстел; «Латын қарпі негізінде жаңа қазақ әліпбиін орта білім беру мектептеріне енгізу мәселелері мен келешегі» тақырыбындағы мектеп мұғалімдеріне арналған шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Аталмыш конференция ғалымдармен пікір алмасуға, теориялық және практикалық мәселелерді шешуде жәрдемдесуге мүмкіндік берді.
2018 жылы «Цифрлы әліппе» (www.elatyn.kz) интерактивті-ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе арқылы 2018 жылы 1800 адам оқып, сертификаттарға ие болды. Аталмыш жүйе 2019 жылда да жалғасын тапты. Қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстырудың негізгі аспектілері туралы азаматтардың ақпараттандыру деңгейін көтеру мақсатында «Цифрлы әліппе» (www.elatyn.kz) интерактивті-ақпараттық жүйесі бойынша 5556 адам онлайн курстардан өтіп, сертификаттарға ие болды.
«Цифрлы әліппе» жүйесі – мекеме қызметкерлеріне дербес компьютерлері және мекемедегі корпоративті жүйені қолдану арқылы латын графикасындағы жаңа қазақ тілі әліпбиін қашықтан оқытуға арналған жоба. Аталмыш жүйе арқылы тыңдаушылар жұмыс орындарында отырып, өздеріне ыңғайлы уақытта өз беттерімен қазақ тілінің жаңа жазуын оқып үйреніп, интерактивті жаттығулар арқылы алған білімдерін пысықтай алады.
«Цифрлы әліппе» жүйесінің құрылымы латын графикасына көшу бойынша әдістемелік дерекқордан, латын графикасындағы жаңа қазақ тілі әліпбиін оқыту бойынша онлайн режимдегі курстан, әртүрлі интерактивті жаттығулардан, онлайн дәрістер мен практикалық сабақтардан, тест тапсырмаларынан, әкімгермен кері байланыс құрылғысынан, оқу курстарының материалдары бойынша сөздіктерден, дыбыстық айтылым мен онлайн диктанттан тұрады.
2019 жылы Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығындағы «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» республикалық курсында облыстан 13 тыңдаушы сертификаттарға ие болды. Аталмыш курстан өткен тіл мамандары облыста өткізіліп жатырған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына тартылды.
2019 жылдың тамыз айында «Жаңа қоғамға – жаңа әліпби» тақырыбындағы дөңгелек үстел ұйымдастырылып, шара «Латын керуені» атты көшпелі семинар-тренингтердің ашылу салтанатымен жалғасты.
Семинар-тренингтер 2019 жылдан ағымдағы жылдың 12-27 тамыз аралығында облыс аумағының 12 ауданы, қала және 40 ауылдық елді мекенде өтті. Аталмыш шараларға лекторлар ретінде Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазы және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми қызметкері, ф.ғ.к., абайтанушы, ғалым Омар Темірбеков қатысты.
Сондай-ақ тренерлер ретінде Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында өткен 72 сағаттық республикалық оқыту курстарының сертификат иелері, тіл мамандары Ә. Сұлтанов, Г. Алғазы, А. Сабыр тартылып, практикалық жаттығулар өткізді. Шарада 5 мыңға жуық адам қамтылды.
2019 жылдың қыркүйек-қараша айлары аралығында облыстық сот, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент, Орал қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма, Ж. Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның БҚОФ, қалалық орталықтандырылған кітапхана, қалалық мәдени-ағарту бірлестігі қызметкерлері үшін 9 тақырыпты қамтыған «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» тақырыбында практикалық семинарлар ұйымдастырылды. Қысқа мерзімді курстармен барлығы 270 адам қамтылды.
Аталмыш семинарды Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында өткен 72 сағаттық республикалық оқыту курсының сертификат иегерлері, тренерлер Г. Алғазы, Ж. Джумагалиева, А. Тасимова, А. Сабырова, Г. Куанышева және А. Қайыров өткізді.
2019 жылдың 10 қазан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы таяу жылдары жүзеге асырылуы тиіс мәселелердің бірі – «Қазақ жазуын латын графикасына көшіру» бағдарламасын жүзеге асыру, сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға үлес қосып жүрген тіл жанашырларын Қазақстан Республикасы Президентінің және облыс әкімінің Алғысхаттарымен марапаттау мақсатында «LATYN FEST» жастар форумы өткізілді.
Форум аясында жастардың латын графикасындағы жаңа әліпбиге қатысты сауалдары мен сұраныстарына жауап берілді. Сондай-ақ жаңа әліпби мен емле-ережелер жастарға түсіндіріліп, жастардың заман талабына сәйкес дамуына қолдау көрсетілді.
Шараға Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Е. Тлешов, балалар жазушысы, әдебиет сыншысы, саясаттанушы, журналист, суретші, қоғам белсендісі, AmalBooks баспасының жетекшісі Б. Бұқарбай қатысып, баяндама жасады. Форум аясында ұйымдастырылған «Латын әліпбиін бірге үйренейік!» атты акцияға 400-ге жуық оқушы жас латын негізді қазақ әліпбиі бойынша оқылым, тыңдалым, жазылым дағдыларын қалыптастыруға бағытталған түрлі ойындарға қатысып, шағын сыйлықтар ұтып алды.
2019 жылдың 24 қазан күні облыстық тілдерді дамыту басқармасы Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» атты тіл форумына қатысты.
Тіл форумында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында көрсетілген мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың өзекті мәселелері талқыланды. Форум аясында әрбір облыстың мемлекеттік тіл саясатын жүргізу, соның ішінде латын әліпбиіне көшу бағытында жасалған жұмыстарын таныстыратын көрме ұйымдастырылды. БҚО тілдерді дамыту басқармасы аталған көрмеде латын негізді қазақ тілін үйренуге, оқытуға арналған әдістемелік құралдар мен ересек азаматтардың мемлекеттік тілді үйренуіне арналған оқулықтар мен әдістемелік құралдар, компьютерлік бағдарламаларды қатысушылар назарына ұсынды («Цифрлы әліппе» арнайы электронды интерактивті-ақпараттық жүйесі, пайдаланушыға арналған әдістемелік нұсқаулық, «Латын графикасы негізіндегі ресми жазылым», авторы — Б. Жексенгалиев, «Қазақ тілінен көмекші құрал. Грамматика + Практика», авторы — А. Абдульманов, «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері», «Ағылшын тілі бойынша әдістемелік құрал», «Латын негізді қазақ тілі емлесі ережелерін оқыту бойынша 9 сағаттық курстың дидактикалық материалдары, БҚО бойынша 1991-2019 жылдары өзгертілген әкімшілік-аумақтық бірліктер және олардың құрамдас бөліктері туралы анықтамалық, «Латын керуені» семинар-тренингінің материалдары, «Латын Фест» жастар форумының материалдары, тақырыптық бейнероликтер, «Латын әліпбиін бірге үйренейік!» атты бейнесабақтар және имидждік өнімдер мен үлестірмелі материалдар).
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да басқарманың көрмесімен танысып, оң бағасын берді. Сондай-ақ басқарма форум қатысушыларына арналған «Латын әліпбиін бірге үйренейік!» акциясын өткізді. Форумның «Өңірлердегі тілдік ахуал» атты пікір алаңында барлық өңірдегі мемлекеттік тілге қатысты өзекті мәселелер ортаға салынды. Форум аясында түскен ұсыныстар негізінде 2020-2025 жылдарға арналған «Мемлекеттік тіл және Қазақстан халқының тілдері» мемлекеттік бағдарламасының жобасына ұсыныстар жинақталды.
2020 жылы қалалық, аудандық, ауылдық, селолық округтерді қамтыған әр түрлі форматтағы (интеллектуалдық, викториналық ойындар, сайыс-сабақтар, ақпараттық-танымдық кездесулер, кітап көрмелері, диктанттар, онлайн-тренингтер, блиц-сауалнамалар, дебат сайыстары) 30-дан астам іс-шара жүзеге асырылып, 2 мыңға жуық адам қамтылды. Оның 20-дан астамы онлайн форматта ұйымдастырылды.
Интернет желісіндегі ZOOM қосымшасы арқылы «Латын әліпбиін білу – заман талабы», «Кітапханаларда латын әліпбиіне арналған бұрыштар, библиографиялық ақпарат қорларын жасақтау», «Латын әліпбиі – болашақ таңдауы», «Әлемдік өркениетке жол ашатын әліпби», «Латын графикасына көшу – заман талабы», «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру талабы» атты қалалық, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері мамандарының, оқытушылардың қатысуымен онлайн семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
2020 жылдың 14 ақпан және 5 наурыз күндері М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде тілші ғалымдар мен мектеп мұғалімдерінің қатысуымен латын графикасындағы жаңа қазақ әліпбиін ашық талқылау бойынша жиындар өтті.
Ашық талқылауларға қатысқан филология ғылымдарының докторлары Мұрат Сабыр, Ғабит Хасанов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Болат Жексенғалиев, филология ғылымдарының кандидаты Арон Құспанов, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті филология кафедрасының меңгерушісі Әскен Мұхамбетқалиев және басқа да тіл мамандары ұсынылған мәселелер бойынша, сонымен бірге әліпби құрамы мен жекелеген әріптерге қатысты өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Талқылау барысында ғалымдар болашақ әліппені барынша жетілдірудің қажет екендігін айтты. Ғалымдар арасында болашақ қабылданар жаңа әліппе «Ұлттық әліппе» болуы қажет деушілер басым болды. Қатысушылар болашақ жаңа әліппе қазақ тілін өзге тілдердің ықпалынан қорғай алатын әліппе болуы тиіс деген шешімге келді. Бұл ашық талқылаулар туралы ақпарат республикалық және жергілікті БАҚ беттеріне кеңінен жарияланды.
2020 жылғы 28-29 қазан аралығында қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиі бойынша кейбір диакритикалық таңбаларды қолданудың тиімді/тиімсіздігін анықтау мақсатында жоғары және арнаулы оқу орындарындағы филолог мамандар, мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, бастауыш сынып мұғалімдері арасында (120 адам) сынама сабақтар ұйымдастырылды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Батыс Қазақстан облысы филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев, жоғары, орта арнаулы және жалпы орта білім беру орындарының оқытушылары тарапынан қабылданған ұсыныстар жолданды.
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің «оқиғалар қатары» іс-шараларын ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы 60-тан астам материал республикалық (4), жергілікті (13) баспа беттерінде және танымал әлеуметтік желілерде (43) жарияланды.
Жергілікті «Орал өңірі» газетінің «Тіл-тұғыр» айдарында жыл бойы мемлекеттік тіл саясатын, соның ішінде жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесі ережелерінің негізгі аспектілері, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің жетістіктері туралы кеңінен насихаттауға арналған мақалалар топтамасы жарияланды.
Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының ресми интернет-ресурсында ашылған «Пайдалы сілтемелер» атты арнайы айдарға Qazlatyn.kz, Еlatyn.kz, Termincom.kz, Qazlatyn.kz, Sózdikqor.kz, Til-qural.kz, Tilalemi.kz» сайттарына сілтемелер бағыты, ережелер мен қайта кодтаушының онлайн нұсқасы орнатылды.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында мемлекеттік тапсырыс есебінен ағымдағы жылы 10 (5 мемлекеттік тілде / 5 орыс тілінде) танымдық-насихаттық бейнеролик топтамасы жасақталып, жергілікті «Aqjaiyq» телеарнасы арқылы «Қазақстандық IT-жобалар» және «Казахстанские IT-проекты» тақырыптарындағы бейнероликтер эфирге шығарылды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан дайындалған 21 түсіндірмелі бейнеблок және 10 вирустық ролик басқарманың ресми интернет-парақшасының «Медиагалерея» бөліміне орналастырылды және фейсбук парақшасында жарияланды. Сондай-ақ WhatsApp желісі арқылы да кеңінен таратылды.
Света ГАНИЕВА,
Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы