Осы маңайға қатысты қызықты оқиғалар республикаға танымал жер-лес жазушы Құрманғазы Қараман-ұлының кітабында көркем шығарма түрінде өрілген. Ал аталған елді ме-кенге есімі берілген Тұрғанбай қарт-тың немересі, жергілікті өлкетанушы Әзербай Кенжеғалиев Жарман қазі-рет, оның мешіті туралы кеңінен қа-лам сілтеп келеді. Жарман ата Ақсары ысықтың Қоскелді бөлімінен тарай-ды, Әзербай ағай – оның аталас туысы.
1891 жылы осы өңірде дүниеге келген Науқан есімді молданың жазу-шы Құрманғазы Қараманұлы магни-тофон кассетасына жазып алған әңгі-месінде (сұхбат «Орал өңірі» газетінің 2015 жылғы №4, №18 сандарында жарияланды) Жарман мешіті туралы айтылған: Құлақшиде құлаған мешіт-тің орны бар. Ол – біздің мешіт, Жарман-Жармұхамед қазіреттің ме-шіті. Жармұхамед деген менің тумам, үлкен оқымысты, ғалым кісі. Мешітін 1928 жылы үкімет адамдары бұзды ғой. Ол жерде үлкен шәр болған. Ме-нің мекенім сонда, Қалдығайты өзе-нінің бойындағы Құлақши деген жер-де еді, — дейді Науқан ата.
Анабір жылдары Жарман қазірет мешітінің орнына оның ұрпақтары келіп, ата рухына тағзым етіп, көрнек-ті белгі орнатыпты.
– Қазірет мешітінің орнына белгі ретінде қойылған әр тастың салмағы 2,5 тонна шамасында. Тас белгідегі жазуды жұмыстан кейінгі уақытымды пайдаланып, үш апта ішінде өз қо-лыммен жазып шықтым, рамазан айында дайын болды. Белгіні орнат-қан соң сол кезде Жігерлен ауылында тұрған Қанат Тоғайбайұлының үйінде садақа бердік. Белгі орнату туралы ой келіп, қазіреттің Сайфолла есімді шө-бересі мешіт орнын іздеп барғанда, жол көрсетуші Қанат болды. Сайфолла Жігерленге жетіп, жөн білетін кісілер-дің нұсқауымен Қанатқа жолығады. Қанат «Күткен қонағым сіз болдыңыз, негізі бүгін жол жүруім керек еді, тү-сіме бір қарт кісі еніп, қонақ қарсы-лауым керек екенін айтты» – депті. Қазіреттің бірінші әйелі қайтқасын, екінші рет үйленсе керек. Жарман қазірет ұжымдастыру кезінде, туған жерден көшкенде, осы екінші әйелі Жамалдан 1928 жылы көрінген Ысқақ есімді ұлы емшектегі бала екен. Қазі-рет сол көшкеннен Башқұртстанға дейін барады. Біз тоқсан жасқа аяқ басқан кезде сұхбаттасқан Мүтиғолла есімді атай сол бетте бала күнінде қа-зіретпен жүздесіп, қолынан ет асаған екен. Ол Жарман ата мешітінің орны-на белгі қойғанда, жасы ұлғайып қал-са да, қазіреттің туған жерін көруге арнайы келді. Жарман ата ҰОС жыл-дарына таман елге қарай жылжып, Орынбор облысының Сухоречка де-ген жеріне келіп тұрақтайды. Сонда жерленген. Атаның жатқан жеріне аяқтай барып, арнайы зиярат еттім. Жарман атаның пері оқытқаны айты-лады. Мен - Жарман атаның Нәпиза деген қызынан туған Алтынайдың ұлымын. Жарман атаның Нәпизадан кіші қызы жуырда қайтыс болды. Қа-зіреттің немере-шөбере, жиендері бар, өазара араласып тұрамыз. Әже-леріміздің айтуынша, Жарман атаның кітаптары мешіт аумағында, бес метр-дей тереңдікке көмілген. Жарман атадан «Мешітке көмілген заттарыңыз-ды біреулер қазып алып кетпей ме?» дегенде, «Оны ешкім ала алмайды, өзінің қараушылары бар» депті.
Бұл әңгімені баяндаушы – қазірет-тің Жеткін Ермұқанов есімді жиенша-ры. Мен, осы мақаланың авторы, Жеткін ағаймен бірге Жарман қазірет-тің Ақсай қаласында тұратын немере-сі — Серік Ысқақұлының үйінде бол-дым. Онда қазіреттің Құраны мен қолжазбалары сақталған екен. Араб қарпіндегі елу беттей қолжазбаны суретке түсіріп алдым. Құран кітабы-ның алғашқы беттеріндегі таза, ақ па-рақтарда 14 бет қолжазба бар. Мұ-ның сыртында Құран беттеріндегі не-гізгі мәтіннің шет жағындағы бос орын-дарда араб қарпіндегі қолжазбалар кездеседі. Атақты ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Р. Сүлей-менов атындағы Шығыстану институ-тының ғылыми қызметкері Ғалия Қамбарбековаға хабарласып, аталмыш қолжазбаның кейбір парақтарын оқып беруін өтінген едім. Ол кісі қолжазба-ның Құран Кәрімнің сүрелері мен сол сүрелерге жасалған тәпсірге ұқсайтын мәтіндер екенін айтқан жауап келді. Ғалымның осы жазбасына қарап, Жарман қазіреттің ұстаған Құран кіта-бы мен жазған дәптерлері арнайы зерттеуді талап ететінін ұғуға болады.
Қазірет ұрпақтарына оның мешіті-нің орнын көрсетуде қолұшын созған Қанат Тоғайбайұлымен арнайы жо-лықтық.
– Бұрын Жарман қазірет жайында ештеңе білмейтін едім. Бір күні түсім-де бұзылып, жарлары қалған ғимарат көрдім. Біреу «Жарман, Жарман» дей-ді екен. Оянғасын әкемнен: «Папа, осы жарман деген не зат?» деп сұра-дым. «Ие, ол Қалдығайты суының ар-ғы бетіндегі мешіт орнының атауы ғой» – деді әкем. Біраздан кейін атқа мініп, судан өтіп, Жарман қазірет ме-шітінің орнын арнайы барып көріп келдім. Одан кейін тағы түс көрдім. Екі қарт кісі келіп тұр екен. Біреуі ша-ғындау келген, үстіне тізеден келетін жасыл түсті қысқа шапан киген. Ша-панының өңірі алтын түспен әдемі түрде өрнектелген. Сол кісі маған: «Жарманнан келдік» деп қылыш ұсы-нып тұр екен. Қылышты қолыма алып қарасам, жалпақ жағына арабша жа-зулар бедерленіпті… Бірде аудан ор-талығына жол жүретін болып ұйқыға ертерек жаттым. Таңда оянсам, арқа-ма шөп қадалып тұрғандай бірдеңе батып тұр. Анама көрсетіп едім, «Еш-теңе жоқ» – деді. Содан жолға шығып едім, бір-екі машина тоқтамай өтіп кетті. Таңда ұйқылы-ояу жатқанымда, түсімде біреу: «Келеді, саған келеді» деп еді. Түс көріне береді ғой деп оған мән бермегенмін. Амал жоқ, көліктің реті шықпағасын үйде бол-дым. Түске таман үйдегілер сені бір кісі іздеп келіп тұр деді. Шықсам, бей-таныс ағай тұр. Жарман қазіреттің ұр-пағы Сайфолла есімді кісі екен. Әуелі Егіндікөлде тұратын Қайыррахман атаға барыпты, сонда ол кісі «Жігер-лендегі Қанатқа барыңдар, мешіт орнын сол көрсетеді» — депті. Сөйтіп, жол бастаушы болып, Жарман мешіт-ке барып келдім. Бір қызығы, сол күні түс қайта аяқ астынан Қаратөбеге ба-ратын көлік табыла кетті. Аудан орта-лығындағы шаруаларым да оңай үйлесіп, кешке ауылға қайтып келдім. Үлкендердің айтуынша, Жарман қазі-рет Құлақшидегі алпыс үйді қамқор-лаған екен. Мұқтаждық туындағанда, Шыңғырлаудың базарына ұшып ба-рып келген деген әңгіме де айтыла-ды. Әкем Тоғайбай 1935 жылы туған. Бала күнінде дін жолына тартылып, 15 жасына дейін Смағұл деген қарт-тан діни бағытта сабақ алып жүреді. Соны байқап қалса керек, бір күні өзі-мен қатарлас қалжыңбас бозбалалар әкемді жабылып жығып, күштеп ау-зына темекі қыстырады. Әкем содан кейін Смағұл қартқа барғанда: «Жа-райды, балам, сен енді бұл жолға алаң-дамай-ақ қой» — депті. Сол Смағұл қарт па, әлде басқа оқымысты адам ба екен, анығын білмеймін, әкеме: «Қара судың ұйығанын көрерсің, сол суды қорықпай іш» — деген екен. Әкем жұпынылау тірлік кешіп, сиыр бағып жүрген кезінде жаз мезгілінде ертемен малға тұрып, қолын жуайын десе, құмандағы су ақпайды. Қара су қоюланып тұр екен. Үлкен кісінің айт-қаны есіне түскен әкем суды ішіп ала-ды. «Содан кейін жұмысым жүріп, ал-дыма мал бітті, шаруам алға басып, қатарға қосылдым» — дейтін әкем. Біз Сары Алашаның Тілемісінен тарай-мыз, — дейді Қанат Тоғайбайұлы.
2016-жылы Жарман қазірет меші-тінің орнын көрудің сәті түсті. Мешіт жарының бір бөлігі құламай сақталып-ты. Айналасында ұзын әрі енді болып келетін үлкен орлардың орны анық аңғарылады. Мешіттің іргесінде тегіс-телуге айналған ескі қорым бар екен. Қорымдағы жалғыз құлпытаста кирил қарпімен алаша Шотқара руының адамы жерленгені жазылыпты.
Мақаланы жазу барысында бала күнінде Жарман қазіреттің қолынан ет асаған, Ақсай қаласында тұратын Мүтиғолла қартпен жолығудың сәті түсті. Жасы тоқсаннан асқан Мүтиғолла атай бес уақыт намазы мен оразасын қаза қылмайтын жан екен. Ол Жарман қазіретті былайша еске алды:
– Жарман қазіретті көргенде бала едім. Ол – орта бойлы, жауырынды, жарасымды етіп қойған сақал-мұрты бурыл тартқан, жүзі шырайлы, анық сөйлейтін жан еді. Башқұртстанда арасы жақын ауыл көп қой. Бір өзен-нің екі бетінде екі ауыл отырады. Жарман қазірет пен менің әкем бір ауылда тұрған жоқ. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» демек-ші, екі қазірет бір ауылда тұрғанда-рын қолай көрмеді ме екен. Бірақ араларында ондай араз-ашулары жоқ, бірін-бірі жұма сайын болмағанымен, айына бір рет көрмей тұрмайды. Жарман ата менің Құран оқығаныма кереметтей риза болатын. Бірде сол үшін шиланын ашып, жиырма тиын ақша берді. Содан кейін оның келе жатқанын көрсем, қолыма Құран ұс-тап отыра қалатынды шығардым. Ол кісі де: «Ә, Құран оқып отыр екен» – деп маған тиын ұсынатын. Менің ая-ғым ақсақ, ат туару, суару, жегу секіл-ді жұмыстарға жарамаймын. Әкем сол себепті қасына көбіне менен үш жас үлкен ағамды алып жүретін. Жарман қазірет пен әкем шәйді асықпай жай-ланып ішеді. Әдетте екеуінің қолында да арабша жазылған бір-бір кітаптан болады. Бірі сұрайды, екіншісі тыңдап, жауап береді. Сөйтіп, алма-кезек сұрақ-жауап біразға созылады. Сонда шынымен білмей сұрай ма, әлде бір-бірінің білімін шыңдаңқырап алайын дей ме екен, кім білсін. Бірде әкеме ілесіп, Жарман атаның үйіне барға-нымда, ет асылды. Сол жолы Жарман ата маған өз қолынан ет асатқаны есімде.
Жарман атаның жуан сұр биесі болды. Сол биесімен башқұрттарға бақшалық жерін жыртуға жалданады. Сонда қасындағы башқұр шал: «Қазі-рет, тереңірек» деп жүргенін көрдім. Түренді тереңірек жібер дегені ғой. Сонда Жарман қазіреттің өзі де шар-шамайды, жалғыз аты да терлемейді. Әкемізде де жалғыз ат болды. Бірақ ол біреумен бірігіп, атты қосарлап жалданатын. Аттар соның өзінде бол-дырып жатады. Бір күні әкем: «Өне-бойына Қамидолланы ілестіріп, сені тастап кетіп жүрмін, жүр, атаңа барып сәлем беріп қайтайық,» – деді. Содан 10-12 шақырым жердегі Жарман қазі-реттің ауылына келдік. Жатарда майын бетіне шылқытып, дырау та-бақ қылып, сөктен төп пісірді. Әлгіден жеп алып, ұйқыға жаттық.
– Қарағым, Құрбанғали, осы жерге қазық қағамыз, соның топырағы шық-пайды, сол топырақ қайда кетеді? – деді Жарман ата әкеме.
— Ой, Жареке-ай, соны білмей сұ-райсың ба? – деді әкем.
– Әрине, білмеймін ғой, білсем сұраймын ба, – дейді Жарман ата.
Сонда әкемнің берген жауабы:
– Жерге қазық қаққанда топыра-ғы шықпайтыны туралы ібіліс пайғам-бардан келіп сұрапты дейді. Пайғам-бар айтыпты:
– Бір үйге қонақ келсе, қонаққа үй иесі бола тұрып барын бермесе, әлгі топырақ үй иесінің көзіне құйылады. Үй иесі барын беріп, қонағы риза бол-маса, топырақ қонақтың көзіне құйы-лады. Үй иесі барын беріп, қонақ та риза болса, ібіліс, топырақ сенің кө-зіңе құйылады.
– Ә-ә-ә-ә, – деді Жарман ата дауы-сын созыңқырап. Қос қазірет әңгіме-лерін жалғастыра берді.
Мен ұйықтап қалдым. Ертеңіне Жарман қазірет: «Қарағым, Құрбан-ғали, бір-екі сағат кідір. Жеңгең түн-дегі сөзіңнен «Көзіме қиқым түседі» деп бүркеніп жатты» – деді. Кешікпей сақтаулы тұрған бір жуан қазы қазан-ға салынды. Сүр болғанмен, жылдам піседі ғой, ақыры ол қонағасыны да жеп аттандық. Қазірет қазының ба-рын біледі де, асқызуға тікелей айтып араласпай, кемпірі түсінсін деп тұс-палдап жеткізгені екен. Әкем соғыс-тан асқазаны аурулы болып оралды. Бір күні қайдан естігенін білмеймін, «Жарман аталарың марқұм болып-ты» – деді. Шелпек пісіріп, әкеміз Құран бағыштады. Орынбордың Су-хоречка деген жеріндегі Жарман қазіреттің зиратына үш рет бардым. Қасында құдық, малдың қорасы бар екен. Сонда қазіреттің әйелі жағынан бір жақындарының үйінен дәм тат-тық. Олардан «Атаны мал қораның қасына қойғандарың не?» деп сұрап едім, «Әуелде бұл маң дала болды, колхоз бірнеше жерден құдық қазып еді, ешбірінен су шықпай қойды. Ақыры, Жарман ата зиратына жақын жерден қазылған құдықтан су шығып, қасына мал қора салынды» – деді.
Мүтиғолла қарттың Жарман қазі-рет туралы естелігі осындай. Оның әкесінен естуі бойынша, Жарман ата діни білімді Уфадан алса керек. Бір таңғаларлығы, Ресей жеріне өткен соң қазіреттерді ешкім қудалап, соңы-нан түспеген. Мүтиғолла қарттың әкесі Құрбанғали қазірет Қаратөбе ауданының Шөптікөл ауылына жақын Шым деген ойпатта мешіт ұстаған. Қазірет Құрбанғали Қуанышқалиұлы Оралдың түрмесінен (Қырықтұрба) босағасын, оған сол кездегі Орал облысында тұруға бес жыл тыйым салған. Сол себепті ол 1928 жылдың күзінде отбасы мен мал-мүлкін алып, Башқұртстан жеріне көшкен. Батыс Алашорда үкіметінің рухани көсемі – Қуанай қазіретпен бірге түрмеге қа-малған Құрбанғали қазіреттің өмірі – өз алдына үлкен тақырып. Мақала-мыздың басында тілге тиек еткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Жарман, Құрбанғали хазыреттер сынды ел руханиятына үлес қосқан қазіреттерді насихаттауға үндейтін болғандықтан, алдағы уақытта да осы сипаттағы өлкетану жұмыстарын жалғастыра беру ниетіміз бар.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ