Қазақстан Республикасы Тұрақты Даму Мақсаттарын орындау бойынша өзіне міндеттемелер алған ел ретінде барлық бағыт бойынша белсенді жұмыс істеп келеді және жаһандық мақсаттарға табысты қол жеткізуге өз үлесін қосуға дайындығын білдіруде. 2019 жылы жетістіктермен, сондай-ақ 17 мақсат бойынша қолданыстағы бағдарламалармен танысуға мүмкіндік беретін интернет-ресурстар іске қосылды. Сондай-ақ 2019 жылдың 19 шілдесінде БҰҰ Бас Ассамблеясында тұңғыш рет Қазақстан Республикасында Тұрақты Даму Мақсаттарын іске асыру бойынша Ерікті Ұлттық Есеп таныстырылды.
Аталған 17 мақсаттың ішінде «кедейлікті жою», «аштықты жою», «жақсы денсаулық және әл-ауқат» атты алғашқы үштіктен соң бірінші болып, жалпы алғанда, төртінші болып «сапалы білім беру» мәселесі тұр. Бұл құжатта «4. Сапалы білім беру – Ауқымды және әділетті сапалы білім беруді қамтамасыз ету және барлығы үшін бүкіл өмір бойы оқу мүмкіндігін көтермелеу» деп ашықталған. Аталған сапалы білім беру бағытының ішінде « 4.c.1.1. Жаңартылған мазмұны бойынша біліктілігін арттырудан өткен орта білім беру ұйымдарының жалпы санынан педагог қызметкерлерінің үлесі» деген тармақ бар. Бүкіләлемдік Ұлттар Ұйымының аса пәрменді құжатында педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру мәселесі өз алдына бөлек ерекше аталуы оның жаһандық мән-маңызынан хабар береді. Өйткені біліктілігі жоғары педагог заманауи түйткілдерге төтеп беруге, өркениет көшіне ілесуге қабілетті тұлғаларды, бір сөзбен айтқанда, жер-жаһандағы өзге замандастарымен бәсекеге қабілетті азаматтарды тәрбиелейді. Бұндай азаматтар мол болған сайын қоғамның жоғарыда айтылған «кедейлікті жою», «аштықты жою», «жақсы денсаулық және әл-ауқат» сынды түйткілдерінің өткірлігі кеми түсетіні түсінікті.
«Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Осылайша, болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады», - деп Елбасы атап көрсеткендей, бәсекеге қабілеттілік білім ордаларының аудиторияларында қаланатындықтан, біз журналымыздың осы санын аталған ордалардың басты тұлғалары – ұстаздар қауымының білімін жетілдірумен айналысатын «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының» («Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы БҚО ПҚ БАИ) тыныс-тіршілігіне арнауды жөн көрдік. Оқырмандарымыздың назарына әуелі тарихын тереңнен тартқан білім мекемесінің шежіресінен хабар беретін мақаланы ұсынамыз.