Ұлттық музей Орталық Азиядағы ең үлкен әрі заманауи техникалық құралдармен жабдықталған музейлердің бірі болып табылады. Музей бірнеше экспозициялық алаңнан, көрме залдарынан, тарихи жәдігерлерді сақтайтын қорлардан, ғылыми зертханалардан және тағы басқа да құрылымдардан тұрады.
2014 жылы ашылған уақытынан бастап ҚР Ұлттық музейі көптеген құнды жәдігерді жинақтап, өз қорын толықтырып үлгерді. Бүгінде экспонаттар қоры 202 220 сақтау бірлігін құрайды. Бұл, әрине, музей қызметкерлерінің терең ғылыми ізденістерінің нәтижесінде мүмкін болды. Мысалы, музейдің ғылыми қызметкерлері 2020 жылдың өзінде 6 монография, 2 кітап, 1 каталог, 1 энциклопедия, 108 ғылыми мақала жариялап,14 ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастырды.
Биыл – еліміз үшін өте маңызды жыл. Өйткені мемлекетіміздің ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 30 жыл толып отыр. Осыған орай Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – көрме жұмыстарын ұйымдастыру. Мысалы, 5 ақпан күні ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Таң шолпан» Халықаралық тәуелсіз суретші әйелдер қорының (ХТСӘҚ) «Таң Шолпан» атты көрмесі ұйымдастырылды. Аталмыш көрме аясында алдымен өнертанушы ғалымдар мен өнер қайраткерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, егемендіктің 30 жылы ішінде өнер саласында қол жеткен жетістіктер мен өзекті мәселелер талқыланды. Жиын барысында ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин, Қ. Сәтпаев атындағы мемлекеттік политехникалық университетінің архитектура және дизайн кафедрасының профессоры, «Таң Шолпан» ХТСӘҚ мүшесі Гүлнәр Мәуленова, ҚазҰӨУ «Өнертану» кафедрасының профессоры, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық өнертанушы-сыншылар ассоциациясының (АІСА) мүшесі, өнертану ғылымдарының кандидаты Ардақ Юсупова сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Бұл көрмеге еліміздің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін кескіндемелік, графикалық жұмыстар, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындылары (гобелендер, киізден жасалған панно, ши өрімі) қойылып, барлығы 50-ден астам кәсіби суретшінің жұмысы көпшілік назарына ұсынылды.
Ақпанның 12-сі күні Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ұстаз, ҚР Дизайн академиясының академигі, суретші Төлеғазы Байғалиевтің «Туған өлке» атты жеке көрмесінің ашылуы өтті. Шара барысында ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркемөнер академиясының академигі, ҚР Көркемөнер академиясының вице-президенті Сақыпов Ерлан, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Динара Нугер суретшінің картина жазу мәнері мен техникасының ерекшелігіне, тұлғалық қасиетіне баса назар аударды. Экспозицияда суретші Т. Байғалиевтің 100-ге жуық көз тартарлық сұлулығымен ерекшеленетін пейзажы мен терең тарихтан сыр шертетін өнер шығармалары қалың жұртшылық назарына ұсынылды.
19 ақпан күні ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» және III дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Түлектер қауымдастығының президенті, Құрметті профессоры Төлеубек Мұқашевтың «Балалық шаққа саяхат» атты жеке көрмесі ашылды. Шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған көрменің маңыздылығына тоқталса, ҚР мемлекет және қоғам қайраткерлері Бірғаным Айтимова, Бақытжан Жұмағұлов, Жақсыбек Құлекеев суретші туындыларының келешек ұрпақ үшін таусылмас рухани азық болатындығын атап өтті. Суретші Төлеубек Мұқашевтың экспозицияға ұсынған 50-ге жуық картинасында қызғалдағы жайнаған дархан дала, тыныштыққа бөккен табиғат тылсымы анық сезіледі.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР Ұлттық музейі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті бірлесе отырып «Спорт батырлары» жобасын қолға алды. Осы жоба аясында 2021 жылғы 4 наурыз күні грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченкомен кездесу және жеке құнды заттарын ҚР Ұлттық музей қорына салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сапиев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының спорттық шараларды өткізу және ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Владислав Есипов, Күштік спорт түрлері бойынша төрт дүркін әлем рекордшысы, Гиннес кітабының рекордшысы және алты мәрте Қазақстан рекордшысы, елімізге танымал палуан Сергей Цырульников қатысып, өз ойларымен бөлісті.
Жиын барысында Олимпиада чемпионы спорт мектептері оқушыларының сұрақтарына жауап бере отырып, болашақ чемпиондарға жеңіске жету жолында аянбай еңбек ету керектігін жеткізді. Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, қолтаңба алды.
Егемендіктің 30 жылдығына орай Ұлттық музей «Музейге сый тарту» акциясын жалғастырып келеді. Соның нәтижесінде музей қоры құнды тарихи, мәдени жәдігерлермен толығуда. Мысалы, 26 ақпан күні белгілі меценат, «Тілеп» қайырымдылық қорының президенті, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, «Алтын адам» номинациясының екі мәрте жүлдегері Сапар Ысқақовтың ҚР Ұлттық музейі қорына Түркі кезеңіне жататын қобыз көшірмесін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.
Бұл қобыздың табылуының өзіндік тарихы бар. 2014 жылы Ә. Марғұлан атындағы археология институтының қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Зейнолла Самашев бастаған экспедиция Қарақаба өзенінің (Шығыс Қазақстан облысы) жоғарғы ағысы тұсынан VІ ғасыр, яғни түркі кезеңі жауынгерлерінің жерленген жерін тапқан болатын. Қазылған 3 обадағы әр жауынгердің қасынан қару-жарақпен бірге қобыз табылған екен. Бұл сол кездегі ата-бабаларымыздың қобыз тартып, өнерді ерекше құрметтегендігін білдіреді.
Наурыздың 2-сінде танымал мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ мәдениетінің жанашыры Иманғали Тасмағамбетов ҚР Ұлттық музейіне арнайы келіп, ел ішінде Адай ері деген атаумен белгілі ақбас қозықұйрық ерін сыйға тартты. Бұл құнды тарихи жәдігер Атырау, Маңғыстау өңіріне тән қолөнер дәстүрінде жасалған және уақыты жағынан ХVIII ғасырдың 50-60-шы жылдарына жатқызуға болады.
Өз кезегінде ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы қадірлі мейман Иманғали Тасмағамбетовке құнды жәдігерді сыйға тартқаны үшін алғысын білдірді. Танымал тұлға осы уақытқа дейін жеке коллекциясынан 1381 көне жәдігерді, соның ішінде 47 ат әбзелін Ұлттық музей қорына тапсырған болатын. Іс-шара соңында Иманғали Тасмағамбетов музей ұжымымен пікір алмасып, қазақ мәдениетін кеңінен насихаттауға қатысты ойларымен бөлісті.
Алдағы уақытта да ҚР Ұлттық музейі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай бірқатар маңызды іс-шараны ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында «Ұлық Ұлыс», «Қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасы» залдарын ашу, «Тәуелсіздік жолы: қалыптасуы, дамуы, келешегі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу, «Тәуелсіздік табиғаты» атты заманауи суретшілердің республикалық конкурсын ұйымдастыру және тағы басқалары бар.