МАРАБАЙ ТАНЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ

  • Галерея изображений

Сәдір Нұрлан Қуанышұлы

Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының ақпарат, басылым және жарнама бөлімінің маманы

Марабай жырау туралы зерттеу жұмыстарын қолға алған кезімде, ол жайлы дерек көздерінің аздығы, барының өзі бірін бірі қайталайтыны анықталды. Мысалы, Google-ге Марабай Құлжабайұлы деп тергенде шығатын ақпарат «Марабай Құлжабайұлы - 1841 жылы БҚО, Теректі ауданында дүниеге келген» - деген сөйлемнен басталады. Марабай жырауға қатысты осы бір ғана сөйлемнің ішінде әлі де нақтылауды, бәлки толықтырып не өзгертуді талап ететін біраз жайт бар:

  1. Мысалы, Марабайдың әкесінің аты әртүрлі дерек көздерінде –

Құлжабай, Құлбай, Зейнолла (молда) болып әртүрлі аталып жүр. Өзім Құлбай есімі дұрыс деп ойлаймын, өйткені  Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Әдебиет және Өнер институты Батыс Қазақстан облысына жасаған экспедиция барысында ел арасынан жинақтаған материалда Марабайдың әкесінің есімі – Құлбай деп аталады. Осы институттың қолжазба қорында, сондай-ақ Мәлік Ғабдуллиннің еңбегінде Марабайдың Қарабура Жұмырбайбен айтысқандағы: «Әкем аты - Құлыбай,  өз атымды сұрасаң, Оралдан озған Марабай. Сөз  айтпаймын кісіге жан-жағыма қарамай...»  деген сөздері сақталған [1, 276].

Егер Марабайдың әкесінің есімі- шынымен, Құлбай болса, онда әкесі ретінде Зейнолла молда көрсетілген ел қолындағы кейбір шежіредегі өзге мәліметтерге қатысты да негізді күмән туындайды.  Әдебиет және Өнер институтының қолжазба қорында Марабайдың  ұлдары ретінде аталған -Есжан, Досқай, Құлқай, Ізбас, Итемгеннің Марабайдың әкесі ретінде Зейнолла молда аталған шежіреде көрсетілмеуі – шежіренің осы нұсқасына  қатысты күмән тудырды. Өйткені, шежіреші азаматтар Марабайдың тегі мен ұрпағына қатысты жоғарыда аталған сәйкессіздіктер бойынша  мықты дәлел, уәж келтіре алмады. Өз басым қолдағы шежірелерге қарағанда, Әдебиет және Өнер институтының қолжазба қоры - сенімді дерек көзі деп санаймын. Зерттеуші, ғалымдар жыраудың әкесінің есіміне қатысты бір нақты шешімге келуі тиіс. Бір жерде - Құлжабайұлы, бір жерде - Құлбайұлы деп атаған дұрыс болмайды.   

  1. Енді Марабайдың туған жеріне қатысты айтсақ, ол бұрынғы

Теректі ауданының, қазіргі Бөрлі ауданы Ақсу ауылдық округы Жаңа қоныс елді мекенінің аумағында дүниеге келді деп есептеймін. Қазіргі Теректі ауданының аумағында «Жаңа қоныс» атты қолхоз болғаны жайлы дерек табылмады. Ал бұрын Теректі ауданының құрамында болған, қазір Бөрлі ауданына қарайтын Ақсу ауылдық округында кезінде колхоз болған «Жаңа қоныс» елді мекені бар. «Ел тұлғалары. Батыс Қазақстан облысы. Бөрлі ауданы» атты кітапта «60-шы жылдардың басында Теректі ауданының құрамынан Ақсу, Александров, Григорьев, Киров, Тихонов селолық Кеңестері Бөрлі ауданының құрамына берілді» деп көрсетіледі. [2, 10].

Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты жоғарғы дәрежелі оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралында: «Марабай Құлбайұлы 1841 жылдар шамасында бұрынғы Қарашығанақ  болысына қарасты Көбен көлі деген жерде туған. (Бұл жер қазір Батыс Қазаќстан облысы, Теректі ауданының “Жаңа қоныс” колхозы деп аталады)» деп көрсетілген [2, 276]. Генеалог-өлкетанушы Еншибаев Дамир ұсынған 1914 жылғы картада осы Қарашығанақ болысындағы Көбен көлі (Ур.Кубень) - қазіргі Бөрлі ауданының Жаңа Қоныс елді мекені орналасқан аумақпен дәл келеді.  sozdik-ке сай: «урочище - батпақты жер; тоғайлы сай-сала». Жалпы, қазақ халқы – су батпақты жер, сай-саланы – «көл» деп атай береді.

  1. Туған жылына қатысты: бір деректер Марабай Шернияз

Жарылғасұлымен Баймағанбет сұлтанның алдында айтысқан дейді – «Дулат Бабатайұлы, Махамбет Өтемісұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Арыстанбай Тобылбайұлы, Орынбай Бертағыұлы шығармалары». [3, 212-213].

Егер Баймағанбет Айшуақұлы 1846-жылы қайтыс болғанын ескерсек, онда Шерниязбен сұлтан қайтыс болған жылы айтысқанның өзінде, Марабай бар болғаны 5-ақ жаста болып шығады. Сондықтан, менің ойымша:

  • Не Марабай 1841 жылы емес, әлдеқайда ертерек дүниеге келген;
  • Не Баймағанбет сұлтанның алдында Шерниязбен айтысқан ақын
  • Марабай (Құлжабайұлы, Құлбайұлы, Зейноллаұлы) емес, өзге ақын не

Марабай есімді басқа бір ақын.

Өз басым, Шерниязбен айтысқан басқа ақын деген ойдамын. Өйткені, Марабай ақын ертерек дүниеге келген жағдайдың өзінде Шернияздай тұлғаға әдепсіздік көрсетіп, боғауыз айтуы ақылға сыймайды. Сондай-ақ, кей деректерде, мысалы history.kz сайтында жарияланған Серік Қирабаевтың «Шернияз Жарылғасұлы» атты еңбегінде Баймағанбет сұлтанның алдында Шерниязбен айтысқан ақынның есімі – Медебай деп көрсетіледі. Осы айтылғандарға орай, Марабай жыраудың туған жылы әлі де нақтылауды талап етеді деп есептеймін.

  Жоғарыда аталған ақтақдақтармен жұмыс жасау мақсатында Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы Бөрлі ауданына бірнеше рет іссапар ұйымдастырылды. Бастапқы іссапарлар барысында Бөрлі ауданының әкімі Сатқанов Миржан Мұнайдарұлы, аудан әкімінің орынбасары Көшкінбаев Алпамыс Жаңабайұлы, Бөрлі ауданының мемлекеттік архивінің басшысы Мусиева Баян Амандаулетовнамен әріптестік байланыс орнатылды. Кездесулер барысында Бөрлі ауданының басшылығына Марабай жыраудың Бөрлі ауданында дүние келгені жайлы өз ойларымызбен - дәлел-дәйекпен, соның ішінде өлкетанушы, шежіреші Еншибаев Дамир Сабыржанұлы ұсынған көне карталар арқылы бөліскен соң, Ақсу округы мен соған жапсарлас аумаққа экспедиция ұйымдастырылу ұйғарылды.

Экспедиция құрамында - Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Жұбатов Мәулет Өтемісұлы, осы мекемеде қызмет ететін мен - Сәдір Нұрлан Қуанышұлы, Батыс Қазақстан облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени архитектуралық- этнографиялық музей қорығының ғылыми хатшысы, көне құлыптастарды оқудың шебер маманы Мырзағалиева Гүлмару Самиғоллақызы, Бөрлі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Азаматов Руслан Нұрболатұлы, Бөрлі аудандық жас туристер станциясы туризм бөлімінің меңгерушісі Сабитов Азамат Талғатұлы болды. Сондай-ақ, экспедиция жұмысына Ақсу ауылдық округының бас маманы Төлеуғалиев Нұрберген Кеңесұлы, Дүйсенғалиев Сағызбай Қыдырұлы, Ахмад Жұмагелдиевич сынды азаматтар да ат салысты.  

Бөрлі ауданының және ішінара Шыңғырлау ауданының бірнеше округы мен жиырма шақты қорымын қамтыған экспедиция нәтижесінде Марабай Құлжабайұлының шөбересі Ізбасов Тоғайбай Рахымберліұлының Бөрлі ауданы Ақсу округы Жаңақоныс елді мекенінде тұрғаны анықталды. Сондай-ақ, осы Тоғайбайдан тараған ұрпақтардың есімдері, тұрғын мекендері анықталды. Өлкетанушы, шежіреші Дамир Еншибаевтың көмегімен Марабай жыраудың шежіресі нақтыланды, толықтырылды, Марабай жыраудың бірнеше ұрпағы анықталды. Сөйтіп, Мәлік Ғабдуллиннің еңбектері, ескі карталар, 20-30-40 жылдардың шаруашылық кітаптары, шежіре деректер негізінде Марабай Құлжабайұлының бұрынғы Теректі ауданы, қазіргі Бөрлі ауданы, Ақсу ауылдық округы, Жаңақоныс елді мекенінде дүниеге келгені анықталды. Бұл жерде Мәлік Ғабдуллин өз еңбектерінде «Марабай Құлбайұлы 1841 жылдар шамасында бұрынғы Қарашығанақ  болысына қарасты Көбен көлі деген жерде туған. Бұл жер қазір Батыс Қазаќстан облысы, Теректі ауданының “Жаңа қоныс” колхозы деп аталады» деп атап көрсеткеніне баса назар аударамын. [1, 276]. Кезінде Қарашығанақ болысы - қазіргі Теректі ауданының аумағының емес, қазіргі Бөрлі ауданының аумағында болды.  Сондықтан, Марабай жыраудың туған жері ретінде – «бұрынғы Теректі ауданы, қазіргі Бөрлі ауданы», - деп көрсеткен дұрыс болады. Және бұл түзетуді қолданыстағы оқулық, әдебиет, дерек көздеріне енгізу қажет.

Марабай Құлжабайұлына оның жерленген орны және ең бастысы шығармашылығына қатысты зерттеу, ізденістер келешекте жалғасын табатын болады.  

Марабай жыраудың қазақ руханиятындағы орнына назар аудару мақсатында, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетініңің Бауыржан Ердембековтың «Абайдың әдеби ортасы» еңбегінен үзінде келтірейін:

«Абайдың үлгі тұтып, өнеге алған ақын-жыраулары жағырафиялық өлшемге бағынбайтынының бір дәлелі – ауыз әдебиетінің көркем үлгілерін жырлаған ақындардың ішінде Абай Марабай ақынды ерекше бағалаған. Марабай Құлжабайұлы – өлең-сөзі бізге аз жеткен заманының күшті ақындарының бірі. Марабайдың біраз айтыстары мен ол жырлаған ауыз әдебиетінің үлгілері бізге жетсе, Н.И.Ильминский Марабайдан «Ер Тарғын» жырын, Ы.Алтынсарин «Қобыланды батыр» жырын жазып алады. Марабайдың жырлаған «Ер Тарғын» жыры туралы М.Әуезов: «Тарғындағы Марабай жыры өзгеден бөлек үлгімен, өзгеден жат құралғандай. Барлық өлеңде қыз сипаты, айтыс сөз, соғыс суреті, ат келбеті сияқты сөздердің барлығы да ылғи кестелеу, салыстыру, жалғау сипаттарымен жазылған. Бір нәрсенің суретін айтуға келгенде жыршы тілі қазақ баласы білген дүниеде көз тоқтатарлық келісті нәрсенің ешбірін қалдырмай сұлу үшін үйіп-төгіп алып келгендей болады. Желдіртпелеген жерді оқығанда оқушы үзілмейтін, ұщы-қиыры жоқ көп сұлу суреттің ішін аралап сурет толқынында келе жатқандай болады. Жырда осының бәрі қылғынып, қинап отырып айтылған емес, өзінен-өзі, бірін-бірі жетелеп, ағылтып келіп отырғандай болады»,- дейді. Сөз жоқ, бұл – Марабайдың әділ бағасы. Сонау қазақ сахарасының батысындағы (Орал өңірі, Теректі ауданында туған Б.Е.) Марабайдың ақындық қуатын осы жырлары арқылы Абай таныды. «Осы қазақта сіз білетін ірі ақын кім? – дегенде, Абай: Қазақта Марабайдан артық ақынды мен білген емеспін»,- дегені - әлгінде Әуезов ерекше бағалаған Марабай жырларының қуаттылығын дөп басып танығандықтан барып туындаған пікір. Әуезовке естелік беруші Сыдық Махмұдұлының: «Абайдың ескі қазақ ақындарынан мақтайтыны Марабай мен Шөже ғана екен»,- дегені де тегін емес-ті. Абай шәкірті - Шәкәрім Құдайбердіұлы «Ескі ақындық» деген өлеңінде: Сыпыра жырау, Шортанбай, Үмбетей мен Марабай, Алды-артына қарамай, Соққанда жырды суылдап, Жел жетпейтін құландар - деп тегіннен-тегін Марабайды жыр саңлақтарының қатарында атамаса керек-ті. Абайдың, ол арқылы Шәкәрімнің Марабайдың ақындық өнерін аса жоғары бағалауы ақынның шығармашылық мұрасын зерттеуді болашақ ұрпаққа аманат еткендей де. Сол Абай аманатын ақтап, Марабайдай сөз маңғазының мұраларын ғылыми айналымға түсірсек, екі ақын арасындағы байланыс көздері айқындала түсер еді. Марабай мен Абай арасын біріктіріп тұрған тылсым күш ол – рух жақындығы десек, сол рухани желінің сабақтасуына ешқандай уақыт пен кеңістік кедергі келтіре алмайтыны айқын. Дәл осы рухани қайнардың мол көзі Абайға кітап, газет-журнал арқылы келді десек, ол Абай кітапханасы деген әлі  қатпары сөгіле қоймаған көлемді тақырыптың сұлбасы сұранары сөзсіз. Бұл - өз алдына бөлек әңгіме» [4, 122-123]. Мен Абай, Шәкәрім сынды рухани алыптар берген жоғары баға Марабай Құлжабайұлының қай шығармашылық қырына берілгені (жанынан шығарған өлеңдері үшін, әлде жыр-эпостарды айтып насихаттағаны үшін, ол жырларды көркемдеп, байытқаны үшін ...?) және нақты қандай шығармаларына берілгені әлі де ашық, жұмбақ болып қалып отыр деп есептеймін. Егер жоғарыда аталған баға Марабайдың Құлжабайұлының төл туындыларына берілген болса, ұлы ақындарымыздың  жоғары бағасына ие болған бұл өлең-жырларды табу бағытындағы күш, талпынысты еселеу керек, - деп санаймын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қызметкері Қанипаш Қайсақызы Мәдібайдың «Қазақ әдебиетінің жауһар ғасыры» атындағы монографиясынан мынандай ерекше пікір таптым: «Қазақтың белгілі әдебиетанушысы ғалым Шериаздан Елеукенов “Ер Тарғын” эпосы жайлы өзгеше байлам жасап, тыңға бастайды.

Қазақ әдебиеті тарихындағы жыршылық мектеп өкіліне көбірск телініп келген Марабай акынды дара акындық мектептін ірі тұлғалары санатында танытады. Әдебиет тарихындағы дәстүр мен жазба мектеп мәселесіне байланысты ойларға да бастайтын сыр. Әдебиет мәселелерінің айғақтауды күтіп жаткан көп түйініне қарай тарткан бір байлам.

Зерттеушінің “Ер Тарғын”, оның қазақ әдебиеті, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті мәселесінс катысты жайлы айтканы мсн шығарманы ішінен алып таныту тәлімі мейлінше иландырады. Ғалым “Ер Тарғынды” - Марабай акынның эпостык жыры деп көрсетеді. Тұнғыш таза қазақ тілінде   басылган   кітап   есебіндсгі тарихи құндылығын атап айтады.

Қ.Жұмалиев “Ер Тарғынды” Марабай шығарды дсмегенімен, Ильминский бастырган Марабай варианты дегенімен, жырдың сол нұскасы түпнүсқа екенін жоқка шығармаған. Мұнын өзі Ш. Елеукенов кисынының шындықка негізделіп айтылганына толык айғак бола ма?

Қ.Жұмалиев жырдың шыкқан дәуірі жайлы “ел арасына көп тарап, атадан-бабага мұра ретінде сактала келіп...” деген ой ұшқынын тастайды. Сонымен бірге ғалымның мына бір толғамы “Ер Тарғындағы” ерекшелікті айқындай түсе отырып, оны бергі заманда қайта өңделіп, кайта жазылган шыгарма деп тануға да негіз болар ой тараткан таным екенін байқаймыз». [5, 224-226]

Мен бұл жерде ғалым Шериаздан Елеукеновтың «Ер Тарғынды» Марабай акынның эпостык жыры деп көрсеткен пікіріне құлдық ұрып, шүбәсіз қабылдауға шақырғаным емес, осындай да ой-пікірдің де бар екендігін ортаға салып жатқаным. Әдетте, нақты авторы жоқ жырдың нұсқалары көп болып келеді. Мысалы, «Қобланды батыр» жырының 29 нұсқасы бар. «Ер Тарғын» жырына келсек, оның 2-3-ақ нұсқасы бар және олардың ішінде Марабай нұсқасы – ең толығы және көркемі. «Ер Тарғын»-ның Марабай нұсқасын - жалғыз негізгі нұсқа деп атауға болады деп ойлаймын.  Радловтың баяндауындағы Қырым (ертегі) нұсқасымен, Зердебай Бекарыстановтың баяндауындағы нұсқамен салыстырғанда, Марабай нұсқасының көркемдігі сонша, «Ер Тарғын»-ды Шериаздан Елеукенов айтқандай Марабай Құлжабайұлының эпостық жыры демегенімен, осы жырдың еншілес авторы ретінде атау туралы ой да келіп қалады.

«Қобланды батыр» жырының Марабай нұсқасының бір артықшылығы – оны барша буын өкілдерінің алдында тыңдай беруге болатындығы. Қобландының Марабай нұсқасында Мергенбай нұсқасындағыдай «Қобыланды мен Құртқаның қосылған тойы істелінеді. Қобыландыны тоқсан жеңгесі ертіп әкеліп, Құртқаның қойнына енгізеді. Сол түні Қобыландының асылы Құртқадан артық қалады. Құртқадан артық қалған асылды 92 жеңгесі өздеріне нәсіл етіп құйып алады. 92 әйел екі қабат болып ұл табады, содан 92 баулы Қыпшақ тарайды» сынды бала-шағамен бірге тыңдауға ыңғайсыздау мәтіндер жоқ. [6]

Марабай жыраудан жазып алынған Ер Тарғын жыры – қазақ тілінде жарық көрген тұңғыш кітап екеніне назар аударып қояйын.  Марабай ақыннан Н. Ильминский жазып алған “Ер Тарғын” жырының өз алдына кітап болып шығуын Ыбырай Алтынсарин аса зор қуанышпен қарсы алады, оған шын көңілімен қуанады. Бұл жөнінде Ыбырай 1862 жылы Н. Ильминскийге жазған бір хатында: «Мен сіз бастырып шығарган “Ер Тарғын” жырын оқыдым. Бұған өте қатты қуанам ... Қазақ тілінде еш уақытта кітап басылған емес. Сондықтан қазақтар өзінің ана тілінде кітап шыққанына өте қатты қуанады...», - дейді. [7, 32]  Осыған орай, алдағы 2022 жылы қазақ тілінде тұңғыш кітап шыққанына 160 жыл толуын атап өтсек, -деген ой келеді. 

Марабай жырау туралы сөз қозғаған кезде, әдетте оның «Ер Тарғын» мен «Қобланды батыр» жырларына қатысты еңбегі баса айтылады. Ал оның қазақ халқының тағы бір інжу-маржаны – «Қыз Жібек» лиро-эпосына қатысы барлығы жайлы мүлде сөз болмайды. kozhalar.kz сайтында 18.09.2020ж. жарық көрген «Жүсіпбек Шайхисламұлы – қазақтың бірінші баспагері. Жүсіпбекқожа Шайхисламұлының өмірі мен қызметі туралы» жарияланымда мынындай мәлімет бар: «Жүсіпбектің өмір жолы мен шығармашылығына мән берсек, жиырмадан асқан жігіттік шағынан бастап халық шығармашылығына ден қойып, қазақ даласының көп жерлерін аралаған. Көптеген әдеби мұраларды жазып алып, өзінің білгендерін ел ішіне таратып отырған. Кейін оларды қайта өңдеп, жаңғыртып, мүмкіндігінше жариялауға қол жеткізген. ХІХ ғасырдың сексенінші жылдарының басында сондай сапарлардың бірінде белгісіз жыраудан «Қыз Жібек» жырының бір нұсқасын хатқа түсіріп, өзінше жырлап, халық арасында айтып жүрген. Осы тұста, яғни 1887 жылы Ресейдің әскери қызметкері Е.А.Александров Марабай жыраудан туындының бір нұсқасын жазып алып, М.Ағыманов деген оқыған қазақ азамытына қара сөзбен мазмұнын аудартады».  Яғни, Марабай жырау өзге де жыр-эпостармен қатар, «Қыз Жібек» жырының қағазға түсіріліп, хатталуына үлкен үлес қосқан болып шығады. Оның «Қыз Жібек»-ке қатысты еңбектерін зерттеу-зерделеу - алдағы уақыттың еншісінде.

Қорыта айтқанда, біздің облыста Марабай таным жобасы аясында бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр және атқарылуы тиіс жұмыстар одан да көп деп есептеймін. Осы іс-шараларды бірігіп жүзеге асыруға шақырамын.

 

Әдебиеттер

  1. Мәлік Ғабдуллин. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Жоғарғы дәрежелі оқу орындарының студенттеріне арналған оқу құралы - Алматы, 1964
  1. Ел тұлғалары. Батыс Қазақстан облысы. Бөрлі ауданы - Алматы: «Арыс» баспасы, 2011
  1. Редакция алқасы С. Пірәлиев, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, У. Қалижанов, Б. Ыбырайым, Б. Сманов «Ақындар аманаты» атты қазақтың ауызша әдебиеті жобасының авторы: Бекен Ыбырайым Дулат Бабатайұлы Махамбет Өтемісұлы Шернияз Жарылғасұлы Арыстанбай Тобылбайұлы Орынбай Бертағыұлы шығармалары. Алматы: «Нұрлы Press.kz», 2014
  1. Бауыржан Ердембеков. Абайдың әдеби ортасы - монография. Өскемен. «ШҚМУ баспасы» 2012 ж.
  2. Қанипаш Қайсақызы Мәдібай. «Қазақ әдебиетінің жауһар ғасыры» монография. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Алматы: «Ценные бумаги», 2012.
  3. «Қобыланды батыр». Жырлаған Мергенбай жырау. Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының қолжазба фондысы.
  4. Н. Ильминский. Воспоминания об И. Алтынсарине, Казань, 1891

 

Қаралым саны 1292

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463