БӨКЕЙ ОРДАСЫНА – 220 ЖЫЛ!

«Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» аясында жалпыұлттық қасиетті нысандардың қатарына «Бөкей ордасы» тарихи-музей кешені енген болатын. Автор мақаласында тың деректер ұсынумен қатар алдағы уақытта атқарылуы тиіс шараларға тоқталуы бұл бағытта әлі де жүйелі жұмыстың жалғасатынын аңғарамыз.

Саялбек ҒИЗЗАТОВ,

ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы,

тарих ғылымдарының кандидаты

 

Биыл шежіре тұнған құт мекен – Бөкей ордасының құрылғанына 220 жыл толып отыр. Ішкі Орда тарихына қатысты көптеген зерттеуші мен жазушы талмай қалам тербегенімен, оның бізге беймәлім тұстары жеткілікті.

 

Бөкей ордасының құрылуына байланысты тың деректер

Ішкі Орданың құрылуында сұлтан Бөкей Нұралыұлының рөлі зор екендігі белгілі. Алайда халық санасында оған дейін атақонысқа ұмтылғандар болмаған деген пікір орнығып қалған. Дегенмен 1771 жылы Еділ қалмақтарының өз Отаны – Жоңғарияға жөңкіле көшуі салдарынан Еділ мен Жайық аралығындағы тарихи мекенін қайтарғысы келетін қазақтардың қатары көп болды. Әсіресе, ХІХ ғасырдың басында, яғни 1801 жылдан бастап Кіші жүз қазақтарының кейбір тобы Ресей патшасынан ішкі тарапқа түпкілікті орнығу үшін арнайы рұқсат сұрағандығын байқаймыз. Ең алғаш болып ноғай руының старшыны Ислам Құрманқожаев 100 шаңырақпен өтуге ниет танытқан екен. Ізінше 1801 жылы 11 ақпанда Кіші жүздегі Хандық кеңестің төрағасы Бөкей сұлтан Орынбор губернаторы Н.Н. Бахметевке емес, Грузия және Астрахань губерниясының басшысы К.Ф. Кноррингке Жайық пен Еділ өзендері аралығына көшу жөнінде өтініш білдірген. Бөкей Нұралыұлымен бір мезгілде Кіші Ордадағы кердері руының старшыны Тілеп Қайбашев Астрахань маңындағы далаға орнығуды жоспарлаған. Ол тек басқаша жолмен, яғни Орал әскери кеңсесі арқылы қимылдаған. Кіші жүз қазақтарының Қосөзенге осындай қарқынмен ұмтылуы жоғарыда көрсетілген үш адамнан басқа «ресми рұқсат» сұрағандар санының көп болғандығын болжауға мүмкіндік береді.

Бізге белгілі болып отырған ішкі тарапқа өтуге ниет білдіруші қазақ басшыларының әрқайсысының өзіндік мүддесі болған. Старшындар И. Құрманқожаев пен Т. Қайбашев өз руларын экономикалық тығырықтан шығару арқылы биліктерін сақтап қалуды мақсат тұтқан. Олар қарасүйектен шыққандықтан, жоғарғы хандық билікті армандамайтын еді және сол себепті қай күнде болсын, жеке бастарын тәуекелге тіге алды. Ал Бөкей Нұралыұлының жөні де, мақсат-мүддесі де алдыңғы екеуіне қарағанда өзгешелеу болған. Арғы тегін Шыңғыс ханнан тарататын сұлтандар тобынан шыққан ол Кіші жүздегі жоғарғы биліктен дәмелі еді.

Патша үкіметі ішкі тарапқа өтуге ниет танытқан басшылардың жеке мақсат-мүдделерін сарапқа салып жатпады. Кіші жүзді саяси жағынан әлсіретуді көздеген Ресей Қосөзен аралығына бүйрегі бұрған қазақ басшыларына ресми рұқсаттарын бере бастады. 1801 жылы 25 ақпанда Ресей патшасы полковник П.С. Поповтың атына старшын И. Құрманқожаевты ноғай руының 100 түтінімен Орал даласына өткізу жөніндегі рескриптісін шығарды. Ал 1801 жылдың 11 наурызында I Павел патша Кавказ шебінің басшысы К.Ф. Кноррингтің атына Бөкей Нұралыұлын бодандыққа қабылдау жөніндегі Жарлығын жолдады.

Кезек кердері руының старшыны Тілеп Қайбашевқа жеткендей болды. Ол алғашында өз туыстарымен ғана өтетінін айтып, кейіннен 1000-нан астам шаңырақты әкелуге уәде еткен. Т. Қайбашевтың өтінішін қабылдап алған Орал әскери кеңсесі оны Ресей Сенатының қарауына жіберген. Бөкей Нұралыұлымен бір мезгілде арыз жазған кердері руы старшынының ісі 1801 жылдың маусым айына дейін ұзап кетуіне қарағанда, Кіші жүз қазақтарының ішкі бетке өтуіне қарсы саясат ұстанған Орал әскери кеңсесі аталмыш өтінішті Сенатқа кеш жолдаған секілді. Себебі ноғай руының старшыны И. Құрманқожаев пен Хандық кеңес төрағасы Бөкей сұлтанның өтініштері бір ай көлемінде қанағаттандырылған. Ал Т. Қайбашев ісі 4 айдан соң, яғни 1801 жылдың маусым айының басында ғана Сенаттың талқысына түскен. 1801 жылы 20 маусымда осы жайттар туралы мәлімет жинау жөнінде нұсқау алған астраханьдық басшы К.Ф. Кнорринг бұл істі П.С. Поповқа тапсырған. Осы тапсырмамен жұмыстанған генерал Медердің анықтауы бойынша, «Т. Қайбашев қарасүйектен шықса да, арғы тегі атақты, даңқты адамдар болған. Өзі ақылды, адал, мейірімді адам болғандықтан, Орда халқы арасында сыйлы. Жергілікті халық жоғары мәртебелі хан мен басқа да қазақ сұлтандарының бұйрығын орындағаннан гөрі Т. Қайбашевтің ақылына өз еріктерімен жүгінеді» екен.

Сенаттың нұсқауын орындауға кіріскен П.С. Попов Т. Қайбашевтің Жайық өзені бойынан көшіп кеткенін естиді және оның қайда жол тартқаны белгісіз болып шығады. Біздің ойымызша, Т. Қайбашев патша үкіметінен ұзақ хабар келмегесін даланың ішкі бөлігіне көшіп кетсе керек.

 

Рақыметті Бөкей хан өткен...

1801 жылы атақонысқа түпкілікті оралған қазақтар біраз қиындықты басынан өткерді. Алғашында Еділ-Жайық аралығын қазақтар емін-еркін жайлағанымен, біртіндеп олардың қонысы Орал казак әскерлері, князь Н.Б. Юсупов, граф И. Безбородко секілді отарлаушы патша үкіметі қолшоқпарларының тарапынан шектеле бастайды. Мұрағат құжаттарынан жайылым үшін таластың ашық тонауға ұласып отырғандығын, ал бұл мәселелерді шешуде Бөкей ханға негізгі күштің түскендігін байқаймыз. Бөкей сұлтан, ең алдымен, Ішкі Орда шекарасын нақтылауға ұмтылып, 1803, 1806-1808 жылдары Орал әскери кеңсесінен бастап, Орынбор генерал-губернаторы және І Александр патшаға өтініш жолдаумен болды.

Алайда отаршыл Ресей империясының көздеген мақсаты бөлек еді. 1811 жылы күзде хандық билікті күштеп жоя алмаған орыс саясаткерлері Ішкі Ордаға және Кіші жүзге бөлек-бөлек хан сайлап тынды. Бөкей сұлтанды хандыққа көтергендер қатарында Сары, Ниязғали Есімұлдары, Нұралының барлық ұлы, Кіші жүздегі Батыр хан ұрпақтары – Есенгелді, Сирек, Жарық Қарабайұлдары, Орта жүзден Қайып хан ұрпақтары – Жантөре Жиһангерұлы (Бөкейдің күйеу баласы), Нұрмұхамбет Жиһангерұлы және өзгелері болған.

1812-1815 жылдары Бөкей хан өзінің басқару мүмкіндігін кеңейтіп, айналасына беделді сұлтандарды, старшындарды жинады. Оның алдында жайылым мәселесі, Ішкі Ордадағы қоғамдық-саяси қатынастарды реттеу және тағы басқа да мәселелер тұрды. Ол өмірінің соңына дейін Орал казак-орыстармен, Еділ қалмақтарымен, қондырау татарларымен, орыс помещиктерімен тілімдей жер үшін күрес жүргізді.

Әр түрлі келеңсіз оқиғаларға қарамастан, Бөкей хан тұсында Ішкі Орда қазақтарының әлеуметтік жағдайы жақсарып, көшпелі халықтың мерейі артты. Жылдар бойы тусырап жатқан шұрайлы далада мал көбейіп, сауда өсіп, дәулет артты. 1802 жылы хандықтағы халық саны 6300 шаңырақты құраса, 1814 жылы 8500 шаңыраққа ұлғайды. Ал төрт түлік саны 3 миллионнан асып жығылды. Бөкей сұлтан тұсында бөкейлік қазақтар көршілес халықтармен сауда жүргізген.

Бар ғұмырын өз хандығының жерін қорғауға, халқына қызмет етуге арнаған Бөкей хан 1815 жылы 21 мамырда кешкі сағат 21.00 шамасында шемен ауруының дендеуіне байланысты көз жұмады.

Замандастары Бөкей ханның ел арасында аса сыйлы болғандығын атап өткен. Оның ауыз толтырып айтарлықтай байлығы болмағандығы жөнінде де аңыз-әңгімелер бар. Тіпті хан қайтыс болған кезде Жәңгір сұлтан Астраханьға губернаторға бару үшін атақты бай татар Дәуіттің баласының киімін алған деседі. Бөкей татарша сауаттылығымен, ақылдылығымен, батылдығымен көзге түскен. Оның бірінші әйелінен Тәуке, Әділ, екінші әйелі Атаннан Жәңгір, үшінші әйелі шеркеш Жұмадан Меңдігерей туған.

Елді сауаттандыру, мәдениетке көп көңіл бөлген Бөкей хан заманының заңғар ұлы бола білді. Прогрессивті әрі өміршең саясат ұстанған Бөкей саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуда үлкен жетістіктерге жете білді. Ол халықтың әл-ауқатын арттыру үшін сауда ісін жаңғыртуға да жан-жақты жағдай жасады. Билеушісіне, көсеміне риза болған халық «хан Бөкейдің тұсында секер шайнап, бал жұттық» деп текке айтпаса керек. Сонымен қатар Жанұзақ жыраудың:

Байларға құба жайлатқан,

Жарлыға мыңдап жылқы айдатқан,

Алтынды тақтың үстінде

Рақыметті Бөкей хан өткен, - деп жырлауында тарихи шындық жатыр. Одан әрі жыраудың:

Ежелгі Бөкей барында

Толықсып жайлап еді біздің ел, - деп жалғастыруы сол заманның тынысын айқын бейнелейді.

 

Шығай сұлтан: «Қазақ халқын отырықшылық өмірге үйреткім келеді»

1815 жылы Бөкей хан дүниеден өткен соң билік уақытша оның інісі Шығай Нұралыұлының қолына өтті. Алайда өз тарапымыздан Нұралы ханның осы ұлының саяси сахнаға бұдан әлдеқашан бұрын көтерілгенін атап өтеміз. Ол ел басқару ісіне ерте араласқан және Орданың алғашқы ханы оған кез келген мемлекеттік істі сеніп тапсырған. Ішкі Орданы басқару жөніндегі Уақытша Кеңес төрағасы қызметін атқарған И.С. Ивановтың мәлімдеуінше, Бөкей Нұралыұлы хан болып тағайындалған соң да Жайық беттегі өзіне қарасты қазақтарды билеуді інісі Өзбекқалиға, ал ішкі тараптағы хандықты Шығайға жүктеген. Осы келтірілген мәліметтерге сүйеніп, 1815 жыл қарсаңында Шығай Нұралыұлының ел басқару ісіне әбден дайын болғандығын байқаймыз.

Шығай сұлтан билігі кезіндегі Бөкей ордасындағы аграрлық қатынастар шиеленісе түсті. Жерді пайдаланудың рулық қауымдық түрі үстемдік еткенімен, жайылым мен шабындықтың жетіспеушілігі айқын сезілді. Осы кезеңде алғаш рет ерікті және еріксіз түрде жерді жалға алу дүниеге келді.

Климаттың қатаңдығы, құбылмалылығы көптеген көшпеліні, оның ішінде Шығай сұлтанды үй, жертөлелер салуға мәжбүрлеген. Ішкі Орда билеушісі өз ағасы секілді хандық халқын отырықшылыққа баулығысы келді. Бұл жайында ол 1820 жылдың 28 қаңтарында Астрахань казак әскерінің атаманы В.Ф. Скворцовқа: «Қазақ халқын отырықшы өмірге үйреткім келетіні сізге бұрыннан белгілі. Оларға үлгі көрсетпек мақсатта менің үй салуыма ағаш және дайын құрылыс материалдарын жіберуіңізді сұраған едім» деп жазды. Ал бұған ықпалын тигізген факторды губернатор П.К. Эссенге былайша көрсеткен: «Үй тұрғызуыма қазақ халқын үлкен шығындарға ұшыратқан ауыр қыс әсер етті». Осылайша, 1820 жылдың жазында Каспий теңізі жағалауындағы Коневск постына жақын жерде Шығай сұлтанға тиесілі үй бой көтерген.

Шығай Нұралыұлы билігі тұсында Бөкей ордасының мал шаруашылығы қарқынды дамып, сандық көрсеткіш бойынша бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Табиғи жұт кесірінен көптеген малынан айырылып отырса да, бөкейліктер төрт түлігін аз уақыт ішінде көбейтіп алған. Мысалы, 1821 жылы Бөкей ордасында 92 643 түйе, 497 818 жылқы, 178 230 ірі қара, 4 849 809 қой, 652 195 ешкі, барлығы 6 264 695 мал болған. Бұл халықтың әл-ауқатының жақсы болғандығын көрсетеді.

 

Жәңгір хан реформалары және олардың нәтижелері

Бөкей хан көзі тірісінде хандық билікті ұлы Жәңгірге аманаттаған болатын. Жас сұлтан 1821-1823 жылдар аралығында хандық тақты иелену жолында белсенді күрес жүргізді. Нәтижесінде 1823 жылы 22 маусымда І Александр патша Жәңгір Бөкейұлын хан етіп тағайындау туралы арнайы грамотаға қол қойды.

Жәңгір хан қазақ тарихындағы қарама-қайшылыққа толы тұлға болды. Кеңес идеологиясында үстемдік еткен «таптар күресі» принципіне байланысты біз оның қоғамдық-саяси қызметіне біржақты қарауға мәжбүр болдық. Кейін еліміз Тәуелсіздік алған соң «Жұрттың хандары жақсы, ал неге біздің хандар жаман болған?» деп ойлана бастадық.

Жәңгір хан билікке келісімен жер реформаларын жүргізуге кірісті. Көпшілік ойлап жүргендей, ол тек шұрайлы жерлерді өз туыстары арасында бөліске салумен ғана айналыспады. Оның жер реформаларын біз зерттей келе, екі кезеңге бөлдік. Бірінші кезең, яғни 1825-1830 жылдарда Жәңгір хан Орда территориясын нақтылап, шекараны шегендеуге ұмтылды. Бұл кезеңде қазақ-татар, қазақ-қалмақ, қазақ-орыс арасындағы жер даулары қарастырылды. Еділ-Жайық аралығын мекендеген халықтарды өзара қырқыстыру саясатын ұстанған Ресей империясы жер мәселесін шешуге еш асықпаған болатын. Жер реформаларының екінші кезеңі, яғни 1831-1845 жылдары сыртқы жаулармен күрес жалғасқанымен, ішкі жер реформаларын жүргізуге басымдық берілді. Дегенмен ел ішінде жүргізілген жер реформалары тек азшылықтың көсегесін көгертті, ал көпшіліктің экономикалық сұраныстары ескерілмеді. Өз туыстары мен айналасындағыларға шұрайлы жайылыстарды тарату арқылы қатардағы халықты оларға тәуелді етіп қойды. Осылайша, ішкі жер саясатының басты кемшіліктері көпшілік тұрғындардың жерсіз қалуынан, әлеуметтік жіктелістің күшеюінен, парақорлықтың жаппай етек алуынан, мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауынан, елдегі ұрлық-қарлықтың артуынан анық көрінді. Нәтижесінде Бөкей ордасында 1836-1838 жылдары И. Тайманов пен М. Өтемісов жетекшілік еткен ұлт-азаттық қозғалыс және 1842-1843 жылдары А. Қошаев пен Л. Манатаев бастаған күрес болып өтті.

Жәңгір ханның басқа қазақ хандарынан ерекшелігі – оның еуропалық өмірмен жақсы таныс болуында. Астрахань губерниясында білім алып, кейін елге оралған соң ауыл шаруашылығына қатысты газет-журналдарды оқыған ол экономика саласын жетік меңгерді. Нәтижесінде 1832 жылы алғаш рет жәрмеңке ұйымдастырып, сауданың көрігін қыздырды. Мысалы, 1833 жылы ұйымдастырылған жәрмеңкеге 562 971 мың бас мал әкелініп, 339 174 сомның тауары сатылды. Жылына 2 рет өтетін бұл жәрмеңкеде хан кеңсесінің мәліметі бойынша, 1839 жылы даланың әр түкпірінен сатуға 4 122 бас ірі мал (түйе, жылқы, мүйізді ірі қара), 68 498 қой, 6 419 пұт жүн, 30 009 дана тері-терсек әкелінген. Ал өзге елдерден келген саудагерлер жібек, қағаз, нан, шай, қант, кірпіш, ыдыс аяқ және тағы басқа тауарларды әкелген. Сонымен қатар жәрмеңкеде ұрлық, жанжал секілді келеңсіздіктердің болмауы үшін уәзір-сұлтандар тағайындалған.

Жәңгір хан білім, ғылым, мәдениет саласында да игі бастамаларды жүзеге асырды. 1835 жылы мешіт салдырып, 1838 жылы дәріхана, архив ашып, 1841 жылы пошта-телеграф байланысын орнатты. Сонымен қатар 1841 жылы жаңа мектептің іргесін қалап, хандардың арасынан алғаш болып Қазан университеті ғылыми кеңесінің құрметті мүшесі болып сайланды. Хан Жәңгірдің алғашқы қазынашылық қызметті іске қосу, тұрғындарға медициналық екпе салдыру, құм басудың алдын алу мақсатында қарағай отырғызу сияқты игі істері ұрпақ жадында мәңгілікке сақталады.

 

Сөз соңы

Бөкей хандығының құрылғанына 220 жыл толғанымен, бұл салада өз зерттеуін күтіп отырған мәселе жеткілікті. Ол үшін төмендегі шараларды жүзеге асыруымыз қажет деп санаймыз:

Біріншіден, Бөкей ордасы билеушілерінің қоғамдық-саяси қызметі әлі күнге дейін толыққанды зерттелмей келеді. Әсіресе, Бөкей хан мен Шығай сұлтанның атқарған қызметтеріне қатысты арнайы ғылыми еңбектер жарық көрмеді. Тіпті Ресей империясының жымысқы саясатының құрбанына айналып, елден жыраққа кетуге мәжбүр болған Жәңгір хан ұрпақтарының кейінгі тағдыры назардан тыс қалып қойды.

Екіншіден, Бөкей ордасы тарихына қатысты біздің еліміздегі және Ресей Федерациясындағы архивтерде жатқан құжаттарды жинастырып, арнайы жинақтар шығару қажет. Бүгінгі қолда бар жинақтар ғылыми айналымға еніп болды. Ендігі кезекте Орда тарихы тың мұрағат құжаттарына мұқтаж.

Үшіншіден, Бөкей ордасы ауданын республикалық, тіпті әлемдік деңгейдегі туристік орталыққа айналдыру бағытындағы жұмыстарды жандандыратын кез келді. Ол үшін инфрақұрылымды жақсарту (жол салу, қонақүйлер желісін қалыптастыру және т.б.), туризмді жарнамалаудың заманауи әдістерін пайдалану бағытында жұмыстануымыз қажет.

Қаралым саны 1353

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463