АРХИВТЕ ӨТКЕН АЛМАТЫ САПАРЫ

  • Галерея изображений
  • Жантас Нәбиоллаұлы, мен сізбен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі қызметтерді Батыс Қазақстан облысында жүзеге атқарып жатқан «Dana» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі ретінде сұхбаттасқалы отырмын. Бұл тақырыптан жалпы хабардар болсам да, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары қалай, неден бастау алғаны жайлы өз аузыңыздан естісем деймін.
  • Былтыр Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» 2020 жылдың 24 қарашасындағы №456 Жарлығы шықты. Біздің қазіргі жұмыстарымыз аталған Жарлықтың аясында және осы құжатта атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында атқарылып жатыр.
  • Кез келген жарлық шыққан соң оны жүзеге асыру үшін отырыс, жиындар өтеді, жергілікті деңгейлерде өңірлік комиссиялар құрылады, солай емес пе?
  • Иә, 2020 жылдың 3 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті. Комиссия құрамына Президент Әкімшілігі мен Үкімет өкілдері, Сенат және Мәжіліс депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйым басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері мен ғалымдардан тұратын, барлығы 49 адам кірді. Отырыста Мемлекеттік хатшы комиссияның басты мақсаты кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру екенін атап өтті. Жиында Мемлекеттік комиссия қызметінің 2020-2021 жылдарға арналған жұмыс жоспары қаралып, қуғын-сүргінге ұшыраған әртүрлі топтарды ақтау бағыттарын пысықтау үшін арнайы жұмыс топтарын құру ұсынылды.

 

  • «Барлық санатына қатысты» деген сөзіңізді анықтай кетесіз бе?
  • Мен бұл сұрағыңызға 2021 жылдың 8 сәуірінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның екінші отырысына қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың сөзімен жауап берейін. Ол: «Жалпы мемлекеттік комиссия алдына бірнеше міндет жүктелді. Бұлар: 
  • саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру бойынша;
  • жазықсыз сотталған және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау процестерін ғылыми зерделеу жөнінде;
  • жабық мұрағаттардағы саяси қуғын-сүргін жөніндегі материалдардың зерттеушілерге қолжетімді болуын қамтамасыз ету бойынша;
  • еліміздің азаттығы, тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру бойынша ұсыныстар әзірлеу сияқты бірқатар маңызды міндет», - деп атап өтті.

Ал ҚР Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жұмыс топтары айналысатын тақырып, бағыттарды атады. Олар:

  • Бұрынғы КСРО жоғарғы мемлекеттік актілерін іздеу жөніндегі;
  • Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің сипаты мен ерекшеліктерін зерттеу жөніндегі;
  • 372 көтерілісті басу кезінде сотсыз немесе тергеусіз атылған зерттеу жөніндегі;
  • Қазақстанға күштеп көшірілген халықтар мен арнайы қоныстанушылардың ақталмаған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі;
  • Кулактар, байлар, жартылай феодалдар (орта шаруалар) және шаруалардың ақталмаған жөніндегі;
  • 1916-1930 жж. мемлекеттің жазалаушылық әрекеттері мен биліктің саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандар;
  • Большевиктік-сталиндік режимнің шаруаларға қарсы күшейтілген ұжымдастыру, сатып алу науқандарының құрбандарын зерттеу;
  • НКВД ГУЛАГының 26 лагерінде болған саяси қуғын-сүргін құрбандары, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне қатысты;
  • адамдардың саяси баяндамаларына қатысушылардың құқықтық және саяси ақтауға арналған пікірлер мен ұсыныстар дайындау жөніндегі;
  • 1939-1945 жж. фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындарды ақтау бойынша зерттеу;
  • Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу жұмыстары.

 

  • Мұндай комиссиялар өңірлерде де ұйымдастырылды, солай емес пе?
  • Иә, өңірлік комиссиялар жергілікті жерлерде құрылып, мұрағаттарда жұмыс жасап жатыр.

 

  • Оқырман қауым үшін біздің өңірдегі комиссия құрамын білу қызық болатын шығар…
  • Облыстық комиссия төрағасы – БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов. Ел ішіндегі тәркілеу, күштеп ұжымдастыру т.б. заңсыздықтарға қарсы шыққан халық көтерілістерін зерттейтін топтың жетекшісі – тарихшы Есқайрат Хайдаров. 

Ашаршылық тақырыбын, оның зардаптарын зерттейтін топқа тарихшы Бақтылы Боранбаева жетекшілік етеді. Тәркіленген байлар туралы зерттеуді өзім жүргізетін болдым.

Алаш қозғалысы және оның қайраткерлері жайлы ізденісті тарихшы Альфия Байболсынова бастаған топ жүзеге асырады.

Репрессияға ұшыраған дін өкілдері, мешіт-шіркеулер тақырыбы өлкетанушы, зерттеуші Қазыбек Құттымұратұлына тапсырылды.

Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы, әскери тұтқындар, жазықсыз сотталғандар тағдырымен Ахмедияр Батырханов айналысып жатыр.

Саяси репрессия салдарынан атажұртынан амалсыз безіп, шетелге кеткен қазақтар, қазақ жеріне депортация жасалған өзге ұлттар тақырыбын Айболат Құрымбаев зерттеуде. Әрине, мұның бәрі – шартты бөлініс. Ортақ іс болғандықтан, біз бір-бірімізге көмектесіп, мәлімет алмасып отырамыз.

 

  • Өңірлік жұмыс тобы Батыс Қазақстан облысының тұрғындары тап болған саяси-қуғын сүргінді зерттеумен айналысқанымен, жұмыс орындарыңыз тек облыспен шектелмейтін сияқты ғой?
  • Иә, біздің жұмыс тобының негізгі нысанасы Батыс Қазақстан облыстық архиві болғанымен, өзге де өңірлерде, архивтерде, кітапханаларда т.с.с мекемелерде жұмыс істеу қажеттілігі туындап жатады. Өйткені бізге керек деректердің бір бөлігі, тіпті едәуір бөлігі облыстан тыс жерлерде сақтаулы. Сондықтан ол мәлімет-деректермен де жұмыстануымыз керек. Осыған орай біздің өңірлік жұмыс тобы осы қазан айының ішінде Алматы қаласына барып келді.

 

  • Осы іссапар жөнінде толығырақ тоқталып өтсеңіз.
  • Батыс Қазақстан облысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері ақпарат жинақтау және тәжірибе алмасу мақсатында Алматы қаласында іссапармен болып, архивтерде, ғылыми орталықтарда жұмыс жасады. Жалпы, өңірлік комиссияның жұмысы да, Алматы іссапары да Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі қызметтерді жүзеге асырып жатқан өңірлік комиссия мүшелері Алматы қаласындағы жұмысын Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебаймен кездесуден бастады. Кездесу барысында батысқазақстандықтар саяси қуғын-сүргін мәселелерін зерттеу бойынша өңірлерден осындай үлкен құрамда келген алғашқы делегация екенін атап өтті. Сәбит Қамытбекұлы орталық архивтің жауапты мамандарымен таныстырып, өңірден келген жұмыс тобына бөлек бөлме беріп, қолайлы жағдай жасады.

Сондай-ақ өңірлік комиссия мүшелері іссапар барысында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында болып, осы мекеменің директоры Зиябек Қабылдиновпен, аға ғылыми қызметкерлер Шәмек Тілеубаев, Арман Әбікеймен кездесті. Ғылыми орталық басшысы Зиябек Ермаханұлымен келешекте Батыс өңірінің тарихына қатысты бірлесіп жұмыс жасау жөнінде уағдаласылды. Батысқазақстандық комиссия мүшелеріне тақырыптық бағыттар бойынша, Мемлекеттік комиссияның мүшелерімен және алматылық зерттеуші ғалымдармен кездесулер ұйымдастыру, институттың материалдық базасын пайдалану, шаралар ұйымдастыру тұрғысында қолдау көрсетілді.

Іссапардың екінші күні өңірлік комиссия мүшелері Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей кешенінде болды. Сапар барысында бұл ауылдағы саяси қуғын-сүргін құрбандары қорымына зиярат жасалды. Кезінде Алматы қаласында НКВД атып өлтірген адамдардың денелері түнде осы қауымға әкелініп, көміліп тұрған екен. Өз басым, осы ауылдағыдай музейді барлық облыс орталығында ашу керек деп ойлаймын.

Зиярат шарасынан соң тәжірибе алмасу кездесуі ұйымдастырылды. Кездесуде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының мұрасын зерттеумен айналысатын «Арыс» қорының жетекшісі, профессор Ғарифолла Әнес «Жетісудың шерлі тарихы» жобасының Алматы облысы бойынша жүзеге асу барысы жайлы әңгімелеп берді. Бұл шараға сондай-ақ алматылық тарихшы-мамандар, тарих ғылымдарының кандидаты Шамек Баянұлы, архивтанушы Рашид Оразов, Phd докторант Еркін Стамшалов, «Жаңалық» мұражайының меңгерушісі Мейіржан Мұсабаев қатысып, Алматы архивтерінің Батыс Қазақстан тарихы жөнінде құнды деректері бар қорларының сипаттамасы жайлы мәлімет-деректермен бөлісті.

Батысқазақстандық зерттеуші ғалымдар Алматы қаласындағы Орталық архив, Президент архиві, Ұлттық кітапхана, Қолжазбалар орталығы, Алматы қаласының полиция департаменті мен ҰҚК арнайы архивтері, Алматы қалалық мемлекеттік архиві, Ұлттық ғылым академиясындағы ғылыми зерттеу институтындағы өңір тарихына қатысты материалдармен алдағы уақытта да жұмыстануды көздеп отыр.

  • Алматы қаласындағы екі апталық іссапар жемісті болғанға ұқсайды. Бұл бір жағынан, комиссияның өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын білікті мамандардан жасақталғанынан деп те ойлаймын.
  • Иә, мен де біздің өңірлік комиссияның мүшелеріне үлкен сенім артамын. Әріптестерім архивтер жұмыс жасамайтын демалыс күндері де тыным таппай, сенбі, жексенбі күндерін қоғам үшін пайдалы тірлік, ізденістерге арнады. Бұл сөзіме әріптесім Ахмедияр Батырхановтың фэйсбук әлеуметтік желісіндегі мына жазбасы дәлел бола алады деп ойлаймын: «...Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері Алматы қаласындағы іссапар барысында ҚР Президентінің архиві, Алматы Орталық мемлекеттік архиві, Алматы қалалық мемлекеттік архиві, Алматы ІІБ архиві және ҚР Ұлттық Кітапханасында екі апта жұмыстануымызға тура келді. ҚР Ұлттық Кітапханасы сенбі және жексенбі күндері демалыссыз жұмыс істейтінін естігенде әріптестерім Қазыбек Құттымұратұлы мен Айболат Шамұратұлы, Альфия Сабырғалиқызы төртеуміз жас баладай қуанып, екі күн демалысымызда рухани ошаққа барып, зұлмат және сұрапыл соғыс жылдарынан сақталған қолжазбалар мен мерзімді басылымдарды көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап, жерлестеріміз жайында сыр шертетін мәліметтермен таныстық.

Ақжайықтық майдангер қаламгерлер Абдолла Жұмағалиев, Тайыр Жароков, Сағынғали Сейітов, Жұбан Молдағалиев, Бисен Жұмағалиевтердің сонау сұрапыл соғыс жылдары жазған өлеңдері мен очерктерін оқып, мерзімді басылымдарға жарияланған материал сілтемелерін алдым. Алты Алашқа ортақ батыр Мәншүк Жиенғалиқызы туралы 1943-2021 жылдар аралығында газет-журналдарға алты жүзге тарта мақала жарияланғанын аталмыш мекеменің электрондық базасы арқылы білдік. Алла қосса, 2022 жылы Мәншүк Мәметованың дүниеге келгеніне 100 жыл болады. Осы орайда шығыстан шыққан тұңғыш Кеңес Одағының батыр қызы туралы газет-журналдарда жарияланған екі жүзден астам мақаланың көшірмесін іріктеп алдым. Сонымен Ұлттық Кітапхананың мерзімді басылым бөлімі, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры бөлімі және ақпараттық-анықтамалық бөлімдерінде жұмыстандық...».

 

  • Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі іс-қызметтеріңіз алдағы уақытта да жалғасын таба береді ғой?
  • Бұл жұмыстар – жеке адамның, ұйымның не өңірдің жобасы емес, мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Сондықтан жалғаса береді деп сенемін. Оның үстіне, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жұмыстары бірнеше ай, тіпті бір-екі жылдың емес, одан әлдеқайда ауқымды іс-тірлік деп ойлаймын. Қалай болғанда да, біз өзімізге сеніп тапсырылған міндетті үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, атқара беруге ықтиярмыз. Өйткені «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген аталы сөзді естіп өскен ұрпақ ретінде қуғын-сүргіннің неше түрін көріп, жазықсыз атылып, қамалып, аштан өлген, тоналып, босып кеткен аталарымызды ақтау ісіне атсалысуды өзімізге қасиетті борыш деп санаймыз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау ісін мемлекеттің қолға алғанына, өз басым, қатты қуаныштымын. Бұл сауапты істің басы-қасында жүрген барша азаматқа дүниенің күллі жақсылығын тілеймін!

 

  • Сұхбатыңызға рахмет. Қолға алған аса маңызды іс-қызметтеріңізді абыроймен атқаруларыңызға тілектеспін.

 

Қаралым саны 737

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463