- Әкем Сафиолла осы оқиғаны өзі көргендей етіп айтты. Әлде үлкендерден естігені ме екен?.. – дейді Төлеген ағам. - Сиырлар суалып, көздеріне ноғала түсіп, егін шықпай, қуаңшылық жайлағанда ел-жұрт «халық үшін бір лажын жасаңызшайшы» деп Бисеке қазіретке жалынған екен. Сонда қазірет: «Жарайды, қоймадыңдар ғой. Бүгінгі кештен бастап жас төлді, емшектегі балаларды емізбеңдер. Таңертең ерте мешіт басына жиналыңдар» депті.
Ертеңіне жиналған жұртшылық шай ішіп бола бергенде қазірет қыблаға емес, теріс қарап, аяқ киімдерін ауыстырып, шапанын теріс айналдырып, бөркін теріс қарата киіп, қос қолын теріс жазып, түрегеп тұрып өте ұзақ дұға оқыған. Содан кейін асқа отыра бергенде батыс беттен кішкентай ғана қап-қара бұлт көтерілген. Әп сәтте қазан секілді төңкеріліп, жаңбыр құйған. Қуанған жұрт еттерін қолдарына ұстаған күйі шитүптің арасына тығылып, енді біреулері атқа мініп, ауылға қарай шауып, мәре-сәре болған. Сонда қыраң жерлердің өзінде аттың шашасынан келетін аппақ көбік пайда болған. Аталарымыз қуаңшылық болғандықтан ояң жерлерге киіз үй тігіп отыр екен. Келсе, киіз үйдің төбесі ғана көрінеді, көпшіктер тереңдігі кісі бойына жақын судың бетінде қалқып жүр екен. Әлді жігіттер киіз үйдің маңына атпен жақындап, ырғап-ырғап көтеріп, жұлып алып, суымен сүйреп, құрғақ жерге апарып орнатқан дейді.
Міне, біз тап қазір сол мешіттің басында жатырмыз. Үлкен көл және Кішкене көл аталатын қос көлдің маңында орналасқан көне мешіт қауымының орта тұсында Бисеке әулиенің борлы зияраты бар. Күндіз осы маңда қой шалынып, Құран оқылған.
Таң қылаң бере қалың бұлт лезде ыдырап, аспан шайдай ашылды. Шапағын шашып, жарқыраған күн шықты. Жаздың таңы.
Біраздан бергі аптаптан қатты шөліркеген Қоскөл даласы түнгі мол жауынның ылғалына әбден қанған.
Ағайын ішіндегі үлкендер жағы Бисеке әулие туралы естіген-білгендерін кезектесе әңгімелейді.
-Бисеке атамыз жолаушылап бара жатса керек. Арбаның белағаш орнындағы темірі омырылып сынып кетіпті. Қасындағы кісілер қиналып, амал таппай жатқанда Бисеке атамыз әлгі сынған темірді оқудың күшімен қалпына келтірген екен дейді.
Атамыздың түнегіне бала таппаған әйелдер, қояншық ауруы бар адамдар келіп, емін тауып кеткендерін естіп те, көріп те жүрдік. Әулие Бисеке атамыз жерленген Мешіт қауымы осындай бір қасиетті жер, - дейді Серік ата Отарғазыұлы.
-Ертеректе Қарағанды қаласына ұлым мен қызымды оқуға алып бардым. Сонда жүргенімде ауадағы көмір ұнтағының әсерінен көзім ауырып, кірпігім жабылмай, жас ағып әуреге түстім. «Босқа қиналмай жүре берсейші, папа» деген соң, қызымның соңғы емтихандарын күтпей, ауылға келдім. Жеткен бойда жуынып, дәрет алып, Бисеке атаның басына бардым. Ақтық байлап, атаның басындағы топырақпен көзімді сипадым. Сол күні жақсы ұйқтадым. Таңертеңгілік тұрсам, көзімнің жасы тыйылған. Бір-ер күннің ішінде ісігі өзінен өзі қайтып, бұрынғы қалпыма келдім. Оған дейін көздің дәрілерін жағып, қанша күтінсем де, ешқандай нәтиже болмай, асқына берген еді. Өз басымнан осындай жағдай өткеннен кейін атаның қасиетіне иланбайтын лажым жоқ, - деп толықтырды Төлеген ағам.
Бисеке әулие қай уақыттарда өмір сүрген адам? Оның ата-тек шежіресі қандай? Өкінішке орай осы сауалдар төңірегіндегі нақты деректер тым аз.
Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық «Орал өңірі» газетіне жазушы Құрманғазы Қараманұлы мен осы күнгі Егіндікөл ауылдық округінің Жігерлен елді мекенінде өмір сүрген Науқан есімді дін адамының таспаға жазылған сұхбатын жариялаған болатынбыз. Тарихтың талай таңдақтарын түгендеген сол бір құнды сұхбатта Науқан молда Бисеке әулие жөнінде де айтып өткен. Сұхбат мәтінін сөзбе-сөз келтірелік.
- Осы маңда «Әулие» деп құрметтелетін адамдар бар ма?
- Мәтен дейтін зор әулие болған. Руы Қожа. Зираты Ойыл бойында. Соның баласы Қылыш қожа дейтіннің зираты осы мына Бұлдырты судың бойында, осы арадан алпыс шақырым жерде. Ол да кісі түнейтін керемет зор әулие.
- Қандай ісімен аты шыққан, ауруды жазған ба?
- Кереметі күшті. Тек ауру жазғанды әулие деп айтпайды. Бізде Дәуқара батырдың басына түнейді. Сосын мына Қоскөлде Темірболат деген әулие болулы, башқұрт. Сол Темірболаттан шыққан Бисеке деген әулие бар. Бисеке де атақты, зор әулие. Зираты осы арадан жиырма шақырым жерде. Ол Қоскөл Танасы. Тананың Қалқаманы. Үлкен түнек. Оған осы күні де түнейді.
- Түнегендер ауруынан жазыла ма екен?
- Әрине жазылады. Талай аяқ-қолы байлаулы, секіріп жатқандарды апарып түнеттім мен кешегі замандарда. Соны қойғаныма он жыл болды.
Көнекөз Науқан молданың осынау дерегіне үңілсек, Бисеке әулиенің ұстазы Башқұрт ұлтынан шыққан Темірболат деген әулие адам болғанға ұқсайды.
Қаратөбедегі Шым бойында мешіт ұстап, кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған белгілі дін адамы Құрбанғали қазіреттің ұлы, 1926 жылы туған Мүтиғолла қарт Ақсай қаласында тұрады. Қазірет Құрбанғали Қуанышқалиұлы 1928 жылдың күзінде жанұясы мен мал-мүлкін алып, Башқұртстанға көшеді. Мүтиғолла қарт башқұрт жерінде өскен. Ол Темірболат әулие жөнінде былай деп әңгімелейді.
Сақмар дейтін су башқұрт жағынан келіп, Орынбордың бер жағына шығып, Жайыққа құяды. Сол судың бойында, таудың баурайында Қарғалы дейтін ауыл бар. Темірболат деген қазірет сол ауылдың адамы екен. Бала кезінде татар, башқұрт аралас отыратын Қонақбай деген ауылға келіп, бір қазіретке бала болып, діни білім алған. Жетім бала оқу аяқталған жаз мезгілінде қазіреттің бақшасын қарауылдайды екен. Күзге таман қарбыз, қауын піскен уақыттарда қазірет бақшаға барыпты. Бақша ормен қоршалған, айнала ағаш, қоршаудың сырты жалғыз аяқ жол екен. Қазірет Темірболатқа «бұл не жол?» дегенде, осы бақшаны қарауылдап жүрген менің жолым депті. Бала ордан аттап баспаған, бақшаға кірмеген. Пісіп жатқан қарбыз-қауыннан ауыз тимеген екен. Шәкіртінің адалдығына риза болған қазірет «Ай, Темірім, Темірім...» деп баланың маңдайынан үш рет сипап, батасын беріпті дейді.
Әкем Құрбанғали қазірет 1890 жылы дүниеге келген адам. Ол кісі жасырақ күнінде Темірболаттың өзін көрмегенмен, кіші баласының көзін көре қалған екен. Біразырақ көрші тұрыпты. Темірболаттың баласының есімін ұмытып отырмын, әкем көрген кезде жетпістің үстіне шыққан үлкен кісі болса керек. Екі қолы шолақ, кеміс болып біткен екен дейді. Соған қарамастан өз бетімен жуынып, дәрет алуға дағдыланған. Әкем әлгі кісінің қолының кемістігіне байланысты «сізге дәрет алмасаңыз да болады ғой» дегенде, «Жоқ, олай деуге болмайды. Себебі қолымның ұшында бармақтың ғаламаты бар ғой» депті. «Неліктен бұлай болдыңыз?» деп сұрайды әкем. Шешесі бір жоқ нәрсеге жерік болған екен. Сырын шалына айтады. Шалы «Базға түссең қажетің табылар» депті. Баз дегені погреб қой. Ол заттың погребте жоқ екенін әйелі біледі. Бірақ шалына қарсылық қылмайды. Кірсе, қажеті табылады. Сөйтіп жерік асын жейді. Шалы «бұл сырды ешкімге жария қылма» депті. Бірақ қате болып, әйелдің ауызынан шығып кетеді. «Содан менің қолым зағип болды. Егер де шешем ешкімге сырын айтпағанда, менің дене мүшем толық, дұрыс болады екен» депті әкеме.
Темірболаттың моласын өз көзіммен көрдім. Қонақбай дейтін ауылда. Қара тастан теп-тегіс етіп, қиюластырып салынған.
Бірде әкем «Темірболаттың моласына баруымыз керек. Түсіме енді» деген соң, өзінің жол бастауымен мотоциклға отырғызып алып бардым. Әкем зират басында тігінен тұрып өте ұзақ оқыды. Темірболат әулие жөніндегі сондағы айтқан әңгімелері осы еді. Содан Қонақбай ауылында Темірболат әулиенің немересі әлде шөбересі ме екен, бір келіні тұрады екен. Әкем екеуміз сол үйге барып, шай іштік. Башқұрттардың шынаяқты толтыра құятын әдеті ғой. Әкемнің «қазақтар шынаяқты толтырмай ішеді» деп отырғаны есімде қалды.
Темірболат әулие қасында атқосшы баласы бар, жолаушылап келе жатса керек. Тарантасының белағашы сынып кетіпті. Түннің іші. Делбеші балаға қорқыныш кіре бастағанда, Темірболат әулие «қорықпа балам, әрі қарап тұр, бері қарай бұрылма» депті. Бір мезгілде бала қараса, белағаш орнына түсіп, пісіп қалған екен.
Темірболат әулиенің моласы Електің ар жағында 75 шақырым жерде Новосергеевка, Новосергеевкадан әрі шыққанда елу шақырымдай жерде ме екен, Уран дейтін судың бойындағы Қонақбай деген ауылда. Әулиенің Темірболат қазірет деп жазылған құлпытасы болды.
Қарғалыда тоғыз мешіт болған екен. Осы біздің Қаратөбе, Жымпиты, тағы басқа жерлерден бірталай молда білім алып шыққан.
Мүтиғолла қарттың баяндауынан диктофоныма жазылған әңгімелер осындай болды.
«Мен естіген Темірболат әулиенің әңгімесі осы. Ол өзің сұраған Бисеке әулиеге ұстаз болған адам ба, әлде есімі бірдей басқа қазірет пе, анығын білмедім» деді Мүтиғолла Құрбанғалиұлы.
Орынбор облысы Тұзтөбе (Соль-Илецк) қаласының тұрғыны Жұмағали Баянасов есімді зейнеткер шежіреге жүйрік, әңгімешіл адам екен. Қазіргі таңда марқұм болыпты. Ана бір жылы құрамында белгілі журналист, өлкетанушы Қазбек Құттымұратұлы, тарихшы Жәнібек Исмурзин, жыршы-термеші Фархат Оразов бар зерттеуші топ Тұзтөбеге арнайы барып, Жұмағали ақсақалдың шежірелі әңгімелерін бейнетаспаға жазып алған. Ақсақал тана руынан шыққан Бисенбай деген атақты молда туралы әңгімелепті.
-Тана руында Бисенбай деген өте атақты молда болған. Ол он бес жасында қой бағып жүрсе, ауылына татар Қарғалысы деген жерден Құрманғали қазірет келіпті. Қаратөбедегі үлкен байлар Құрманғали қазіретке салдырған мешіттерін көрсетіп, қонақ етіп сыйлайды. Сонда әр үйде Құран оқылып, әңгіме айтылғанда қойшы бала қойын тастап шауып келеді екен. Өзі дәмді сөзге құмар, бір айтқанды қағып алып, дауыс ырғағын да, сөзін де бұлжытпай есіне сақтап алатын талапты бала екен. Бала Құрманғали қазіреттің Құран оқыған дауысына таң қалады. Қазірет Құранды өне бойы өзі оқымайды. Тағы бір үйде қонақ болып, «кім оқыр екен?» дей бергенде әлдекім әуезді үнмен Құранды аңқытып қоя береді. Қараса, қойшы бала. Оқыған сайын көпті ұйытып алып бара жатыр. Содан қазірет «Мына бала кімнен оқыған?» деп сұрапты. «Ешкімнен оқыған жоқ, інімнің баласы» дейді. «Бұл баланы маған беріңдер. Мен оқуға алып кетемін. Қарғалыға апарып оқытамын. Содан кейін сендерге өзім әкеліп тапсырамын. Менің ізбасарым болады. Қазақ даласына үлкен қазірет болатын адам, оны қойға салып қор қылуға болмайды» депті қазірет.
Содан байлар ақша жинап беріп, баланы қазіретке ілестіріп жібереді.
Бес жыл оқығанда Қарғалыдағы оқуды тауысады. Қазірет Бисенбайға «Қарағым, сен менің білімімді түгел алдың. Мен сені еліңе апарамын. Әйтпесе, біздің ноғайдың балдары күншілдікпен сені өлтіргелі жүр» дейді. Содан Шыңғырлаудың үстімен Қаратөбеге қарай жол жүреді. Кетіп бара жатқанда бірдеңе «сырт» ете түседі. Арбаның белағашы сынып қалыпты. Қазірет белағаштың сынған жерін түйістіріп қояды да, «Балам, бір сыр айтсам, ішіңе сыяды ма?» деп сұрайды. «Сыяды» депті. «Сыйса, анау жерге барып тұршы» деп баланы әрі қаратып қойып, оқуын оқыпты. Бір мезгілде «пыш» еткен дыбыс естілгенде «болды, балам, бері кел» депті. Қараса, сынған металл пісіп қалыпты. «Көрікші жоқ, бұл қалай пісті?» деп бала таң қалады. «Қарағым, ол оқудың күші ғой, ешкімге тіс жарып айтпа» депті қазірет.
Сөйтіп, Құрманғали қазірет баланы еліне әкеліп тапсырады.
Екі-үш жылдай уақыт өткенде баланы көңілсіздік басып, жүдеп, ауыра бастайды. Бақсылардың ырымына жазылмайды.
Бір күні ауылға Құрманғали қазірет келіп, Бисенбайдың халін сұрайды. Қазірет оның ауыратынын біліп келген екен. «Бұрынғы уәде қалай?» деп сұрапты баладан. «Уәде іште жатыр ғой» депті бала. «Ал, қарағым, жүр, оны емдейік» деп терең құдыққа қарай алып барыпты да «Мен Құрманғали қазіреттің арбаның темірін пісіргенін көрдім!» деп құдықтың ішіне үш рет айқайла» депті. Айтқанды жасаған соң «енді жазыласың» депті.
Таңертең тұрса, бала көңілді, жағдайы жақсарған. Содан кейін үлкен қазірет болып, атағы шығыпты.
Бірде Бисенбай қазірет Кенжеқара Ақшолақтың ауылына түсіпті. Амандасқан кезде Ақшолақ қолының ұшын ғана беріпті. Шай басында маңғазданып, көп сөйлеспей отырады.
Бір мезгілде «Сонда сендер танасыңдар ма?» депті.
- Танамыз.
- Танада бір Бисенбай қазірет деген бар көрінеді. Соны білесіңдер ме?
- Неге білмейміз? Білеміз.
- Сол менен өзі қалай? – депті Ақшолақ.
Сонда Бисенбай қазірет: - Қалай екенін біз қайдан білейік. Малыңыздың көптігіне салсақ, лауазымыңызға қарағанда, сіз артықсыз. Бай болып, баймен санасыңыз. Я болмаса, би болып бимен санасыңыз. Әйтпесе біз қалай деп айта аламыз? - деген екен.
Ақшолақ «Бисенбайдың ауылының кісілері мынадай сөз айтады. Өзі келсе не дер екен?» депті.
Шайдан кейін далаға шыққан қазірет жуынып, таза киімін киіп кіріпті. Сонда Ақшолақ «Сол Бисенбайды бір көрсем деп едім» деп сөз бастапты.
- Бисенбай – мен ғой, - депті қазірет.
- Сен бе, неге айтпадың? – деген Ақшолақ тұрып, қазіретпен көрісіп,
«сонда сенің бойыңдағы артықшылық неде?» деп сұрапты.
- Мені танымайтын кісі жатып бір көріседі. Танитын кісі тұрып бір
көріседі. Бір көріскенде екі көріседі, - депті Бисенбай қазірет.
Сонда Ақшолақ «айтқыш екенсің, ұтып кеттің» деп мойындап, қазіретке сый-сияпат жасап, құрмет көрсетіпті, - дейді Жұмағали Баянасов.
Келтірілген деректердің ортақ өзегі – арбаның сынған темірін оқудың күшімен пісіруі дер едік. Серік Отарғазыұлы Бисеке әулиенің өзі осындай керемет көрсеткенін тілге тиек етсе, келесі деректерде кереметті көрсетуші Бисеке әулиенің ұстазы Темірболат, енді бірде Құрманғали болып айтылады. Бисеке әулие ұзтаздары көрсеткен ілімді меңгерген болуы мүмкін ғой.
Атақты дін адамының ата-тегі, ұрпақтары туралы толық деректердің сақталмауын кеңестік жүйенің салқынынан деп білеміз.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылына жақын Бостан мешіті маңынан Бостан Баржы баласы деген кісінің құлпытасы табылды. Құлпытаста «Тана руы, Қалқаман тайпасы, Мәмбет аймағы, Дос немересі, Баржы баласы Бостан опат 57 жасында ...» деп жазылған екен. Бостан Баржы баласы діни оқымысты, мешіт ұстаған жан болса керек. Өлеңті өзеніне жақын жерде Бостан мешітінің орны әлі күнге дейін сақталған. Осы жолдардың авторы құлпытаста есімі жазылған Баржы Досұлының тікелей алтыншы ұрпағы болып саналады. Бір қызығы, ата шежіремізде Баржыдан өрбіген Ақбай, Тоқыш, Жақай деген үш ата ғана таратылады. Ал Бостан есімі мүлде аталмайды. Бостан мен Бисеке аталардың шежірелік дерекке енбеуі ұқсас жағдай болып отыр. Уақыт жағынан есептеп көрсек, Бисеке Бостанұлы болуы да ғажап емес. Әзірге, анығы Аллаға аян.
Бүгінде Бисеке ата қабірінің орны үлкен бор тастармен қоршалған. Қоршаудың ішінде терек өсіп тұр. Оны өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың аяғында қоскөлдік Халел Қажығалиұлы шыбық күйінде үйінің қасынан алып барып қадаған. Қазіргі таңда 1940 жылы туған Халел атай да марқұм болды. Көзінің тірісінде өткен тарих, шежіреге қатысты бірқатар әңгімелерін диктофонға, бейнекамераға жазып алған едік.
-Әкем Қажығали деген кісі мешітте азаншы болған. Ол уақытта молда кім болғанын білмеймін. Өзім әкемді көрмей қалдым. Бірақ үлкен кісілерден естігенім, әкем мешіт басынан азан шақырғанда Қоскөлдің басында таңеретеңгілік сиыр сауып жатқан жеңгелері, келіндері қолдарын жайып, бет сипайды екен. Бұл екі орта бес-алты шақырым болар. Сол бес-алты шақырымға әкемнің дауысы жетеді екен.
Бұл мешітті үкімет келгеннен кейін құлатып, айналасындағы қоршауын түгелдей алып, сол материалдан Қоскөлдің басына мектеп салған. Мектеп салынып бола бергенде өртеніп кетіп, пайдалануға жарамай қалған. «Әулиенің басындағы мешітті бұзғандар қайдан оңсын, айналып келгенде салған мектептері де өртеніп кетті» деп үлкендер айтып отыратын, - деп еді Халел Қажығалиұлы.
Қалқаман тананың бір ұрпағы, ағайынымыз Сақым Мұқашұлы деген кісі қайтыс болған кезінде Қоскөлден 18 шақырым жердегі Егіндікөл ауылында тұрса да, көзінің тірісінде өсиет етіп, мешіт қауымына, Бисеке әулиенің қасына жерленген. Сақым атаның жасы ұлғайған шағында мешіт қауымын қоршағысы келген әрекеті дүниеден өтуіне байланысты аяқсыз қалған. Алайда араға жарты ғасырға жуық уақыт салып, бұл істі Сақым атаның немересі Дәуренбек Қалапбергенұлы ойдағыдай жүзеге асырды.
Құрметті оқырман, осы мақаламызда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қоскөл ауылдық округінің аумағындағы көне мешіт қауымы, сол жерде жерленген, ел ауызында әулие атанған Бисеке қазірет жөніндегі естіген-білген деректерді қаз-қалпында келтіруге тырыстық. Жергілікті халық есімін ұмытпай, әлі күнге дейін қастер тұтатын Бисеке әулие туралы нақты деректер алдағы уақытта табылып қалар, жазбамызда жаңсақтықтар болса, анықталып, түзетілер, бастысы жинақталған деректер ұмыт қалмасын деген үмітпен осы материалды жарыққа шығаруды жөн көрдік.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
Қаратөбе ауданы