М. Ықсанов – кезінде Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы және әр жылдары Жамбыл, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарын басқарып, республикамыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан қайраткер тұлға. Мұстахим Біләлұлы үкімет басшысының орынбасары болған шағында республикамызда бірнеше қаланың абаттануына, өнеркәсіптің қарқынды дамуына, Алматы қаласын селден қорғау құрылымдарын қалыптастастыруға тікелей үлес қосты. Сондай-ақ өзі басқарған үш облыстың құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларын, соның ішінде, әсіресе, суландыру жүйелерін дамытуға атсалысты. Орал қаласының заманауи бет-бейнесі облысымызды М. Ықсанов басқарған кезде қалыптасты. Ұйымдастырылуына Мұстахим Біләлұлы тіке-лей атсалысқан «Уральскпромстрой», «Уральсксельстрой», «Уральскводстрой», «Уральскколхозстрой», «Западэлеватормельстрой» сынды трестердің күшімен облыс аумағында одақтық, республикалық маңызы бар құрылыстар бой көтерді. Жайық өзені жағасында мәңгілік алау мен стелла, Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестерімізге арналған мемориалды тақта, Ұлы Отан соғысының батыры, жерлесіміз Мәншүк Мәметоваға ескерткіш орнатылды. Қазіргі Абай даңғылындағы әмбебап дүкен, «Ақжайық» қонақүйі, әуежай, теміржол вокзалы, көп қабатты тұрғын үйлер, өндірістік, мәдени-әлеуметтік ғимараттар пайдалануға берілді. Мұндай құрылыстар тек облыс орталығында емес, Жалпақтал, Тасқала, Жаңақала, Шыңғырлау, Сырым аудандарында қарқынды жүріп, типтік жобамен ауруханалар, емханалар, мектептер, мәдениет үйлері, тұрғын үйлер, қатқыл табан жолдар салынды. Мал өсіру кешендері, жерді суландыру, құнарлылы-ғын арттыру ісіне ерекше көңіл бөлінді.
Биліктің биігінде жүріп, ел-жұртының ықыласына бөлене алған Ықсанов феноменінің сыры неде екен? Балалық шағы кәмпеске, ашаршылық, саяси қуғын-сүргінге толы аласапыран, дүрбелең шаққа тап келген жас Мұстахимнің жасық, жалтақ болып қалыптаспағанына таң қаласың. Ақиқатында, бұл кезде аман қалу, жан сақтаудың өзі үлкен олжа еді ғой. Оны қазақтың Ықсановына айналдырған күш-қуат, жалынды кейіпкеріміздің түп-тамыры мен өскен ортасынан іздеп көреміз. Сонда көп әріге тереңдемей-ақ, қолда бар мәлімет-деректерден болашақ қайраткердің қалыптасуында атасы Ықсанның елеулі рөл атқарғанын байқауға болатындай. Бір қарағанда, Ықсан атасы би де, батыр да, болыс та емес, қатардағы көптің бірі сықылды. Бірақ Мұстахим Біләлұлының ғұмыр һәм қызмет жолынан атасының өнеге таңбасы айқын байқалатынына қарап, Ықсан ата соғыс жұтқан әкенің орнын басқан, аман қалу мен азамат болуды ұштастыра меңгерткен тәлімгер болғанына көз жеткізгендейміз. Мұстахим ағаның қайраткерлігі елімізде суландыру жүйесін ұйымдастыру барысында ерекше білінді. Бұл қарым-қабілет малдан өзгемен шаруасы жоқ аймақ, отбасыда өскенінде бойынан білінер ме еді, жоқ па еді. Анық білмейміз, білетініміз: атасы Ықсан бау-бақша өсірудің шебері болған. Ол өсірген қауын-қарбыз, асқабақтарынан талай адам дәм татқаны, нәр алғаны, тіпті аштық азабынан құтылғаны жайлы естеліктер баршылық. «Әке көрген оқ жонар» дейді, әкесінен буыны әбден бекімей тұрып айырған сұм соғыстың себебінен оның орнын ата басты. Осы өнеге Қызылорданың күріш рекордтарында, Батыс Қазақстан орман тәжірибелік стансасында (Жәнібек кенті) көрініс тапты десек, аса қателеспеспіз.
Ықсан атаның орыспен аралас-құралас, тамыр болғаны да оң рөл ойнады. 30-жылдары тұрмыс-тіршілігі сәл ілгері адамдарға бай-құлақ болып айдалып, атылып кету қаупі төне бастағанда Ықсан атаның орыспен жақындығы пайдаға асты. Аласапыран басталғанда жұрттың көз жауы болған сыңғырлаған керемет үйін тастап, Ресейге көшіп барған Ықсан әулеті Саратов, Мичурин, Тула, Орехово-Зуевода орыс әлеміне жақындығы, орыс тіліне жетіктігі арқасында өздерін айтарлықтай еркін сезінді. Мәскеу маңындағы гүрілдеп дамып жатқан өндірістік қалада Ықсан атадай құрылыс шеберінің отбасы аса тарыға қоймады, тіпті бақуатты өмір сүрді деп айтуға болады. Ал бұл кезде қазақ елінде миллиондаған адам аштықтан бұралып, өлетіні өліп, әупірімдеп тірі қалғандарының көбінде жан дүниесіндегі бір шоқ сөніп, осыдан соң қара басы қамы мен қарын толтырудан өзгеге аса құлықты қылмайтын шалажансар күйге мәңгілікке түсіп жатты. Қазақта Мұстахим атты қайраткердің болғанын әуелі Алла, сосын осы жоғарыда аталған нәубеттерден отбасын ел-ден уақытша кету арқылы құтқарып қалған Ықсан атаның арқасы екенін білгеніміз жөн болар деп жазып отырғаным.
Осы Ықсановтар әулетінің туған жері де тегін емес. Борсы аумағы – ағартушы-философ, ақын Ғұмар Қарашты сыйлаған топырақ. Ғұмар атамыз Борсы ауылында молда болып, бала оқытқан екен. Ықсан ата жерлесі әрі руласы Ғұмар Қараштың біраз уақыт атқосшысы болыпты. Екеуі ел іші өз алдына, қазақ жерінен тыс татар, башқұрт арасына талай бірге барған. Содан ба екен, естеліктерді негізге алсақ, қайраткер Мұстахим мен ғұлама Ғұмардың арасында анық рухани байланыс болған. М. Ықсанов Ғұмардың өлеңдерін жатқа оқыған, есімін үлкен махаббатпен атаған, одан артық сый-құрмет көрсетуге сол кездегі жүйе мүмкіндік бермеген. Бірақ ақиқатында сый-құрметтің көкесі «халқым» деп өткен Ғұмар ғұламаның ісін жалғастырып, ел-жұртына риясыз қызмет ету емес пе? Солай десек, Мұстахим Біләлұлын Ғұмар ісін жалғастырушы деп тануға болады.
Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Қайрат елді мекені жақта ауыз су құбырын жүргізген кезде осы желінің көне бір қорымның үстінен өтіп жатқаны облыстың бірінші секретары Ықсановқа мәлім болады. Әдетте, обкомның І секретарының, жалпы партқызметкерлердің қорым, аруақ, кие дегенмен шаруасы болмайды ғой. Бірақ М. Ықсанов сүйектердің шашылып қалмай, қайта дұрыстап жерленуін, келесіде мұндай шараларды атқарар алдында археологиялық нысандардың бар-жоғын алдын ала тексеруді, тарихи құндылығы бар жәдігерлерді музейге тапсыруды мұқияттап тапсырады. Ғалым Борис Железняков бастаған археологтар тобы арнайы келіп атқарған Жәнібек жеріндегі тұңғыш ғылыми археологиялық қазба жұмыстары осы оқиғадан бастау алады. Өз басым партномен-клатура өкіліне тән емес, тіпті ман-сабына қауіп төндіретін мұндай батыл іс-әрекетке бару сыры атасы Ықсан арқылы Ғұмар сынды ғұламалардың әлеміне жалғанғанында деп білемін.
Меніңше, тап осы рухани көпір, тәлім-тәрбие Мұстахим басшыны Өтеген Жұмашевтай күйшіге қамқор қылды, «Ақжайық» ән-би ансамблін құруына қозғаушы күші болды. Ықсановтанушы Асқар Атаев: «Ғұмар Қараш – әлі күнге дейін әділ де толық бағасын ала алмай келе жатқан ұлы тұлға, ол өзге өңірде дүниеге келгенінде Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды ғұламалармен қатар дәріптелер еді», – дейді. Шынында да, үшеуінің де шығармашылығы, пәлсапасы «халқыңа еңбек қыл» дегенді айтады. Мен Мұстахим Біләлұлының бас өмірлік қағидасы тап осы ұстаным деп ойлаймын. М. Ықсанов жайлы естеліктерде оның 26 жасында өмірлік маңызы бар бір таңдаудың алдында тұрғаны жайлы жазылады: 1952 жылы жас Мұстахимға Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясына жолдама ұсынылады. Сонда М. Ықсанов көп адам үшін қол жеткізбес арман болған академиядан бас тартып, Бетпақдалаға стратегиялық дақыл – мақта майданына аттанады. Тимирязевтың түлегі болса, қабілет-қарымы өте зор М. Ықсанов аса ірі ғалымға айналары сөзсіз, бірақ онда қазақ елі қайраткер Ықсановсыз қалар еді. Жас Мұстахимнің ғылым жолын емес, шаруашылық саласын, сол кез үшін еліне керегірек нақты іс-тірлікті таңдаған кезде оның санасында, жоғарыда айтылған «халқыңа еңбек қыл» ұстанымы тербеліп, сындарлы сәтте дұрыс шешім қабылдауына әсер етті деп ойлаймын.
Таразы басына түрлі құндылықтар тартылған бұндай сәт, жолайрықтар Ықсановтың өмірінде аз болмаған. Руханият тұрғысынан алғанда маңызды соның тағы біреуін тілге тиек етейік: жас Мұстахим тұрмысқа қолайлы, тоқ қала Ташкенттен, он-дағы мәртебелі оқу орны – Темір-жол инженерлері институтынан атасы Ықсанның көңілі үшін кетеді. Өйткені Ықсан ата қыздарымен емес, немересі Мұстахиммен тұр-ғысы келеді. Бұл Мұстахим Біләлұлы аға ұрпақ алдындағы парызды сезі-ну, құрмет көрсету жағынан да жас-тарға үлгі-өнеге екенін білдіретін штрих деп есептеймін.
«Әдетте табысты тұлғаның артында оның жұбайы тұрады» деген тұжырым Мұстахим Біләлұлыға да қатысты ақиқи деп санаймын. Өйткені көптеген естеліктеоның жары Саида Шамсутдинқызы азаматының еңбек майданында алаңсыз құлаш сермеуіне жағдай жасаған, сенімді тылы болғаны жайлы айтылады. Қанша жерден қабілетті, күшті, қасиет иесі болса да, өмірлік жары өзіне сай, адал серігі болмаған қанша мықты өз потенциалын таныта алмай, бұл жалғаннан өтіп кетті. Бұл тұрғыдан алғанда, Саида Шамсутдинқызындай өз алдына дара тұлға өмірлік серік болып бұйырған Мұстахим Біләлұлы жолы болған жан деп есептейміз.
Қайраткердің қалыптасуына әсер еткен оң факторлардың қатарында түптамыры, үй-ішімен қатар өскен ортасы мен жора-жолдас, әріптестері жайлы үндемей қалу әділетсіздік болар еді. Алайда осы орта мен замандастарының қай-қайсының дерлік сайдың тасындай ірі және көптігі сонша, олардың бір немесе бірнешеуін бөле-жара атағаным жөн болмас деп тоқталып қалдым. Тек Мұстахим Біләлұлы ғана емес, ел өмірінде өшпес із қалдырған бұл тұлғалардың есімін М. Ықсанов жайлы естелік кітап, мақалалардан оқып білуге болады.
Зер салып қарасақ, Мұстахим ағамыздың аты-жөні, тегінің өзі «сөйлеп» тұр. Ықсан (ихсан) сөзінің мағынасы сөздіктерде әртүрлі тәржімаланады және бірінен бірі өтеді: «Ихсан – жақсылық, қайырым-дылық; көркемдік, нұрлылық»; «Ихсан – сопылық дүниетанымда ең жоғары құлдық мақамы. Аллаһты көрмесең де, көріп тұрғандай құл-дық ету. Бұл мақамда адам Аллаһты есімдері мен сипаттарын көз алдын-да елестетіп, терең ойға батып, оған бар ынтасын жинап қарау арқылы ішкі ашылуға, рухани шабытқа қауы-шады. Осы мақамда құл Хақтың сипаттарымен сипатталғандай, басирет нұры арқылы Жаратушының мақамын көреді. Бұл көру – Аллаһты хақиқат жолымен емес, йақин (ішкі таным) арқылы көру. Ихсанға жетудің бірінші мәртебесі – ислам, екіншісі – иман, үшіншісі – ихсан. Ислам – форма, иман – мән, ихсан ақиқат болып табылады» (Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010).
Осы ұғымның сан түрлі ашықтауларының ішінен өзіме мына нұсқа ерекше ұнады: «...Адам баласы құдды бір тәрбиені, қадағалау мен бақылап отыруды қажет ететін нәресте іспетті. Жүріп-тұруы, тамақ жеуі, ұйықтауына дейін әрдайым қарап отыруды талап етеді. Яғни адам тәрбиесін үнемі жүргізіп отырады. Абай атамыз бір сөзінде: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күнін де өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?» деп, адам баласын өтіп жатқан өз өміріне үңілуді өсиет еткен. Хазіреті Әли (р.а.): «Есепке тартылмай тұрып, өзіңді есепке тартыңдар» деген. Қорыта айтқанда, «Ихсан – адам баласының рухани тұрғыдан кемелдіктің шыңына әрдайым ұмтылып отыруы» (furqan.kz сайты).
Енді бас кейіпкеріміздің әкесінің есіміне келейік. Тарихтан пайғамбар заманында “саййдуль-муәззинин” – «азаншылардың мырзасы» деген атаққа ие болған Біләл Хабаши есімді адам өмір сүргені белгілі. Үмәйя ибн Хәләфтің басыбайлы құлы бола жүріп, қандай қорлық-азап көрсе де, дініне берік болғаны үшін және Мұхаммед с.ғ.с. көзі тірісінде азанды алғашқы күнінен соңғы күніне дейін бір өзі оқығандықтан, Біләлді күллі мұсылман қауымы құрметтейді, есімін ұлдарына береді.
Ал мақаламыздың бас кейіпкерінің есімі Мұстахим тура, дұрыс жол деген мағыналарды береді. Өзінің, әкесінің, атасының бірінен бірі өтетін қасиетті есімдері тура жолда жүруге, кемелдікке үндейтіндей, тіпті міндеттейтіндей. Адамның есімі тегін нәрсе емес, бұнда бір сыр бар, тылсым бар дейтін ілімнің ақиқаттын Жаратушының өзі біледі. Мұстахим Біләлұлына келсек, ол туралы хатталған естеліктер, кітаптар, деректер халқы үшін іс қылған қайраткер екенін куәландырады. «Халық – Құдайдың бір есімі» дейтін аталы сөзді басшылыққа алсақ, сол халыққа жан аямай қызмет қылған Ықсановтың рухани дәрежесі осал болмаса керек.
Жасөспірім Мұстахимнің әкесіне деген сағынышын, майданға аттанып бара жатқанда қалдырған темекі дорбадағы шылымды құшырлана сорып басқаны сықылды біз де аға ұрпаққа деген құрметімізді осындай мақала арнау арқылы білдіреміз. Менің ойымша, Мұстахим Біләлұлының рухына көрсетілгең ең зор құрмет – Ықсановша қызмет қылу, оның ісін жалғастыру. «Ісін жалғастыру» дейміз, мысалы, 1985 жылы М. Ықсанов кен орнынан өндірілген өнімді басынан сол жерде игеру үшін мұнай-газ өңдеу зауытын салу мәселесін көтерді. Ол өндірілген шикізатты Ресейдің Орынбор бағы-тына айдағаннан гөрі өңдеу кәсіпорны Қарашығанақта орналасқан жағдайда аймақтың жедел дамуына, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақ-саруына үлкен септігін тигізетінін сан мәрте дәлелдеді. Алайда Ықсанов-тың бұл бастамасы ол Мәскеуге бірнеше рет барып көтерсе де, орталық тарапынан қолдау таппады. Шыны керек, тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл өтсе де, бұл мәселе әлі шешімін таба қойған жоқ. Егер Ықсановтың аманаты деп санауға болатын осы бастама шешімін тауып, өз шикізатымыз өз жерімізде өңделіп, оның қызығын ең әуелі қазба байлық иесі – қазақ халқы көрсе, бұл Мұстахим Біләлұлына көрсетілген құрметтің шыңы болар ма еді. Қалай болғанда да, ел мүддесі үшін қызмет етуді ойға алған азаматтарға Мұстахим Ықсановтай тау тұлғалар үлгі-өнеге бола береді. Рухың шат, ұрпағың мен елің аман болсын, қазақтың Ықсановы!
Мақала дайындау барысында үлкен қолдау көрсеткен, мәлімет-деректермен бөліскен М. Ықсанов атындағы қордың төрағасы Атаев Асқар Қабдолұлына шын ризашылығымызды білдіреміз. (Мақалада Қайнар Олжайдың «Ғасырдың асы-лы» атты кітабынан алынған сурет-тер пайдаланылды).
Н. Сәдір