ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ҰЛТТЫҚ ӘЛІПБИ ҚАЖЕТ

Мұрат САБЫР,

филология ғылымдарының докторы,профессор,

Орал қаласы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев 2017 жылы 26 қазанда "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" Жарлығына қол қойды. Бұл – егемен ел тарихындағы ұлы бетбұрыс, рухани тәуелсіздікке жетудің бірден-бір жолы. Жаһандану заманында латын графикалы жаңа әліпби қабылдаудың өзіндік жақсы жақтары бар екенін көзіқарақты жанның бәрі біледі. Ол – түркі әлемімен жақындасу, әлемдік ақпараттық кеңістікке шығу, әлемнің әр қиырындағы қандастарымызбен байланыс орнату т.б. Ең бастысы, орыс тілінің ықпалынан құтылып, отарлық санадан арылып, ұлттық әліпбиге қол жеткізу болатын. Өкінішке орай, соңғы екі-үш жылдың көлеміндегі әліпби жөніндегі айтыс осы арманды алыстатып, орындалмас қиялдай етіп бара жатқан сияқты. Мәселені ушықтырып отырған өзге емес, өзіміз. Түп басында үкіметке ұсынылған әліпби жобаларының қисынсыздығы болды. Ұсынылған үш жоба да халық тарапынан қатаң сынға ұшырады. Енді орфографиялық топ жетілдірілген төртінші жобаны қайта ұсынуда.

Осы жетілдірілген жобаны қолдап, аса құрметті бір топ тарихшы, әдебиетші ғалым бас газетке мақала да жазды. Әрине, ниеті дұрыс, ағалық, ақсақалдық ақыл айтқан жөн. Бірақ Әбіш Кекілбаев айтқан «ұлт мүддесі мен ел игілігі «екі тепкі – бір қамшы» белсенділікті көтермейді. Әліпби – өте нәзік мәселе, тұтас ұлттың тағдыры. «Көш жүре түзелер» деген мәселе бұл жерде жүрмейді. Әліпби ауыстыру – ұлттық жауапкершілік.

«Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек» деп ҚР Президенті Қ. Тоқаев тапсырма берсе де, ұсынылып отырған жетілдірілген әліпбидің әлі де жетімсіздігі көрініп тұр. Бұл әліпби қазақ тілінің дыбыстық қорын толық қамтиды деп мақтанамыз. Әрине, қазақ тілінің дыбыстық қоры қазақ әліпбиінен орын алмаса, не болады?!

Кирилл графикасындағы 42 әріптен 31 әріпке азайттық, үнемді жазуға қол жеткіземіз дейміз. Әріптің азаюын қолдасақ, неге Әлімхан Жүнісбек ұсынып отырған 28 әріптен тұратын ұлттық жобаны қабылдамаймыз? 28 әріп үнемді ме, 31 әріп үнемді ме? Әлімхан ағамыз «Алыптар адасса, ақырзаман болады, алыптар адаспасын» деген мақаласында жетілдірілген әліпбидің жетілдірілмеген кемшіліктерін соқырға таяқ ұстатқандай етіп түсіндірді. Оны қайталап жатудың қажеті жоқ. Тілдің дыбыс жүйесін өмір бойы зерттеп жүрген Әлімхан ағай сияқты нағыз маманның сөзіне тоқтамау арсыздық не көрсоқырлық болар. Бас газеттегі «Әліпби реформасы – рухани жаңғырудың өзегі» атты мақалада «Жетілдірілген әліпбидің бір мықтылығы – кирилл графикасындағы еріндік ұ, ү, у дыбыстарының ортақ таңбалану жүйесі u, ū, ü болып көрініс тауып тұр» депті. Бұл да әліпбидің жетілмеген тұсы. Біріншіден, үш дыбысты бір-біріне жақын, ұқсас әріптермен белгілесек, болашақ ұрпақ ұ мен ү-ні ажыратпай, оның үстіндегі белгілеріне қарамай, бәрін у деп оқып кетуі әбден мүмкін. Қазақ тілінің басқа түркі тілдерінде кездеспейтін өзіндік ү, ұ дыбыстарын жоғалтып алу қаупі бар. Бұндай дыбыс жоғалту түрік тілдері тарихында болып тұрған. Әліпби рефоромасында түріктер қ дыбысын, татарлар ғ дыбысын жоғалтып алған. Умляут жіңішкелік белгіні атқарып ү (ü) болып тұрған соң ұ (ū)-ның үстіне қосымша белгінің қажеті жоқ. Ал дауыссыз у-ды Әлімхан ағай ұсынған w-мен белгілеген жөн. Шет тіліндегі w-дың қызметі көп, бір қызметі – дауыссыз дыбысты белгілеу.

Әліпби түзіп, емле жасаудағы басты кемшілік – «бірде дауыссыз, бірде дауысты у, и» деген қағидадан арыла алмай, баяғы ескі сүрлеумен жүріп отырғандығымыз. Бұл жолмен жүрсек, тіліміз шалажансар реформаланып, әріп ауыстырудан әрі аса алмаймыз. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев «Біз латын әліпбиіне Орталық Азия мемлекеттерінің тәжірибесін ескере отырып, қолдан жеделдетпей, біртіндеп ауысамыз. Мәселе әліпбиді жай ғана кирилл қарпінен латынға көшіру емес, қазақ тілінің емлесін қайта құруда болып отыр» деген жоқ па? Мына жетілмеген «жетілдірілген» әліпбимен қазақ тілінің емлесін қалай құрамыз?

Дауыссыздан кейін тұрған қазіргі /и,у/ әріптерінің құрамын [ый/ій,ұу/үу] түрінде таратып жазбасақ, емле сол баяғы шала күйінде қалғалы отыр. Емле түзушілердің бойында «Егер у мен и-ды таратып жазсақ, кірме сөздерді қалай жазамыз, үйреніп қалған ізден айнып кетпейміз бе, түпнұсқадан (орыс тілі, ағылшын тілі т.б.) алшақтап кетеміз бе?» деген қорқыныш бар сияқты. Сондықтан емледе кірме сөзге арнайы бөлім арнап, 22 параграфпен талдапты. Бір өрескелі – кірме сөздерді жазуда тілдің негізгі үндестік заңы әдейі бұзылған. Мәселен, älbom, bälzam, fölklor, medalön, bаtalön, ansämbl т.б. Халел Досмұхамедовтің «Өзінің заңымен өзгертпей, қазақ тілі ішіне ешбір жат сөзді алмайды, кіргізбейді. Бұл – ақиқат нәрсе» дегені қайда қалды? Әлде «Елдің тілі бұзылуына, ең алдымен, оқығандары себеп болады» дегені шын болып тұр ма? Түптеп келгенде, Халел Досмұхамедов айтқан «Аурупа сөздерін орыстың айтуынша қолданып жүрміз. Бұл дұрыс емес, аурупа сөзін асыл нұсқасынан алып, өзгертіп қолдану керек» деген тұжырымын басшылыққа алу керек. Орыс тіл білімінде фонетикалық игеру деген ұғым бар. (Фoнeтичecкoe ocвoeниe – этo измeнeниe звyкoвoгo oбликa cлoв в cooтвeтcтвии c зaкoнaми пpинимaющeгo языкa). Кірме сөзді қабылдаушы тілдің өзіндегі бар дыбыспен айта алуы, ұлттық дыбыс жүйесімен игеруі. Мысалы, сол орыс тілінде көмей h дыбыс жоқ, ол г дыбысымен ауыстырылады: гapмoния (<гpeч. harmonia), гayптвaxтa (<нeм. Hauptwache), гopocкoп (<гpeч. horoskopos). Бұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Қазақ тілінің 28 дыбысы қай тілден енген кірме сөзді айтуға да, жазуға да құдіреті келеді. Бірақ тілдің бұл қасиетін кирилл әліпби қабылданған жылдардан бері ескерілмеді, қасақана бұзылды. Қазір өз дыбысымыздан өзіміз жиіркенетін жағдайға келдік. Біздер орыс тілінің заңдылығымен Америка десек, орыс тілінің ықпалына ұшырамаған Қытайдан келген қандастарымыз Әмірійкә дейді. Бірақ орыс дыбысы құлағымызға сіңген біздерге қытайлық қандасымыздың айтқаны жағымсыз естіледі. Бір жақсы ағамыз «әртіс» дегенге ренжіп, мен «актермын» деп еді. Мәселе осында болып отыр. Кірме сөз де, термин сөз де қазақ тілінің заңдылығына, дыбыс жүйесіне бағынып жазылады деген заңды қабылдамай, іс түзелмейді. Түзу емлеге ұлттық әліпбисіз қол жеткізе алмаймыз. Қазақ тілі білімінде соңғы елу жылда орфография мен орфоэпия әдейі ажыратылған. Қазақ тілі «ит» деп жазып, «шошқа» деп оқитын ағылшын тілі емес. Тіліміздегі жат дыбыстардан, яғни жетілем деп жетілмей қалған әліпбидегі в, ф, и, х, һ дыбыстары таңбаларынан арылмай, түзу емле жасау мүмкін емес. Жат дыбыс әрпі жат тіл заңдылығын өзімен алып жүреді. Оқушы «Мен рақымет, Ақымет, дастарқан деп айтамын, неге рахмет, Ахмет, дастархан деп жазуым керек?» десе, қалай түсіндіреміз? Қара қазақ баяғыдан Алла тағала дейтін еді, осы күнгі діншілдер Алаһ тағала деп қақылдайтын бопты. Қанша айтса да, араб тілінің көмей дыбысын айта алмаймыз. Айта алмайтын дыбыс әрпін әліпбиге жүктеп не керегі бар? Қазақтың құдіретті қ дыбысы өзіне сәйкес айтылатын барлық дыбысты ауыстыра алады. Ал заводты зауыт деп отырып, вагонды багон десек, пойыз жүрмей қала ма? Кірме сөздердегі и мен у-ды таратып жазбай-ақ, қазақ тілінің сәйкес дыбыстарымен ауыстыру тілімізде бұрыннан қалыптасқан заңдылық болатын. Бексұлтан Нұржекеев ағамыз жазғандай, «Министрді міністір десек, ешкім тағынан түсіп қалмайды». Машинаны мәшін//мәшіне десек, сынып қалмайды. Академик Ә. Қайдаров негізін салған, Әлімхан Жүнісбек ұсынып отырған 28 әріптен тұратын ұлттық әліпбиді қабылдап, болашақта орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктерді ажыратпай, бір кітап етіп шығару керек. Мақсат – қазақ тілінің ұлттық әуезділігін сақтау. «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқан емес пе?! Әліпби санасы орыс тілінің ықпалына ұшыраған бүгінгі қазақтар үшін емес, болашақ жас ұрпақ үшін жасалу керек. Әліпби түзелмей, ел теңелмейді. Ұлттық әліпбиге қол жеткізу рухани тәуелсіздіктің салтанат құруы болмақ.

Қаралым саны 550

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463