Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дуальды оқыту туралы

Екі мыңнан аса делегат жиналып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан екі жыл бұрынғы Тамыз кеңесінде білім саласы бойынша  негізгі бағыт-бағдар айқындалып, алдағы жылдарға жоспар жасалғаны белгілі. Осы конференцияда Президент Қ. Тоқаев саладағы қордаланған мәселелер, оны шешу жөнінен  Үкімет пен әкімдерге, сондай-ақ тиісті министрлікке нақты міндеттер жүктеді. Соның бірін тілге тиек етсек, Қ. Тоқаев: «Тағы бір өзекті мәселе – уақыт талабы мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне қарай арнаулы орта оқу орындарын жаңғырту.

Тәжірибе көрсеткендей, қолданыстағы колледждердің материалдық-техникалық қайта жарақталуына басымдық беру – ресурстарды шығындайтын тәсіл. Сондықтан Үкіметке колледждерді ірі кәсіпорындар арқылы сенімді басқаруға көшіру, дуальды оқытуды дамыту, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелеріндегі стратегиялық бағдарларды айқындай отырып, типтегі ұйымдарды дамыту ісін кешенді түрде қарауды тапсырамын» – деді. Президент атап өткен, өзекті деп таныған дуальды оқыту мәселесі, оның қыры-сыры жөнінен кәсіби маманның ой-пікірін білу үшін Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Мирас Сапарғалиевті сөзге тарттық:

 

- Мирас Махмұтұлы, қайырлы күн. Сұхбат үшін уақыт тапқаныңызға көп рақмет. Әуелі өзіңіз жетекшілік ететін техникалық және кәсіптік білім беру ісі жайлы мағлұмат бере кетсеңіз.

- Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде «Кәсіптік-техникалық білім беру қазіргі заманғы стандарттарға негізделуге тиіс, кәсіптік-техникалық білім беру экономика мен еңбек нарығының қажеттіліктерімен өзара байланысты болуға тиіс» деп атап көрсетті. Бұл бағыт ең өзекті болып табылады. Бүгінгі таңда кәсіби және техникалық білім берудің алдына үлкен міндеттер қойылып отыр. Бұл, ең алдымен, елдің индустриялық-инновациялық дамуын іске асыру, бұл типтің жоғары сапасына қол жеткізу, сондай-ақ еңбек нарығының қажеттілігін білікті жұмысшы кадрлармен қамтамасыз ету.

Біздің міндетіміз - бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие жас мамандарды даярлау.

1940 жылы 2 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «КСРО-ның мемлекеттік еңбек резервтері туралы» училищилердің үш түрі анықталды: бұл қолөнер және теміржол училищелері, сондай-ақ зауыттық мектептер. Бұл училищелер мен мектептер қысқа мерзімде құрылды. Оларға қабылдау шақыру (жұмылдыру) жолымен, сондай-ақ жастарды ерікті түрде қабылдау тәртібімен жүргізілді.

80-нен астам жыл ішінде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі күрделі жолдан өтті және жоғары білікті кадрларды даярлаудың көпфункционалды жүйесін сақтап қалды. Орталықта мектепке мұғалімдер даярлайтын семинария, кіші медицина үшін мектеп, ауыл училищелерде тракторшылар мен аспаздар, жүргізушілер мен комбайнерлер, слесарь-жөндеушілер мен кондитерлер, шаштараздар мен бухгалтерлер, тас қалаушылар мен сырлаушылар, тігіншілер мен сатушылар, электриктер мен дәнекерлеушілер сияқты мамандарды даярлады.

Осы жылдар ішінде оқу орындары өз атауларын өзгертті, бейінділігі өзгерді: ФЗУ-дан (фабрично-заводское училище) колледжге дейін – қалалық және ауылдық кәсіптік-техникалық оқу орындарының қалыптасу жолы осындай.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 35 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында (24 мемлекеттік және 11 мемлекеттік емес) 17 мыңнан астам адам мамандықтары мен жұмысшы кәсіптерін алуда.

«Кәсіптік-техникалық және жоғары білім бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген ағымдағы және келешектегі қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруға бағдарлануы тиіс». Елбасы, Тұңғыш Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа Жолдауынан.

Өңірімізде кәсіптік-техникалық білім берудің көпсалалы, мобильді жүйесі құрылды, ол еңбек нарығының қажеттіліктеріне икемді жауап береді, әрқайсысы үшін қолжетімді және әртүрлі жас топтарының білім беру қажеттіліктерін, білім беру деңгейлерінің сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етеді.

Барлық колледждің тарихы тереңде және даңқты.

Мысалы, 100 жылдам астам тарихы бар, 1913 жылы мұғалімдер семинариясы болып ашылған Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары пеадгогикалық колледж, 1916 жылы Зем фельдшерлік-акушерлік мектебі, қазіргі Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі, 1934 жылы КСРО ауыл шаруашылығы Халық Комиссарының бұйрығымен тракторшылар даярлау курсы ретінде Бәйтерек колледжі құрылды. Одан кейін 1935 жылы Жәнібек колледжі, 1951-1952 жылдары Тайпақ және Бөрлі колледждері құрылды, ал «босаңсу» кезінде Ақжайық және Тасқала аудандарында, Рубежка мен Жамбейтте (қазіргі Сырым), Шыңғырлау мен Жаңақала және Теректі оқу орындары құрылды. Еліміздің Тәуелсіздік жылдары Бөкей ордасында және Қаратөбеде аудандарында оқу орындары ашылды.

 

        - Батыс Қазақстан өңірінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары  қандай мамандықтар бойынша дайындайды?

- Облысымыздың 35 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында  (24 мемлекеттік және 11 жекеменшік) кадрларды даярлау 135 біліктілік 71 мамандық, соның ішінде білім, медицина, мәдениет, діни, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, техникалық және технологиялық салалық бағыттар бойынша өңірімізге қажетті мамандар даярлайды.

 

- Біздің облыстағы колледждерде дуальды оқыту жүйесі қашан енгізілді? Әлде бұрыннан бар қалыптасқан жүйеге белгілі бір өзгеріс, толықтырулар енгізілді ме?

- Өңірімізде 2012 жылдың ІІ жартыжылдығынан бастап 3 оқу орнында  6 мамандық бойынша кадрлар даярлаудың дуальдық жүйесінің кейбір элементтері кеңінен қолданыла бастады. Атап айтқанда, теориялық оқыту колледждердің оқу кабинеттері мен шеберханаларында жүргізілсе, оқушылардың өндіріс практикасы жұмыс берушілердің өндіріс орындарында ұйымдастырылды. Сол кезде оқытудың дуальдық жүйесінің элементтері құрылыс, мұнай-газ, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы т.б. мамандықтар бойынша қолданылып, онымен 150-ден астам студент қамтылды. Дуальдық жүйені енгізудің оң тәжірибесі Орал политехникалық колледжінде «Отделстрой» және «Домостроитель» өндірістік құрылыс кооперативтерінің, Сервис және жаңа технологиялар колледжінде «Евенеева» жеке кәсіпкерлігінің құрылымдық кәсіпорындарында қолданылды.

         Сонымен қатар дуальдық жүйемен оқытудың элементтерін қолданып оқыту Жоғары аграрлық технологиялар колледжінде 3 мамандық бойынша (Электрмен қамтамасыз ету, Ветеринария және Мұнай-газ өндеу технологиясы) нәтижелі басталып, Батыс Қазақстан облыстық электр тарату компаниясы басшылығымен тікелей өндірісте студенттерге практикалық сабақтары жүргізіліп, оған қажетті құрал-жабдықтар бөлінді.

                                                                                                                               Жылдан-жылға дуальды оқыту жүйесі өз нәтижесін көрсетуде. Қазіргі кезде облысымызда кадрлар даярлау саласында колледждер мен әлеуметтік серіктестердің ынтымақтастығын нығайту бойынша жұмыс жалғасуда.

                                                                                                                               29 мамандық және 36 біліктілік бойынша 17 мемлекеттік және 5 жеке колледжде дуальдық оқыту жүйесі ендірілген. Дуальды оқыту технологиялық, техникалық, ауыл шаруашылығы, медицина, білім салалары бойынша 1942 студентті қамтыды.  75 өндірістік кәсіпорынмен 92 шарт жасалып, шарттар аясында кейіннен жұмысқа орналастыру үшін түлектер машықтанудан өтеді. Колледждердің негізгі серіктестері болып «Орал трансформатор заводы» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «ЗапКазРЭК» АҚ, «Орал құрылыс комбинаты» ЖШС, «Домостроитель» ЖШС, «Агрореммаш» АҚ, «Балзия» ЖШС,  «Құйма-механикалық зауыты» ӨК  және т.б.

 

- Дуальды оқыту жүйесінің негізгі мақсаты – техникалық-кәсіптік

оқу орындарының жұмыс беруші жеке сектордағы өндіріс, шаруашылық мекемелерімен серіктестік ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын жұмысшы мамандар даярлау.  Өңірдегі колледждерде осы миссия  қаншалықты жүзеге асып жатыр?

- Дуальды оқытуды ұйымдастыруда  жұмыс берушілер тарапынан оқыту үшін ресурстар ұсынудағы бәсекелестік болу қажет. Жұмыс беруші дуальды оқыту үшін студенттерді алуға ниет білдіре отырып, конкурстық негізде кәсіпорын талаптарына сәйкес келетін студенттерді іріктеуі, студенттерді тәлімгерлермен, жұмыс орындарымен және оқыту бағдарламасымен қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жағдайда оқу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші өзінің кәсіпорны үшін сауатты және практикалық дағдыларға үйретілген қызметкерді алады.

Қазіргі кезде осы оқыту жүйесіне қажетті нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізіліп, соның ішінде өндірістік орындардағы тәлімгерлерге үстемеақы төлеу, дуальды оқыту жүйесі бойынша машықтанудан өнідірістік орындарда өткен студентке еңбек өтілім болып есептелінеді.

 

- Дуальды оқыту жүйесін енгізу барысында қандай қиыншылықтармен бетпе-бет келдіңіздер және оларды қалай шешіп жатырсыздар?

- Өндіріс орындарындағы тәлімгерлердің тапшылығы. Педагогикалық шеберлік негіздерін білетін өндірісте білікті нұсқаушы-тәлімгерлердің жетіспеушілігінде мәселелер бар. Оқытудың дуальды нысанын енгізу үшін тәлімгерлік маңызды міндеттердің бірі болып табылады, өйткені білім алушылар жұмыс орнында өз бетінше бола алмайды. Бір мамандық бойынша кез келген өндірістік кәсіпорын өндірістік машықтануға 25 адамды бірден қабылдай алмайды, өйткені барлығына тәлімгер тағайындау кезінде  қиындықтар туындайды.

Сондықтан дуальды оқытуды  енгізу шеңберінде тәлімгерлік институтын құру, қаржылық  ынталандыру  бағытында жұмыстарды жетілдіру қажет деп есептеймін.

 

- Дуальды оқыту жүйесін енгізу бойынша қандай жетістіктеріңіз бар?

         - Дуальды оқыту жүйесінде негізгі жетістік бұл өндірістік орындарда қажетті мамандармен қамтамасыз ету, соның ішінде мамандықтары бойынша бітіруші түлектердің жұмысқа орналасуы болып табылады.

         2020 жылы 18 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының дуальдық оқыту жүйесі бойынша 776 студент бітіріп шықты, соның ішінде 597 студент жұмысқа орналасты. Бұл 76,9%-ды құрайды.

 

- Мемлекет сіздің оқу орнында дуальды оқу жүйесін тиісті деңгейде жолға қою үшін қандай көмек-қолдау көрсетуде?

       -  Жоғарыда айтып кеткендей, мемлекет тарапынан қолдау ретінде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 21 қаңтардағы №50 «Дуальды оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы бекітілді. Осы бұйрық негізінде дуальды оқыту бойынша бірқатар мәселе өз шешімін табуда. Сонымен қатар жұмыс беруші әлеуметтік серіктестермен бірлесе жұмыс жасауда. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да өз үлестерін қосып, қолдау көрсетіп келеді.

 

- Елімізде техникалық және кәсіптік білімнің беделін арттыру мемлекетке, қоғамға не береді?

     -  Техникалық және кәсіптік білім беру тиімділігін, дәрежесін және тартымдылығын арттыру – өзекті бағыттардың бірі. Елімізде индустриалды-инновациялық дамуға бағытталған жұмыстар барлық өңірді қамтып келеді. Бұл кәсіпорындарды сапалы жұмысшы маманмен қамтамасыз етуді талап етеді. Жұмысшы мамандығының беделі мен мәртебесін көтеру – өзекті мәселенің бірі. Осы себеппен еліміз 2014 жылы WorldSkills ассоциациясына 70-қатысушы мемлекет болып тіркелді. WorldSkills Kazakhstan бойынша ұлттық оператор болып «Талап» холдингі» тағайындалды. WorldSkills – әлемнің 79 мемлекетіне таралған халықаралық қозғалыс. Негізгі мақсаты – жұмысшы мамандығын дәріптеу. Ұлттық біріншілікке жасы 18-22 аралығындағы өңірлік біріншіліктің жеңімпаздары қатыса алады. Бұл қозғалыс еліміздің жас мамандарына алған кәсіби дағдылары мен құзіреттіліктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Еліміздегі біріншіліктер кірпіш қалау, құрғақ құрылыс пен сылақ, сырлау және декоративтік жұмыстар, плиткамен қаптау, электромонтаждау, веб-дизайн, желілік және жүйелік басқару, мехатроника, дәнекерлеу, шаштараз ісі, кондитерлік, мейрамхана қызметі, мектепке дейінгі тәрбие, киім дизайны және басқа кәсіптерді қамтиды.

         2020 жылы қазан айында «WorldSkills Kazakhstan - ORAL-2020»  аймақтық біріншілік  26 құзыреттілік бойынша өткізіліп, 153 студент 147 маман қатысуымен оздырылды.

         Биылғы жылы маусым айында аймақтық  «WorldSkills Kazakhstan - ORAL-2021»  аймақтық біріншілік  32 құзыреттілік бойынша 188 студент қатысуымен 13 оқу орнында өткізу жоспарлануда.

 

- Техникалық және кәсіптік білімнің беделін арттырудың қандай алғышарттары бар?  Және осы бағытта өңірімізде, колледже қандай шаралар атқарылып жатыр?

- Техникалық және кәсіптік білім берудің мақсаты - қоғамның және экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

«Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға мемлекеттік бағдарламасында» техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында оқыту мәртебесін көтеру мақсатында Техникалық және кәсіптік  білім берудің құрылымы мен мазмұнын айтарлықтай жаңарту қарастырылған.

Қазіргі өндіріс Техникалық және кәсіптік  білім беру ұйымдарының түлектерін жаңа сапалы критерийлермен бағалауда: түлектің іс-әрекеті, өзінің зияткерлік қабілетін жүзеге асыру, шығармашылық әлеуетін белсендіру қабілеті, өз кәсіби қызметінің аясын кеңейту, жаңа білім мен іс-әрекет түрлерінің ұштастыру, қажет тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру алдыңғы орынға қойылады.

Осы бағытта мамандарды даярлау үшін халықаралық стандарт бойынша материалдық-техникалық базаны жабдықтау үшін техникалық және кәсіптік білім беруде 2025 жылға дейін «Жас маман» жобасы іске асырылуда. Жобаны іске асыру үшін облыста 2020-2021 жылдарға арналған өңір экономикасы үшін 21 мамандық бойынша 10 колледж анықталды.

2020 жылы жобаға 4 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы (Орал политехникалық колледжі, М. Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі, Жаңақала колледжі, Жоғары аграрлық-техникалық колледж) қатысып, республикалық бюджеттен жабдықтар сатып алуға 1 млрд 293 млн теңге бөлінді, бөлінген қаражат игеру барысында 224 млн теңге көлемінде қаржы үнемделіп, республикалық бюджетке қайтарылды.

2021 жылы жобаға 6 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы (Орал "Сервис" технологиялық колледжі, А. Иманов атындағы жол-көлік колледжі, Орал ақпараттық технологиялар колледжі, Шыңғырлау колледжі, Ақсай техникалық колледжі, Ақжайық аграрлық-техникалық колледжі) қатысуда және қажетті жабдықтарды сатып алуға республикалық бюджеттен 1 млрд 708 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда сатып алудың конкурстық шаралары өтуде.

Бұл жобаға қатысып жатқан колледждер базасында WorldSkills чемпионатына дайындық жүргізу үшін анықталған мамандықтар бойынша құзыреттілік орталықтары құрылады.

 

- Техникалық және кәсіптік білімнің деңгейін, оған деген сұранысты арттыру бойынша қандай да бір ұсыныс, пікірлеріңіз бар ма?

- Техникалық және кәсіптік білім берудің оқу процесі мазмұнын халықаралық ствндарттар сәйкес жаңарту;

Техникалық және кәсіптік білім берудің оқытудың сапасын жақсарту және педагогтерінің біліктілігін арттыруды жаңғырту;

Мамандар даярлауда тиімділігі мен дәрежесін арттыру (WordSkills қозғалысы дамыту, «Жас маман» жобасын жүзеге асыру және т.б.).

Қазіргі таңда елдің бәсекеге қабілеттілігі сапалы білім жүйесімен, сонымен қатар азаматтарының білім деңгейімен анықталады, сондықтан білім беру саласы заман талабына сәйкес дамуы тиіс.

Бұл сұхбат туралы идея теория мен тәжірибені ұштастырған дуальды оқыту, техникалық-кәсіптік білім беру бойынша ұлттық жүйені қалыптастыру сынды маңызды міндетке ақпараттық қолдау көрсету ниетінен туындады.

Қаралым саны 1152

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463