КӨПТІҢ ІСІ

Қазақта «көптің ісі» деген сөз бар. Жиі қолданыла бермейтін осы сөз тіркесі Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» 2020 жылдың 24 қарашасындағы №456 Жарлығын өзіміздің өңірде жүзеге асыруды қолға алған кезде ойға жиі оралатын болды. Иә, бізде де Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен өңірлік комиссия құрылып, жұмыс тобы іске кірісіп кетті.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау міндетін жұмыс тобының санаулы мүшелерінің мойнына іліп қойса, бұл істің ойдағыдай жүзеге асуы екіталай. Архивтерге сан мәрте барар, қопарар, қопарып та жатыр. Бірақ архивтерден тыс сандық, чемодандарда, шатырларда жатқан, атадан балаға беріліп, жадта сақталған қанша мәлімет бар. Осының бәрін ізденуші-зерттеушілерге жалғау, хаттап қағазға түсіру, күткен нәтижеге – жазықсыз қудаланған, қиындық көрген құрбандарды ақтауға қол жеткізу үшін қоғамның қолғабысы керек-ақ. Ол үшін қоғам бұл іс-тірлікті маңызды, ортақ шаруа деп санап, қолұшын созуға ықыласты болуы шарт. Сонда ғана ол «Көптің ісі» атала алады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау ісін бастап кеткенде, басқасын басқа, архивте табылған әртүрлі жазумен (почерк) бірде анық, бірде солғын қылып жазылған мәтіндерді терудің өзі қыруар уақыт алатыны анық болды.

Сондықтан әлеуметтік желі арқылы қоғамға «Архив құжаттарын теруге көмекшілір керек!» деген үндеу жариялағам. Сөйтіп,«18 қазаннан бастап «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша Алматы, Орал архивтерінде қажет деректерді анықтаумен жұмыстанудамыз. Күн санап анықтаған құжат саны көбеюде. Болашақта жинақ шығару үшін әрі зерттеушілерге қолайлы ету үшін бәрін теру қажеттілігі туындап тұр. Осыған жылдам теруге машықтанған мамандардың қолғабысы қажет. Тарих мамандығында оқитын студенттер болса, тіпті жақсы» деген мәтіні бар пост жарияладым.

Шыны керек, кейде игі бастамаларға да селт ете қоймайтын қоғамнан қатты елгезектік күте қойған жоқпын. Алайда нәтиже күткенімізден де керемет болып шықты. Ең әуелі аға, орта буын өкілдері — Жеңіс Қыдыр, Қаршыға Елемесов, Айгүл Кенжебекова, Күләш Бисәлиева, Саламат Ералин, Айтолқын Дүйсенәлі, Гүлмару Мырзағалиева, Ләззат Есенова, Іңкәр Оразова, Жаннат Танабаева, Алмагүл Тілегенова сынды азаматтар жазбаға дереу оң реакция танытып, көмектесуге ниет білдірді. Содан соң көп ұзамай, Махамбет атындағы БҚУ оқытушысы Ақылбек Есеналин бір топ студентімен келді. Сондықтан көмектесуге ықылас танытқан азаматтарға ризашылығымызды білдіре отырып, «Жас келсе, іске» деп, студенттерге жол бергенді жөн көрдік. Жастардың тарапына талай сын айтылып жатқан мына заманда жастық қайраттың не екенін паш еткен азаматтардың есімін айта отырайық. Олар: Риза Батырғали, Әсем Нұрболатқызы, Фарида Кереева, Назерке Темірбай, Айдана Усманова, Гүлғасыл Жайлан, Әлия Сағынова, Аружан Қамбарова, Айсана Ерболқызы, Мақсат Рамазанов, Амангүл Аманғосова, Гүлназ Кәрімжанова, Шаттық Сатбергенова, Аружан Сырымбет, Диас Ұсағалиев Диас, Аяжан Қанатқалиева. Бұл жалынды жастардың бәрі де тарих мамандығы бойынша оқиды екен.

Қазір «волонтерлік» десе, көп адамның көз алдына сенбілік жасап жатқан, қарт не сырқат жандарға азық-түлігін әкеліп беріп жүрген еріктілер келеді. Осы аталған студенттердің риясыз еңбегі де волонтерліктің нағыз өзі және оның сауабы сенбілік сынды іс-тірліктерден еш кем емес деп есептеймін. Жастардың архив құжаттарын теру ісінде белсенділік танытып, көмектесуін аруақтардың қолдауы, оң нышан деп қабылдаймын. Жастарымызға, олардың ұстаздарына алғыс айта отырып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау сынды көптің ісін жұмылып көтерісетін азаматтар табыла беретініне сенім білдіремін.

Қаралым саны 580

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463