Бізді далалық жолға ыңғайлы, бауыры биік «Джип» автокөлігімен жеке кәсіпкер Амангелді Лұқпанов алып жүрді. Амангелді ағамыз байбақты руының Әлтеке тайпасынан тарайтын Мамат бөлімінің ұрпағы екен. Жуырда ғана тындырылған сауапты іс – Дәуқара батыр қорымын қоршап, басына тақтайдай тегіс етіп өрнектас төсеп, бағалы материалдан белгі орнатуға қолұшын созған батырдың аталас ұрпақтарының бірі болды.
– Әлтекелер жиылып, қорым басында атқарылар құрылыс туралы ақылдасқанда, алғашқы өлшеу жұмыстарына өзім баруға құлшыныс білдірдім. Әйткенмен, күнделікті тіршіліктің ісі біте ме, келіскен уақыттан екі сағат кідірдім. Сонда да шаруаларым үйлесер емес. Жолға өзіммен бірге шығатын кісілердің үйінің тұсы-нан өте бергенімде, олар маған телефон соқты. Мен тағы да күтуге тура келетінін айтып, әрі аса бергенім сол еді, су жаңа көлігім теп-тегіс жолдың бойында өзінен-өзі сөнді де, жылдамдық көрсеткіш тілшесі ерсілі-қарсылы зу-зу етіп, қозғала бастады. Осы сәтте белгісіз бір күш бойымды билеп алғандай, дереу рульді кері бұрдым. Мәшинем түк болмағандай от алып, зуылдай жөнелді. Мені күтіп қалған адамдарға жеткенше асықтым. Жылдамдықты асырып жіберген едім, МАИ қызметкері тоқтатты. Көліктен түсіп, жедел басып полицейге жақындадым да, ойламаған жерден ауызы-ма Құдай салғандай «Үлкен кісінің шаруасымен кетіп барамын» дедім. Ол сөзге келместен, қоя берді. Баратын үйімнің мекенжайын шамалап қана білгенім болмаса, нақты барып көрмеген жерім. Бірақ тоқтамай жүріп, көлігімді бір қақпаға бағыттап келе жатыр едім, ішінен өзімді күткен адамдар шыға келді. Дәуқара батыр-дың зияратына алғаш рет осылай ба-рып қайттым, – дейді Амангелді ағай.
Орал–Ақтөбе тас жолынан 9 шақырым жерде орналасқан Қоскөл ауылына жетіп, сәл кідірдік. Бізбен бір көлікте отырған Нұриланың Қоскөлде тұратын жақын әжесі Зәуреш апаны асқа ала кетуіміз керек. Зәуреш апа – Дәуқара батырдың тікелей ұрпағы Сағит Әмірғалиұлының жолдасы.
Нұрила осыдан бір жылдай бұрын Алладан дертіне шипа тілеп, бабасы Дәуқара батырдың басына түнейді. Сол жолы оған малдың өрісінде ашық жатқан батыр жерленген жерді қоршап, басына белгі орнату керектігі жайлы аян беріліпті. Түн ортасынан ауған мезгілде, мәшине ішінде жатқан Зәуреш апа сыртқа шығып, «Тұрыңдар, ауылымызға жөнелейік, осы жаңа мәшине есігінің тұтқасын қозғап, терезесін қағып, белгі бергендей болды. Енді жата беруге болмас» депті. Нұрила сол сапардан кейін көзі-қарақты жандармен ақылдасып, баба басында атқарылуы тиіс іске қам қыла бастайды. Сөйтсе, «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, тап осы шаруаны тындыруға әуелден ниеттеніп жүрген рулас бақуатты ағалары, Құдайға шүкір, баршылық екен. Тіпті 1991 жылдың өзінде байбақтының Әлтекесі ішіндегі Андас аталығынан тарайтын Орынғали Ғалымов деген кісі «Дәуқара батыр» атты шаруа қожалығын құрыпты. Әке ісін бүгінде ұлы Алмат Ғалымов жал-ғастырып отырған көрінеді. Сондай-ақ, Роман Сүйінішқалиев, Сәкен Хамзин, Талғат Ғалымов, Әлібек Сағынов, Есен Иманалиев сынды Әлтеке ұрпақтарынан бас көтерер азаматтар да аталмыш ұсынысты екі сөзге келтірмей ризашылықпен қоштап, әрқайсысы айтарлықтай үлес қосыпты.
Қоскөлден шығып, Жігерленге төте салатын, айнала ши өскен қара жолдың бойымен асқа ағылған көліктер легіне ілестік. Зәуреш апай өзі келін болып түскен әулеттегі үлкен кісілер жайында әңгімелеп келеді. Атасы, яғни күйеуі Сағиттің әкесі Әмірғалиді жұрт атын атамай, «Молда атаның баласы» дейді екен. Себебі Әмірғалидің әкесі Жалмұхамбет Өлеңті суының бойында, Қырыққұдық деген жерде Қызыл мешіт ұстаған. Жалмұхамбет сол жерден 13 жасар баласы Әмірғалиді ілестіріп, қос өгізбен қарағай тиеп келіп, Дәуқара батырдың басын қоршаған екен. Әмірғали 1887 жылы дүниеге келген. «Атақты Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовпен түйдей құрдас екен. Сонда Дәуқара батыр зиратына осыдан тура 115 жыл бұрын, яғни 1900 жылы бүгінде жойылып кеткен ағаш қоршау тұрғызылған» деп түйдік. Қасымыздағы Дәуқара батырдың тікелей ұрпағы Нұрила – осы Әмірғалидің шөбересі. Жалмұхамбет көзінің тірісінде батыр басындағы араб қарпімен жазылған құлпытас мәтінін оқып, кейінгіге түсінікті болуы үшін қағазға жазып, ұрпақтарына табыстаған. Әйткенмен, ол жазба бүгінге жетпепті. Сол аста журналист Қазыбек Құттымұратұлы қызығушылық танытқан жандарға Дәуқара батырдың көне құлпытасындағы мәтінді түгел оқып бергенін айта кетейік.
Дәуқара батыр қорымының күнбатыс бетінен жүз қадамдай жерде темір тұлпарлар қаз-қатар тізіле қаңтарылған. Қараң-құраң халық жиылып қалыпты. Қазан көтерілген, басында көлбеңдеген қызметшілер байқалады. Көлеңкелік шатыр орнатылыпты. Оның саясына орындығымен ұзын үстел қойылған. Онымен қатарластыра жерге кілем төселіп, ұзына бойы дастарқан және жайылған. Әлден уақытта көліктен түсіп, көпшілікке қарай беттеп келе жатқан Қаратөбе өңіріндегі атақты әулие Едіге Шымырұлының немересі, әнші Мұхит Мерәліұлының Ажар деген қызынан туған жиені, жасы тоқсанға таяған Қайыррахман молда көрінді. Ол – бүгінгі астың арнайы шақырылған құрметті қонағы. Көпшілік зиярат алдына төселген тас үстінде тізе бүгісті. Қайыррахман молда Дәуқара батыр құлпытасының сол жақ жанына кісі бойындай етіп жаңадан орнатылған мәрмәр белгіге қарап, тігінен тұрып баба рухына Құран бағыштады. Кейін Қайыррахман атадан зиярат басында Құран оқығанда тікесінен түрегеліп тұруының сырын сұрадық. «Құран оқушының түрегеп тұруы – марқұмға деген жоғары құрметтің белгісі» – деді үлкен кісі.
Қайыррахман ата – дін оқуымен қатар елжер тарихына қатысты ескілікті аңызәңгімеге де жетік жан. Ол кісі өзге де хикаялармен қатар, «әкемнің айтуы» деп мына әңгімені баян етті: Дәуқара батыр іңір қараңғылығында қара қасқа тұлпарына мініп, Жарлының бойымен жортып келе жатыр екен. «Көлеңке секілді бірдеңе алдымнан кесе, қараң ете түсті. Қылышымды суырып алып, шауып келіп жібергенімде, денем тітіркеніп кетті. Өмірімде қорқып көрген жоқ едім. Өз аруағымды өзім шаптым-ау» депті.
Бесін мезгілі таяды. Мол жайылған ақ дастарқан басына жүз қаралы кісі жағалай жайғасып, ас ішіліп жатыр. Ауыл ақсақалдары, ортақ іске қолдау танытқан ұлтжанды азаматтар елдік намыс, ауызбірлік, тектілік бағытындағы тағылымды әңгімелердің тиегін бірінен соң бірін ағытып жатыр. Бұл маң көшпелі заманда қазақ руларына жазғы жайлау болған. Шүйгініне қызығып, баса көктеп келіп қоныстанбақ болған қалмақтарды осы Дәуқара бастаған қазақ батырлары дүбірлете қуып, түріп тастаған деседі.
Ата-бабамыз басынан өткерген жаугершілік заманнан «Байбақты – елдің қалқаны» деген сөз қалыпты. Өйткені ел шетіне жау тигенде халыққа қорған болар батырлар байбақты руынан көп шыққан. Дәуқара – күллі байбақты руының ұранына айналған ірі батыр. Оның ұрпақ жадында сақталған ұранның шығуы туралы хикаяны аталмыш аста облыстық мәслихаттың депутаты, ұлтжанды азамат Аманжол Зинуллин баяндап берді.
– Бұланты соғысында тама Есет батырдың жасы ұлғайыңқыраған шағы екен. Қолбасшылық жасап, төбе басында шайқасты бақылаған кезінде, ат үстінде бір қалғып, бір оянып тұрады екен. Сол соғыста менің алтыншы атам Сейтімбет жүздікті басқарады. Сейтімбеттің інісі Сейітқұл елубасы болыпты. Сейітқұл шайқас алдындағы жекпе-жекке шығады. Қарсыласын жеңіп, жүздігіне қарай жете бергенде, өзі де сылқ етіп аттан құлайды. Жеңілген қалмақтың ұшына у жағылған найзасы жамбасын сызып өткен екен. Екі жақтың әскері бір-біріне лап қойып, қиян-кескі ұрыс басталып кетеді. Түске таман қазақтың туын жау қоршайды. Сейтімбет әскерін қалың жауға сыналап салып, туға қарай тіке ұмтылады. Әйткенмен, бұлар жеткенше ту құлайды.
Сейтімбеттің таңдаулы сарбаздары тудың құлаған тұсын бетке алып, алға оза береді. Ақыры жетіп, жатқан туды Дәуқара батыр іліп, жоғары көтереді. Осы аралықта тудың жығылға-нын көрген қазақ қолы шет жағынан селдіреп шегіне бастаған екен. Тудың қайта желбірегенін көргенде қазақтардың рухы көтеріліп, тың күшпен қайырылып келіп соғып, жауды ықтырып жібереді. Күн батуға жақындағанда, қалмақ қашыпты. Қазақтар жеңеді. Ұрыстан кейін қолбасшыдан туды көтерген жігіт пен сол жүздіктің жүзбасын шақырып шабарман жетеді. Қолбасшы Есеттің алдына келгенде руларын сұрайды. «Руымыз – байбақты. Мен жүзбасы Сейтімбет, туды көтерген жігіт – Дәуқара» дейді. Сонда Есет қазақтың басқа да руларының қолбасшылары, батыр-билері жиылған халайыққа қарап: «Бұдан былай байбақты руының ұраны Дәуқара болса, қарсылық жоқ па?» дейді. Небір игі-жақсылар Есеттің ұсынысын бірауыздан құптайды. Сөйтіп, Дәуқара есімі барша байбақтыға ұран болады, – дейді Аманжол Зейноллаұлы.
Асқа тек қана Байбақты ұрпақтары емес, өзге де рудың өкілдері ықыласпен келіп атсалысуы, олардың арасында бүгінде жоғары билік басында жүрген азаматтардың болуы, Жігерлен ауылындағы Дәуқара батыр қорымы бетте орналасқан ең шеткі үйдің иесі, алпысты алқымдаған ысық Ермек ағайдың «Бала күнімізде «Дәуқара сенің атаң емес, менің атам» деп талай таласып, төбелескен едік» деп есіне алуы, бүгінде сырқатына шипа іздеген көптеген жанның батыр басына келіп түнеп, Алладан жәрдем тілеуі – Дәуқараның шын мәнінде халық батыры екенінің айғағы болса керек.
– Дәуқара батыр ұрпақтарының «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бүгінгідей іс тындырғаны – көңілімізге зор қуаныш ұялатып отыр. Бұл бағыттағы істерге ұйытқы болу үшін арнайы құрылған «Науша батыр» жеке қайырымдылық қоры осынау халық қастер тұтқан жерге келіп, тәу етушілер үшін жайлы жағдай туғызуды өз міндетіне алмақ. Мысалы, биылғы күзден қалдырмай, Дәуқара бабамыздың басына келушілерге ауа райының әр түрлі кезінде ас-суын қамдап іше аларлықтай орынжай жасақтау жоспарымызда бар, – дейді аталмыш қордың директоры Алтынбек Ермұхамбетов.
Күн екінтіге таман еңкейгенде асқа жиылған жұртшылық бата қылысып, қозғала бастады. Олар болашақта батыр басына кесене тұрғызбаққа уағдаласып тарқасты.
Сөз соңында Дәуқара батыр Қарақожаұлы жерленген орын облыстық маңызы бар киелі жерлер қатарында бар екенін, ол жайлы қысқа ақпарат «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының ІІ томына енгенін айта кетейік.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ