ОРАЛ ӨҢІРІНІҢ ЖЫРАУЛЫҚ ДӘСТҮРІ

  • Галерея изображений

Армат ИСЛАМҒАЛИЕВ,

Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушылары

Ерте дәуірлерден жеткен ұлы өнердің бірі болған жыраулық дәстүрдің өткен ғасырларда еліміздің көптеген өңірінде кең қанат жайып, дамығаны белгілі. Батыс Қазақстан аймағы да ерте заманнан айтулы жыршы-жырауларымен мәлім болған.

 Алтын орда тұсындағы жырауларды айтпаған бергі дәуірлердің өзінде Жиембет Бартоғашұлы (1570-1643), Байтоқ жырау (ХІХ ғ.), Сүгір Мырзалыұлы (1835-1908), Марабай Құлжабайұлы (1841-1889), Сартай Көшкіншіұлы (т.ж.б.-1923), Көшелек Еламанов (1874-1951), Қалмағамбет Жамболов (1884-1959), Қобыланды Есейұлы, Құмар Әбуғалиев (1898-ө.ж.б.), Нұрсейіт Битілеуов (1899-1970) сынды т.б. ақын-жыраулар өмір сүрді. Олар ертеден келе жатқан қаһармандық және ғашықтық жырларды жырлап, халық арасындағы жыраулық дәстүрді дамытқан.

Жоғарыда есімдері аталған ақын-жыраулардың әдеби мұралары ел арасынан жинастырылып, жыр жинақтарында жарияланып жүрсе де, мақам-саздары көп сақталмаған. Орал өңіріндегі жыршы-жыраулар жырлаған эпостардың біршамасы бүгінде М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақтаулы тұр. Марабай Құлжабайұлы, Көшелек Еламанов, Нұрсейіт Битілеуов т.б. оралдық ақын-жыраулар орындаған қаһармандық жырлардың кейбір нұсқалары «Бабалар сөзі» сериясымен жарық көрген 100 томдыққа енді.

Бұл күнде қазақтың жыраулық өнері сөз болғанда, өнердің бұл түрі санаулы аймақтарда ғана дамығаны айтылып жүр. Академик Р. Бердібаев халқымыздың жыраулық өнеріне қатысты: «Жыршылық дәстүр ертеде Қазақстанның барлық өңірінде де орын тепкен. Тарихта аты қалған Марабай, Мергенбай, Жанақ, Нысанбай, Құлыншақ, Майкөт секілді ақын-жыршылардың ауыз әдебиеті байлығын насихаттау мен жеткізудегі еңбегі елеулі» [1, 259-б] деп жазды.

Орал өңіріндегі ақын-жыраулардың музыкалық мұралары арнайы зерттелмеген десек те, кейбір зерттеуші қаламгерлер олардың өмірі мен әдеби мұраларына назар аударып, бірқатар еңбек жазып, жариялаған. Олардың қатарында журналист, өлкетанушы Қайыржан Хасановтың «Байтоқ жырау. Халық жыршылары мен ақындары», «Сартай ақын», «Қази ақын. Халық ақындары мен сазгерлері» еңбектері мен әнші, зерттеуші Серік Әбдірахмановтың Орал өңіріндегі өнерпаздар жайлы жазған кітаптары сияқты өзге де бірқатар еңбекті атап өтуге болады.

Аталған өңірдегі жыршы-жыраулардың мұраларын КСРО тұсында республикамызға кеңінен насихаттаған дүлдүл әнші, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев (1909-1993) болды. Ғ. Құрманғалиевтің репертуарынан Сыпыра Сұрқылтайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Сағымқожа, Сартай Көшкіншіұлы, Құмар Әбуғалиев, Өмір Көшекбайұлы сынды жыршы-жыраулардың терме-толғаулары берік орын алып, бүгінге жетті. Сондықтан Ғ. Құрманғалиевті КСРО кезінде еліміздің Батыс өңірлеріндегі жыраулық өнерді, аталған аймақтағы ақын-жыраулардың мұраларын дәріптеген бірден-бір тұлға деп нық сеніммен айта аламыз. Ол Орал өңіріндегі жыршы-жыраулардың мақам-саздарын жеткізумен қатар Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Нұрпейіс Байғанин сынды әйгілі ақындардың сөздеріне де терме үлгісінде мақам-саздар шығарып, орындаған. Оған «Жаз», «Абайға», «Жаз» (өзгеше нұсқа), «Еңбек туралы», «Тойбастар» сынды туындылары дәлел. Сонымен бірге Ғ. Құрманғалиев «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» сынды көлемді эпостарды да жырлады деген мәліметтер кездессе, оның орындауындағы «Бала Ораз бен Жібектің айтысы», Аралбай ақын Оңғарбекұлының «Баласы Берекеттің қабірінің басында айтқаны» сияқты туындылар дыбыс таспаларында сақталған. Көпшілік, негізінен, әнші-композитор деп танитын дүлдүл әнші осылайша жыраулық өнердің насихатталуына да ерекше еңбек сіңірген. Осы дыбыс таспаларында оның жалпы жеті-сегізден астам мақам-сазды пайдаланғанын көреміз.

Қазақстанның батыс аймағындағы ақындық және жыраулық өнерді зерттеген әдебиетші-ғалым Қабиболла Сыдиықұлы «Мұрын жырау және «Қырымның қырық батыры» атты зерттеуінде Мұрын жырау Сеңгірбекұлы өнеге алған жеті орта туралы айта келіп, «Біз атаған бастау-бұлақтардай әдеби ортаның бәрі Атырау аймағында батырлық жырларды айтып тарататын дәстүрлі жыраулық, жыршылық ортаны құрайды. Бұл орта өзге іргелес ақындық орталармен үнемі қатынас, байланыста болады»[2, 11-б] деп, Жайық, Жем, Сағыз өңірлеріндегі жыршылық мектептердің бір-бірімен байланысын сөз еткен. Орал өңірінде өмір сүрген ақын-жыраулардың шығармашылығын, репертуарларын нақты зерттеп, олар қандай эпостарды жырлады, таратты деген сауалдар төңірегіндегі жүйеленбеген мәселелерді реттеу — алдағы күннің еншісінде тұрған міндет.

Бүгінгі күні Орал өңіріне тән деп саналатын жиырмадан астам саз-сарын белгілі. Атап айтар болсақ, үлкен сахнада жиі орындалып жүрген «Сыпыра жыраудың термесі», «Сағымқожаның термесі», «Сартайдың термесі», «Құмардың термесі», М. Өтемісұлының «Мен, мен едім, мен едім», «Әй, Махамбет, жолдасым» сынды тағы да басқа терме-толғаулар бар. Осы мақала авторларының бірі — әнші, жыршы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы Армат Исламғалиев Орал өңірінің жыршы-жырауларының өнернамасына қатысты деректерді жүйелеп, аталған өңірге тән мақам-саздарды жинастырып, нотаға түсіріп, «Орал өңірінің мақам-саздары» атты еңбегін баспаға дайындап отыр. Нәсіп етсе, алдымыздағы күз айларында жарық көрмек.

Жыршылық өнерді дамытуда көл-көсір репертуармен қоса, жыр-терме сарындарының да аса маңызды екені айқын. Академик Р. Бердібаев жыршылардың музыкалық мұралары мен терме сазының маңыздылығы жөнінде мынадай тамаша пікір білдірген: «Қазақ жыршысы не домбыраға, не қобызға қосып әндетіп орындайды. Сөйтіп, мұнда поэзия мен музыка үндестік, бірлестік табады. Осыдан барып жыршылық әркімнің қолынан келе берместей айрықша қымбат өнерге айналады. Кейде жамағат жырдың сөзі мен айтушының даусының қайсысына көбірек ден қойып отырғанын ажырату қиын. Қазақ эпосын ғасырлар сілемінде жоғалтпай жеткізген құдіреттің бірі шығарманың өз қасиеті болса, екіншісі толқын атқан жыршы сазы демеске болмайды. Дәл осындай табиғаттың арқасында ғана жыршылық әлі күнге дейін өзінің тартымдылығын жоймай келе жатқандай» [1, 259-б].

Орал өңіріндегі жыршы-жыраулар мұраларының жиналмауына, зерттелмеуіне және жыршылық дәстүрдің бәсеңдеуіне Кеңес өкіметі саясатының да кесірі тиген. Атақты ақын-жырау Құмар Әбуғалиевке қатысты «Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясында» мынадай мәліметті кездестіреміз: «Ақын, әнші-композитор, термеші, саяси қуғын-сүргін құрбаны. Жақсы домбырашы және жыршы да болған. ...Оның халық арасына кең тараған бір туындысы «Құмар термесі» деп аталып жүр» [3, 156-б]. Сол кездегі саясаттың ұлттық өнерге тигізген зияны туралы айтар болсақ, оған көптеген дәлел келтіруге болады.

Орал өңіріндегі жыршылардың мұраларын насихаттауда Жақсылық Сәрсенғалиев (1944-2001), Қаламқас Орашева (1953-1988), Көшерғали Макаров (1951-2017), Беркін Көбенғалиев, Хатимолла Бердіғалиев, Сағадат Рахметжанов, Серік Әбдірахмановтар елеулі еңбек етсе, Армат Исламғалиев, Сұңғат Жанаев, Фархат Оразов, Дастан Есентеміров, Бейбіт Қажығалиев, Ернар Өмірәлі, Лаура Мұхаметжанова сынды т.б. бүгінгі жас өнерпаздар да ертеден келе жатқан терме-толғаулар мен көлемді эпостарды жырлаумен көзге түсіп жүр. Жас жыршылардың репертуарында «Парпария», «Орақ-Мамай», «Қарасай, Қази», «Қарақыпшақ Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Сырым батыр», «Исатай-Махамбет», «Нарқыз», т.б. желілі жырлар берік орын алған.

Қазіргі таңда көптеген аймақ өздерінің ұмытылуға айналған музыкалық мұраларын жаңғыртып, жинақтар шығарып, оқу жүйесіне енгізуде. Жеке мұрағаттар мен мемлекеттік архивтерде сақталған Орал өңіріне тән жыраулық мұраларды жинақтап, зерттеп, колледж және жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізіп, жас ұрпаққа кеңінен насихаттау ісі өнер және ғылым саласында жүрген азаматтардың міндеті деп білеміз.

 

Аннотация

В данной статье под названием «Жырауские традиции в Западно-Казахстанском регионе» затрагиваются сказительские-жырауские традиции западных земель страны, Уральской области и творчество жырауов, проживавших в названных краях.

 

Abstract

This research paper, entitled «Zhyrau tradition of the West Kazakhstan region», discusses the zhyrau tradition of the western part of the country, the Oral region, and the creation of zhyrau people who lived in this region.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Бердібаев Р. Дәстүр қуаты. – Алматы: «Білім» баспасы, 2005. – 259 б.
  2. Қырымның қырық батыры. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2005. – 544 бет.
  3. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – 592 бет. + 48 бет суретті жапсырма.
Қаралым саны 1216

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463