Құбылыс (әңгіме)

  • Галерея изображений

Әкесінің құрдастары Ораздың үйішін ойыншыны аралас «прагматиктер отбасы» деп атайды. Бұған ренжіп жатқан Ораз жоқ – несіне ренжісін, прагматик екендері рас. Өзі де, әке-шешесі де, іні-қарындасы да ойланбай іс қылмайды. Ол ойдың бастауында «Бұдан бізге не пайда?» д-ген сұрау белгісі тұратыны өтірік емес. Бұдан зор болмаса, қор болып жатқан олар жоқ. Сондықтан ренжігені былай тұрсын, ағайынның көбі «шаруаларына тастай» деп өздерін мақтайды да жүреді. «Бәрі» деуге нағашы атасы осы «тастайлықтарын» жаратпайтынын біледі, біледі емес, сезеді. Бірақ атасы ауылда. Анда-санда бір келгенде, не каникулда болмаса, жиі көрмейді.

Міне, енді сол нағашы атасына қарай бет алып бара жатыр. Қонаққа емес, ұзаққа. Әке-шешесі ақылдаса келе, бала мектепті ауылдан бітірсін, оқуға түсуіне жеңілдеу болады деп ұйғарды. Ораз да аса қарсы бола қойған жоқ. Өзі сияқты біраз қатар-ласының осындай оймен ауылға ауысып жатқанынан хабардар. Ата-анасының өзіне жамандық ойламайтынын біледі. Несі бар, ауыл десе, ауыл! Онда өзіне жұмсартып айтқанда, жаман болмайтынын, ал оқуда қатарының алды болатынын біледі. Ауыл түгілі, қаланың өзінде, Ораз – мектебінің мақтанышы. Оқу озаты болмағанымен, топ-толық екпінді. Озат болу да қиын емес-ті, бірақ әкесі келешекте керек емес деп шешкен сабақтарға уақыт-күш ресурсын ысырап қылғанын қаламады. Онсыз да саз мектебі, спорт секциясы, ағылшын үйірмесі... Жетіп-ақ жатыр. Бұлардың қай-қайсысында да жетістігі жоқ емес. Жүлделі орындардан жанын қинамай-ақ, жиі көрініп жүр. Жалпы, ауылға баруға қарсы болмауының бір себебі де осы үйірме, секция, қосымша сабақтарға қатысы бар. Шыны керек, жалығып кетті. Пайдасы бар екеніне, зор екеніне таласы жоқ, бірақ ... Өзіне салса, суретпен айналысар еді. Алайда әкесі бірде оны еріккеннің ермегі деген соң, суып қалды. Негізі әкесінің көңіліне қаяу түсірем бе деп бояулы әлемнен бойын аулақ салғаны болмаса, жеріген жоқ. Керісінше, ынтызарлығы күрт артып кетті, тас-түйін қалпынан айныған сирек сәттерде бірдеңені шимайлап салып отырғанын байқап, селк ете түседі. Ұят тірлікпен айналы-сып жатып, үстінен біреу түскендей қипақтап, ыңғайсызданып қалады. Әкем байқап қалған жоқ па деп жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап алып барып, сабасына түсіп жатқаны.

Иә, ауылға баруға ықыласты қылған басты тартушы күш – осы еркіндік. Ал еркіндік деген – сурет. Ауылға бару жайлы ұсыныс түскенде сирек жайт орын алды – Ораз осы жолы шешімді баспен емес, жүрекпен қабылдады. Және онысына өзі риза болып кетті. Сол сәттен бастап ыңылдап ән салып жүргенін байқап, өз-өзіне бір-түрлі таңырқап қалды. Иә, Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын» сызылтып жүр екен. Абай демекші, оны мұнда танымал қылған да осы Абай атасы. Нақтырақ айтқанда, Абай Құнанбайұлының өлеңдерін оқу бойынша өткен қалалық байқау. Сонда Хәкім Абайдың көп өлеңін жатқа оқыған жас баланың өнеріне қол соқпаған адам қалмап еді. Бас жүлдемен бірге мықты ноутбугі бар әдемі сөмкені қанжығасына байлап қайтқан Ораздың атақ-абыройы содан бастап қала бойынша асқақтап қоя берді. Абай шығармашылығына көңіл бөлгізген әкесіне сонда бір қатты риза болғаны бар. Бір қызығы – әкесінің осы бастамасына әншейінде оның көп ісін қолдай бермейтін нағашы атасы да қарсы болмады. Керісінше, біраз өлеңін жаттатуға ықыласпен атсалысты. Содан бұл істің белортасына келгенде ауылына қайтып бара жатып: «Құр тақылдап жаттап жатырсың, Абайдың өлеңдерін жүрегіңмен оқы» деген сөзін көзіне қадала қарап айтып кетті.
Міне, зырлаған автобус ішінде сол атасына бара жатыр. Автобуста да Абай әндері қалқиды. Бұған таң қалатын ештеңесі жоқ, қанша дегенмен, биыл Абай жылы ғой. Автобус ішіндегі бірен-саран өзге ұлт өкілі осындай-да болып қалатын «басқасын қойшы» дегенді айта қоймады. Сірә, Абай атасы бәрінің көңілінен шығатын болса керек. Ораз ұйқылы-ояу, бірақ бір сөзін қалт жібермей, тыңдап келе жатыр. Құлағына жетіп жатқан әуеннің радиодан, әлде магнитофоннан құйылып жатқанын ажыра алмайтын-дай күйде болса да, бойы балқып, рахаттанып келеді. Бір мезгілде әннің орнына жыр жолдары төгілді: «Пайда ойлама, ар ойла...», «Ойында жоқ олардың Салтыков пен Толстой. Я тілмаш, я адвокат болсам деген бәрінде ой», «Би болған, болыс болған мақсат емес»... Таныс, тіпті жатқа білетін өлең жолдары. Бірақ осы жолы өзгеше естіле ме, қалай өзі. Иә, әрине, өзгеге емес, өзіне айтып жатыр ғой!..
Автобус орындығында ұйықтап кеткен Ораз өзін иығынан қысып оятқан нағашы атасымен құшақтаса табысты.

Ауылда, расын айту керек, сабақ приоритеттен (бұл – әкесінің жиі айтатын сөзі) шығып қалды. Жо-жоқ, үлгерімі мықты. Бірақ үй тапсырмасын шемішкеше шағып, құтыла сала, өзге әлемге сүңгиді. Бұрын аса жақындай қоймаған тақырыптар, әсіресе, тарих, шежіре, философия бойынша кітаптарды құныға оқи бастады. Оқып алып, әсерімен атасымен бөліседі. Бұл жерде «бөліседі» дегеннен гөрі «айтысады» деген дәлірек болатын шығар. Бір жақынының сөзімен айтқанда, «бұл нәрсе Оразға дебат деген пәледен жұққан». Ақиқатын айтса, әншейінде қатарының аузын аштырмайтын Оразың бұл таласта атасынан жеңіліс табады да жатады. Анализ дегенмен жастайынан табысқан пері ғой, Ораз бұндай сөзталастардан соң қай жерден сүрінгенін, неден ұтылғанын әбден талдап, сараптап алмай, тыным таппайды. Қозғар тақырыбы бойынша алдын-ала тыңғылықты дайындалып, сайланып алуды әдетке айналдырды. Атасы жиі үзінді келтіретін Абай, Шәкәрім сынды ғұламалардың сөздеріне өзі де жүгінетін болды. Содан ба екен, енді атасы екеуінің сұхбаты пікірталастан гөрі пікір алмасуға көбірек ұқсай бастады. Телефонмен хал-жағдайын сұраған анасы ұлының лексиконынан «ел-жұрт», «парыз», «кие» сынды жаңа сөздерді байқап, «Әкеммен сөйлесіп тұрмын ба десем, сен екенсің ғой», – деп күлгені бар.

Атасы екеуінің қозғамайтын тақырыбы жоқ десе болады. Неге екенін білмейді, туған әке-шешесі, жан дос-тарымен көтеруге батпайтын, қысылатын мәселесін Ораз атасымен емін-еркін талқылай бастады. Және бір қызығы, қандай тақырып, түйткілді қозғаса да, нағашысы Абай атасын тілге тиек етеді де тұрады. Бірде екеуі махаббатты сөз етті. «Махаббатсыз дүние бос...» деген өлмес жолдары бар мәңгілік жырды екеуі сонда үш сағат ашықтады. Армансыз көсілді. Содан бастап Оразда екі тың әдет пайда болды: қандай мәселені болмасын, хәкім Абай призмасы арқылы қабылдау және осындай талқы-сабақтан соң сурет салу. Махаббат тақырыбына салған суретін ешкімге, тіпті атасына да көрсетпей, тығып қойды. Атасынан жасырған жалғыз дүние әзірге осы ғана.

Осыдан кейінгі ең әсерлісі өлім тақырыбы болды. Иә, иә, кәдімгі өлім тақырыбы. Кәдімгі болғанда, жан тапсыру, қаза табу, өлік жайлы емес, ар-ожданның ажал-азасын сөз қылды. Эмогот болып кете ме, бірдеңе ұшырап қала ма деп қорықты ма, ән-шейінде әр нәрсеге дерлік өз айтары бар, ой-өрісі әжептәуір әке-шешесі бұл тақырыпқа табу қойып, ол жайлы ләммим деп аузын ашып көрген еместі... Ал нағашысы бірде даусы саңқылдап, бірде сыбырға көшіп, бет-әлпеті мың түрге еніп, кейде тіпті күлімсіреп қойып толғағанда балашаға алдында қозғалуы жөн көрілмейтіндей тылсымды емес, бір ғажаптан сыр ашқандай болды. Өлімді емес, өлмеу жайлы сөз қылды.

Айтқанына дәлел-дәйек ұсынуға келгенде атасы осы жолы да әдетінен танған жоқ: «Өмір бар жерде өлім бар, одан қашып құтыла алмайсың. Дегенмен ең өкініштісі – ажалыңнан бұрын өлу – ар, абыройыңнан айрылу» деп алып, сол баяғы хакім Абайына жүгінді.

Сол түні нағашы атасы мысалға келтірген «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» «бес дұшпан» – бес бас сүйек түрінде кенепте көрініс тапты. Әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған бұл суретінің астында атасының жоғарыдағы жыр жолдарына қатысты талдауы және Ораздың өз әсер, ой-пікірінен құралған мынандай коментарий тұрды:

«Сақтанбаса, қарсы қайрат көрсетпесе, Абай атамыз айтып кеткен мына «бес дұшпан» адамның руханиятын күнінен бұрын құртады:

1. «ӨСЕК» – пайдасы жоқ бос ақпарат, мысалы, ғаламтордағы арзан приколдар; адамды жаға ұстатып, көрілім, лайк жинауды мақсат тұтатын ақпараттар ағыны. Өсек айту мен тыңдау – адам үшін аса үлкен құндылық – уақытты өлтіру!

2. Мысал ретінде тағы да ғаламторды алсақ, «ӨТІРІК» (фэйк) – көрінеу жалған ақпарат. Ақпарат заманында фейк идеологиялық-ақпараттық жойқын күшке ие, сұрапыл диверсиялық қару бола алады. Зардабы өзге қару, бомбадан кем емес өтірікті тарату – аса ауыр қылмыс. Өтірік – ақиқатты өлтіру!
3. «МАҚТАНШАҚтық» – өз-өзіңе көз, сұқ, энергетикалық өлім шақыру. Адамдардың интернет желісінде өзін, әсіресе, энергетикалық қорғанышы бекімеген жас балаларының фото-видеосын шектен тыс көп, жиі салуы – құптарлық тірлік емес. Сұлу денесін, көркем киімін, жылы-жұмсақ ішкен-жегенін миллиондаған, миллиардтаған қауымның назарына ұсыну қызғаныш, мысықтілеу, көреалмаушылық сезімдердің шабуылына ұшыратады.
4. «ЕРІНШЕКтік» – бойыңдағы дарын, қасиет, қабілеттеріңді тұншықтыру.

5. «БЕКЕР МАЛ ШАШПАҚ» – шашпалық, орынсыз бәсеке, көрсеқызарлық сынды қасиетсіздіктердің кесірінен байлық, дәулет, ырыздығыңның түбіне жету, мал-дүниеңді өлтіру».

Осы «бес дұшпан» – «бес өлімнен» сақтана алғанның Толық Адам, Кемел Адам болуға мүмкіндігі зор...»

Картина мен комментарийді жариялаған соң «іс біттіге» санаған жас суретші ол туралы мүлде ұмытып кетті. Ал оның астында көз салуға тұрарлық реакция баршылықты...

Содан не керек, Ораз қалаға ата-сымен бірге каникулда бірақ келді. Ұйықтап жатқан бауырларын атасына ілесе, бір-бір искеді де, апыл-ғұпыл бояуын іздеді.

Кенепке төнген аталы-жиенді қос шабыт иесі таңғы жүгіруден оралған ерлі-зайыптыны байқамады. Есейіп кеткен ұлы мен жасарып кеткен қайын атасына үнсіз қарап тұрып барып: «ау, бұл тірліктен не пайда ...?!» деп бастай бергенде көзі ұлыныкімен түйісіп, оның отты жанарына тұнған ой, шешім, шабытты көріп, «Пәлі, мынауың!..» деп сүйсініп, тоқтай қалды. Неге сүйсінбесін. Прагматик әке ғой.

Қаралым саны 795

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463