Батыс Қазақстанның барша айтқышы мен заржақтарын түгел түгендемесек те, ХІХ ғасырдың өліарасында Қазақстанның батыс өлкесіндегі Теректі маңайында туып-өсіп, ақын-жыршылдығымен жарқыл-жұрқыл өмір кешкен от мінезді, орақ тілді Марабай жыраудың шығармашылығынан да қазақ өмірінің талай алмағайып жағдайынан хабардар боламыз. Кейде он өзгеріп, сан түрлендіріліп жататын жазба деректер мен алыс-жақын елдердің ұлысымыз туралы айтып жататын «көсемшіл» біржақты пікірлерінен гөрі, бір бунағын да ешбір ғаламат өзгертуге қауқары жетпейтіндей етіп сөз қауызына көркем тілмен сыйдырған жыршы-жырауларымыздың бейнелеуіндегі тарихымыздың шынайылығына, оны бейнелей білудің асқан шеберлігіне тәнті боласың.
Қазақ тарихын образдаудың жарқын үлгісін жасауға дейін қазақтың қаҺармандық жырларын жөргегінен жаттап өскен, исі қазақ оны «Қобыландысы» мен «Ер Тарғыны» арқылы білетін Марабай жыршының туған әдебиетімізге қалдырған мұрагерлік баяны мен дәнекерлік еңбектері бүгінде теңдесі жоқ ұлттық байлығымызға айналды.
ХХ ғасырдың қырқыншы жылдары Каспий жағалауындағы Мұрын Сеңгірбеков арқылы Қырымның қырық батырының есімдері жаңғыртылып, ерлік істері ел жадына оралса, батысқазақстандық Марабай жырау арқылы да «елім деп еңіреген, жерім деп еміренген» баһадүрлер туралы қайталанбас жауһар жырлар бүтінгіге аман жетті. Қазіргі орта мектепте және жоғары оқу орындарында оқытылып жүрген «Қобыланды», «Ер Тарғын» жырлары Марабай варианты бойынша бағдарламаға енгізілген. Себебі бұл варианттардың көркемдік, тарихи өлшемі жалпы әдеби туындыға қойылатын талаптардың биігінен көрінеді.
1852 жылы Н. Ильминский Марабайды әдейілеп шақыртып, одан «Ер Тарғын» жырын жазып алып, сол нұсқаны 1862 жылы Қазан қаласында бастырып шығарады [1]. Ол қазақ халқының жыр үлгілерінің шоқтығы биік, аса құнды мұра екендігіне таңданыс білдіре отырып, кітабының соңғы жағына өзінің қазақ жырына деген ерекше ілтипатын: «...Алыс жерден, жақын көңілден тәмам жұртқа көп сәлем деп, көп дауда тынышың бұзылмасын, дәулет құсы сайрап тұрсын деп тілеген соң, «Әкем өлсе өлсін, тек әкем айтқан сөз өлмесін» дегендей, «Ер Тарғын» толғауын жылқы жылы табын еліндегі атақты Марабай ақыннан жаздырып алып, бұл арада бастырғаным - жырды өлмесін дегенім...» [2] деген жолдармен білдіруіне қарағанда, зерттеушінің бұл жырды Марабай баянынан жазып алғандығында күмән жоқ. Себебі 1860 жылдары оның П. Савельевке жазған бір хатында: «...Егер шын сырымды айтсам, ендігі жерде татарлардан гөрі бар ынтамды қазақтарға бұрам, бұдан былай Қазанға емес, тікелей Орал өңіріне бағыт аламын...» [3] дейді және, шынымен де, Н. Ильминский көп ұзамай қызмет бабымен Батыс Қазақстанда жүрген орыс интеллигенттерімен жиі араласатын Ы. Алтынсаринмен жалғасып, батысқазақстандық Марабай сынды ақын-жыршылардың жырлауындағы қазақ жырларын түгендей бастайды.
Бұдан кейін де «Ер Тарғынның» көптеген варианты оқтын-оқтын жарық көргенімен, бәрі де сол Марабай вариантымен егіздес, мазмұндас, көлемі де шамалас болды. Яғни аталмыш ежелгі жырдың алғашқы жырлаушысы Марабай болғандығы күмән туғызбайды.
Қазіргі таңдағы бұқараға белгілі Марабай нұсқаларындағы жырлардың қай-қайсысы да көлемділігін айтпағанда, бейнелеу шеберлігі мен көркемдік тәсілдері жағынан ерекшелеу, оқиғалары жүйелі, композициялық құрылымы тартымды болып келеді. Ішкі сюжеттік желісінің де бірде алға шауып, бірде кенже қалып жататын тұстары мен көбіне ежелгі мұралардан жиі көрініс табатын аумалы-төкпелі хаостық оралымдар да бұл жырда кездеспейді, қысқасы, ауызекі құндылықтың ішкі тінінен көптеген әдеби, тарихи категорияны да екшеуге болады.
Марабай ақын арқылы көзайым болған «Қобыланды батыр» жырын да 1860 жылы Ы. Алтынсарин өз аузынан жазып алып, оның ең сүбелі бөлігі – «Тайбурылдың шабысын» өзінің «Киргизская хрестоматия» деген еңбегінде 1879 жылы бастырғаны белгілі. «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырлаған ең көркем нұсқасын 1922 жылы Ә. Диваев Ташкентте шығарған «Батырлар» атты жырлар топтамасында жариялайды [4]. Бұл нұсқаны Ә. Диваевқа Ақмешіттен Мұрат Өскеұлы жібергенімен, Марабай вариантымен өте ұқсас әрі көлемі де бірдей болады, демек, кеңес дәуіріне дейінгі жырланған Марабай нұсқасы қазақ елінің көптеген жеріне тамыр жайғандығын байқатады.
Қазақстанның батыс өлкесінің бірнеше аймағынан «Қарақыпшақ Қобыланды батыр» деген атаумен жыр үлгісін ел аузынан жазып алуда батысқазақстандық жидашы профессор М. Тілеужановтың да атқарған еңбегі аса зор [5]. Ол 1954 жылы А. С. Пушкин атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің жанынан өзі ұйымдастырған фольклорлық-этнографиялық экспедициясының кезінде Марабай жырлап кеткен «Қобыландының» азын-шоғын өзгертілген нұсқасын Нұрсейіт Битілеуов деген айтқыштан жазып алады да, ал 1958 жылы Орынбор облысына барған сапарында Сүйіншіәлі Жаңбыршин деген термешіні бірнеше күн жырлатып, Марабай нұсқасының ұзақ та әдемі баянын ауызба-ауыз қағазға түсіреді. Батысқазақстандық немесе оған шектес жатқан Ресей аймағындағы айтқыш қазақтардың қай-қайсысы да жырланған жырларының «Марабай жыраудан қалған естелік еді...» деп ескертіп және Марабайдың айтқанындай жеткізе алмай отырғандықтарына өкінген түр білдіреді екен. Мұны жидашы М. Тілеужанов студенттерге жүргізген фольклорлық дәрістерінде үнемі үлгі етіп айтып, қазақ айтқыштары мен тақтақтарының Марабайды ерекше ұстаз тұтып, қазақтың қиыр өлкесіндегі жыршылық мектептің бетке ұстарындай бағалайтынына риза болатын.
Профессор М. Тілеужанов Марабай варианттарын жиып-теру барысында жинақталған көптеген түрін салыстырмалы-типологиялық тұрғыда зерттеумен де айналысып және көп жыл бойы қазақтың көпжанрлы ауызекі әдебиетінен тірнектеген бес томдық халық мұрасын Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының қолжазба бөліміне өз қолымен апарып тапсырған алғашқы батысқазақстандық жидашы еді. Қазір М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде профессор М. Тілеужановтың жарты ғасырдан астам уақыт бойы ел кенішінен жинаған фольклорлық мұралары арнайы мұражайда сақтаулы тұрғанымен, жүйелі зерттелуін күтетін шеті де кертілмеген мәселелері ас та төк. Жидашы-ғалым өзінің көзі тірісінде қазақ жырларының локальды ерекшелігі, көпсатылылығы, көпжанрлылығы, көпнұсқалылығы, тарихи және көркемдік танымы секілді мәселелерін немесе халық фольклорына қатысты бұрын ешкім тіліне салмаған, қаперіне алмаған жағдаяттарын қай ғылыми ортада да білгірлікпен батыл айтып, фольклоршы-мамандарға ой салып жүретін еді. [6]
Батысқазақстандықтардың деректі дәлелдемелерінің нәтижесінде ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары Москвада шыққан «Қобыланды батыр» жыры да Марабай нұсқасы екендігі анықталып, іле көркем жыр 1977 жылы жарық көрген «Ақсауыт» атты батырлар жырының топтамасына енгізілді. Кейіннен қазақ әдебиетін зерттеушілер Ә. Марғұлан, М. Ғабдуллин, Ә. Тәжібаев, М. Қаратаевтардың азын-шоғын түзетуімен Марабай жырлаған вариантынан орынсыз түсіп қалған өлең жолдары қалпына келтіріліп, бүгінгі жас құлақтарға да Марабайдың осы нұсқасы ұсынылған болатын. Марабай жырлаған варианттардың сюжеттік-композициялық құрылымы қырылып-жонылғандай жүйелі, ішкі семантикасы бай, шым-шытырық оқиғасының бәрі дерлік экспозициясынан шарықтау шешіміне дейін әу бастағы халықтық мақамнан алшақ кетпеген, яғни бұл жырлардағы тарихтың образдалуы тарихи фольклордың заңдылықтарына сай деген сөз.
Ы. Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясында» жарияланғаннан 43 жыл өткен соң Марабай жырлауындағы «Қобыландының» толық нұсқасы 1922 жылы Ташкентте Ә. Диваев атымен жарық көргендіктен, көптеген фольклор зерттеушілерінің еңбектерінде бұл жырларды Ә. Диваевпен, кейде В. Радловпен, Ы. Алтынсаринмен, Н. И. Ильминскиймен байланыстырады. Көбіне хат білетін көзі қарақты зерттеушілер Марабай, Күдері, Орынбай, Жанақ секілді жыраулардың жырларын қағаз бетіне түсіргендерімен, жыршы-жыраулардың игілігі оны жинап, хатқа басып шығарушылардың құзырында кеткендері көп, бірақ «Қобыланды» жырын зерттеуге барлық саналы ғұмырын арнаған фольклоршы О. Нұрмағамбетова өзінің кандидаттық диссертациясында «Қобыландының» ең сауатты әрі көркем нұсқасының авторы батысқазақстандық Марабай жырау екендігі анық айтылады [7].
Тек қана жыршы-жыраулардың толғау өлеңдері ғана емес, ел ішіндегі «көнекөз қарттар айтыпты» делінетін шежіре-аңыздар мен тарихи фольклордың дені де осылайша өз авторларынан ажырап, жалпыхалықтық сипат алғандары да көп. Сол секілді Марабай жырау да халық ауыз әдебиеті нұсқаларын жырлаумен шектелмеген, ол ел шежіресін де шебер қайыратын жадышыл адам болған. Өзінен 34 жас үлкендігі бар Шерниязды ұстаз тұтып, 23 жас үлкен Сегіз серіге еліктеген, тіпті олармен кездесіп айтысқан деген пікірлер де бар [8].
Ел аузындағы Марабайдың хатқа түспеген үзік-үзік өлеңдерінен Исатай мен Махамбеттің Шернияз ақынмен үзеңгілестігінің қазіргілер біле бермейтін сырларына, Махамбеттің Сегіз серімен де төс қағыстырған дос көңілі мен елдің әр қилы жағдайында тоғысқан қарым-қатынастары секілді жәйттерге, одан қалды, қайсыбір зерттеушілердің Сегіз сері жайлы екіұшты айтылған ойларына да Марабай тілімен жеткен ауызекі деректерден оңды дәлел табуға болады. Кейінгі жорамалшыл «білгіштерден» гөрі заманы сол тарихпен ұштасып жатқан көнекөз айтқыштардың айтқанына кейде ден қою да керек секілді.
Марабайдың батыс өлкесінің ерлік тарихын көркем сөзбен майырған шежірелік қабілетін оның Байбақты батыр жөнінде айтқан деректерінен де байқаймыз. Байбақты батырдың қазақ тарихының «алтын ғасыры» аталатын кезеңдердегі оймауыттар мен торғауыттардан еліміздің батыс өлкесін айнадай тазартып, жаудың бетін тойтарған небәрі жиырма бес жастағы хас батырдың құрметіне халықтың боз бие шалып, қолын қанға малып, ақ киізге салып, ру атауын бергізген әңгімелердің түп төркіні де «Марабай айтқан...» деген ел аузындағы тарихнамалардан белгілі.
Батыс Қазақстан өңіріндегі «қарттар айтыпты» деген көптеген дерек пен Сырым батыр туралы әңгімелердің де бір ұшығы Марабайда жатыр. Бабасы Байбақтының торғауыттар мен оймауыт, хошауыттардан азат еткен жерлерді кейіннен Сырымның өзі бас бола жүріп, батыс қазақтарына бөліп бергендігі жөнінде де халық ауыз әдебиетінде сақталған үзік-үзік мәліметтер бар. Сырымның қазақтарға жер бөлгендегі тапқырлығы, жершіл білімі, пікірлестігі, әділдігі қоса өріледі. Ешкімді ренжітпей, өз қалауларынша қоныстандыру үшін Сырым Батыс өлкесінің үш жерінен үш құдық қаздырып, шыққан топырағын қайта көмдіріп, жердің ерекшелігін халықтың көз алдында көрсетіп, өз таңдауына берген деседі. Сырымның ерекше сыншылдығы осы әрекетімен де көз жеткізіледі. Оның Нарыннан қаздырып, қайта көмдірген топырағы құдыққа сыймай қалса керек, сонда Сырым: «...Нарын дәулеті тасыған бай өлке болады, жылқы, түйе өсірем деушілер осында қалсын...» десе, төскейден қаздырған құдығының топырағы бетімен бірдей болып, оған: «...бұл өлкенің шаруасы бірқалыпты болады, не істесеңдер де өнікті болады...» дейді, ал Жайық өзенінің жарқабағынан қаздырған құдығының топырағы орнына толмай қалып: «...Бұл жердің шаруасы бірде ортайып, бірде оңалып тұратындай тұрақсыздау болады екен, сондықтан кім қай жерге бейілді болса, сол жерді мекендесін...» деп батасын берген екен. Айтқанындай-ақ, Нарын халқы қай кезде де ашығуды білмепті, малдың күшімен талай зұлматтан құтылып, тіпті күні кешегідей өткен 1933 жылдардағы ашаршылықта да аймағын асырапты, ал Тасқала даласы әлі күнге дейін еліміздің нанын көтеріп, егінін өсіріп отырса, Жайық бойының бау-бақша өсіруші халқы табиғаттың қасы-қабағына бағынып, шаруасы бірде түлеп, бірде күйзеліп отыратын бағытынан айнымай келеді [9]. Бұл деректер қағаз бетіне түспесе де, айтқыштардың сөзімен кейінгіге аман жеткен, солардың көшбасшысы Марабай сынды жыраулар болса керек. Данагөй Сырым алыс-жақын елдердің қазақ жеріне көз алартуын қоймаған соң, батыс өлкедегі халықтарды ру-руға топтастырып, бүгінгі күнге дейін тату-тәтті өмір кешіп отырған Кіші жүздің қазақы географиясын осылайша қалыптастыруға өз үлесін қосқан екен деседі…
Жетірудың табынынан шыққан Марабай ру таңдамаған, ер таңдаған өршіл ақын болған. Өзі өмір сүрген аймақтағы бірінен-бірі өткен байбақты, адай, беріш, шеркеш секілді тағы да басқа «жау қайда?» деп өре тұрысатын мықты рулардың батыр ұлдарын жырлап өтіпті, көбісінің ұрпақтарымен араласып-құраласып, аймағындағы қазақ біткеннің шежіресін қайырып, тарихи өткелдерін ізденіпті, тарихи тұлғаларын түгендепті. Естігенін елге жеткізіп, айтқыштығымен жүректерден жол тауыпты, батыс өңірінде ақын-жыршылардың өзіндік мектебінің қалыптасуына ықпал етіпті. Тіпті Марабайдың өзі шыққан табын руының шежіресінен қалдырған бір үзік сырын 1976 жылдары Ақтөбе облысына барған студенттердің фольклорлық экспедициясы кездерінде Байқошқар есімді айтқыштан жазылып алынған бір жазбадағы «...жалпы ежелгі ержүрек табындардың кейінгі ұрпақтарында еркек кіндіктердің аз болуы немесе болса да ынжықту келетіндігі – ертеректегі бір жаугершілікте ат үстінен түспеген бұл батыр ұрпақ отырып ас ішіп, жантайып ұйқы көрмепті, ел шетін орай қорғап, оңынан келгенді оңдырмай, солынан келгеннің сорын қайнатқан өжет тайпа болыпты. Ас-су ішуге мұршасы болмай, жауды ағызып қуып келе жатып, көшіп бара жатқан көштің нарларының өркешін тірілей кесіп, жолай асығыс іліп жеп бара жатқанын көрген көш бастаушы аруанаға адамша күңіренген тіл бітіп: «...атқа қонар еркек кіндігің құтаймасын, ұрпағың өлшеулі болсын» деп қарғағаннан табындарда ұл жағы аздау, қыздары көбірек әрі ерлерге қарағанда еттері тірілеу келетіні осыдан болса керек, Марабай да бір жиында оның айналасының аздығын бетіне шіркеу еткендерге батыр бабаларының басынан өткен осы аңызын айтып жеңген екен...» дейтін шындығынан қисыны басым ауызекі баян Марабай атынан сақталып қалыпты.
Сондай бір батыры мен ақыны, ел жақсысы жиылған бір алқалы ортада айтқан Марабайдың «Сөйле дедің біздерге» деген риторикалық толғауынан үзінді келтірсек:
Қарағай басы қу болар,
Жау белгісі ту болар,
Ел ішінде жалғыздың,
Көкірегі шер болар...
Асыл туған жақсының,
Ақыл-ойы кең болар
Ел аузында сөз болар
Сөйлеп кеткен жөн болар...[10] деген алпыс алты жолдық жалғыз арнауы өзінен кейінгі өкше басқан батысқазақстандық айтқыштардың құнттауымен кейінгіге жетіп, қағаз бетіне ілінеді, дегенмен ел аузында ғана оның Шерниязбен, Жұмырбаймен, Көкей қызбен, Базар жыраумен, Қашағанмен, Сүгірмен айтысқандығы М. Мағауиннің, Х. Сүйіншәлиевтің еңбектерінде аталып өтеді. Марабай айтыстарының көрнекті нұсқаларының М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінде сақталғандары да бар [11].
Соның бірі Марабайдың аттың сынына арнаған:
Құлағын біздей қадаған,
Кекілін қыздай тараған,
Басқан ізін санаған,
Саптыаяқтай ерінді,
Сарымсақтай азулы,
Қолтыраудай танаулы,
Қысыр жылан өзекті,
От орнындай тұяқты,
Аш жолбарыс сияқты... - деген өлең жолдарын замандасы Салық Қарауылұлы Бабажанов жазып алып, 1863 жылдары «Түркістан уәлаяты», «Түркістан түздіктері» газетінде жариялаған [12]. Бұл өлеңнің шығу себебі – Жәңгір хан өз тұсында жаппай жылқы шаруашылығын өркендетіп, шабысты, желісті жорға аттар ұстауға, ат спортын дамытуға қатты көңіл бөліп, алыс-жақын ауылдардан текті тұқымдарын алдыртып, жиналған жылқыларды тамашалауға халық иіріліп тұратын кезең болған деседі. Сондай бір жиынның үстінде Марабай сүліктей келісті аттарға осылайша жыр арнаған екен. Бір ғана атқа айтты деген өлең жолдарынан-ақ Марабайдың қазақтың батырлар жырын жырлағандағы өзіндік төл мақамын тани кеттік, себебі Марабай айтты деген жырлардың көбісінде оның бейнелеу ерекшеліктері көзге шағылып тұрады.
Еліміздің барлық аймағы өзінің төңірегін жиып, жергілікті тарихи тұлғаларының шығармашылығын жаңғыртып, халықтың ортақ игілігіне айналдырып жатқандарын ескерсек, батысқазақстандық Марабай жыраудың да өшкенін тірілтіп, туған әдебиетке қосқан үлесін дәріптеп, бүгінгі жас ұрпақтың зердесіне жеткізсек артық болмас еді.
Ұлтымыздың көпғасырлық құндылықтарының дәнекершісі болып, өлмес мұра қалдырған ақын, арынды жыршы, халқымыздың эпостық жырларының ең көркем нұсқаларын төгілте жырлаған Марабай жыраудың әдебиеттегі жидашылық еңбегінің орны ерекше. Кезінде көптеген ақын-жыраудың өлеңдерінің «бірі — құрау, бірі — жамауына» көңілі толмаған Абайдың Марабай шығармашылығына деген ілтипаты ерекше болыпты. Сондықтан талғампаз Абайдың сыншыл көзқарасынан мүдірмей өткен Марабай сынды арқалы жыраудың туып-өсіп, абыройлы ізі мен арда сүйегі қалған өлкесіндегі әлі күнге дейін орыс атауларынан арыла алмай жатқан елді мекендерінің біріне есімі беріліп және ол тек жыраудың ғана емес, жалпы қазақ жырына қойылған рухани ескерткішке айналуынан дәмеліміз.
Әдебиеттер:
1.Ақсауыт. Батырлар жыры. Екі томдық. І том., Алғысөз. Алматы: Жазушы, 1977ж.
2.Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері.Алматы, 1967ж.
3.Тілеужанов М.М. «Халық ауыз әдебиетін жинау сәттерімнен...» атты қолжазба материалдарынан. ІІ том, ҮІІ бөлім, Орал, 1958ж.
4.Бес ғасыр жырлайды. ІІ том. Алғысөз. Алматы: Жазушы, 1989ж.
5.Мұхамбетқалиева Р.Қ. Фольклордағы тұрмыс-тіршіліктің этникалық танымы. Орал, 2001ж.
6.Мұхамбетқалиева Р.Қ. «Батыс Қазақстан фольклорлық экспедициясының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына қосқан үлесі» //Халықаралық ғылыми конференция материалдарынан. Астана, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ университеті, 2009ж.
7.Нурмагамбетова О. Казахский героический эпос «Кобыланды батыр». -Алматы: Наука, 1988, с.16-31.
8.Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. Алматы: Арыс , 2002ж.
9.Батыс Қазақстан фольклорлық қорынан. 18-дәптер. 1998ж.
10.Бес ғасыр жырлайды. ІІ том, Алматы, 1989, 85-бет.
11.Тілепов Ж.Ж. Елім деп еңіреген ерлер жыры. Алматы: Білім, 1995ж.
- Бабажанов Салық. Этнографиялық мақалалар. Алматы: Қазақстан, 1993, 9-б.